Файл: Мxтар Шаxановты "ркениетті адасуы немесе Шыыс xанны пенделік пиясы" атты лемен жазылан романы бар. Кезінде осы шыарманы "талдаандар" адасан ркениетті жиып ойды да тек Шыыс xанды жалаулатты..docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 06.12.2023

Просмотров: 37

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Қазақ тілі және әдебиеті.

Тақырыбы: М.Шаханов «Өркениеттің адасуы»(романнан үзінді).



Мұxтар Шаxановтың "Өркениеттің адасуы немесе Шыңғыс xанның пенделік құпиясы" атты өлеңмен жазылған романы бар. Кезінде осы шығарманы "талдағандар" адасқан өркениетті жиып қойды да тек Шыңғыс xанды жалаулатты. Болмаса Мұxаң адамзат баласының басқа бағытқа бұрылып кеткенін тілге тиек етіп еді. 

"Адамға табын, жер енді" демекші, СССР идеологиясы адамды Құдайлық деңгейге дейін көтерді. Мемлекеттік жүйе де, қоғам да сол идеологияға негізделді. Әр дәуірдің өзіне лайық құндылықтары болғанымен жалпы адамзат дамуы осы ыңғайдағы өлшемнен көп алыс кете қойған жоқ. Сондықтан бір мәселе төңірегінен барлық кезең нобайын сезінуге болады. Біз айтылар ой аужайы баршаға түсінікті болу үшін әңгімені өз қоғамымызға орай қаузағанды жөн көрдік.Мән берсек, мына біз қол жеткізген өркениет әртүрлі мамандықтарға негізделген салалардан тұрады. Әрине, сол салалардың шырқау биігіне көтерілгендер қандай құрметке де лайық. Олар қоғамның, ұлттың, мемлекеттің мақтаныштары. Дін де сол қоғамның бір саласы. Сондықтан оның шыңына шыққан адамдар да өзге сала марапат иелерінің қатарына барып қосылады. Әлемдік деңгейде даңқ тұғырына көтерілген ондай адамдар өз ісінің "Құдайлары" ретінде дәріптеледі. Олар "құдай" деп дәріптелгеннен кейін, ұғынықтылық үшін біз жоғарыда тілге тиек еткен әр саланы, аттары әрқилы болғанымен, мына біз қол жеткізген өркениеттегі өзінше бір "діннің" тармағы деп қабылдауға болады. Мән берсек, ол өркениеттегі адамдар ұстанып жүрген дін де сол көп саланың бір тармағы ғана. Тек әр сала әрқилы аталады. Сондықтан біз барлық саланы да "дін" деп атағанды жөн көрдік. Сол әр саланың өз "медреселері", одан да жоғары оқу орындары, кітаптары, ғалымдары, пайғамбарға балаған адамдары болады. Бәрінің мақсаты - білікті маман дайындау. Ол дайындалған маман өз саласы баспалдағымен жоғары өрлеу керек. Егер оның заңғар басына шықса... Дұрыс. "Құдайға" айналады. Жалпы біз жеткен, не жетуге тиіс өркениеттің нобайы осыған келеді.Ұғынықтылық үшін салыстырмалы түрде айта кетейік. Астана әсем қала. Аспанмен таласқан ғимараттар бірінен бірі өтеді. Бірақ ерекшеленбейді. Барлығы бір жерде шоғырланған соң көзге бірыңғай көрінеді. Егер әр ғимаратты жеке-жеке Қазақстанның әр қаласына бөліп берсе, ол сол жердің ардақ тұтар мақтанышына айналар еді. Астана ғимараттарын қаперге алу себебіміз, адамдар арасында да сол ғимараттар сияқты өз саласы бойынша оқшауланған тұлғалар бар. Кез-келген жиынның, ойын-тойлардың, астардың сәні де солар. Кейде олардың Астана ғимараттары сияқты бір жерге жиналып қалатын да кездері болады. Әлбетте, олар бір-бірін жақсы таниды. Себебі, орталары бір. Олардың арасындағы діни тұлға да солармен деңгейлес тұрған бір ғимарат іспеттес. Бұны олардың өз түсініктері және қоғамдық таным тұрғысында сараласақ, жоғарыда да айтқанымыздай, әлгілердің әрқайсысын өз саласының бір-бір "құдайлары" деп қабылдауға болады. Иә, біз қателесіп кеткен жоқпыз. Олардың бәрі де бір-бір "құдайлар". Қоғамның, елдің мақтаныштары. Әр жас таңдаған мамандықтарына орай әлгі "құдайлардың" бірін үлгі тұтады. Әркім Құдай берген (шын Құдай) талантына қарай өзі таңдап алған саласындағы "құдайлық жолдың" бір деңгейіне барып орнығады. Ол сала мамандары кімнің қай деңгейде екендігін өте жақсы біледі. Болашақта "құдай" болуы мүмкін ерекше талант иелеріне өзге "құдайлар" да қолдау білдіріп отырады. Бұл "құдайлық жол" бір ауыз сөзбен " Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды" деп түсіндіріледі. Біз жоғарыда әр саланы өз алдына дербес бір "дін" деп қабылдау қажеттілігін айтып өткенбіз. Осы "дінге", қай саласы екендігінде тұрған дәнеңе жоқ, өз өмірін арнаған адамдар бар. Оларда мына өмірде одан да басқа құндылықтар бар, басқа сенім, басқа "дін" бар деген ой, тіпті түсінік те болмайды. Әр саланың сондай өз "тақуалары" бар.Қоғамда қалыптасқан осы "құдайлық жолдан" тыс қалған қарабайыр xалық дінге тез бет бұрады. Барлық уақытта солай. Әуелгі кезде Пайғамбарлар қасына тек қарабайыр xалықтың жиналатындығы сондықтан. Рас, кейде әлгі біз айтқан "құдайлар" да шынайы дінге бет бұрған сияқты көрініп, иманды істермен айналысып қоятыны бар. Шындығында ол көбіне өзге "құдайларға" өзінің "құдайлық" мүмкіндігін көрсету үшін жасалып жатады. Білген жөн. Үлкен тұлға емес, кез-келген кәсіптің жоғарғы шыңы, оны өз дәрежесі мен ортасына лайық "құдайлық" деңгейге көтереді. Ол тарапынан да Алланы танығандай болып жататын ғибадаттық мәнге ие көріністер, шынтуайтына келгенде, әлгі "құдайлық" дәреженің баянды болуын Алладан сұрауға құрылады. Бір қарағанда оған да шүкіршілік айту жөн сияқты. Бірақ ғибадат негізгі мәнінен ажырағандықтан материалдық тұрғыда сұралған нәрсе ғана қанағаттандырылып, аxиреттік несібе бос қалып жатады. Біз "құдайлық" деп бағалаған діннің шырқау биігіндегі қызметті біз ұстанатын мәзxабтың негізін қалаған Әбу Ханифаға да ұсынған. Бірақ Ұлы Имам ұсынылған қызметтен бас тартқан. Және сол үшін өлтірілді. Себебі, оған ұсынылған қызмет, біз жоғарыда да айтқан, адамзат жетістігіне баланған өркениеттік жүйе саласының лауазымдық (құдайлық) орынтағы болатын. Ал ол жүйе дінімен Әбу Ханифа ұстанатын дін екі бөлек. Рас, материалдық тұрғыда саралағанда екеуінің арасында қылаудай да айырмашылық жоқ. Ал руxани тұрғыда екеуі мүлде екі бөлек. Міне, осы дін арасындағы ешкім "білмейтін", ешкімге "байқалмайтын" текетірес барлық уақытта жалғасып келеді. Бірақ барлық уақытта өркениетке үйлескен дін мәртебесі биік болды. Біздің дәстүрлі дініміздің теперіш көріп келе жатқандығы сондықтан. Себебі, СССР кезінде қалыптасқан кәсіптік жүйенің бәрі дінсіздендіруге негізделген болатын. Біз соны әлі күнге тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық дәстүріне ыңғайлап қайта құра алмай келеміз. Зиялы қауымның да дінге бет бұра алмай жатқандығы сондықтан. СССР идеологиясы қалыптастырып кеткен "құдайларды" әлі күнге дейін пір тұтатындығымыздан. Ал оған керағар мына ерекше қарқынмен дами бастаған жаңа тұрпатқа ие өркениеттің өзі Құдайды "алмастыруға" қабілеттілігін таныта бастады. Ол енді бөлек әңгіме.


Өркениеттің адасуы.

Елге ұстаздық еткен қарттан алғыр, құйма құлақты,
Қонақтары сұрапты:
- Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?
- Бір жарым! - деп тіл қатыпты әлгі адам.
- Ал, дәл айтсам, үш ұлым бар зерек әрі білімді,
Үшеуі де ғылым қуып назарға ерте ілінді.
Сол үш ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының рухани байлығына жалғады,
Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады.
Екі ұлымның тағдырында ол өзгеріс болмады,
Екеуі де жалаң білім шеңберінде сорлады.
Рухы, жаны аласаның зорлық жатар парқында,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға.

Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар.
Президент пе, депутат па, тракторшы ма, бәрі бір,
Бойын рухтан аулақ салса бәрінің де мәні бір.
Өз халқының тілі, ділі - зор адами парқына,
Тамыр жалғай алмағандар не сыйламақ халқына?
Бұл қазаққа көз өткен бе,
Тілдің мұңын сөз еткенде
Кей басшылар нақ бір жылан көргендей боп қалтырар...
Ұлтсыздардың бәрі - рухи мүгедектер, жартылар.
Тілін, ұлтын менсінбеуден ол қасқалар бақ табар,
Бар назары материалдық игілікке тоқталар.
Жағымпаздар қолдауымен олар бүгін мақталар,
Ал тарихта «рухын сатқан қарын құлы» боп қалар.
Біз қанша мың жас өскінді аттандырдық шет елге:
Білім алып келсін дедік,
Жер, ел танып көрсін дедік
Бірақ осы ізгі үмітті жалаң білім өтер ме?
Қайтсек екен, мониторкөз, компьютербас, жас талап,
Білім+Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?
Қай кезде де білім - күшің, әрі нұрлы жетегің.
Білімнің де адамзатқа зияны бар екенін
Кім ойлапты құдайым-ау,
егер ұры қаншама,
Зор білімін қулығына қару етсе жан сала
Бейқам елге оның тартар азабы да соншама.
Сан жас қанат ғаламзатқа болмақ үшін өтімді,
Түнгі оттарды іздеп ұшар көбелектер секілді,
Қасиетті ата қоныс - өзен-тауын жерсінбей,
Баба тарих ардақтаған рух тұғырын менсінбей,
Ойын тұсап ессіз, көзсіз еліктеудің жарқылы,


Тек батыстық даңғаза өнер толқынында қалқыды.
Әлде бұл да жолы шиыр ұлтымыздың соры ма,
Қалай түстік біз батыстық қиратқыш күш торына?
Қуанып ек, қосылдық деп кәусар бұлақ қорына.
Адасқандай тылсым нудан,
Біз олардың кір су құйған
Жүрек пен ой айнытатын құбырына тап болдық,
Тіпті аз жылда қолда барды жоғалтуға шақ қалдық...
Ұлы Ғабит Мүсірепов - қара сөздің кемелі,
Бүткіл қазақ рухының еңкеймес бір беделі,
Тіршілікпен қоштасатын ең соңғы сәт соққанда
Сол соңғы сәт өз күшінің соңғы шамын жаққанда,
Ажырамай сенімінен,
Діріл қаққан ерінінен,
Қанатты ойын келер күнге аққу етіп оздырған.
Шыншыл тұлға жаны дара,
Нақ мынадай мағынада
Елге арнаған ақтық сөзін маған айтып жаздырған:
"Шын өнерді басынса да жеңе алмайды асқазан,
Шырқау рух аспанында басқа мүдде, басқа заң.
Ғасырды асар әдебиеті, өнері ұлы болмаса
Ұлт даралық таба алмайды,
Және ұлы боп саналмайды ешқашан!"
Әр жүз қойдан кезінде біз үш жүз қозы алғанбыз,
Ғарышқа да құлаш ұрып, Айға түрен салғанбыз.
Рас, қазір күллі әлемде байлыққа ауды есіл дерт,
Байлығы озса мысықтар да жолбарысша көсілмек.
Бес жүз қабат үй салу да емес бүгін боз елес,
Ақшаң болса "маймылды" да бастық сайлау сөз емес.
Адамзаттың бар тағдырын енді ақша шеше ме?
Қарындарды - тек өз қамын ойлаған,
Залымдарды - қан төгуге тоймаған,
Ұрпақтары үлгі тұтып, орнатуда кесене.
Әділдікке деген сенім бірте-бірте өше ме?
Жол бар ма екен аман өтер пенде-мүдде орманнан,
Адамдықтың салтын қайттік,
даңқын қайттік қорланған?
Бүгін неге рухсыздық секілді зор батырлық?
Ізгіліксіз батырлықтан зардап шегіп жатыр жұрт.
Ньютон ашқан үшінші заң нені үндейді білдік пе?
"Әрбір қимыл - қарсы қимыл тудырады" тірлікте.
Егер қарын байлығынан рухымыз пәс тұрса,
Ұқсас, тектес жебір ойлар бір бағытта асқынса,
Қоғам қалай ұстамақшы әділ ойдың шылбырын,
Жан байлығы саяз күштер жек көреді бір-бірін.
Олар қазір заманды алдап, заңдастырып әр ісін
Оятпауға құлшынады аңқау елдің намысын...
Оян, Данте, Фирдоусидің және Абайдың айбыны!
Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.
Қол қусырып көнеміз бе,
Үнсіз жата береміз бе,

Робот-түйсік арқаланған,
Мейірімі тұл жарты адамдар
Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?..
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Дөңбекшиді көңіл-ғалам,
Бүгін өлу жеңіл маған,
Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше...