Файл: азастан Республикасыны Ебек Кодексі.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.12.2023

Просмотров: 542

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
5-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
21-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

191-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру


      1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.



      2. Мемлекеттік еңбек инспекторларына:



      1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы;



      2) бас мемлекеттік еңбек инспекторлары – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары;



      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторы – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органының басшысы;



      4) мемлекеттік еңбек инспекторлары – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органының лауазымды адамдары жатады.



      3. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметтік міндеттерін атқару кезінде заңмен қорғалады және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.



      4. Мемлекеттік еңбек инспекторына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтірген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.



      5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.



      6. Алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).





      Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау және бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де түрлері шеңберінде мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін тексерулер жұмыс берушіге алдын ала хабарламай жүргізіледі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес тіркелуге және есепке алуға жатпайды.




      Ескерту. 191-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




192-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінің қағидаттары мен негізгі міндеттері


      Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.



      Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері:



      1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;



      2) қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;



      3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады.


193-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының құқықтары


      Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының:



      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына тексерулер жүргізу мақсатында жұмыс берушілерге кедергісіз баруға;



      2) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);





      3) жұмыс берушілерден, жұмыскерлерден (олардың өкілдерінен) өздеріне жүктелген функцияларды орындауға қажетті құжаттарды, түсініктемелерді, ақпаратты сұратуға және алуға;



      4) жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкімшілік жазалар қолдануға;



      5) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;




      6) жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметі және жабдықтардың, механизмдердің пайдаланылуы Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкессіздігі анықталған кезде оларды бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзімде сотқа міндетті түрде талап арыз бере отырып, тоқтата тұруға (тыйым салуға) құқығы бар.



      Ұйымның Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, мұны жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметін және жабдықтардың, механизмдердің пайдаланылуын тоқтата тұру (тыйым салу) жолымен жою мүмкін болмайтын сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторы ұйымның қызметін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзімде сотқа міндетті түрде талап арыз бере отырып, тоқтата тұруға (тыйым салуға) құқылы.



      Осы тармақшада жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қатер деп жұмыскерлердің өндірістік жарақаттар алу ықтималдығын не қайтыс болу тәуекелін түсіну керек;



      7) жұмыс орындарында белгіленген талаптарға сай келмейтін арнайы киімнің және басқа да жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарының берілуі мен пайдаланылуына тыйым салуға;



      8) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);





      9) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруге;



      10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау алудан, білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбек қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды жұмыстан шеттету, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту үшін жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беруге;



      11) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттік еңбек инспекторларының актілерін жұмыс берушілердің орындамауы фактілері бойынша ақпаратты, талап арыздарды және өзге де материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына және соттарға жіберуге;




      12) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысуға;



      13) жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасында белгіленген, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі мен шарттарын сақтауы тұрғысынан тексеру жүргізуге;



      14) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);





      15) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтармен және жұмыскерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасасуға;



      16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.



      Ескерту. 193-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




194-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының міндеттері


      Мемлекеттік еңбек инспекторлары:



      1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;



      2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын тексеруді уақтылы және сапалы жүргізуге;



      3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар туралы жұмыс берушілерді (олардың өкілдерін) хабардар етуге;



      4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін уақтылы қарауға;



      5) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен мән-жайларды анықтауға, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар беруге;



      6) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысуға;




      7) еңбек заңнамасының бұзылу себептерін жинауды, талдауды және қорытуды жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған шараларды әзірлеу мен қабылдауға қатысуға;



      8) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияны, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;



      9) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге міндетті.


195-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері


      1. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.



      Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай мемлекеттік еңбек инспекторы төмендегідей актілер шығарады (жасайды):



      1) мыналар:



      Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;



      жарақаттану қаупі бар және авариялық ахуалдардың туындауын болғызбау үшін өндірістік объектілер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндірістік процестердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі профилактикалық жұмыстарды жүргізу туралы;



      жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметін және жабдықтардың, механизмдердің пайдаланылуын немесе тұтастай қызметті тоқтата тұру (тыйым салу) туралы;



      жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама.



      Бұл ретте қызметті тоқтата тұру (тыйым салу) туралы акт осы Кодекстің 193-бабының 6) тармақшасына сәйкес берілген қызметті тоқтата тұру (тыйым салу) туралы талап арыз бойынша сот азаматтық іс қозғағанға дейін қолданылады.



      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;



      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;



      4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы;



      5) мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы.



      2. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері жұмыс берушілер мен лауазымды адамдардың осы Кодекстің 198-бабының 3-тармағының талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал етудің құқықтық шаралары болып табылады. Актілер екі данада жасалады, оның біреуі қол қойғызылып, жұмыс берушіге тапсырылады.