Файл: азастан Республикасыны 2007 жылы 27 шілдедегі 319 Заы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.02.2024

Просмотров: 507

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

8-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

54-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты мен нысандары

      1. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу білім алуға конституциялық құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерін көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

      2. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, білім сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

55-бап. Білім беру сапасын басқару

      1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарын, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін қаражатты пайдалану ұтымдылығын және білім беру жүйесі жұмыс істеуінің тұтастай тиімділігін қамтиды.

      2. Білім беру сапасын басқару техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоспағанда, білім беру мониторингінің нәтижелері негізінде, білім берудің барлық деңгейлерінде басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

      3. Бiлiм беру мониторингi бiлiм беру жүйесінің сапасын сырттай және iшкi бағалау үшін статистикалық және талдамалық бағалау көрсеткіштерінің кешені көмегімен жүзеге асырылады.

      4. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау білім беру ұйымына тәуелсіз, оқыту сапасына мониторинг түрлерінің бірі болып табылады.

      Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында оқу жетістіктерін сыртқы бағалау білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу жетістіктерін сыртқы бағалау білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартында көзделген жалпы білім беретін пәндер циклінің үлгілік оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      5. Оқу жетістіктерін сыртқы бағалау орта, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында:


      1) бастауыш мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу мақсатында іріктеліп;

      2) негізгі мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау мақсатында іріктеліп;

      3) жалпы орта мектепте – оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау мақсатында;

      4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында – жалпы білім беретін пәндер циклінің үлгілік оқу бағдарламаларын меңгеруді мониторингтеу мақсатында іріктеліп жүргізіледі.

      6. Оқу жетістіктеріне сыртқы бағалау жүргізілетін орта, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      7. Білім беру қызметтерінің сапасына сырттай бағалау жүргізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын ұйым:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетін адамдар үшін кешенді тест тапсырмаларын әзірлейді және енгізеді;

      2) оқу процесінің сапасын бақылау технологияларын, білім беру ұйымдарында білім алушылар контингентін конкурстық жолмен қалыптастыру модельдерін әзірлейді және енгізеді;

      3) білім беру сапасын өлшеуді тестілеудің теориясы мен әдіснамасы және оның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарына сәйкестігі бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізеді.

      Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

56-бап. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары

      1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейі бойынша:

      1) оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білімнің мазмұнына;

      2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;

      3) білім алушылардың даярлық деңгейіне;

      4) оқу мерзіміне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді.

      2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті.



      3. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары инклюзивті білім беру ескеріле отырып әзірленеді.

      Ескерту. 56-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

57-бап. Білім беру саласындағы қызметті лицензиялау

      Ескерту. 57-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрі – лицензиат) білім беру қызметі Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.

      2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметін лицензиялау – біліктіліктер бойынша, Сот төрелігі академиясы, әскери, арнаулы оқу орындары үшін мамандықтардың топтары бойынша жүргізіледі.

      Бұл ретте білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияға қосымшада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес біліктіліктер бойынша, Сот төрелігі академиясы, әскери, арнаулы оқу орындары үшін мамандықтардың топтары бойынша шифр, атауы, оқыту мерзімі көрсетіледі.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметін лицензиялау кадрлар даярлаудың бағыттары бойынша жүргізіледі.

      Бұл ретте білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияға қосымшада кадрларды даярлау бағыттары бойынша сыныптауышқа сәйкес кадрларды даярлау бағытының коды және атауы көрсетіледі.

      3. Лицензиар білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру, білім беру ұйымының қайта ұйымдастырылуына байланысты білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құрады.


      4. Халықаралық мектептер мәртебесі бар филиалдар арқылы білім беру қызметін жүзеге асыратын лицензиатты қоспағанда, білім беру қызметімен айналысуға лицензияның және (немесе) лицензия қосымшасының қолданысы лицензиаттың (заңды мекенжайына сәйкес) тіркелген орны бойынша әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде шектеледі.

      4-1. Коммерциялық емес ұйымдардың халықаралық мектептер мәртебесі бар филиалдары лицензиялауға жататын білім беру қызметін осы коммерциялық емес ұйымға берілген лицензия және (немесе) лицензияға қосымша негізінде жүзеге асыруға құқылы.

      5. Лицензиардың білім беру қызметімен білім беру қызметімен айналысуға лицензияның қолданысын Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқығы бар.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезеңде лицензиат оқу-тәрбие процесінің жалғастырылуын және білім беру қызметімен айналысуға лицензияның қолданысын тоқтата тұруға әкеп соқтырған бұзушылықтарды жоюды қамтамасыз етеді.

      6. Білім беру ұйымы оның түрін өзгерту жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда, қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан пайда болған білім беру ұйымының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда, оның қолда бар білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы және (немесе) лицензиясының қосымшасы қайта ресімделуге жатады.

      Бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын бiлiм беру ұйымдары қайта ұйымдастырылған жағдайда, лицензиар қайта ұйымдастыру жүргізілгенге дейін қайта ұйымдастырылатын білім беру ұйымының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізеді.

      Қайта ұйымдастыру жүргізілгеннен кейін лицензиат білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияның қосымшасын қайта ресімдеуге өтініш береді, ал лицензиар өзі бұрын жүргізген, білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру негізінде білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияның қосымшасын береді.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияның қосымшасын қайта ресімдеу үшін лицензиат білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтінішті, лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжатты, сондай-ақ:


      1) лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеуге негіз болған өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын құжаттардың көшірмелерін;

      2) білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігі туралы мәлiметтер мен құжаттарды береді.

      Лицензиар осы тармақта көзделген негіз бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияның қосымшасын қайта ресімдеуден:

      1) осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе тиісті түрде ресімделмеген;

      2) өтініш беруші білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, бас тартады.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияның қосымшасы тиісті құжаттармен қоса өтініш ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қайта ресімделеді.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияның қосымшасы қайта ресімделгенге дейін лицензиат қызметті қайта ресімделуге жататын лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 57-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.02.2019 № 227-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

57-1-бап. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту саласындағы қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама

      1. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының қызметі Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.

      2. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту саласындағы қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды білім беру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-тарау 57-1-баппен толықтырылды - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).