Файл: Отан туралы Мен оны тнін сйем, кнін сйем, Аынды зен, асар тау, глін сйем, Мен оны асиетті тілін сйем, Мен оны діретті нін сйем..docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 30.11.2023
Просмотров: 22
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Отан туралы
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
Мұқағали Мақатаев
Отан
Туған елім,
Өз Отаным, астанам,
Талай биік жеңістерге бастаған,
Қазақстан рапорт етті, қабыл ал,
Рапортында миллиондаған астық бар,
Қазақ жері қырман толы қайысқан.
Сол астықты көтере алмай майысқан,
Бір миллиард Отанға арнап жөнелтті,
Байыды елі, шаруаларын кенелтті.
Туған елім!
Компартиям, астанам!
Сенсің мені жеңістерге бастаған.
Сенсін маған достық берген, қол берген,
Қазақ елі құлпырсын деп жол берген.
Сен шақырдың, ұл, қыздарың тізілді,
Ғасыр бойы жатқан тыңдар бұзылды.
Қала болды, егін болды, көл болды,
Ұшан-теңіз байлығы да мол болды.
Қабылда, Отан,
Алтын бидай дәндерін,
Ел сәлемін, елдің сұлу әндерін.
Сыйға тартты оттай ыстық жүрекпен,
Қымбат дәндер алтын менен жібектен.
Бұл миллиардты махаббаты елімнің,
Бірге оралған әр дәнімен егіннің.
Барлық ұлттар достығының айғағы
Гүл жайнаған Қазақстан аймағы.
Жұмағали Саин
Отанды сүй
Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды.
Қалдырмай байтақ елдің сай-қырларын,
Тарасын май айында майда ырғағым.
Шөптерің шөпілдесіп, бұл ырғаққа
Билесін бұлақтарың, айдындарың.
Қарасам, қазынаның табам түрін,
Күнбағыс — табақ-табақ сары алтының.
Әр тасың жай тас емес, гауһар маған,
Жақсы әтір — жалбызың мен қалампырың.
Жоқ дегем сүюімде демалыс түк,
Бағынар сағынышқа бар алыстық.
Сүйкімді құмың, шыңың, шыңырауың,
Бар бедер, бар дидарың маған ыстық!
Бар ма екен кәусарыңды қанып ішкен,
Айтамын іңкәрліктің әнін іштен.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен.
Өзіңнің келбетіңнен күнді көрем,
Мен үшін өзеніңнің сыңғыры — өлең.
Көкте емес, көкірегімде көшеді әсем
Бұлттарың үлбіреген, үлбіреген.
Үп еткен еркін самал лебің — өлең,
Өңімде, түсімде де сені көрем.
Гүлдерің, жұлдыздарың — жүрегімде,
Біргесің меніменен, меніменен!
(Күләш Ахметова)
Отан
Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!
(Несіпбек Айтұлы)
Аңсау
Таң атқанда ойнап жатса Әнұран,
Мен кішкентай Отанымды сағынам.
Туған елдің босағасы, жігіттер,
Артық екен ханның алтын тағынан.
Артық екен Сайқаны да, Ебісі,
Берекеге бөгіп жатқан ел іші.
Аман ба өзі ақ сақалды абыздар,
Аман бе екен тентегі мен телісі?!
Күніне ойға оралатын мың рет,
Орнында ма Алакөлім – құдірет?!
Жүрегімді сезім-күйге толтырып,
Өн-бойыма тарататын жылы леп.
Сол жылы леп күш дарытар адамға,
Сол жылы леп ғашық етті ғаламға.
Қашан көрсем, көңіл төрін ұсынған,
Аңсай күтер ағаларым аман ба?
Артық-кем де, өзің біл не десең де,
Алакөлмен өсемін мен өшем де.
Маған арнап сыбағасын сақтаған,
Апа, әпке, жеңгелерім есен бе?
Қалпында ма тауым, көлім, беткейім,
Аңсадым-ау, қалай жасты төкпейін...
Дәл қасында жүрген кезде білмедім,
Қадіріңді түсіндім-ау көп кейін!
(Ахмет Кендірбекұлы)
Отан
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің –тірегім,
Құшағында гүл атам.
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!