Файл: Диплом жмысы 5B050400 Журналистика.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Дипломная работа

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 30.11.2023

Просмотров: 122

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Міне, осылайша, телевизиядағы дербес ақпараттық қызмет құру, әдеттен тыс ерекше бағдарламалар дайындау телевизияны жаңа бір белеске көтеріп, ал сол жаңалықтар топтамасы мен сан алуан бағдарламалар жүргізушілерінің кәсіби-шығармашылық жұмысы тележурналистиканың беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан да қазіргі таңда тележаңалықтар мен интербелсенді телебағдарламалар көптеген көрермендердің қызығушылығын тудырып, теленарықтың ең өсімтал саласына айналды. Бұл тұрғыда, телевизияның басты міндеті – қалың бұқараға қызмет ету. Сондықтан да, аудитория телевизиялық бақылаудың, зерттеудің және телекөрсетілімдердің нысаны болып табылады және тележүргізуші мен көрермендер қолма-қол қарым-қатыгасқа түседі. Сол себепті де бүгінгі таңда теледидар мен көрермен арасындағы қарым-қатынас бұқаралық сипат алуда. И. Дзялошинскийдің зерттеуі бойынша: «әрбір қала тұрғыны телебағдарламаларды көру үшін күнделікті орташа есеппен алғанда 5 сағат уақыт жұмсайды екен» [35]. Демек, телеөндірістің қажеттіліктері, жаңалықтар қызметінің дамуы және оның халық ең көп көретін бағдарламалар қатарында орын алуы, адамдардың қазіргі заман ағымындағы дүниетаным деңгейін айқындайтын фактор ретінде нақты көрініс береді. Дәл осы құбылыс аясында тележүргізушілер мейлінше, маңызды рөлге ие болып, тұлға дәрежесіне көтерілуде. Бағдарлама жүргізетін тележүргізушілер және жаңалықтар топтамасында телесюжеттерді ұсынатын телеропертерлердің көрермендердің қабылдауындағы артықшылықтары неде? Қоғам өміріндегі қандай да бір мәселе төңірегінде белгілі бір танымал тұлға немесе халық өкілі, қарапайым көрермен өзіндік пікір білдіруі мүмкін. Әлбетте, ақпарат көзі мен ақпарат таратушының ойтолғамдары бір арнаға тоғысып, бірін-бірі толықтыруы шарт. Дегенмен, телекөрермендер бір адамның айтқан сөзінен гөрі тележурналистің ұсынған ақпаратының әлдеқайда ауқымды, мейлінше нақты, әрі дәйекті екенін біледі және сол ақпарат аясындағы тележурналист позициясын кәсіби жауапкершілік пен азаматтық ұстаным тұрғысынан қабылдайды. Міне, дәл осындай қарым-қатынастың жаңаша әдіс-тәсілдері мен өзгеше пішінін қалыптастырған тележурналистер, соның барлығының әсер ету мүмкіндігін барған сайын арттыра түсуде. Осылайша телевизиялық қарым-қатынастың құрылымы, мазмұны мен пішіндерінде мемлекеттің қазіргі саяси құрылысының ерекшеліктері мен сипаты көрініс табуда.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2012 жылы «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдаған болатын. Жоба бірнеше өзекті мақсатты көздейді. Біріншіден, елді саяси-әлеуметтік маңызы бар жаңалықтармен неғұрлым жедел хабардар ету. Екіншіден, ақпараттық-желілік технологияны дамытып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын барлық жағынан жаңғырту. Үшіншіден, осы шаралардың негізінде республиканың ақпараттық кеңістігін бәсекеге қабілетті ету. Ол үшін 2020 жылға қарай қазақстандық телеарналардың шетелдерге таралуына қол жеткізу. Ал ғаламтордағы электронды басылым мен бұқаралық ақпарат құралдарының үлесі 95 пайызға, ел эфиріндегі отандық тележобалардың үлесі 60 пайызға көтеріледі [36]. Сандық телевидение кеңінен енгізіліп, «Қазмедиа» орталығының инфрақұрылымы жетілдірілмек. Осы аса маңызды әрі күрделі мұраттар мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі кеңесте де жан-жақты талқыланды. Қазақстандық телевидениенің бүгінгі шығармашылық деңгейі еларалық бәсекеге сай емес. БАҚ және кино салалары, медиабизнес, телеарналардағы режиссерлік-операторлық қызмет, осы заманғы телетехника инженерлері, жаңа сипаттағы ақпарат құралдарының менеджменттік және маркетингтік саясатын қалыптастыратын кадрлар даярлау қолға алынбаған. Қазақстандық телеарналарды шетелдік арзанқолды бағдарламалардың сәтсіз көшірмелері жаулап алған. Кәсіби журналистер даярлау мәселесі ұмытылған. «Мәдениет», «Балапан», «Білім» арналары білікті мамандарға зәру. Халықаралық тәжірибеге жетік тележурналистердің жоқтығынан шетелдер телерадио корпорацияларымен шығармашылық байланыс орнатылмай отыр. Біз олармен саяси, мәдени-рухани тақырыптарда сүбелі жобаларды бірге жасай алар едік. Аталған олқылықтардың орыны толмай, «Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасында қарастырылған мақсаттарды жүзеге асыру мүмкін емес. Қыруар қаржы бөлініп енгізіліп жатқан «Сандық телевидениенің» мүмкіндіктерін де толық пайдалана алмаймыз. Аталған кемшіліктердің себептері көп. Басты олқылық – еліміздің жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультеттерінің оқу бағдарламалары ескіруі. Олардың ғылыми-техникалық базасы жұтаң. Бұл жүйе заманға өте баяу бейімделуде. Сондықтан жекелеген оқу орындарындағы факультеттерді оңтайландыру арқылы Астанада барлық жағынан қамтамасыз етілген, шетелдердің аталған саладағы жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Массмедиа және коммуникация институтын ашу керек. Ақпараттың ұлт пен мемлекеттің өміріндегі қазіргі және ертеңгі айрықша ықпалын ескере отырып осылай жасауға тиіспіз. Бұл институтты Вашингтондағы ғаламға мәшһүр «Телевидение және радиохабарларын тарату Академиясы» немесе Нью-Иорктегі теле және радио өнері факультеті үлгісінде ұйымдастыра алар едік.


Енді тақырыбымыздың негізгі нысаны, ғаламтордың телевизияға тигізер әсеріне келетін болсақ. Ия, барлық БАҚ-тың болашағын тек интернетпен байланыстырып отырғанымызды байқаған боларсыз? Мұның да өзіндік себептерін ашып айтайық. Біздіңше ой қорытсақ, телевизия саласы өзінше дамып, пісіп болды. Енді сол шеңбердің шекарасынан шыға алмай, айналшықтап жүргендей. Қазір түк жаңашылдықты байқай алмай отырғанымыздың себебі – осы. Керісінше жанрлық жағынан барынша жұтаңдап, стильдік тұрғыдан суалып бара жатқандай көрінеді. Кешегі көптеген жанрлар мен стильдер не өзінің өзектілігін жоғалтты, не олармен айналысатын кадр тапшы. Медиагерлер  жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді әдетке айналдырды. БАҚ-тың барлық түрінде қаптап кеткен сұхбат алғыштар осыған дәлел. Кейде, соның өзі сауаттылық жағынан ақсап жатады. Ізденіс жоқ. Тұнып тұрған копипаст! Бір журналист зерттеп-зерделеп дайындалады, сапалы сұрақтар қоюға тырысады. Сұхбаты сәтті шығады. Қалған барлық интервьюерлер осы әріптесінің қойған сауалдарын көшіреді де, беті бүлк етпестен жаңағы респондентке барады. Ол да еріксіз бір айтқанын қайталап береді. Сөйтіп, осы үдеріс үздіксіз қайталынып,  біреулер паразиттік ғұмыр кешіп келеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, телевизия белгілі межеге дейін жетті де, тұралап қалды. Бұл қатып қалған рамкадан асу үшін, телевидение басқа күштің ықпалын қажетсініп отырғандай. Осы орайда, әрине құдіреті қуатты «жаһандық желі» көмекке келеді. «Телевизиялық журналистика – бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы, соның ішінде орасан зор мүмкіндіктерді иеленетін жүйе, ХХ ғасырдың адамзат игілігіне ұсынған ұлы жаңалығы, адамзаттың ой-санасына, көзқарасына тікелей әсер ететін идеологиялық құрал, рухани нәр мен эстетикалық әсер беретін өнердің өзгеше бір түрі, өркениетті әлемдегі саясат алаңы, аудиторияны зерттеумен айналысатын арнайы әлеуметтік институт, ақпарат таратуды бейнелік сипатта жүзеге асатын шығармашылық қызмет» - деген сарында теориялық тұрғыдан оқып жатқанымызбен, бұл дефиницияның да ескірейін деп қалған кезі келді. Дефиниция емес-ау, ол қалады. Тұтас бір медиасаланың дәурені өтіп барады. Жоқ, бүгін емес. Он жылдан кейін де болмауы ықтимал. Бірақ, болашағы бөлек болатыны, басқа формаға енуі – күмәнсіз.

Сонымен, интернет – телевидениені не жандандырып, жаңғыртуы мүмкін, не мүлдем адастырып, өзінің негізгі спецификалық қызметінен жаңылдырып жіберуі мүмкін. Яғни, ақпарат тарату қызметінен, қоғамдық пікір қалыптастыру қауқарынан айрылады. Ол уақытта біздің қазіргі «Қазақстан», «Хабар», «КТК», «7 арна», «АстанаТВ» сияқты көпбағытты арналарымыздың күні қараң. Тек, «Хит ТВ», «Гәкку», «24 кз», «Балапан», «Қазспорт» сияқты арналар қалуы кәдік. Есесіне, қазір жиі айтылып жүрген қоғамдық телеарналардың кең қанат жаюына жол ашылады.



Қазірдің өзінде интернет платформасында түрлі бағдарламалар шығарылып, даму үстінде. Қазақстанда көбінесе аматорлы (әуесқой) хабарлар етек жайғанын сөз арасында тілге тиек ете кеткен жөн. Ал біздің айтайын дегеніміз кәдімгі профессионалды техникаға түсірілген, сапалы монтаждалған, кәсіби журналистердің бағдарламалары, бірақ олар орыстілді контентте жұмыс істейтіндігін айтпаса тағы да болмас. Мысал үшін, жаңалыққұмар Баян Есентаеваның  «Есентаева LIFE», Слава Неруш есімді азаматтың «По Чесноку» сияқты хабарларын және интернеттегі роликтерге шолу жасайтын алғашқы қазақтілді «Wi-Fi – 25» атты интернет-шоуды алуға болады. Бірақ соңғысының форматы, тұжырымдамасы, стилі аса көңілімізден шыға қоймайды. Өздерін жоғарыда айтқанымыздай жариялайтындықтан сол қатарға қостық, әйтпесе аматорлы хабарлардың қатарына жібере салуға бір бүйіріміз бұрып-ақ тұр.

Телевидениенің ғаламторда көрініс тапқан сәтті нұсқасы ретінде ашылғанына бір жарым жылдай ғана болған «ТенгриТВ-ні» қарастырғанымыз жөн болар. Еліміздегі пионерлік веб-телевизияның өз форматы, өз контенті, өз саясаты бар. Осы аз уақыт ішінде 3-4 бағдарлама жасап үлгерді. Оларды елімізге танымал журналистер мен қоғам қайраткерлері жүргізеді. Бұл интернет арқылы таратылатын еліміздегі алғашқы конвергентті редакцияның (Тенгриньюс, ТенгриФМ, ТенгриТВ) жаңашыл, креативті бастамасы деп білеміз.

Халықтың бірен-сараны болмаса, басым көпшілігі газет-журналдарды оқымақ түгілі, қолына алудан қалды. Ондай адамдар зиялы орталарда да, бизнесте де, саясатта да бар. Ең сорақысы, журналистердің өздері газет дегенді ұмытқалы қашан?! Ендігі уақытта еңбектеген баладан бастап қолына гаджет ұстатып қойғанымызда, теледидардың да экраны шаң басып, кейінірек антиквариатқа айналмасына кім кепіл? Рас, бүгінгі күні теледидар көрмейтін жастардың дәуірі келді. Телефонына телміріп, интернеттен керегін оқып-көріп алып, әлеуметтік желіде тұқырып отырады. Жас буын кез-келген уақытта жаңалықты сайттан парақтап шығып, көріп алуға болатындығын білетіндіктен, кешкі сағат тоғызда телеэкраннан көрсетілетін жаңалықтар топтамасын тосып отыратын консерватор аға буынды түсіне алмай әлек. Біз қашып құтыла алмайтын заманның көрінісі осындай.

Бар айтпақ ойымыз, болашақта БАҚ-тың барлық басқа салаларын ысырып салып, ақпараттың айдынына тек интернет иеленіп қалмақ. Қазіргі дәстүрлі БАҚ өз жұмысын ғаламтор бетінде ғана жалғастыра алады. Оның айқын даму жолы осындай. Конвергентті журналистикаға ақырындап аяқ басып келеміз. Уақыты тапшы, шетінен іскер адамдардың заманында үнемі қалтаңда, жұмыс орнында болсаң компьютеріңде тұратын қолжетімді ақпараттан кім қашпақ?! Ойын-сауық керек десеңіз, ол да сонда. Киноңыз да бар. Талғамыңызға сәйкес, тағылымды-ағартушылық материалдарды да бір тетікті басу арқылы көре аласыз.


Бұл – қысқалықтың, видеоның, фотоның дәуірі. Тұтынушысы көзбен бір шолып шыққанда ақпарат алып үлгеретіндей жағдай жасауы тиіс екендігін келешектің журналисі білгені абзал. Online ақпарат құралы – мақалалар оқылып, фото мен видеоны көріп  қоя салатын жер емес, оқиғалар мен идеялар талқыланатын аренаға, пікірлестердің басын қосатын форумға айналғандығын бәріміз де мойындауға тиіспіз деген ойдамыз.

Біз бұл тұжырымдарды айтуға селқос келе салған жоқпыз. Заманның көрінісі осындай. Барар жолын да жанамалап көрсетіп қоятын сияқты. Тек өзіміз ескілікке құмармыз. Әлемнің алпауыт елдері ерте түсініп, әрекеттеніп жатыр. Тіпті біздің гипотезалық пікіріміз, біз ойлағаннан да тез жүзеге асып кетпесі неғайбіл. Себебін дәлел-дәйектермен түсіндіре кетейік. Радиоға 50 миллион аудитория жинау үшін 38 жыл қажет болды, телевидение сол ауқымдағы аудиторияға жету үшін 13 жыл жұмыс істеген, интернет ол аудиторияға 4 жылдың ішінде жетті. Facebook 50 миллион адамды 2-ақ жылда жинады. Міне керек болса! Орта есеппен қазіргі таңда адамзаттың үштен бірі online-дамыз деп кесіп айта алады. 1995 жылы интернетті 45 миллион адам пайдаланса, 2015 жылы пайдаланушылардың саны 4 миллиардқа жақындайды деген болжам бар. Географиялық аймақтарға бөліп қараса, алдыңғы шептегі Европаның қамтылуы 65 пайыз төңірегінде, 100 пайыз қамтылған елдер бірен-саран. Түрлі есеп бойынша, Қазақстанның қамтылуы 30-35 пайыз аралығында. Қазіргі қарқынмен өсетін болса, алдағы 10 жылдың ішінде жер беті интернетпен толық қамтылмақшы. Ендеше, қалыс қалмайық, тек шалыс баспайық.


ҚОРЫТЫНДЫ

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, адамзат дамудың жаңа сатысы – ақпараттық қоғамға аяқ басты. Ақпараттық қоғамның тұжырымдамасын зерттеушілер «технологиялық жаңашылдықтар түбегейлі мәдени және әлеуметтік өзгерістер туғызады, әлем мүлдем өзгеше болады» деген дәйектермен келтіреді. Зерттеушілер атап өткендей, «жаһандық ақпараттық қоғам» термині саяси, экономикалық және мәдени-әлеуметтік тұрғыдан алғанда, ақпарат пен білімнің рөлі үздіксіз артып отыруына байланысты дамитын аса ауқымды біртұтас ақпарат индустриясы деген ұғымнан тұрады.

Бұл құбылыс жаһандық компьютер желілерінің, бірінші кезекте интернеттің пайда болуымен тығыз байланысты. Интернет өзінің баспа, радио, телефон, кино мен телевизия секілді белгілі технолгиялар лигасына кіруге лайықты екендігін дәлелдегенімен, дүниені шын мәнінде өзгертетін шарықтау шегі әлі де алда болуы мүмкін.

Қазақ интернет журналистикасының қалыптасуы 90-жылдардардан, Қазнеттің дүниеге келген 1995 жылынан басталады. Жаңа медианың қарқынды дамуы 2005 жылдан басталады дейді зерттеушілер.

Қоғам қажеттілігі, технологияның жаңа дамыған түрі өмірге жаңа медианы алып келді. Адамзат əлемнің түкпір-түпкірінен ақпарат ала алатын жəне тарататын жағдайға жетті. Жəй ғана əлемдік жүйе-интернетті меңгеру арқылы өмірге медианың жаңарған түрі келді.

Тарихта адамзат өркениетін дамытуда бірнеше ақпараттық серпілістер болғаны мəлім. Олардың біріншісі - жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі. Екіншісі - баспалардың пайда болуы. Үшінші серпіліс - электрдің пайда болу нəтижесінде қалыптасқан телеграф, телефон, теледидар, радио секілді тағы басқа ақпарат тарату қүралдарының адамзат өмірінен кеңінен орын алу- ымен ерекшеленеді.

Ал XX ғасырдың соңғы ширегінен басталатын төртінші серпіліс - микропроцессорлы компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нəтижесінде қалыптасып, желілік ақпараттар технологиясы атанған жаңа ақпараттық серпіліс бүгінгі дəуір қоғамын ғажайып өзгерістерге бастар негізгі күшке айналып келеді.

Телевизия ақпаратты бір орталықтан көпшілікке таратуға мүмкіндік береді. Интернет болса, жалқы мен жалқыны, жеке мен көпшілікті және ең бастысы, көпшілік пен көпшілікті байланыстыратын әмбебап коммуникациялық құралға айналды.

Бір кезеңде телевизия саласы өзінше дамып, пісіп болғандай болды. Сол шеңбердің шегінен шыға алмай жүргендей болды. Ол жанрлық жағынан барынша жұтаңдап, стильдік тұрғыдан суалып бара жатқандай көрінді.