ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.12.2023
Просмотров: 952
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Кенет менің құлағыма домалаған тастардың салдыры естілді. Дыбыс қарт тесіле қараған жақтан құлаққа шалынды. Жартастың ең шетіне жылжып барып, кертпек тасқа қолдарыммен таянып тұрып, қарт көз тіккен жаққа мен де қадала қарадым. Ештеңе көірінбейді... Егер домалаған тастардың дыбысын естімесе, Қарарбақты мазалаған не нәрсе?
Біраз уакыт өткенсоң, қарт сабасына түсіп, жанарын алыста көсіліп жатқан жазыққа аударды. Әлден соң кенет оң жақ жартас астына жалт қараған бойы қатты да калды. Оның иығынан асыра мен де сол жаққа көз тастадым. Еш жерде ештеңе көрінбейді. Алайда төмен жақта біреулер жүргендей болды. Соның дәлелі іспеттес тастардың ұзақ домалаған салдыры қайтадан естілді.
Мен карабинімді шап беріп ұстай алып едім, қарт ұңғысын қолымен қақты да — атпа дегендей саусағын безеді. Өзі қырқалардың ар жағынан көз алмай, аңдумен болды.
Төменде әйтеуір біреулердің жүргенін оны саңырау қарттың қалай аңғаратынын, түсіне алмай дал болдым. Әлде оның дыбыс сезуі біздің тәсілімізден басқаша бола ма?..» (Гр. Федосеев, Злой дух Ямбуя, Хабаровское книжное издательство. 1969, с. 276).
Адалына жүгінсек, құлағы сау адамның естімегенін саңырау адам ести ме? Бұл не ғажайып? Өмірде мұндай құбылыс бола ма? Сенбейін десең, Саян тауларына бірге саяхат салған куәгердің өзі жазып отыр.
Мұндай адам сенбейтін ғажайып құбылыс өмірде болады екен. К. С. Станиславский: «Артист, тек, сахнада ғана емес, өмірде де зейінді болуға міндетті. Ол өзінің назары ауған нәрсесіне бар жан дүниесін жұмылдыра білуге тиіс. Бақылаған нысанасына тоғышар адамша алаңғасарланып қарамай, үңіле, тереңдей қарағаны абзал»— демей ме? Творчество дегеннің өзі не нәрсе болмасын, оны бар болмысыңмен, күллі жаратылысыңмен, тұла бойыңмен тұщыну деген ұғым ғой.
Міне, осындай құбылысты К. С. Станиславский — ішкі зейін деп атаған.
Өйткені, актердің саналы ғұмырының көбісі сахнада, тебіреніс үстінде өтеді. Ұдайы ой үстінде, қиял соңында, арман жетегінде жүреді. Қысқасы, іштей тынумен болады. Іштей тыну — сырт көзге ғана. Ал, шын мәнінде — терең тебіреніс, тасқын толғаныс процестері актердің ішкі дүниесінде теңіздей тулап жатады. Осы сұрапыл құбылыс сырт көзден таса жағдайда Көзге көрінбей актердің ішкі зейініне ғана қазықталып, өмір сүріп жатады. Сырт көзге шалынбай іштей күңіреніп, іштей бебеулеген зар күй—ішкі зейін актер творчествосының бай мазмұндылығын сипаттайды.
Аталмыш зейін элементінің тармақтарына жататын: «көкірек көзі» (внутреннее око), «көкірек құлағы» (внутреннее ухо) дейтін К. С. Станиславский ашқан сахналық атаулар бар. Шынайы дарын иесінде осындай қасиеттер болу керек. Соның бір айғағы жоғарыда мысал ретінде айтып өткен саңырау шал — Қарарбақ.
«Көкірек көзін» шел қаптап, «көкірек кұлағын» құм басқан адам — дарын категориясына жатпайды. Ол сахна суреткері емес.
Ал, әлгі құлағы сау адам естімейтін терең құздан шыққан дыбысты естіген саңырау қарт Қарарбақ «көкірек көз» бен «көкірек құлақтан» жаралған адам. Оның құлағы керең болғанмен көкірегі ояу, яғни «көкірек көзі» мен «көкірек құлағы» сау. Қазақта да Шөже, Ноғайбай сияқты зағип ақындар болған. Шешеден көр соқыр болып туған Ноғайбай ақын, атқан таң мен батқан күннің шұғыласы мен шапағын жырлағанда көзі бар адамдай айнытпай айтып береді екен. Шөже ақын да айналасында отырған адамдардың түр-тұлғасын «көріп» отырғандай келемеждеп өлеңге қосқанда, жұрт таң қалған. Ұлы Абай: «Білмеген соқыр, қайғысыз отыр» немесе «жүрегіңмен тыңдамай, құлағыңмен қармарсың» дегенде, сол ішкі зейінді айтқан. Сайып келгенде, мұндай адамдар — дүниеде болып жатқан құбылысты тек сырттай емес, бар болмысымен, күллі жаратылысымен сезіп-тұщынатын ішкі сарайы тұнық сирек жандар.
К. С. Станиславский сахна алаңынан осындай адамдарды ғана көргісі келген. Сондықтан да «адамның рухани тіршілігін» сомдау үшін зейін элементін ойлап тауып, санаткерлер сарабына ұсынған. Би элемент санатында басты ережеге айналдырған.
Зейін: ішкі зейіннен басқа — есту зейіні (слуховое внимание), көру зейіні (зрительное внимание), сипау зейіні (осязательное внимание), иіскеу зейіні (обонятельное внимание), дәм сезу зейіні (вкусовое внимание) сияқты бөлімдерге және бөлінеді.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, зейін — кеңістікке керілген көген ролін атқарады. Ал, есту, көру, сипау, иіскеу, дәм сезу зейіні — көгенге байланған бұршақ іспеттес тіз қатар құбылыс. Қаз-қатар байланған бұршақ — көген көркі. Егер әлгі бұршақтардың бір-екеуі үзілсе, көген — көркінен айрылады. Ал, бұршақтар мүлде болмаса, ол көген емес, керілген керме болып шығады. Сахналық зейін де сондай құбылыс.
Мәселен, ертемен тұрған адам өзінің зейінін әр түрлі нысаналармен байланыстыру арқылы (жуыну, қырыну, жұмыс істеу, т. б.) тіршілік етеді. Сол сәттен бастап көзі ұйқыға кеткенше оның зейін процесі үзілмейді. Актер де сол сияқты ойнаған ролінің көркемдік, яғни зейіндік желісін үзбей ойнауға тырысады. Егер актер сомдаған образының зейіндік желісін үзіп алса (есту немесе көру зейіні қатыспай қалса), рольге жарақат түседі, ең бастысы көрермен ойын өрнегіне сенуден қалады. Сенім жоғалған жерде, көркем дүниенің өмір сүруі мүмкін емес.
«Зейін желісі деген — топ-топқа бөлінген нысаналар тізбегі. Ал, сол тізбектерді үзу — образ санатында өзіңнің сахналық өміріңнің желісін үзу деген сөз. Образдан шығып қалу — әлгіндей үзілуден болатын салдар» (Б. Е. Захава,
Мастерство актера и режиссера, Издательство «Искусство», Москва, 1969, с. 108) деп жазады Б. Захава зейін желісінің арқаулық ролі туралы. Олайболса зейін-актер творчествосының күретамыр тіршілік негізі.
Зейін—ерікті (произвольное), еріксіз (непроизвольное) болып тағы да екі топқа бөлінеді.
Сахнаға аяқ салған актердің алғашқы назар аударатыны — декорация мен жарық. Алайда актер сахнаға көтерілгенде жарық пен декорацияны ойлап шықпайды. Олардың өзі актердің назарын еріктен тыс өзіне аударады. Актерді субъект (әрекет иесі) декорация мен жарықты объект (нысана) деп алсақ, еріксіз зейін сәтінде объектіні — субъект билемейді, керісінше, объект — субъектіні билейді, яғни актердің зейінін өзіне қаратып алатын сахналық жасау мен жиһаз. Мұндай құбылысты театр тілінде пассивтік (белсенді емес) зейін деп те атайды. Солай десек, еріксіз (еріктен тыс) зейін актердің саналы әрекетіне тәуелсіз жағдайда дербес өмір сүреді.
Ал, ерікті зейін актер санасында болып жататын творчестволық процестермен тікелей байланысып, қабат тіршілік етеді. Сондықтан, ол активтік (белсенді) зейін санатына жатады. Егер пассивтік зейін сырттай механикалық роль атқарса, активтік зейін іштей көркемдік роль атқарады. Кейде ерікті зейінді — ішкі зейін (внутреннее внимание), еріксіз зейінді — сыртқы зейін деп те атай береді.
І ш к і з е й і н объектісіне — актердің ішкі көркемдік сарай дүниесі, яғни ой, сезім, қиял процестері тән болса, сыртқы зейін объектісіне — өзін қоршаған жанды (партнерлер), жансыз заттар әлемі (декорация) тән болмақ.
Сахнаға көтерілген актер, аса күрделі процесс — ішкі-сыртқы зейіннің қабаттасқан т о ғ ыс у процесін бастан кешеді. Сахнада аталмыш егіз процеспен қақтығысу сәттері өте жиі болып тұрады. Мұндайда ысылмаған тәжірибесі аз балаң актер алақтап жүріп, аңғырттықпен нысанасынан адасып қалады. Сақтығын жоғалтып, сасқалақтаған актер — көркемдіктен айрылады. Онда ой да, ойлау да болмайды. Сондықтан да актер, ішкі-сыртқы зейіннің творчестволық ролін, мақсат-мұратын, атқаратын қызметін бөле-жара ажырата алатындай дәреже сатысында болу керек. К. С. Станиславский аталмыш кінәраттармен сахнада көп кездесіп барып, себеп-салдарын егжей-тегжей әбден тексеріп шыққан соң, тұрақты қорытындыға келген.
«Станиславский жүйесінен» тамыр тартып таралған тарам-тарам тараулар мен элементтер, есепсіз эксперименттер мен толассыз тәжірибелерден өтіп, сын-сынақ
•*
тан мүдірмей шыққан, құйылған құрыштай творчестволық құбылыс— еріккеннің ермегі емес.
Зейін — психология категориясына жататын нәзік элемент болғандықтан, табиғаты құбылып тұрған айнымалы элемент. Мәселен, драма желісіне байланысты біреуге ғашық болып аласұрып жүгірген актердің партнері ажарсыз болып өзіне тартпаса, яғни зейінін қызықтырмаса не істеу керек? Партнерін жалындап сүймеген актердің сөйлеген сөзі де, ойын-өрнегі де жалған болады. Сайып келгенде, ол өзінің сахналық нысанасына зейін қоймайды. Зейін жоқ жерде ыстық іңкәрлік болмайды да, ой да, ойын да бұзылады. Өйткені, партнерін ұнатпаған актер суынады, селсоқ ойнайды. Сонда оның лажы не? Кандай амал бар? Мәселе, актердің өзіне байланысты екен. Әлгі өзіне ұнамаған партнерін зейін нысанасына алып, қызығу, елігу арқылы ойын өрнегін өрістетуге тиіс екен.
«Актер алдына зейінін еліктіре алатын шеберлікке үйрену талабын қою керек. Ол кез келген объектіні әрі көрікті, әрі әдемі етіп көрсетуге тиіс. Өзіне бұрыннан белгілі объектіні жаңа көргендей қылып, тосын объектіні таныс етіп көрсетуге міндетті» (там же, с. 123) деп жазады Б. Захава.
Олай болса актер еліктіру, қызықтыру процесін бойындағы бес қаруындай пайдалана білуге үйрену керек. Жалпы актердің зейін қою, зейін қоймау психологиясынан — формальдық және творчестволық зейін сияқты келесі егіз көркемдік проблема жапырақ жаяды.
Формальдық (немқұрайдылық) зейін деп нысанасына (партнер) селсоқ қарайтын, қызықпайтын, яғни творчестволық қиялдың қатысуынсыз істелетін зейінді айтады.
Творчестволық зейін деп көркемдік қиял арқылы объектісін әсерлі әрі әдемі етіп өрнектеуді айтады. Аталмыш зейін категориясы бай мазмұнды, көз тартарлық әсерлі болады. К. С. Станиславский творчестволық зейін концепциясын мұрат тұтқан.
Творчестволық зейін — көркемдік шаттық пен қуаныш қайнары.
Солай десек, сахналық зейін — актердің ішкі, сыртқы техникасының іргетасы, актер көңіл күйінің зерлі зердесі.
Жер бетінде ағарып атқан таң мен қызарып шыққан күнді қызықтамайтын тіршілік иесі жоқ шығар. Адам баласын айтпағанда, жан-жануарлардың өзі ұлардай
шулап шыққан күнді қарсы алмай ма? Құс сайрап, мал маңырап, адамдар мәре-сәре болып әбігер болып жатпай ма?
Өйткені, күн — тіршіліктің басы.
Қүн — әлемге шуақ, шапақ әкеледі.
Күн — өмір әкеледі.
Оның жер үстіне шашыраған шуағында — шаттық пен қуаныш бар. Күмістей жарқыраған мыңдаған сұлу сәулелер, бәлкім, миллион, тіпті миллиард болар күллі тіршілік иесіне өзінің мейірімді, шапағатты шұғыласын төгеді.
Сәуле — нұр. Сол сәуледен жалпақ жаратылыс нұрланады. Өсімдік атаулы рең алып, алуан түске боялады. Көзді қызықтырып қуанышқа бөлейді. Адамға рух беріп шабыттандырады. Шабыт шуағына шомылған адам — өмір егеді. Шабыт та айналасына шұғылалы шапағын шашады.
Зейін — күн сипатты құбылыс. Онда алтындай жарқырап шыға келген арайлы күннің аптап қасиеті бар.
Алтын арай — күннің көзі.
Күміс сәулелер — күннің кірпігі.
Зейін — күн болғанда, одан шашыраған — зейін шеңберлері, ішкі зейін, сыртқы зейін; формальді әм творчестволық зейін —«күннің кірпігі»— сәулесі сияқты құбылыс. Актер творчествосына шапақ шашып, нұрға бөлейтін аталмыш күміс сәулелер, күннің көзі іспеттес алтын арай — зейін планетасынан қуат алады. Зейін — қуат көзі, шоқ шашқан шамшырақ сияқты өзінің сүттей сәулесімен санаткер санасына игілік егеді. Аққан жұлдыздай сәуле — зейін әлемінен шашырап шығып, сахнаны нұрға бөлейді.