ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 568
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2. Жұмыскердің немесе жұмыс берушінің бастамасымен тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу белгіленуі мүмкін.
3. Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезеңде, сондай-ақ жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда жұмыс беруші жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін қашықтан жұмыс істеуді немесе қашықтан аралас жұмыс істеуді себептерін көрсете отырып, жұмыс берушінің актісімен уақытша белгілеуге құқылы. Бұл ретте жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыс берушінің актісінде міндетті түрде:
1) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеу негізі;
2) өздеріне қатысты қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу уақытша белгіленген жұмыскерлердің тізімі;
3) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеуге негіз болған жағдай жойылатын күннен аспайтын, қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу мерзімі қамтылуға тиіс.
4. Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші оларды орнату мен оларға қызмет көрсету шығыстарын көтереді.
Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау процесінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін, көрсетілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті.
Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау үшін өз жабдығын, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін және өзге де құралдарды пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеу шығыстарын көтерген жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу бойынша белгіленеді.
Тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші, қабылдаушы тарап үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де негізделген шығыстар да, оның ішінде электр энергиясының құны өтелуі мүмкін.
5. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен, қабылдаушы тараппен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.
Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап, осы Кодекстің 77-бабының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімділік режимінде болуын талап етуге құқылы емес.
Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығынан тыс орындау қажет болған жағдайда, жұмыскерді жұмысқа тартуға осы Кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, оның жазбаша келісуімен ғана жол беріледі.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмаса, жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжатта жұмыс уақыты еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген жұмыс көлемінің орындалуы ретінде белгіленеді.
Еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін осы Кодекстің 74-бабына сәйкес икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
6. Қашықтан жұмыс істеген кезде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұмыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді.
7. Жұмыскерлер жұмысты қашықтан орындаған кезеңде олардың еңбек қауіпсіздігін және еңбегін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс беруші осы Кодекстің 182-бабы 2-тармағының 2), 3), 8), 10), 11), 14), 16) және 17) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындайды, қабылдаушы тарап осы Кодекстің 182-1-бабы 2-тармағының 3), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындайды, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен және өзге де құралдармен жұмыс істеген кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар бар жұмыс берушінің актісін, қабылдаушы тараптың актісін әзірлейді және шығарады.
Жұмыс берушінің, қабылдаушы тараптың осы Кодексте белгіленген еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі басқа да міндеттері, егер еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актісінде, қабылдаушы тараптың актісінде өзгеше көзделмесе, жұмысты қашықтан орындау кезеңінде жұмыскерлерге қолданылмайды.
8. Қашықтан жұмыс істеу процесінде жұмыскерге белгілі болған қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мақсатында еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде, қабылдаушы тараптың актісінде жұмыс берушінің осы ақпаратын, қабылдаушы тараптың ақпаратын сақтау және жария етпеу туралы шарт көзделеді.
9. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек қатынастары осы бапта, еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 138-бап жаңа редакцияда - ҚР 01.07.2021 № 61-VII Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
139-бап. Азаматтық қызмет
1. Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен не конкурс бойынша жүзеге асырылады.
2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырады және өткізеді.
Кандидаттың волонтерлік қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның жеке қабілеттері мен кәсіби даярлығын ескере отырып, азаматтық қызметке кіру кезінде ескеріледі.
3. Азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам азаматтық қызметке басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды.
5. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін әзірлеу мен бекітуді еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келісу бойынша тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттiк органдары жүргізеді.
6. Азаматтық қызметші:
1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға;
2) азаматтық қызметтің қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді атқаруға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
3) қызмет жағдайын азаматтық қызметпен байланысты емес мақсатта пайдалануға;
4) азаматтық қызметті өткеру кезеңінде белгілі болған, мемлекеттік құпияларды, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
7. Азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізудің тәртібі мен шарттарын тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органы айқындайды.
8. Азаматтық қызметші өзінің жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасындағы келісу бойынша басқа мемлекеттік мекемеге, қазыналық кәсіпорынға жұмысқа ауыстырылуы мүмкін.
9. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
10. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.
Ескерту. 139-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 73-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.