Файл: Бір дірет бізді мірге жолдайды. Біз мірді тсінбейміз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.02.2024

Просмотров: 38

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Бақыт

Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.

Біз өмірді түсінбейміз,

Сол — қайғы.

Туа сала таудай бақыт күтеміз,

Ал шынында бақыт үлкен болмайды.

Лүпілдеген тамырындай шекенің

Жеке сағат,

Жеке тәулік,

Жеке күн.

Үлгермейміз түсініп те,

Байқап та

Кейбір сәттің нағыз бақыт екенін!

Құс сияқты сезінбейтін қанатын

Бақыт — сәби білмейтұғын әлі атын.

Бақыт! Бақыт — ғажайып бір дәм ғана

Сүйгеннен соң ерініңде қалатын!

Ақындардың көмейінен жыр ақса,

Кейбіреулер сөз бәйгеде жүр ақсап.

Бақыт шіркін асыл болса — бір мысқал,

Бақыт шіркін уақыт болса — бір-ақ сәт!

Мүмкін емес бұл өмірден исіну.

Болу керек ән әдемі,

Күй сұлу.

Бақыт деген бұлтты күні — жадырау —

Бақыт деген жұмыс болса — сүйсіну!

Келтіретін адам болсаң елге мін,

Неге керек босқа өмірге келгенің!

Бақыт егер байлық болса — бергенің,

Керек болса — Отан үшін өлгенің!

Өмір мына лыпып тұрған ұстара.

Өлім келсе,

Қай туысың түсті ара?!

Бар ғұмыры басқа қонған бақыттың

Көбелектің ғұмырынан қысқарақ!

Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.

Біз өмірді түсінбейміз,

Сол — қайғы.

Бақыт үлкен болған емес шынында,

Ал қайғының кішкентайы болмайды!
Шабытты шақ

Жүрек пен жүйке егессін,

Жыр көңіл сонда толғайды.

Жынды деп жынды емессің,

Демеуге және болмайды.

Тебісіп ырғақ миың да,

Төгесің сырды отырып.

Адам деп айту қиын да,

Алла деп айту өтірік!

Серпінді ой ішті кернейді,

Соғыса кеткен көп сеңдей.

Құдайды көзің көрмейді,

Көреген бірақ жоқ сендей.

Қас қағым уақыт ішінде

Ұғасың бәрін дана боп.

Қас қағым уақыт ішінде

Шығасың және бала боп.

Жатасың сосын бой жазып,

Ақынға бір сәт саналмай.

Тамаша жырды мен жазып

Тастадым деуге сене алмай!
Қызығу

Жортуылдап жүріп өткен ізі қан

Жетіп жатыр құдіретті бұзық аң.

Бірақ барыс азуына қызықпай,

Мен тұлпардың тұяғына қызығам!
Құйылып кеп таудың қия-құзынан,

Құс патшасы, қаз мойынын үзіп ал!

Бірақ қыран шеңгеліне қызықпай,

Мен бұлбұлдың таңдайына қызығам!


Наз

Құмырсқадай дұшпаны жабылып келіп талаған

Айнала бердім орнымда, айнала бердім қалада.

Телміре бердім әйнектен, телміре бердім далаға,

Оңаша үйге шешесі қамап бір кеткен баладай.
Көп таптап кеттім бір жерді

Асфальт жол төсеп жатқандай,

Болмайды маған кетпеуге, болмайды маған аттанбай!

Сағындым түздің жауынын, сағындым түздің дауылын,

Қыз алып қашқан жігіттей алып қаш мені, ауылым!

Шығар

Құздағы қар кетті дейміз,

Ол – көктем келгені шығар.

Нажағай жарқ етті дейміз,

Ол – оның өлгені шығар.
Жаңбыр сәл сіркіреді дейміз,

Ол – бұлттың исінгені шығар.

Күн қатты күркіреді дейміз,

Ол – оның күрсінгені шығар.
Жігерім қайнады дейміз,

Ол – жырдың ұнағаны шығар.

Бұлбұлды сайрады дейміз.

Ол – оның жылағаны шығар!

Арман

Бір шөлден өтсем, тұрады алда бір шөлің,

Бір көлден өтсем, тұрады талда бір көлің.
Өстіп-ақ жүріп, болармын әлі қария,

Өзеннен өтсем, тұрады алда дария.
Бітпеймін десе, бітпейді сүрлеу, о тоба-ай!

Тоғайдан өтсем, тұрады алда бір тоғай.
Жоқ екен, достар, өнердің мына дауасы,

Асудан ассам, тұрады алда бір асу!
Келемін әлі, келемін терді құрғатпай,

Арманы құрғыр жеткізбейді екен түнгі оттай!

Көкжиекке көзің ғана жақындар

Көкжиекке көзің ғана жақындар,

Бұл даланы жерұйық де,

Қақың бар.

Бұл далада өседі екен құлпырып

Қызғалдақ пен ақындар.
Найзағайы өзгешелеу шатырлар

Бұл далада көп сортаңдар,

Татырлар.

Бұл далада өседі екен қасқайып

Сексеуіл мен батырлар!

Бәрі де, Ана

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.

Қуандым ба?

Өзің бар деп қуандым,

Жыладым ба?

Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды:

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем,

Бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба?

Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм – ол да сендік сүт еді.

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып,

Жауларыма жеткен жерден бітеді!
Махаббат па?

Махаббат па?

Таныс ауыл біз барған:

Көресіні көрдік ыстық, ызғардан...

Құтылам деп сенсеңіздер (ай,қайдам!).

Қашыңыздар, уа, жігіттер, қыздардан!

Мен де қаштым. Қашып жүріп түңілдім.

Бас сауғалап, жүректерге үңілдім.

Жоқ, болмады.

Болмаған соң ақыры

Бір қыздың кеп құшағына тығылдым!


Жүрек шіркін дүрсілінен талмайды

Жүрек шіркін дүрсілінен талмайды

Махаббаттың барабаны секілді.

Күнбағыстар күннен көзін алмайды,

Менің саған қарағаным секілді.
Қандай қызыл мен сүймеген ерінің

Қасқалдақтың қасық қаны секілді.

Асығады іздеп аққу серігін

Менің саған асыққаным секілді.
Мизам келе мұңаяды атырап

Менің саған шағынғаным секілді.

Сары алтындай сарғаяды жапырақ

Менің сені сағынғаным секілді.
Алтын деймін, қайдан табам алтынды,

Маған айтпай жүрген сөзің секілді.

Әр сабыннан қалады бір алқынды

Менде қалған шыдам-төзім секілді.
Ақын болып тұйық жан саналмадым

Ақын болып тұйық жан саналмадым,

Көкіректі тас қылып жаба алмадым.

Әңгімеде кей сырды жасырсам да,

Өлең-жырда сыр бүгіп қала алмадым.
Қала алмадым, басыма тиеді деп,

Қала алмадым,

Ерінім күйеді деп.

О-ой, өлеңнің аузына сөз тұрмайды,

Оқушы оны сол үшін сүйеді де!

Мен өзіңе ғашық болдым

Мен өзіңе ғашық болдым,

Сол күні

Жүрегімнің бүршік атты бір гүлі.

Махаббатпен бір көктеп,

Бір солатын

Ол – Құштарлық болатын.
Мен өзіңе ғашық болдым,

Сол күні

Жүрегімнің бүршік атты бір гүлі.

Махаббатпен бір көктеп,

Бір солатын

Ол – Адалдық болатын.
Мен өзіне ғашық болдым,

Сол күні

Жүрегімнің бүршік атты бір гүлі.

Махаббатпен бір көктеп,

Бір солатын

Ол – Қызғаныш болатын.
Семдірме сол үш гүлді,

Сөндірме сол ұшқынды!
Зәремді алып

Зәремді алып Үрей деген қорқауың,

Өзіңді іздеп қиялымда жортамын.

Мен Өмірден қорықпаймын қиын деп,

Екеумізді қоспай ма деп қорқамын.

Өзің жоқта толы емеспін, ортамын.

Сен болмасаң, маңдайымда сор қалың.

Мен Өлімнен қорықпаймын өлем деп,

Екеумізді бөледі-ау деп қорқамын!

Түні бойы алаңдап

Түні бойы алаңдап,

Он оянып, он тұрдың,

Жылаған соң, балаңды ап,

Емшек беріп отырдың.
Анда-санда көз іліп,

Ұйқы дәмін таттың кем.

Соның бәрін сезініп,

Қалғып-мүлгіп жаттым мен.
Тербетсең де есінеп,

Түк демедің ашынып.

Анам түсіп есіме,

Кетті ұйқым да ашылып!
Көкейге мұным қонбаса,

Қызыл сөз үшін демессің.

Халықтың ұлы болмасаң,

Менің де ұлым емессің!


Енді қашан бел асуға жараймын

Енді қашан бел асуға жараймын,

Деп алдыма, артыма да қараймын.

Еске алам да үлкеніңді, кішіңді,

Есептеймін қуатымды, күшімді.
Оңыма да, солыма да мән берем,

Өйткені ақын жанартауға тең дер ем:

Сөнген, өшкен жанартаулар – даңқты,

Атылмаған жанартаулар – қауіпті!

Үйде кішік

Үйде кішік, түзде ғана дардаймыз,

Бос уақыттың бәрін саған арнаймыз.

Қыдырыстап қайту ойда болса да,

Жұртты сенен аяғаннан бармаймыз.
Туласа да бойда ыстық қан әлі,

Қалдық енді үй күшікке саналып.

Көршілерден жан қалмайды сенбіде,

Біз сенімен отырамыз қамалып.
Біреулердің жақыны да жақын-ақ,

Бауырым деп тұрысады қатынап.

Біздер оның бәрінен де тынышпыз,

Бар қызыққа бір «бұзықты» сатып ап!
Соғыс

Соғыс.

Сол бір кездерде

Сері жұртым жұтады.

Дәптер болды біздерге

Кіріс-шығыс кітабы.
Әкеміздің түрені

Тот-тот болып жатты орда.

Сумкамыздың рөлін

Атқарды ескі ат дорба.
Қауырсынды ұстадық,

Қалам тауып алғанша.

Қарындашты ұштадық,

Гильзадай боп қалғанша.
Шықпасам біреулермен қағысуға

Шықпасам біреулермен қағысуға,

Ойлама кетті екен деп салы суға.

Кез келген қызғаншақпен, іш мерезбен

Уақыт жоқ шабысуға, алысуға!
Алыссам, жасың күлсін, кәрің күлсін!

Ақындық асқақтығым,

Арым күлсін!

Мен атсам адамды емес, аспанға атам,

Басқалар мылтығымның барын білсін!

Бір-біріне ұқсамасын ақындар

Бір-біріне ұқсамасын ақындар!

Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.

Өйте берсе бәрін қуып, халайық,

Біреуін-ақ қалдыруға қақың бар!
Мейлі таныс, мейлі алыс сынасын,

Мейлі сөксін, айтпасты айтып сыбасын!

Қалай десе, олай десін,

Әр ақын

Оқырманға,

Өз еліне ұнасын!
Ұқсамасын олар анау-мынаумен,

Ұқсасын тек оқырманға ұнаумен!
Асан қайғының зары

Қайда барсаң – бір бұғау,

Қайда барсаң – бір темір.

Қайда барсаң – қарғыбау,

Қайда барсаң – қырт өмір!
Қайда барсаң – мұңлы ана,

Қайда барсаң – бір кедей.

Біреулерге кең дала

Біреулерге түрмедей!
Қайла барсаң – ажалың,

Қайда барсаң – бір өлім.

Жалап жатқан ақ жалын

Жігіттердің жүрегін!
Жыр тыңдасып жыршыдан

Жұбатады жұрт өзін.

Қайда барсаң – бір шыдам,

Қайда барсаң – бір төзім.

Білемін, тырағайлап қашпағанмен

Білемін, тырағайлап қашпағанмен,

Таланттан, талантсыздар, сасасыңдар.

Асаудай асқақ жырын баспағанмен,

Авторын иығынан басасыңдар.
Тұсаңдар, тізгіндеңдер, еріктерің –

Түбінде талант дірдек қақтырады.

Неғұрлым қатты бассаң серіппені,

Соғұрлым өзіңді алыс лақтырады!


Ақиқат

Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,

Алайда бабам шүкір етпеді ме?!

Астында жамбасының көмір жатып,

Қи жағып өмір бақи өтпеді ме?!
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,

Алайда бабам шүкір етпеді ме?!

Астында жамбасының жермай жатып,

Жарықсыз бүкіл түні өтпеді ме?!
Кеш ұғып

Көмір деген жаңалықты,

Кешігіп

Қазақ қолға шам алыпты.

Апырай, осылай ол аңғармады-ау

Өзінің бойындағы даналықты!
Бұл сөзіме сенбе мейлің, сен мейлің

Бұл сөзіме сенбе мейлің, сен мейлің,

Сен тұрғанда сенбеймін де, сөнбеймін!

Бақытыңды таба алмасаң сүюден,

Басқа тапқан Бақытыңа сенбеймін!
Бұл сөзіме сенбе мейлің, сен мейлің,

Отан барда сембеймін де, сөнбеймін!

Туған жерден таба алмасаң қасиет,

Басқа тапқан қасиетіңе сенбеймін!

Аман қалған шабуылдан жүздеген

Аман қалған шабуылдан жүздеген,

Батыр халық екенбіз ғой біз деген.

Аямаған жұрттан нанын тұзбенен,

Жомарт халық екенбіз ғой біз деген.
Айтысатын ақсақалмен, қызбенен,

Ақын халық екенбіз ғой біз деген.

Келешектен бір де күдер үзбеген,

Жарқын халық екенбіз ғой біз деген.
Астындағы атын алты ай іздеген,

Аңқау халық екенбіз ғой біз деген.

Әттең! Бабам маңдайынан аққан сор,

Аңқаулығы басымырақ жатқан соң!

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді:

Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

Еркелікті ерікті желден алған секілді,

Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Қасарысқан ерлікті шыңнан алған секілді,

Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді.

Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,

Мың бұралаң тағдырды жолдан алған секілді.
Түнеруді тұнжырап түннен алған секілді,

Күншуақты күлкіні күннен алған секілді.

Қонақ бізге тағдырдың ұл бергені секілді,

Кім болса да қазақтың бір көргені секілді.
Шындық

Балалық шығар айыпты,

Білмеймін әлі себебін.

Анама айтып қойыппын

Әкемнің айтпа дегенін.
Аңқаулық шығар айыпты,

Әлі де білмен себебін.

Жарыма айтып қойыппын

Жолдастың айтпа дегенін.
Ақындық шығар айыпты,

Әлі де білмен себебін.

Өлеңге айтып қойыппын

Өмірдің айтпа дегенін.
Өтірік жырдың қайдағы

Болмайсың жетіп шетіне.

Ақиқат – сөздің қаймағы,

Тұрмайды шықпай бетіне.

Ажырата алмаса тер мен көрді

Ажырата алмаса тер мен көрді,

Көрді деу де қиын-ау көргендерді.

Дәл атуды алдым мен мақсат қылып,

Ұстаз қылып алдым мен мергендерді.
Сыбырласып, сырласып текке түнмен,

Сұлу сөздер,

Кетпеңдер бет-бетімен!

Пулеметчик сияқты

Өлеңді де

Жатып алып атамын етпетімнен...

Қабат-қабат бұлт төнсе де басыңа

Қабат-қабат бұлт төнсе де басыңа,

Қабағыңды шытпа, жігіт, жасыма!

Біз шегінсек,

Біз жеңілсек,

Біздерді

Байқап тұрып,

Не істемекші жас ұлан?!
От ішінде,

Өрт ішінде күйгенде,

Басыңды име,

Тізе бүкпе,

Именбе!

Ер еңкейсе, еңкейеді

Жалғыз-ақ

Туған жердің топырағын сүйгенде!
Бәрін істе

Бәрін істе,

Жау не істесе батырға:

Аштан қатыр,

Бір тамшы су татырма!

Бәрін де мен көтеремін,

Бәрін де.

Бірақ маған айқайлама,

Бақырма!

Көл-көсір боп құмға сіңіп жас қаным,

Көз алдымда құлап түссін аспаным!

Бәрін де мен көтеремін,

Бәрін де

Аяқ-табақ салдырынан басқаның!
Арман болса

Арман болса,

Ащыны шекер етем.

Арман болса,

Арысты нөкер етем.

Арман барда,

Туыс жоқ,

Қарындас жоқ

Деудің өзі,

Байқасам,

Бекер екен!
Ащы айтқанның ашумен жарған басын

Ағайындар бұл сөзге арланбасын:

Туысқанның мықтысы – тілеулесің.

Қарындастың жақсысы – армандасың!

Көкейіне қонсын деп қазағымның

Көкейіне қонсын деп қазағымның,

Бір өлеңді бір емес, жазамын мың.

Жазып-жазып қалжырап,

Келесі күн

Рақатын көремін азабымның.
Болмай бірақ тұрмайды бір ағаттық,

Бірге тойлап қызығын жұрағаттың,

Бөсіп-бөсіп түнімен,

Келесі күн

Тартып жатам азабын рақаттың!

Бар сәулетін өрген қыз бұрымына

Бар сәулетін өрген қыз бұрымына,

Бар дәулетін берген қыз ырымына...

Мен халқыма тартқанмын,

Қаруға емес,

Босағасын бақтырған құрығына.
Омырауы өртенген от деміне

Өкінсем де елімнің еткеніне.

Мен халқыма тартқанмын, құдайға емес,

Шаршағанда сүйенген кетпеніне!
Біреу тиын, тиын деп зарланады

Біреу тиын, тиын деп зарланады,

Біреу бұйым, бұйым деп зарланады.

Сарап үшін сонда кім арланады,

Арам үшін сонда кім арланады?!
Біреу шарап,шарап деп көпіреді,

Біреу арақ, арақ деп лепіреді.

Біреу алтын, алтын деп секіреді,

Кім басады солардың көкірегін?!
Біреу жаным, жаным деп ойбайлайды,

Біреу малым, малым деп ойбайлайды.

Сонда Жердің тағдырын кім ойлайды?

Сонда Адамзат тағдырын кім ойлайды?!
Біреу

Біреу, жаңа болсаң да, тоздың дейді.

Біреу, қалып тұрса да, оздым дейді.

Шыдай алмай осыған шыға келсең,

Шыда!

Шыда!

Төзген жөн!

Төзгін!-дейді.
Біреу, тыныш тұрсаң да, қоздың дейді.

Қарашығын

Ағы бұл көздің дейді.

Шыдай алмай осыған шыға келсең,

Шыда!

Шыда!

Төзген жөн!

Төзгін!-дейді.
Төзер едің,

Ойбай-ау!

Еңіретіп,

Алтынды мыс,

Мысыңды темір етіп,

Орманды шоқ,

Шоғыңды көмір етіп,

Өмір өтіп кетпей ме,

Өмір өтіп?
Телегей боп қызыл қан далада аққан

Телегей боп қызыл қан далада аққан,

Талай түскен бабамыз қала-тақтан.

Тайталасып жүріп-ақ осы қазақ,

Егін салған,

Мал баққан,

Бала тапқан.
Тарих қымбат архивке кеткен менен,

Жақсы ғұрып-ғибрат,

Өткенменен.

Қылышпенен кіндігін кескен қазақ,

Кескен кейін тұсауын кетпенменен.

Тағы едің деп о баста табаламан

Тағы едің деп о баста табаламан,

Тұлпар – уақыт біз сені тағалаған.

Тани кеткен зергердей асыл тасты

Адамдар ғой өзіңді бағалаған.
Барар жолды Ертеңге тазартқанда

Ұқсады бір жүрісің тас артқанға.

Шаштараздай

Мұртыңды ап,

Әтір сеуіп,

Адамдар ғой жаңғыртқан да!
Қара судай сұйылтып қанынды аштан

Сәттеріңде сұп-сұр боп сәнің қашқан.

Нілді суға шайқаған ақ жаулықтай

Адамдар ғой сырғылтып өңінді ащқан!
Қаншама жыл тау басып, тасты кезіп

Қаншама жыл тау басып, тасты кезіп,

Қиял неге төсектен қашты безіп?!

Түтіп берген сөзімнің түбітінен

Иіреді керегін бастың өзі!
Көкжиектен шалып қап жемін көзі,

Қиял шіркін келмейді тегін озып:

Ұршық бастың иіріп бергенінен

Тоқитынын тоқиды көңіл өзі!
Шалқып жүріп мәз-мейрам тоқтығына

Шалқып жүріп мәз-мейрам тоқтығына,

Шаң жұқтырып алма, дос, шоқтығыңа!

Жоқтығына сайтанның өкінбейсің,

Өкінесің періште жоқтығына!
Қалай қақсаң олай қақ шотты мына,

Кей адамда көбейіп кетті күнә!

Жоқтығына жұмақтың өкінбеймін,

Өкінемін дозақтың жоқтығына!
Кінә

Егер сүю күнә болса,

Мен әлі

Жуып-шаям дей алмаймын күнәні.

Кінәлі емес біреулерге жақпаған,

Тірі адамдар жаратпаған кінәлі.

Толып жатыр жанның жұмбақ-күмәні,

Алда қандай кездеседі күн әлі?!

Кінәлі емес туысқаны жоқ адам,

Досы жоқ жан сол үшін-ақ, кінәлі!

Пенделік-ай!

Пенделік-ай, пенделік-ай, пенделік!

Он жыл бойы жатса сырқат емделіп,

Көтере алмай тұмауды да,

Дейміз-ау

Осы саулық саулық па екен мендегі!

Пенделік-ай! Пенделік-ай! Пенделік!

Баспанасыз жүрсе біреу сенделіп,

Жылаймыз-ау үш бөлмені қомсынып,

Пәтер емес – құжыра деп мендегі.

Пенделік-ай! Пенделік-ай! Пенделік!

Ағай анау сорлап жүрсе жеңге өліп...

Күйінеміз көтере алмай бір сөзін,

Әйел емес – айдаһар деп мендегі!

Пенделік-ай! Пенделік-ай! Пенделік!
О, тіршілік

О, тіршілік!

Не берсең де арнап бер.

Алтын балық ілігетін қармақ бер!

Бақыт бер де,

Бармақтай сол бақытты

Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!

Және дос бер, айтқанымды мақұл дер,

Жүйрік бер де

Соған шыдар тақым бер!

Мен жазбаған,

Жұрт жазбаған жыр сыйла,

Жүректерге соны ұғатын ақыл бер!

Мені күтіп тұрсын алда биіктер,

Шапағатты шуағыңды құйып көр.

Абырой мен даңқыңды да аяма,

Және соған майыспайтын иық бер!
Өз үйің

Өз үйіңде бір сәт тыным таппайсың,

Бірде жуып,

Бірде сырлап,

Ақтайсың.

Өз үйіңе, керек болса, киізсің,

Өз үйіңе, керек болса, тақтайсың.
Үйің үшін түнің адал,

Күн адал.

Өз үйіңде аулақсың сен күнәдан.

Өмір мына түзелмейді,

Оңбайды,

Өз үйіндей көрмей тұрып оны адам!
Өлерменге – атарман

Өлерменге – атарман,

Қағып түсер қатардан.

Жету мақсат арманға,

Қайту мақсат сапардан.

Жолдас болсаң арамға,

Бір аяғың аранда!

Беру мақсат – жомартқа,

Алу мақсат – сараңға!

Уақыт, шіркін, ортайды-ау!

Ұят бізге марқаймау.

Ұл мақсаты – өсу де,

Қыз мақсаты – қартаймау!

Түк жетпейді бірлікке.

Жақсылардан сыр бүкпе.

Озу мақсат өнерде,

Қалмау мақсат тірлікте!
Аударылған қайықтайсың

Аударылған қайықтайсың,

Ауырсаң-ақ айықпайсың,

Сүю деген осы да!

Жер тебесің, құл боласың,

Өртенерсің, күл боласың,

Сүю деген осы да!

Ақылыңды азайтасың,

Әрі-сәрі сөз айтасың,

Сүю деген осы да!

Ескерместі ескересің,

Ояу жүріп, түс көресің,

Сүю деген осы да!

Түнересің, түршігесің,

Күліп тұрып, күрсінесің,

Сүю деген осы да!

Сүйсінесің риясыз,

Жылап тұрып, жымиясың,

Сүю деген осы да!

Шалқып жүріп мәз-мейрам тоқтығыңа

Шалқып жүріп мәз-мейрам тоқтығыңа,

Шаң жұқтырып алма, дос, шоқтығыңа!

Жоқтығына сайтанның өкінбейсің,

Өкінесің періште жоқтығына!
Қалай қақсаң олай қақ шотты мына,

Кей адамда көбейіп кетті күнә!

Жоқтығына жұмақтың өкінбеймін,

Өкінемін тозақтың жоқтығына!

Әр күн сайын құлшынып

Әр күн сайын құлшынып,
Әр күн сайын түле бір.
Мәңгі күрес - тіршілік,
Мәңгі майдан - бұл өмір.
Не болса да сабыр ет,
Кетер кейде би ағат.
Бірде жеңсе ғаділет,
Бірде жеңер қиянат.
"Мысық-тышқан" ойнайды
Бір қуаныш, бір қайғы.
Жаңа жеңбей қоймайды,
Һәм ескірмей тұрмайды.
Ол ескіні тағы да
Ысырады бір жаңа.
Кір жұқтырып ағыңа
Қара күйе жүр жала.
Айтқанмен сен төрелік
Биігіңде отырып,
Жағаласа береді
Шындық пенен өтірік.
Ойлар мида түстеніп,
Көкіректе түнейді.
Қасқа тісің түскенін
Басқа тісің тілейді.
Тоқушы, не етікші
Түк түсінбей қалады.
Бір аяғың екінші
Аяғыңды шалады.
Бөліскенмен қыр гүлін,
Келіспейді бажасы.
Сүйгендер де бір-бірін
Отырады қажасып!..

Бір үзім нан
Жал-жая ма?
Қадірлеген атамыз.
Коньяк па?
Аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарханға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.
Бүгін көңіл семірді ғой,
Семірді!
Бітік егін жауып кетті өңірді.
Бір жүз грамм арақ емес,
Бір кезде
Бір үзім нан алып қалған өмірді.

Бір үзім нан – қолда кетпен ойнатқан,

Біз үзім нан – шымға соқа бойлатқан.

Бір үзім нан – нулы көлде шөп шауып,

Бір үзім нан – қу далада қой баққан.

Бір үзім нан – жүк көтерген бір батпан,

Бір үзім нан – би билеткен, жырлатқан.

Бір үзім нан – кірпігіңді сулаған,

Бір үзім нан – омырауды құрғатқан.

Бір үзім нан,

Бас иемін ізетпен.

Бір үзім нан – жалғыз басты жүз еткен.

Бір үзім нан – майдандағы жігіттің

Ауылдағы абыройын күзеткен.

Кешіре гөр,

Бір үзім нан,

Асылым!

Кешіре гөр,

Көрсең бізден асылық!

Кешір мынау тоқ ұрпақ,

Тоқ буынды,

Аяқ асты жатсаң кейде басылып!

Татсақ енді

Бақыт дәмін татамыз.

Асыл асын қадірлеген атамыз...

Бәрін қойып дастарғанға,

О тоба!

Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз!

Сен мен үшін

Сен мен үшін Хұснисың, Хорлансың,

Сен мен үшін баспанасың, қорғансың.

Сен мен үшін тебіренген теңізсің,

Сен мен үшін еміренген ормансың.

Сен мен үшін ырыздықсың, несіпсің,

Сен мен үшін тербетілген бесіксің.

Сен мен үшін қол бұлғайтын әйнексің,

Сен мен үшін қақпай кірер есіксің.

Сен болмасаң көздің жасы моншақтап,

Сорлы жүрек солқылдайды сол жақта.

Сен бар жерде бәрі, бәрі, бәрі бар,

Бәрі, бәрі, бәрі де жоқ сен жоқта!

Қос қарашық мені көріп жанбаса,

Бақыт деген Бақыт емес далбаса!

Өмірде шын сүйем деген өтірік,

Шын сүйетін бір адамың болмаса!
Махаббатқа қақың жоқ тағуға мін

Махаббатқа қақың жоқ тағуға мін,

Мен өзімнің жынымды қағудамын.

Сен – тамыздық,

Жандың да өшіп қалдың,

Мен – орманмын,

Әлі де жанудамын.
Бүгін жүрек – сауықпас дерт қоймасы,

Білемін сол дертімнің ортаймасын.

Неге бірге жанбайсың тұтатқан соң,

Неге бірге күймейсің өрт қойғасын?!

Жанына батады

Жанына батады, уақыт, бөлектесең,
Жырымды екшеп алар елек те сен

Мен дайын қартаюға,

Ортаюға,

Болғаны жалғыз ғана сен өтпесең!
Себеп бар жылауыма,

Себеп десең.

Мен үшін жәрдем де сен,

Көмек те сен.

Мен дайын маужырауға,

Қалжырауға,

Болғаны жалғыз ғана сен өтпесең!
Өтпесең деп тілейді ғашық таң да,

Өтпесең деп тілейді тасып қан да.

Қалаймын өткеніңді тек жалғыз-ақ

Жырақта

Туған жерге асыққанда!
Ақ жаны қара мұңға жалғаспаған

Ақ жаны қара мұңға жалғаспаған

Адам ем жарқын жылдар жолдас маған.

Көңіл де тымық еді, тыныш еді

Аралдай жан көрмеген, жан баспаған.
Адаспас ақыл-сезім тайгасында

Айла жоқ қу түлкінің айласындай...

Тынышым сені көріп талқан болды-ау,

Төбелес шыққан үйдің айнасындай.
Сәйгүлікке отырып тау аспаймын

Сәйгүлікке отырып тау аспаймын,

Сұңқарыңның өзімен санаспаймын.

Бұл айтқаным – өз ойым,

Өз пікірім,

Келіспесең,

Келіспе,

Таласпаймын!
Уақыт – сыншым,

Қорқақты қуады өлім.

Қорықпаймын,

Қолдайды құба белім.

Адамы озбай, аты озды дейтіндер бар,

Жаяу жарыс кезінде сына мені!

Жаншылмаған салмағына жүгіңнің

Жаншылмаған салмағына жүгіңнің

Жетім ұлдың жігеріне жүгін, күн!

Елге деген бір махаббат

Жырымды

Алып шықты биігіне бүгіннің.
Кешегім мен бүгін шыққан тер тең бе?

Бақыт бағы жайқалады ертеңде.

Арғымақтай көкжиекті көздеген

Өлеңімнің екі көзі ертеңде!


Емен емес еменің – сынған шынар

Емен емес еменің – сынған шынар:

Өлең емес өлеңің – тұрған шұбар.

«Ұялмаған – өлеңші» депті біреу,

Солай болса кезінде болған шығар.
О бастан-ақ мен бұған пәс қарадым,

Халық әні емес қой – мастар әні.

Жыр ұялса ұятсыз ақын үшін,

Сол-ақ шығар үлкені масқараның!
Қыран болып қонбасаң қияға бір,

Батқан күндей қызарып ұяңа кір!

Қалай болсаң, олай бол, айналайын,

Ақын болсаң, алдымен ұяла біл!
Сене бер

Көз алмаймын кездескен бір кезіңде,

Сен дегенде қанағат жоқ сөзімде.

Аспан болып кетсең дағы сен егер,

Жанарыма құйып алам,

Сене бер!
Көрмей сені тұра алмаймын үш апта,

Сен дегенде қанағат жоқ құшақта.

Асқар тау боп кетсең дағы сен егер,

Құшағыма сыйғызамын,

Сене бер!
Жүз сүюге, мың сүюге ерінбен,

Сен дегенде қанағат жоқ ерінде.

Мұхит болып кетсең дағы сен егер,

Бір тамшыңды қалдырмаймын,

Сене бер!

Бақыт деген

Байқамайды екенбіз,

Бақыт деген – екеуміз.
Аяқ екеу, қол да екеу,

Көз-жанарың ол да екеу.
Екеу қас та, құлақ та,

Жүрек жалғыз бірақ та.
Сондықтан да сол жүрек

Елегізіп,елжіреп,
Естісем деп лебізін,

Іздейді екен егізін!
Адамзаттың сыналатын жері осы

Адамзаттың сыналатын жері осы,

Адам болып пенделікке ересің:

Құс төсекте бір ұйықтасаң,

Өмірі

Жерге қайтып жатпайтындай көресің!
Адамзаттың сыналатын жері осы,

Адам болып пенделікке ересің:

Арғымаққа бір мінсең-ақ

Өмірі

Қайтып жаяу жүрмейтіндей көресің!
Адамзаттың сыналатын жері осы,

Адам болып пенделікке ересің:

Алтын таққа бір отырсаң,

Өмірі

Одан қайтып түспейтіндей көресің!


Шіркін, бақыт!

Шіркін, бақыт!

Шынында, қимайсың ба?

Шыбын жанды бекерге қинайсың да!

Алдаймын деп ажалды пара беріп,

Алтын менен күмісті жинайсың ба?!
Байлық! Байлық!

Тіршілік кемесінде

Төніп келген апатқа бөгесін не?!

Қыз Жібек пен Баянның махаббатын

Әлде сатып алам деп сенесің бе?
Қомағайлық жараспас тәртіпті елде.

Қоғам мүлкін үйіңе қарпып келме!

Артық бөлме сұрайсың,

Ағайын – ау,

Артық ақыл қоса ма артық бөлме!
Дақ түсірген арымыз,

Денемізгн

Дәулет сонша ткерек-ті неге бізге?!

Мың сомың да тұрады бір сомыңнан.

Бір сом үшін

Немене

Өлеміз бе!
Арманына дарынды жетсе бала,

Халық үшін қайғырып өтсе дана,

Болмайды ма?!

...Байлықты сыйлаймын мен

Кедейлікке қызмет етсе ғана!
Айтып қалып жүрме біраз аңдамай

Айтып қалып жүрме біразх аңдамай!

Аяқ асты басталады дау-дамай!

Кеше ғана алғандай ем сақалды,

Бүгін, міне, көріп тұрсың, қауғадай!
Тәй-тәй басты.

Сәби тұсау кестірді.

Киім киді,

Бой түзеді,

Ес кірді.

Кеше ғана сияқты еді туғаны...

Кешегі алған үй де, мынау ескірді.
Әрине ғой!

Жұлдыз болсаң сөнбейсің!

Енді, міне, көктемдегі сеңдейсің.

Кеше ғана сияқты еді мәңгі дос,

Бүгін мүлдем өз көзіңе сенбейсің!
Түйін! Түйін!

Түйінді кім шешеді?!

Түйдек-түйдек көңіл бұлты көшеді.

Үлбіреген ару едің сен кеше,

Кеше еді ғой!

Кеше еді ғой!

Кеше еді!

Жігіт болсаң көңілі көл

Жігіт болсаң көңілі көл,

Жан игі,

Жамалыңнан жаңылмай жұрт таниды,

Адам болып керегі не, ағайын,

Алақаның жұбатпаса сәбиді!

Адам болып керегі не, қарағым!

Ай нұрынан таза болып жан-арың,

Аш адамды ықыласың тойдырып,

Жаурағанды жылытпаса жанарың!
Қырау көміп тал басын

Қырау көміп тал басын,

Көктемді аяз шалмасын.

Алма ағашы – өзім де,

Сен – көк түйін алмасың.
Жоқ әзірше қояр сын,

Жер сөліне тоярсың.

Ажарыңды ертең-ақ

Ай нұрына боярсың.
Жаңбыр суын ішерсің,

Жаз күніне пісерсің.

Сосын топ деп

Бір қыздың

Ауласына түсерсің!...

Өмір өзі суарған

Өмір өзі суарған

Ой деген де ну орман.

Жолау қауіп оған да,

Жоқ емесі жоқ онда.
Құмыр бұлбұл сайраған,

Қасқыры тіс қайраған.

Қарсақтары зорыққан,

Қояндары қорыққан.
Жолбарысы шабынған,

Жыландары жабылған,

Аюлары із кескен,

Арыстан да кездескен...
Ой деген де ну орман,

Талай бастар қуарған.
Қара жердің қарашығым, үсті кең

Қара жердің қарашығым, үсті кең.

Тұрады өмір әлсіздер мен күштіден.

Жылап келме ешқашан да таяқ жеп,

Шағым етіп біреулердің үстінен.
Жетпей әлің алысқанда күштімен,

Жасып қайтсаң, қайрап қалам тісті мен.

Жеңіл маған: өзің емес, өзгелер

Жылап келсе, шағым етіп үстіңнен.
Жасын сығып, бір ғана емес, мың жұтқан

Жасықтардан жаужүректі кім жыққан?!

Шындап кетсе, шығаратын бірдеңе

Тентегіңнің өзі жақсы ынжықтан!
Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру

Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.


Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған.


Қазақ осы - айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы - аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы - ағыл-тегіл, көл-көсір.

Қазақ осы - дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы - «Өнер алды - тіл» дейтін.
Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.


Қазақ осы - көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы - алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.

Қазақ осы - құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы - дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.


Қазақ осы - жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық - дәл аты.
Қазақ осы - өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.


Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.