Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 949

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Сөзге құрылған рольді ақылмен (парасат) алу әлдеқайда оңай болса, тебіреніспен (сезіммен) алу қиынырақ, ал зауық (жігер) арқылы үзік-үзік сілемдеріне ғана ие болуға болады. Жалпы, тың туындымен алғаш танысқан сәтте пьесаның ойын өрнек үлгісі мен пайымдау жоспары атүсті ғана аңғарылып, тереңдігі көрінбейді. Ол заңды да.

Кейде, тіпті, сөздік текст бірінші оқылым кезінде ақыл аркылы қабылдауға көнбеуі де мүмкін. Жігер мен сезімнің өзі де тұтқырлық танытуы ғажап емес. Олардың әрекет желісі бірде ілгерілеп, бірде тоқтап, бірде жанып, бірде сөніп ұзақ уақыт бір арнаға түсе қоймайды. Алайда рольді тереңдей зерттеп, оның өрістеу желісінің мақсат-міндетін айқындап, анықтаған сайын ақыл, жігер және сезім арасында болатын көркемдік кереғарлык пен теңсіздік ара салмақ мүмкіндігі бірте-бірте деңгейлестікке қол жеткереді. Өнердің мақсаты да осы.

Сахна алаңында психикалық тіршіліктің қозғаушы күшінің желілік өрісі (линия стремления двигателей психической жизни) — өнер критерийі. Ақылдан бастау алып, жігер арқылы сезімге бағытталған көркемдік қуаттың үзілмей өрістеген ішкі желісі — өнер атаулының барлығына тән аксиома. Ондай үзілмейтін өріс желісі — өнер көркі. Осы құбылыс сахнада творчестволык процесс болып саналады.

...Әсілі, психикалық тіршіліктің қозғаушы күшін — сапыра соққан сұрапылдың екпінімен салыстырған абзал болар. Ішін тартып ышқына ұлыған қара дауылда қайыспайтын қаһар бар. Азынай аңқылдап, апталап соққан толассыз сұрапыл — сарқылмайтын күш, кемімейтін қуат көзі. Оның табиғи қасиеті — үзілмей соққан екпінінде. Ал, сол екпін бәсеңсіп, толас тапса, желдің желісі үзілмек. Желісі үзілген жел — дауыл емес. Дауыл тоқтаса,— оның тіршілігі де тоқталады...

Актер творчествосы да сондай процесс. Оның ішкі көркемдік психикалық тіршілігінің қозғаушы күші өріс- теу желісін үзіп алса, творчестволық процесс те тоқталады. Мәселен, Отеллоның мына монологын (аударған М. Әуезов) алып көрейік.

О т е л л о.

Білмей жүрсем, бір қол солдат

Кезегімен көрсе дағы қызығын,

Бақытты күйде қалар ем.

Енді мәңгі қош бол, сабыр!

Қош ырзалық!

Қанатты әскер сен де қош!

Даңқ құмарды ер дегізер соғыста

Кісінеген ат пенен азынаған керней де,

Қозғау салар дабыл менен сырнай да

Патша туы, бар таланттар, сен де қош!

Салтанат, атақ, соғыс мақтаны!

Зеңбіректер. сендер де

Қош болыңдар, бітті бәрі,

Енді жоқсың Отеллоға.
Міне, Отеллоны ойнаған актер осы монологтың ішкі психикалық тіршілігінің қозғаушы күшінің желісін үзіп алмай, бар қуатын жеткізуге, толассыз тасқынын төкпей-шашпай алып шығуға тиіс. Өзі де бір дем, бір тыныспен айтылатын монолог қой. Алайда оның бар қуаты мен құдіреті, сұрапылы мен дауылы ішкі дүниесінде жатыр. Ашу мен ыза, нала мен назаға көгенделген кекті монологтың айбыны мен айдыны — аққан селдей арынды, соққан сұрапылдай жойқын! Міне, осындай қаһарлы қасиеттерді иемденген актер ғана Отеллоның психикалық тіршілігінің қозғаушы күшіне қожалық ете алады.


Осы орайда еске ұстайтын бір жағдай бар. Сахнада образ сомдау үшін бір ғана психикалық тіршіліктің қозғаушы күшінің сыңар желісі жеткіліксіз болады. Бұған «елестету», «зейін», «нысана», «қисын мен сабақтастық», «зауық», «құлшыныс пен әрекет», «шындық пен сенім», «тебіреніс зердесі», «қарым-қатынас» және «амал-айла» сияқты басты-басты элементтер шоғырының таспадай өрілген желісінің көп өрімді күш-қуаты қажет.

Мәселен, сахнада әрекет желісі үзілді деген сөз — роль де, пьеса да, спектакль де тоқталды деген сөз. Сондай-ақ, психикалық тіршіліктің қозғаушы күшінің желісі үзілсе, жоғарыдағы жағдай қайталанып, актер өз ойын үлгісінің өрнегі мен пайымдау сипатынан айрылып қалады да, сахнада не айтып, не қойғанын өзі де түсінбейтін жағдайға душар болады. Ал, егер жігер — сезімнің желісіне кінәрат келсе, актер мен рольдің ойын өрнегін өрбітуге зауқы соқпайды да, кейіпкержандылық өрісі өмір сүруін тоқтатады. Өйткені, артист — адам мен адам — роль сахнада аталмыш желінің барлығымен бірге үзіліссіз ұдайы ғұмыр кешеді. Ал, кейіпкерге тіршілік пен қимыл-қозғалыс сыйлайтын өмір өзегі — аталмыш желі процесі. Осы желі үзілсе — өмір де үзіледі, желі жанданса — тіршілік қайта басталады.

Бір өліп, бір тірілген тіршілік — қисынсыз құбылыс. Өмірде ондай қиюласпайтын жағдайлар болмайды. Ендеше, сахна мен роль де тоқтаусыз тіршілік желісін қалайды.

Сахнада кішкентай шындық пен үлкен шындықтың болатыны сияқты психикалық тіршіліктің қозғаушы күштерінің де өмірлік кішкентай және үлкен желістері өмір сүреді. Кейіпкердің өткендегісі, кәзіргісі және болашағы болады. Ал, осы кешегі, бүгінгі, ертеңгіні жеке-жеке, өз алдына оқшау түрде әрекетке аркау етсе — психикалық тіршіліктің қозғаушы күштерінің кішкентай желісі пайда болады да, осылардың басын қосқанда үлкен желісі өмірге келеді.

К. С. Станиславский адамның ертеңгілік ұйқыдан оянған сәтінен бастап, кешкі ұйқыға бас қояр аралығын «адам тіршілігінің кішкентай желісі» деп атап, «күндік желісі», «апталық желісі», «айлық желісі», «жылдық желісі» ең соңында, «адам ғұмырының бүкіл желісі» болады деп жіктеген. Ал, осы «адам ғұмырының бүкіл желісі» жоғарыда аталған кішкентай желілерден жинақталып, құралып келіп, үлкен желіні өмірге әкелмек.

Осы құбылыс кез келген пьесада да, рольде де қайталанады. Үлкен желі көптеген кішкентай желілерден бас құрайды; уақыт мезгілдеріне байланысты күн, апта, ай, жыл, бүкіл өмір желілері сахнада өмір сүреді.

Аталмыш желіні ақиқат жағдайда өмірдің өзі тудырса, пьесадағы желіні шындыққа лайықтап, автордың көркемдік қиялы туғызады. Алайда, желі — рольдің бүкіл өмірін үзіліссіз күйде бере алмайды, үзік-үзік үлкен аялдамалар арқылы өрнектейді.



Өйткені драматург пьеса мен рольдің бүкіл өмірін емес, сахнаға шыққан кезеңдерін ғана қамтиды. Мәселен, сахнадағы кейіпкердің шымылдық сыртындағы тіршілігін автор өз шығармасында тәптіштеп жазбайды. Кейіпкердің шымылдық сыртындағы өмір белестерін актер өзінің көркемдік қиялымен толықтыруы тиіс.

К. С. Станиславский: «Көпшілік жағдайда драматург шымылдық сыртында не болып, не қойып жатқаны туралы тіс жарып, ештеңе айтпайды, яғни сахнада ойын өрнегін өрнектеп жүрген артистің кейіпкер әрекеті қайдан пайда болғаны белгісіз қалады. Сондықтан, автордың тасқа басылған пьесасында бейнеленбей қалған тұстарын біз ез қиялымыз арқылы бейнелеп беруге тиіспіз. Онсыз сахнада артист сомдаған рольдің күллі «адам рухының тіршілігін» тұлғалай алмайсың, тек кейбір оқшау сілемдеріне ғана иелік ете аласың.

Ал, кейіпкержандылық пьеса мен рольдің тұтас тіршілік желісін қалайды» (там же, с. 358) деп сахнада шынайы өмір ақиқатының салтанатын жақтайды. Осы заңдылықты білмейтін немесе мойындағысы келмейтін санаткерлерге қынжыла отырып: «Демек, роль желісін шымылдық сыртында да үзуге болмайды. Ал, көпшілік актерлер рольдерін сахна сыртында өздері үшін ойнау керек екенін біле бермейді» (там же, с. 358) деп ашына жазады.

Жалпы, адамның немесе рольдің өмірі мен тіршілігі — нысана мен зейін шеңберінің, айналамызды қоршаған ортаның, қиял мен арманның алма-кезек ауысу кезеңдерінен тұрады. Ал, актер қауымы кейіпкерінің қилы-қилы тіршілік жағдайына душар болған кезде не істеу керек екенін терең ойлап, барлап барып әрекет етуге тиіс. Бұл — актер атаулының бәріне қатысты бұлжымайтын заң. Актер театрға осындай мақсатты орындау үшін келіп, осы мақсат жолында көрермендер алдына шығады.

Сайып келгенде, сахна алаңында әрекет етіп жүрген санаткер ролінің «психикалық тіршілігінің қозғаушы күштерінің желісі» үзілмей ұзақ өмір суруге тиіс. Он ойланып, жүз толғанғанда — актер қауымының екі елі естерінен шығармайтын көркемдік кредосы осы болмақ. Аталмыш ереже осы мақсатқа арналған. Сол себепті де «психикалық тіршілігінің қозғаушы күштерінің желісі» элементі К. С. Станиславский «жүйесінің» жарқын беттерінен саналады.


ТӨРТІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Сенім әм сезім шындығы

(Чувство правды и вера)
«..Бұталардың ар жағынан ескі-құсқы киімдермен бүркеулі жатқан кішкентай төбешікті көзім шалып қалды. Төбесіндегі бір уысшашы мен мыжырайған етігінен, күдірейген жотасы мен қайың бұтағынан тас қып ұстап алған арбиған жуан саусақтарынан тани кеттім.

  • Трофим?—деп айғайлап жібердім жүгіріп жеткен бойы.

Төмпешік қозғалды да, ептеп көтерілген бас көрінді, қасіреттен азап шеккен бетінде ескі тыртық пен сепкілінің орны да қалмапты, қап-қара боп тұтасып қолдырап тұр. Көздерінің орнында көз емес, аппақ, жансыз екі шар бақыраяды.

  • Бұл кім?— деген әлсіз үн шықты ашық жатқан аузынан.

  • Бұл мен ғой. Саған не болды?

Үн жоқ.

  • Трофим, естимісің?!

  • Маған жай түсті, ана жақта... Ол, мәңгі қараңғылық жауып, көзден тасаланған шыңды көрсетпекші болып, ырқына көнбейтін қолын зорлап көтермекші болып әуреленді.

Адамдарым тез жетсін деп, аспанға үш рет мылтық атып, белгі бердім. Кәріп болған мүскіннің астына төсейін деп көкірекшемді шешіп, аяқтарын сипасам: мұздай екен,— өзіме-өзім әзер сендім. Кеудесінен жаны шығуға тақау қалған қу денені құшақтап отырғанымды: жаным түршіге отырып, анық түсіндім. Мәңгілікке парапар осы бір қас қағым сәтте бүкіл жан дүниемді алапат қасірет пен дәрменсіздік жайлап алғандай болды.

  • Нина, Нина қайда?— деп алыстап бара жатқан әлгі үнді құлағым шалып қалды.

  • Келе жатыр, келіп қалды.

  • Мен оны күтіп жатырмын,— Оның маңдайынан жұт жылы түскен шықтай болып, болымсыз тер білінді.

Әупірімдеп жүріп, шалқасынан жатқыздым. Дал-далы шыққан көкірегінде үшкір тастардың қанды іздері сайрап тұр. Күйген терісінің көпсіген сыртынан тамырын таба алмадым. Сүрлеуі жоқ, жақпар тастар, үйілген тік қырқалар арқылы қанға батып, соқыр қалпы жер бауырлап қайда бара жатты десеңші?! Ажалға алдырмай тұрған неткен күш?

  • Шыда, Трофим, біз сені аман алып қаламыз, сен әлі өмір сүретін боласың!.. Ол түсінсін деп, мен сөздерімді қайталай бердім.

Ол тыныс алмастан үн-түнсіз жатты да қойды. Көздері адырайып, көк аспанға мағынасыз қарайды. Иманым қасым болды. Кенет, бар тіршілігімнің ажырамас бір мүшесіндей болып кеткен ең қымбаттымның мені тастап бара жатқанын сездім...

Менде жара таңатын дәке де жоқ болатын. Трофимнің жағасын ағытып, мұздай маңдайының терін алақаныммен сүрттім, сонан соң жалбыраған ұзын шашын саусақтарыммен салалап тарадым. Оның көзі қолымның қимылын сезбестен көкке қараған күйі жата берді. Мен жақтағы сол жақ бетін жұқалтаң сарғыш дақ басып кетіпті. Басын көтеріп көрсем, өлмеген екен. Адам айтқысыз төзімділікпен ғана өмір сүріп жатқан сияқты.


  • Су... Су...— деп кезерген ерні ғана жыбырлайды.

Биікте, бұталармен шектескен қарлы алқап ағараңдайды. Бірден соғатын тарттым. Тас үстіндегі дымқыл қарды көсіп алып, жентектедім.

Сөйтіп, жүгірген бойы төмен түстім. Күн түнеріп, суытып тұр. Жоғарыда жел қуған бұлт жөңкіліп көшіп барады. Төңіректе саңлау жоқ.

Жақындап келе жатқан аяқ дыбысын естіген Трофим, басын көтеріп, сол жақ шынтағына таянып, тырбана бастады.

  • Бұл кім?— Есіл-дерті зарығып күту ғана.

  • Мен ғой, Трофим. Қазір сусыныңды қандырамын.

  • Нина қайда жүр?—деп менен сұрады да бірден сұлқ түсті.

  • Кәзір келеді, ант етем, келеді.— Бірақ, байқаймын, менің сөзім құлағына кіріп шығатын емес.

Мен аузыма қар толтырып алдым да, Трофимнің ашық жатқан ерніне еңкейдім. Ол асықпай суды жұта бастады. Оның басын тіземе қоя бергенде кенет Михаил Михайловичтің даусын анық естідім.

  • Еһе-е-ей!

  • Трофим, Нина келе жатыр!

Кәріп жанға жан бітіп, орнынан тұруға ыңғайлана бастады. Көзі көрмесе де алақтап кеңістікті шарлап жүр. Трофим суынған саусақтарымен менің қолымнан ұстап еді, мен оның біржола мұздап бара жатқанын, тек адам айтқысыз шыдамдылықпен өмірден күдер үзбей жатқанын сезіп-білдім. Жүрек соғысы естілмейді. Менде зәре жоқ — ол жан тәсілім беруге жақын. Мен қолымды босатып алдым да, құшақтап, оның жып-жылы ернінен сүйдім. Жетер жеріне жетіп тынған қасарған тіршіліктің ,бар болдығы, тек еріндерде ғана қалыпты.

  • Трофим, сен мені естимісің? Нина жақындап қалды, берік бол, жалынам, берік бол!

Ол бар күшін салып көр соқыр болған басын көтерді.

  • Ажал мені тоса тұрады!— деді де ол адам төзгісіз шыдамдылықпен тіршілікті жалғай тұруға қасарысып бақты.

Қырқаға шығып, өз адамдарымды көрдім. Олар маған қарай асығып келе жатыр. Ең алдында Нина жүгіріп келеді. Мен оны құшақтап, кеудеме қыстым.

  • Оның өзі қайда?

  • Трофим дүниеден көшкелі жатыр, сені күтуде... Белді бекем буып, сабырлылықпен аттандырып сал.

Ол менің көзіме тағыша қарады да, қолымнан сытылып шығып, алқапқа қарай тұра жөнелді.

Мен оны аршалар өскен сайға алып түстім. Ол қайрақ тастардың үстінде жатқан Трофимді көріп, тоқтай қалды. Нина бір сәт қобалжып тұрды да, қара жерге сіңіп бара жатқандай ақырын шөкелеп барып, тізерлеп отыра кетті.

Троша... саған не болды?!.— Оның даусы үзіліп кетті.

Трофим қалтыраған саусақтарының ұшымен оның бетін сипалады. Саусақтар жылжып келіп, оң жақ бетіндегі еміс-еміс білінетін таныс тыртықтарды тауып алды.