ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 06.12.2023
Просмотров: 158
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Жарғақтық бөлік, pars membranacea, үрпінің қуықасты безінің ұшынан жыныс мүшесінің буылтығына дейінгі, несеп – жыныс көкеті арқылы өтетін, ең қысқа бөлігі. Оның ұзындығы 1 – 1.5 см. шамасында болады. Жарғақтық бөлікті, несеп – жыныс көкетінің санаға бағынышты үрпіні қысатын бұлшықеті, m. sphincter urethrae,қоршап жатады.
Кеуектік бөлік, pars spongiosa, жыныс мүшесінің кеуекті денесінің ішінде орналасатын, ұзындығы шамамен 15 см. болатын, үрпінің ең ұзын бөлігі. Жыныс мүшесінің буылтығы аймағында еркектің несеп шығаратын өзегі едәуір кеңейеді, басына дейінгі қалған бөлігінің диаметрі 7 мм шамасында тұрақты болады.. Жыныс мүшесінің басындағы соңғы бөлігі қайтадан кеңейіп, қайықтәрізді шұңқырды, fossa navicularis, түзеді. Еркек жыныс мүшесінің басында несеп шығаратын өзектің сыртқы тесігі, ostium urethrae externum, ашылады.
Еркектің несеп шығаратын өзегінің үш тарылған және үш кеңейген жерлері ажыратылады. Тарылған жерлеріне: а) ішкі тесігі, ostium uretrae internum, б) жарғақтық бөлігі, pars membranacea, және в) сыртқы тесігі, ostium urethrae externum,жатады. Өзектің кеңейген жерлеріне: қуықастылық бөлігі,pars prostatica, жыныс мүшесінің буылтығы, bulbus penis, бөлігі және қайықтәрізді шұңқыр,fossa navicularis, жатады.
Еркектің несеп шығаратын өзегінің шырышты қабығы, шырышасты негізі және бұлшықетті қабықтары болады. Қуықастылық және жарғақтық бөліктерінің шырышты қабығы тегіс болып келеді, Ал, кеуекті бөлігінің шырышты қабығында бойлық қатпарлары, кішкене шұңқыршалар, lacunae urethrales, жәнекөптеген бездер (Литтр бездері), gll.urethrales, орналасады. Бұлшықетті қабығы, сыртқы - көлденең, ішкі – бойлық бағыттағы тегіс салалы талшықтардан құралған екі қабаттан тұрады.
ҰМА
Ұма, scrotum, ішінде атабездер орналасқан, бір-бірінен оқшауланған екі камерадан тұратын, іштің алдыңғы қабырғасының өсіндісі болып табылады. Ұма алдыңғы жағынан - жыныс мүшесі, артқы жағынан - шат, екеуінің аралығында орналасады. (13 –сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).
16 – сурет. Ұма мен шәуетбау (шәует шылбыры).
1 – шәуетбаудың қабықтары; 2 - еркек жыныс мүшесінің үңгірлі денесі; 3 – еркек жыныс мүшесінің кеуекті денесі; 4 – шәуеттік сыртқы шандыр; 5 – ұманың қалқасы; 6 – атабездің қынаптық қабығы; 7 – етті қабық; 8 – ұманың жігі; 9 – тері; 10 – атабезді көтеретін бұлшықет; 11 –шәуетбау (шәует шылбыры); 12 –еркек жыныс мүшесін іліп тұратын байлам; 13 – шап өзегінің беткей сақинасы.
Ұма немесе атабез жеті қабықтан тұрады, сыртқы жағынан ішке қарай,олар:
1. тері, cutis;
2. етті қабық, tunica dartos;
3. шәуеттік сыртқы шандыр, fascia spermatica externa;
4. атабезді көтеретін бұлшықет шандыры, fascia cremasterica;
5. атабезді көтеретін бұлшықет, m.cremaster;
6. шәуеттік ішкі шандыр, fascia spermatica interna;
7.атабездің қынаптық қабығы, tunica vaginalis, болып табылады.
1.Ұманың терісі жұқа, көптеген қатпарлар түзеді, серпімді(эластикалық) талшықтардың көп болуына байланысты, созылмалы болады. Тері сирек орналасқан түктермен жабылған, көптеген тер және май бездері бар, түсі басқа аймақтарға қарағанда күңгірттеу болып келеді.
2.Ұмада тері астылық шелмай болмайды, оның орнында етті қабық, tunica dartos, орналасады, ол жиырылғанда атабез көтеріліп, қасаға томпағына жақындайды.
Етті қабық оң атабезді сол атабезден бөліп тұратын ұманың қалқасын, septum scroti, береді. Ұманың терісінде, осы қалқаның бекіну сызығы, ұманың жігі, raphe scroti, түзіледі.
Үш айлық іштегі нәрестеде, ұманың осы екі қабығы түзіледі. Кейіннен, құрсақішіндегі дамудың 7 айында, атабездің іш қуысынан ұмаға қарай төмен түсуіне байланысты , ұмаға атабездің басқа қабықтары түседі. Олар іш қабырғасының қабаттарына сәйкес келеді.
3. Шәуеттік сыртқы шандыр, fascia spermatica externa, іштің беткей шандырына сәйкес келеді.
4. Атабезді көтеретін бұлшықет шандыры, fascia cremasterica, іштің сыртқы қиғаш бұлшықетінің меншікті шандырына сәйкес келеді.
5. Атабезді көтеретін бұлшықет, m.cremaster, іштің көлденең және ішкі қиғаш бұлшықеттерінен төменгі жағынан бөлініп шыққан, жұқа бұлшықет талшықтары болып табылады, оның қызметі атынан көрініп тұр.
6. Шәуеттік ішкі шандыр, fascia spermatica interna, іштің көлденең шандырының жалғасы болып табылады.
7. Атабездің қынаптық қабығы, tunica vaginalis testis, ішінде қуысы бар париеталды және висцералды табақшалардан тұратын, ішастардан дамыған сірлі қабық болып табылады.. (17 –сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).
.
12 – сурет. Атабез және шәуетбаудың (шәует шылбыры) қабықтары.
1 – іштің сыртқы қиғаш бұлшықеті; 2 – іштің ішкі қиғаш бұлшықеті; 3 – іштің көлденең бұлшықеті; 4 – көлденең шандыр; 5 - ішастар; 6 – атабез артериясы; 7 – веналық сабақты өрім; 8 – шәует шығаратын түтік; 9 – атабезді көтеретін бұлшықет; 10 – шәуеттік сыртқы шандыр; 11 – ішастардың қынаптық өсіндісі; 12 –етті қабық; 13 –тері; 14 – атабез қосалқысының басы; 15 – атабез қосалқысының денесі; 16 –– атабез; 17 – шәует шығаратын түтік; 18 - атабез қосалқысының құйрығы; 19 – атабездің қынаптық қабығы (париеталды табақшасы); 20 – 19 – атабездің қынаптық қабығы (висцералды табақшасы); 21 – атабез қосалқысыныңөсіндісі; 22 – атабездің сірлі қуысы.
Ұма (атабез) қабықтарының түзілу үдерісі. Эмбриондық даму үдерісінің 2 – ші айында,іш қуысының артқы аймағында, белдің жоғарғы екі омыртқаларының деңгейінде несеп-жыныс қатпары, plica urogenitalis, орналасады. Осы қатпардағыбіріншілік бүйректің бетінде жыныстық буылтық пайда болады. Бұл буылтықтан - еркек немесе әйел жыныс бездері дамитыны - эмбриондық даму үдерісінің 2 – ші айының соңына дейін белгісіз болады (индиферентті даму кезеңі). Бұл жыныс безінің бастамасы біртіндеп,біріншілік бүйректен бөліне бастайды. (18 –сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).
18 – сурет. Атабездің ұмаға түсу кезеңдері және оның қабықтарының түзілуі.
А – атабездің бастапқы кезеңдегі орналасуы; Ә – атабез іш қуысында; Б – атабез шап өзегінің ішкі тесігі аймағында орналасқан; Г – атабез ұмада орналасқан. 1 - ішастар; 2 – атабез; 3 – атабез қосалқысы; 4 – шәует шығаратын түтік; 5 – ішастардың қынаптық өсіндісі; 6 – шәуеттік ішкі шандыр; 7 – атабезді көтеретін бұлшықет; 8 – атабезді көтеретін бұлшықет шандыры; 9 – шәуеттік сыртқы шандыр; 10 – етті қабық; 11 – тері; 12 –– атабездің қынаптық қабығының висцералды табақшасы; 13 – қынаптық қабықтың қуысы; 14 - атабездің қынаптық қабығының париеталды табақшасы.
Үшінші айда, егер атабез дами бастаған жағдайда, ол төмен жылжып, шап өзегінің ішкі тесігі аймағында орналасады. Атабез бастамасының төменгі шетін,іштің алдыңғы қабырғасындағы шап өзегінің ішкі тесігі аймағымен бағыттаушы байлам, lig. gubernaculum testis, қосып тұрады. Осы байламның көмегімен атабездің ұмаға түсетін күрделі үдерісі іске асады. Атабез ұмаға түсерден бұрын ішастардың қынаптық өсіндісі, processus vaginalis peritonei, дамиды. Бұл өсінді ұмаға түседі, онымен бірге іштің алдыңғы қабырғасының қабаттары да 7 – ші айдың соңына дейін ұмаға ілесе түседі. Олар: fascia spermatica externa, fascia cremasterica, m.cremaster, fascia spermatica interna, tunica vaginalis testis - ті түзеді.Даму барысының 8 – ші айында атабез шап өзегі арқылы өтеді де, 9 – шы айда ұмаға түседі. Ішастардың қынаптық өсіндісі жоғарғы жағында тұтасып, ішастардың тұтасқан қынаптық өсіндісіне, vestigium processus vaginalis peritonei, айналады, нәтижесінде, ішастар қуысы мен атабездің қынаптық қабығы қуысының арасындағы байланыс үзіледі. Ішастардың қынаптық өсіндісі тұтаспаған жағдайда, туа біткен жарық дамиды.
Ұма құрсақ ішілік дамудың үшінші айында терілік қап түрінде пайда болады.
Ұманың тамырлары мен нервтері.
Қанмен қамтамасыздануы. Ұманы (сан артериясынан кететін)жыныстық сыртқы артерияның ұмалық алдыңғы тармақтары және жыныстық ішкі артерияның(мықындық ішкі артериядан кететін) ұмалық артқы тармақтары;атабезді көтеретін бұлшықет артериясы қанмен қамтамасыз етеді. Веналары. Веналық қан артериялармен аттас веналар арқылы сан және мықындық ішкі, сыртқы веналарға құйылады. Лимфа тамырлары: шаптың беткей лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і. Ұманы сан – жыныс нервісінен (бел өрімі) келетін сезімтал ұмалық алдыңғы нервтер және жыныс нервісінен (сегізкөз өрімі) келетін ұмалық артқы нервтер нервтендіреді. Жамбас (төменгі құрсақасты) өрімінен келетін құрамында тегіс салалы бұлшықеттерді нервтендіретін( симпатикалық және парасимпатикалық) талшықтар - тікелей немесе тамырлардың бойымен келіп нервтендіреді.
ШӘУЕТБАУ ( ШӘУЕТ ШЫЛБЫРЫ )
Атабездің төмен түсу үдерісінде шәуетбау, funiculus spirmaticus, түзіледі. Шәуетбаудың құрамына: шәует шығаратын түтік, ductus deferens; шәует шығаратын түтік артериясы, a.ductus deferentis; атабез артериясы,a.testicularis; сабақты веналық өрім, plexus pampiniformis, лимфа тамырлары мен нервтер, және тұтасқан қынаптық өсіндісінің, vestigium processus vaginalis peritonei, қалдығы кіреді. Шәуетбау шаптың терең сақинасынан бастап атабездің жоғарғы шетіне дейін созылып жатады. Осыған байланысты оның шаптық және ұмалық бөліктері ажыратылады.Ұмалық бөлігінің қабықтары, ұманікіне сәйкес келеді.
Шәуетбаудың шаптық бөлігінің қабықтарын: шәуеттік сыртқы шандыр, fascia spermatica externa; атабезді көтеретін бұлшықет шандыры, fascia cremasterica; атабезді көтеретін бұлшықет, m.cremaster; шәуеттік ішкі шандыр, fascia spermatica interna, құрайды.
.
ӘЙЕЛ ЖЫНЫС АҒЗАЛАРЫ
Әйел жыныс ағзалары, organa genitalia feminina, ұрпақ өрбіту (репродуктивтік) және эндокриндік қызметтер атқарады. Олар, ішкі және сыртқы жыныс ағзалары болып екі топқа бөлінеді. Ішкі жыныс ағзаларына:анабез, жатыр түтігі, жатыр және қынап; сыртқы жыныс ағзаларына: үлкен және кіші жыныс ернеулері, деліткі және қыздық перде жатады.
ІШКІ ЖЫНЫС АҒЗАЛАРЫ
АНАБЕЗ
Анабез, ovarium (грекше - оорһоrоn), әйелдің жұп жыныс безі, кіші жамбас қуысында орналасады (19 – сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ). Ол аралас без болып табылады, онда жыныс жасушалары мен жыныс гормондары (эстроген және прогестерон) өндіріледі.
19 – сурет. Әйелдің ішкі жыныс ағзалары,артқы көрінісі
1 – жатыр денесі; 2 – сірлі қабығы ( периметрий ); 3 – жатыр түбі; 4 – жатыр қуысы; 5 – шырышты қабығы ( эндометрий ); 6 – жатырлық тесік; 7 –түтік шажырқайы; 8 – түтік қатпарлары; 9 – түтіктің бойлық қатпары; 10 – көлденең түтікшелер; 11 – жатыр түтігінің құйғышы; 12 –көпіршікті өсінділер; 13 – анабездің көпіршікті түйіншелері( Граафкөпіршіктері); 14 – сары дене; 15 – жатырдың дөңгелек байламы; 16 –– бұлшықетті қабығы (миометрий ); 17 – жатырдың жалпақ байламы; 18 - жатыр тесігі; 19 – қынаптың бұлшықетті қабығы; 20 – қынаптың шырышты қабығы; 21 – қатпарлардың алдыңғы бағанасы; 22 – қынап қатпарлары ( әжімдері ); 23 – жатыр мойнының қынаптық бөлігі; 24 - жатыр мойнының өзегі; 25 - жатыр мойнының қынапүстілік бөлігі; 26 - жатырдың жалпақ байламы; 27 - анабездік шашақ; 28 - түтік шашақтары; 29 - жатыр түтігінің ампуласы; 30 – жатыр түтігі; 32 - жатыр түтігінің қылтасы; 33 – анабездің меншікті байламы.
Анабез тік орналасқан, сопақша дене, оның ұзындығы 2,5 – 5,0 см, ені 1,5 – 3,0 см, қалыңдығы 1,0 – 2,0 см шамасында болады. Анабездің екі беті, екі жиегі және екі шеті ажыратылады. Жамбас қуысына қараған медиалды беті, facies medialis, және жамбас қабырғасына қарағанлатералды беті, facies lateralis,ажыратылады. Медиалды бетінің біраз бөлігін жатыр түтігі жауып жатады. Латералды беті мықындық жалпы артерияның: мықындық сыртқы және ішкі артерияларға бөлінген жерінде, ішкі жапқыш бұлшықетке жанасып жатады. Алдыңғы шажырқайлық жиегінде, margo mesovaricus, анабез қақпасы, hilum ovarii, орналасады. Шажырқайлық жиегіне - жатырдың жалпақ байламының артқы жағынан кететін, екі жапырақшадан ( дупликатура) тұратын анабез шажырқайы, mesovarium,бекиді, ал, қақпасы арқылы артериялар мен нервтер кіріп, веналар мен лимфа тамырлары шығады. Артқы дөңестеу келген, жамбас қуысына қараған жиегі - бос жиегі, margo liber, - деп аталады. Жоғарғы түтіктік шеті, extremitas tubaria, жатыр түтігіне жанасып жатады. Бұл шетіне жатыр түтігінің ең ірі анабездік шашағы, fimbria ovarica, мен ана безді іліп тұратын байлам, lg.suspensorium ovarii, бекіп тұрады. Төменгі жатырлық шетінен, extremitas uterina, анабездің меншікті байламы, lg.ovarii proprium, кетеді. Бұл байлам жатырдың жалпақ байламының ішімен жүріп, жатыр түбіне (жатыр түтігінің жатырға кіретін жерінің астында) бекиді. Анабез беті бір қабатты эпителиймен қапталған, оның астында дәнекертінді ақ қабық, tunica albuginea,орналасады. Анабез сірлі қабықпен қапталмаған.
Анабез қозғалмалы ағзалар қатарына жатады, оның топографиясы жатырдың жағдайына және жүктілігіне байланысты өзгеріп отырады.
Анабездің ішкі құрылымы. Анабез ұлпасы сыртқы - қыртыс заттан, cortex ovariі,ішкі - милы заттан, medulla ovarii, түзілген. Дәнекер тін - тамырлар мен нервтер өтетін анабездің негізін, stroma ovarii, құрайды. Қыртыс зат милық заттың сыртынан қоршап жатады, оның ішінде анабездің біріншілік түйіншелері, folliculi ovarici primarii, мен жетілген анабездің көпіршікті түйіншелері (Граафкөпіршіктері), folliculi ovarici vesiculosi, орналасады.
Жетілген анабез түйіншелерінің диаметрі 1 см - ге дейін жетеді, оның қуысында түйіншелік сұйықтық, liquor folliculi, болады. Түйіншенің дәнекертіндік қабығы - тека, theca folliculi, - деп аталады. Оның өзі сыртқы тека, theca externa, және ішкі текада, theca interna, болып бөлінеді. Іщкі текаға түйіршікті қабат, stratum granulosum, жанасып жатады. Оның бір бөлігі жуандап, томпайып, аналық жыныс жасушасы – овоцит, ovocytus, орналасатын - жыныс жасушасы бар төбешікті, cumulus oophorus, түзеді. Біріншілік түйіншелер пісіп-жетілу барысында, біртіндеп анабездің біреуінің сыртқы бетіне жақындап, 21 – 28 аралығында жетілген фолликулаға айналады. Ол жарылған кезде (овуляция), аналық жыныс жасушасы түйіншелік сұйықтықпен бірге,ішастар қуысына түседі, одан, жатыр түтігі шашақтарының көмегімен, жатыр түтігіне енеді.
Жарылған түйіншенің орны құрысып, қанға толған сары денеге, corpus luteum, айналады. Жүктілік дамымаған жағдайда, ол, өлшемі кішкене, 0,5 – 1,0 см, шамасында болатын циклдік (етек кірлік) сары дене, corpus luteum ciclicum (menstruationis), деп аталады. Сары дене бірнеше аптадан кейін, дәнекер тінмен алмасып ақшыл денеге, corpus albicans, айналады. Ақшыл дене біраз уақыттан кейін жоғалып кетеді. Жүктілік дамыған жағдайда сары дене 1,5 – 2,0 см, - ге дейін ұлғайып, жүктілік сары дене, corpus luteum graviditatis, деп аталады. Ол жүктілік аяқталғанша, прогестерон гормонын бөліп, эндокриндік қызмет атқарады. Ол да, кейін ақшыл денеге айналады.
Жарылған түйіншелердің орнында тыртықтар мен ұңғылдар қалады, жас өскен сайын олар көбейе береді.
1 2 3 4 5 6
Анабездің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы. Анабезді іштік қолқадан кететін анабез артериясы мен жатыр артериясының анабездік тармақтары қанмен қамтамасыз етеді. Веналары. Анабез венасы,lg.suspensorium ovarii, арқылы жүріп, оң жағында төменгі қуыс венаға, ал, сол жағында бүйрек венасына құйылады. Жатыр венасы мықындық ішкі венаға құйылады.Лимфа тамырлары:мықындық ішкі және бел лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і. Іштік қолқа мен жамбас (төменгі құрсақасты) өрімінен шығатын, құрамында симпатикалық және парасимпатикалық талшықтар бар нервтер - тікелей немесе тамырлардың бойымен келіп анабезді нервтендіреді.
Анабез қосалқылары.
Олар біріншілік бүйрек (мезонефрос) өзекшелері мен түтігінің қалдықтары болып табылады. Анабез қосалқылары жатыр түтігі шажырқайының екі жапырақшасының аралығында орналасады.
Анабез қосалқысы (анабез үстіндегі дене), epoophoron, қосалқының бойлық түтігі, ductus epoophorontis lonqitudinalis, және осы түтікке келіп құйылатын, ирелеңдеген бірнеше көлденең түтікшелерден, ductuli transversi, тұрады. Анабез қосалқысы анабездің артқы және латералды жағында орналасқан.
Анабез жанындағы дене, paroophoron, бірнеше тұйық өзекшелерден тұрады. Ол анабездің түтіктік шетінің қасында, анабез қосалқысының медиалды жағында жатады.
Көпіршікті өсінділер, appendices vesiculosae, ішінде мөлдір сұйықтығы бар, ұзын сабақтарға бекіген көпіршіктерден тұрады. Олар анабез қосалқысының латералды жағында, жатыр түтігінің төменгі жағында орналасады.
ЖАТЫР
Жатыр, uterus (грекше – metra), кішіжамбас қуысының ортаңғы бөлігінде орналасқан ағза (19 – сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ). Жатырда жүктілік кезінде нәресте дамып, жетіледі. Жатырдың алдыңғы жағында несеп қуық, артында тік ішек орналасқан. Оның жоғарғы бөлігі кеңдеу, төменгі бөлігі жіңішкелеу болып келеді де пішіні алмұртты еске түсіреді. Жатырдың алдыңғы,
несеп қуықтық бетін, facies vesicalis, және артқы тік ішектік бетін, facies rectalis, оларды бөліп тұратын оң, margo dexter, және сол жиектерін, margo sinister, ажыратады. Әйелдерде жатырдың ұзындығы - 8 см, көлденеңі – 4 см, қалыңдығы - 3 см, шамасында болады. Босанған әйелдердің жатырының салмағы босанбағандардыкінен екі еседей артық болады. Жатыр қуысының орташа көлемі 5 см 3-ді құрайды.
Жатырдың үш бөлігін: түбін, денесін және мойнын ажыратады.
Жатыр түбі, fundus uteri, жатыр түтіктерінен жоғары орналасқан, жатырдың күмбезтәрізді бөлігі.
Жатыр денесі, corpus uteri, оның түбінің астында орналасқан,пішіні үшбұрышты, ортаңғы бөлігі. Жатыр денесінің мойнына өтетін жіңішке шекарасы, жатыр қылтасы, ishtmus uteri, деп аталады.
Жатыр мойны, cervix uteri, екі: қынапүстілік, portio supravaginalis, және қынаптық, portio vaginalis, бөліктерден тұрады. Қынаптық бөлікте жатыр тесігі, ostium uteri,орналасады. Оның алдыңғы ернеуі, labium anterius, пен артқы ернеуі, labium posterius,ажыратылады. Босанбаған әйелдерде тесіктің пішіні дөңгелек немесе сопақ пішінді, ал,босанған әйелдерде көлденең саңылаутәрізді болып келеді.
Артқы ернеу алдыңғысына қарағанда жоғары орналасады, жұқалау және ұзындау болып келеді.
Жатырдың ішкі құрылымы. Жатыр қуысының, cavitas uteri, фронталды кесіндісіндегі пішіні үшбұрышты болып келеді. Үшбұрыштың негізі жатыр түбіне қараған, оның екі бұрышына жатыр түтіктері ашылады, ұшы жатыр өзегіне, canalis cervicis uteri, жалғасады. Өзек жатыр тесігіне ашылады.
Жатыр қабырғасы үш қабықтан тұрады: ішкі – шырышты қабығы, tunica mucosa, немесе эндометрий, endometrium, жатырдың түбі мен денесі аймағында тегіс болады, қатпарлар түзбейді. Мойын өзегінің алдыңғы және артқы қабырғаларында бір - бірден бойлық қатпарлар орналасады, олардан, жан-жағына майда қатпарлар тарайды. Осы қатпарлар жиынтығын палматәрізді қатпарлар, plicae palmatae, деп атайды. Шырышты қабықтың ішінде жатыр бездері, glandulae uterinae, орналасады. Жатырда шырышасты негізі болмайды.
Жатырдың ортаңғы, ең қалың бұлшықетті қабығы (миометрий), tunica muscularis (mуometrium), бұлшықет талшықтарының орналасуына сәйкес үш қабатқа бөлінеді. Қабаттардың талшықтары бір – біріне айқасып өтіп жатады, сондықтан олардың шекаралары анық білініп тұрмайды. Ішкі және сыртқы жұқа қабаттары қиғаш және бойлық бағыттарда, ал, ортаңғы қалың қабаты дөңгелек бағытта жататын талшықтардан түзілген. Ортаңғы қабатта көптеген қан және