ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.12.2023

Просмотров: 302

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Бөлімше 2.2 Шығарма мазмұны бойынша сұрақтар қою және жауап беру

Оқу мақсаты




3.2.2.1 Қолдануға (практикалық), бағалауға және шығармашылыққа негізделген сұрақтар қою және жауап беру

Бағалау критерийі




Білімалушы

  • Бағалауға және қолдануға негізделген сұрақтар қояды

  • Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді

Ойлау дағдыларының деңгейі

Қолдану

Тапсырма

Мәтінді түсініп оқы. Мәтін бойынша сұрақтар құрастыр. Сұрақ құрастыруда берілген тіркестерді пайдалан: Қалай ойлайсың?, Сенің ойыңша..., Неліктен?, Не себепті?, Қайсысы дұрыс?, Сен не істер едің? т.б
Ержігіт тыным таппай, есік алдына сырғанақ соқты. Оған шелекпен су тасып құйды. Әбден титықтап шаршаса да, үйіне көңілді оралған.

Ертеңіне тұра сала, сырғанаққа қарай жүгірді. Міне, қызық! Көршінің балалары сырғанақта асыр салып ойнап жүр. Ержігіттің іші күйіп кетті.

  • Бәрің де кетіңдер! Бұл менің сырғанағым! - деп төмпешіктің қасына келіп, бар даусымен айқай салды. Ойнап жүрген балалар состиып тұрып қалды.

  • Қанеки, табандарыңды жалтыратыңдар, - деді ол тіпті қаһарланып.

  • Сырғанағыңды аяйсың ба?

  • Бір көшеде тұрамыз ғой.

  • Кеше айтсаң, көмектесер едік, - деді балалар жан-жақтан шуылдап.

  • Жоқ, - Ержігіт балалардың жалынып- жалбарынғанына да қарайтын емес.- Кетіңдер дедім ғой, бітті.

Балалар онымен тәжікелесіп жатпай, үйді үйлеріне тарап кетті.

  • Сыныптастарыңның сұрақтарына жауап бер.

Дескриптор

Білімалушы

  • мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар құрастырады;

  • бағалауға негізделген тіркестерді орынды қолданады;

  • мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.





Бөлімше 2.3 Шығарманың тақырыбы мен негізгі ойды анықтау

Оқу мақсаты




3.2.3.1 Шығарманың тақырыбын анықтау және негізгі ойды білдіріп тұрған мәтін бөлігін/сөйлемді анықтау

Бағалау критерийі




Білімалушы

  • Мәтінге тақырып қояды

  • Мәтіннің негізгі ойын білдіретін сөйлемді анықтайды

Ойлау дағдыларының деңгейі

Қолдану

Тапсырма

Мәтінді оқы. Тапсырмаларды орында.
Біздің ауылды Қызылкесек деп атайды. Ауылды қақ жарып Боғас өзені өтеді. Лақтарын шұбыртқан еліктер мен арқарлар өзеннен су ішуге келетін. Оны көріп, біз де мәз-мейрам болушы едік.

Ал тау етегінде неше түрлі гүлдер өсетін. Әсіресе сасыр айрықша еді. Кәдімгі Африкада өсетін пальмаға ұқсас. Қолшатыр сияқты басымызды күн сәулесінен, жаңбырдан қорғайтын. Бұл жерде түйетабан да бар. Түйетабанның тамырының ұзындығы 18 метрге жетеді. Мөлшермен айтқанда есік алдындағы кұдықтың тереңдігінен үш есе артық. Ал мұндай тереңдікте тіпті шөлді алқапта да жер асты сулары бар.

Кіп-кішкентай ауылдың осындай табиғат байлығы жыл өткен сайын жұтаңдап барады. Сол өкінішті.

  • Ауыл қалай аталады?

  • Бұл жерде қандай өсімдіктер өседі?

  • Мәтіннен негізгі ойды білдіретін сөйлемді тауып, көшіріп жаз.

  • Мәтінге ат қой.


Дескриптор


Білімалушы

  • мәтін бойынша сұрақтарға жауап береді;

  • мәтіннің негізгі ойын білдіретін сөйлемді анықтайды;

  • мәтінге сәйкес тақырып қояды.





Бөлімше 2.5 Шығарманың композициясын анықтау

Оқу мақсаты




3.2.5.1 Көркем шығармадағы оқиғаның басталуын, дамуын және аяқталуын анықтау

Бағалау критерийі




Білімалушы

  • Мәтіннің құрылымдық бөліктерін (басы, ортасы, соңы) ажыратады

Ойлау дағдыларының деңгейі

Қолдану

Тапсырма

Мәтінді түсініп оқы. Әңгіменің басында, ортасында, соңында болған оқиғаларды есіңе түсіріп, «Әңгіме тауына» қысқаша жаз.
Нағыз дос
Ерте, ерте, ертеде, үлкен теңізде кішкентай дельфин өмір сүріпті. Ол күні бойы жүзуді жақсы көретін. Біресе теңіздің түбіне сүңгіп, біресе бетіне шығып, алға және артқа секіріп ойнайтын. Сегізаяқтармен, балықтармен,теңіз жұлдыздарымен жақсы дос болатын.

-Тек қана акуладан сақ бол! дейді анасы.

Бірде дельфин ұсақ шабақтарды қуып жүріп, адасып кетті. Қараса айналасында ешкім жоқ. Кішкентай дельфин қатты қорықты. Ол үйге қайтар жолды іздеп, көп жүзді. Күтпеген жерден өзіне қарай жүзіп келе жатқан акуланы көрді. Оның жүрегі тоқтап қала жаздады. Қорыққанынан көзін жұмып алды.

Кенеттен тыныштық орнады. Біреудің бүйірінен итергенін сезді. Ақырындап көзін ашып қарап еді, сегізаяқ досы екен. Айналасындағы су лай болып кетіпті.

- Тездетіп жүзіп кетуіміз керек, - деді сегізаяқ.

Суды лайлаған сегізаяқ екен. Ол қауіпті жағдайда денесінен қара сиясын бөліп шығарады екен. Олар акуладан қара сияның арқасында құтылып кетті.

Кішкентай дельфин осындай достары бар болғанына қуанды.



Дескриптор

Білімалушы

- оқиғаның бастапқы бөлімін сипаттайды;

-оқиғаның негізгі бөлімін анықтайды;

-оқиғаның соңғы бөлімін сипаттайды.





Бөлімше 2.6 Кейіпкерлердің іс-әрекетін бағалау

Оқу мақсаты




3.2.6.1 Кейіпкердің портретін сипаттау, оның іс-әрекеті, мінез-құлқының өзгеру себептерін мәтіннен тауып, бағалау

Бағалау критерийі




Білімалушы

  • Мәтін кейіпкерінің портретін сипаттайды

  • Кейіпкердің мінез-құлқының өзгеру себебін анықтап бағалайды

Ойлау дағдыларының деңгейі

Қолдану

Жоғары деңгей дағдылары

Тапсырма

Мәтінді түсініп оқы. Тапсырмаларды орында.
Алакөлдің тұнып тұрған табиғатына қоса оны сағынар тағы бір жөнім бар. Өткен жылы жазғы демалыс кезінде ауылда, әкеме шөп шабуға көмектесе жүріп, сонау жалғыз жартас тұсындағы шатқалдан ала қанат жабайы үйрек көрген едім. Кешкісін ымырт жабылып бара жатқан кезде ескекті қайықпен жақындап барғанымда, қараңғылыққа қарамастан әлгі үйрек қамыс арасынан ұша жөнелді. Сыртқы сымбаты өзгелерге көп ұқсай бермейтін құсты текке шошыттым-ау дедім де, кері қайттым. Бірақ ала қанат үйрек сол маңнан кетпеді. Ертелі-кеш қол босағанда сол жерге жем қалдырып жүрдім. Ақыры екеуміз достастық.



  • Кейіпкердің кері қайтуына не себеп болды? Мәтіннен тауып оқы.

  • Оның бұл әрекетін қалай бағалайсың? Неліктен?

  • Кейіпкерге мінездеме бер.

Дескриптор

Білімалушы

  • кейіпкердің іс-әрекетін өзгерту себебін анықтайды;

  • кейіпкердің іс-әрекетіне қатысты ойын айтады;

  • кейіпкерді сипаттап, мінездеме береді.




,





Бөлімше 2.8 Көркем шығарма элементтерін салыстыру

Оқу мақсаты




3.2.8.1 Эпизодтерді салыстыру, сюжеттің дамуындағы өзгерістерді анықтау

Бағалау критерийі




Білімалушы

  • Оқиғаның даму барысындағы өзгерістерді анықтайды

Ойлау дағдыларының деңгейі

Қолдану

Тапсырма

Мәтінді түсініп оқы.

Нағыз адам
Қуаң даладағы жалғыз үйдің қасында құдық бар. Бұл үйде атасы мен немересі тұрады.

Құдық басында ұзын арқанға бекітілген шелек бар. Әрі - бері өткен жолаушылар құдықтан су ішеді, атайға алғыс айтады.

Бірде арқан үзіліп , шелек құдықтың түбіне түсіп кетті. Атайдың одан басқа шелегі жоқ еді. Су тартып ішуге ыдыс табылмады.

Келесі күні таңертең атайдың үйіне арбалы шаруа келді. Арбадағы сабанның астында шелегі көрініп жатыр екен. Жолаушы құдыққа көз жіберіп, атай мен немересіне бір қарады да, атына қамшы басып, әрі қарай жүріп кетті.

  • Бұл не қылған адам?- деп сұрады немересі атасынан.

  • Бұл адам емес, - деді атасы.

Түске таман атай үйінің тұсынан екінші жолаушы өтіп бара жатты. Ол арбадағы сабанның астынан шелегін алып, арқанға байлады да, құдықтан су тартты. Өзі қанғанша ішіп, атай мен немересінің де шөлін қандырды. Қалған суды құрғақ құмға төге салды да, шелегін қайтадан арбасына салып алып, жүріп кетті.

  • Бұл не қылған адам? - деп сұрады немересі атасынан.

  • Бұны да әлі адам деуге болмайды, - деді атасы.

Кешке қарай атай үйінің маңына тағы бір кісі тоқтады. Ол арбасынан шелегін алып, арқанға байлады. Су тартып, сусынын қандырды. Сонан соң алғысын айтып, жүріп кетті. Ал шелегі құдық басында арқанға байланған қалпында қала берді.

  • Бұл қандай адам? - деп сұрады немересі.

  • Міне, бұл - нағыз адамның өзі, - деп жауап берді атасы.

В. Сухомлинский


  • Мәтіннің мазмұнына сүйеніп, кестені толтыр.


1-жолаушы 2-жолаушы 3-жолаушы

Жолаушының іс-әрекеті Қарияның жауабы


  • Кестеге сүйеніп, оқиғаның бөліктері арасындағы өзгерістерді сипаттап айт.

Дескриптор

Білімалушы

  • мәтіннің негізінде кейіпкерлердің іс-әрекеттерін анықтайды;

  • оқиға бөліктерінің арасындағы өзгерістерді сипаттайды.