ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.12.2023
Просмотров: 947
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Сонда қисынға сай механикалық түрде істелген дағдылы әрекетті қадағалап отыратын кім?
Қисынға сай механикалық түрде істелетін әрекетті бақылауға алатын сана астында тіршілік ететін қырағы зейін мен өзін-өзі тексеру түйсігі,— дейді К. С. Станиславский.
Механикалық әрекет өмірде осындай жолдар арқылы істеледі.
Ал, сахнада жағдай мүлде басқаша. Сахна алаңында біз, өмірде өзімізге қажет нәрсені істемейміз, автор мен режиссердің тапсырмасын орындаймыз.
Хош. Сонда әрекетке барған актер қандай әдіспен іс істеу керек?
Бұл сауалға К. С. Станиславский: «Қимыл-іс әрекетінің әрбір кезеңін саналылық, қисын мен сабақтастық арқылы тексере отырып, механикалықпен алмастыру бойынша іс қылу керек» (там же, с. 209) деп жауап береді. Қисын мен сабақтастық арнасы арқылы өріс алатын қимыл-іс әрекеті жалғандыққа жол бермейді. Өйткені, сенім мен шындық, қисын мен сабақтастық қажеттілігі шынайы әрекет кезінде: би, зауық, сезім, қажыр процестерін тудырып, актер ойын өрнегінің көркемдігін өрістетіп, қызу қуаттауға жәрдем етеді.
«Осыларды, әсіресе, оның ішінде — зейінді тәртіпке келтіретін де қисын мен сабақтастық» (там же, с. 209) дейді К. С. Станиславский. Сахна алаңында артистің күллі кісілік табиғаты қисын мен сабақтастыққа сай нағыз шындық пен сенім бойынша іс қылғанда ғана кейіпкержандылық өз билігінен көрінбек. Аталмыш элементтің көркемдік маңызы мен сахналық сипаты осындай қасиетімен бағаланады. Актерді істеген ісінің қисынын біліп, сабақтастығын талдап, тарқата білуге, сөйтіп, рольдің тегі мен төіркінін терең тануға үйретеді. Сахна алаңында ойын өрнегін қадағалап отырған көрермен қауым, актер әрекетінің шындығына әрі қисыны мен сабақтастығына жіті назар аударады. Өз әрекетіне актер сенбесе, көрермен де сенбейді. Сондықтан да К. С. Станиславский: «Әрбір әрекет сайын көрерменге қисын мен сабақтастықты жеткізіңдер» (там же, с. 212) деп жар салудан танбаған.
Біз бұған дейін қимыл-іс әрекетінің қисын мен сабақтастығының көрнекі, анық, түсінікті яғни қөзге түсетін сыртқы белгілеірін анықтадық. Енді оңың көзге түспейтін, ұстатпайтын, анық емес ішкі сезімдік тұрлаусыз сипатын анықтап көрелік. Әрине, қимыл-іс әрекетінің аталмыш түрі біріншіге қарағанда анағұрлым күрделі.
К. С. Станиславский: «Сезімнің қисыны мен сабақтастығы әм табиғаты туралы айтып беру: оңай шаруа емес! Аталмыш аса күрделі психологиялық мәселе — ғылымның ең аз зерттеп, осы салада ешбір негіз бен практикалық көрсеткіш қалдырмаған саласы.
Осындай қиын жағдайдан өзіміздің от басы, ошақ қасы құралдарының жәрдемі арқылы жол тапқаннан басқа амал жоқ» (там же, с. 224) деп қиналыс білдірсе, «сезімнің кисын мен сабақтастық» саласының актердің ішкі психологиялық кідіріс (пауза) әлеміне көгенделген «әрекетсіз трагедия» (трагическое бездействие) үнсіздігін қалай тірілтуге болады? «Әрекетсіз трагедия» деген сөздің мағынасының астарында: өмір, тіршілік, белсенділік жоқ болғаны ма?
Бұған К. С. Станиславский: «Біз — ғалым емес, артистпіз. Ал, ортамыз — белсенділік пен әрекет. Біз сахнада іс істегенде практиканы, адамдардың тәжірибесін, өмірлік естеліктерді, қисынды, сабақтастықты, сенім мен шындықты басшылыққа аламыз. Мәселені шешуде де мен дәл осы жағынан келем»,— деп жазады да: «Маған іс-тәжірибенің өзі үйреткен әдісі күлкі келтіретін қарапайым нәрсе. Оның мағынасы: «Егер мен шын өмірде әрекетсіз трагедияға тап болсам не істер едім?» деп өз- өзіңе сұрақ қоюмен тұжырымдалады. Осы сұраққа адамша шын ниетіңмен өзіңе-өзің жауап берсең болғаны, басқадай еш нәрсенің қажеті жоқ.
Өздеріңіз көріп отырғандай, мен сезім саласында да кәдімгі қарапайым қимыл-іс әрекетінің жәрдеміне көңіл аударам» (там же, стр. 224—225) деп жауап береді.
Солай десек, сахна алаңында «әрекетсіз трагедия» құпиясын анықтап, тірілту саласында К. С. Станиславский ашқан практикалық жаңалық — егер мен шын өмірде әрекетсіз трагедияға тап болсам, не істер едім? деп өзіңе-өзің сұрақ коюмен шешілмек екен. Ол үшін кәдімгі қарапайым қимыл-іс әрекетінің жәрдеміне арқа сүйеу — міндеттілікке жатады.
Сонда «әрекетсіз трагедия» немесе «әрекетсіз драма» кідірістерінде: Өмір, тіршілік, белсенділік кұбылыстары бола ма, болса, оларды сахна алаңында қалай тірілтуге болады? К. С. Станиславский: қандай жағдай болмасын қимыл-іс әрекетіне арқа сүйеу керек дейді. Ал, «әрекетсіз трагедия» кідірісінде аты айтып тұрғандай — өмір, тіршілік нышаны жоқ сияқты. Алайда аталмыш теорияның сахналық мағынасын ашатын бір мысалды К. С. Станиславскийдің өзі айтады.
...«Мәселе былай болса керек. Бір соры қайнаған сорлы әйелге күйеуінің кенеттен қайтыс болып кеткенін амалсыз хабарлауға тура келеді. Тығырыққа тіреліп, қапасқа қамалған жұрт қанша қиналса да ары ойланып, бері ойланып ақыры жайсыз хабарды естіртеді ғой. Қаралы хабарды естіген сәтте әйелдің тіл-аузы байланып, мелшиген бойы тас мүсінге айналып қатып қалыпты. Алайда әйелдің бет-әлпетінен ешбір қайғылы қазаның ізі де білінбепті (Сахнада актерлер осындай кезеңді ойнауды ұнатады ғой). Сондай-ақ тіршілік нышаны да байқалмаса керек, бейне бір түрегеп тұрып ұйықтап кеткен адам сияқты жансыз қалады. «Өліп кеткен екен» деп иманы қасым болған жұрт, жұлқылап «ұйқысынан» оятып жіберсе, бейбақ әйел гүрс етіп құлап түсіп есінен біржола танып қалыпты.
Ап-сап басылып, қайғы мен қазаның ауылы алыстаған кезде қаралы әйелден: сол бір «әрекетсіз трагедия» сәтінде не ойладыңыз деп сұраса керек.
Сөйтсе, қаралы хабар алардың алдында ғана күйеуіне киім-кешек сатып алуға бір жерге бармақшы болып жиналып жатыр екен... Күйеуінің өлгенін естіген соң, енді не істеу керегі туралы қалың ойға батса керек. Шындығында, не істеген лазым? Өткенге: «салауат» деп жаңадан тұрмыс құру керек пе? Әлде қара жамылған күйі қазаның қайырын күтіп, жылы орнын суытпай отыра бере ме? Қойшы, әйтеуір, сол бір қас қағым сәтте бүкіл өткен өмірін көз алдынан түк қалдырмай өткеріп шыққан ғой...»
Әрине, әйелдің бастан кешкен оқиғасы — сыртқы қимыл-іс әрекеті емес, ішкі психологиялық әрекет. Бұдан шығатын қорытынды: кез-келген қимыл-іс әрекетіне — психологиялық әрекет тән болса, психологиялық әрекетке — қимыл-іс әрекетінің де қатысы бар. Әлдебір шешім қабылдар алдында кім болса да ең алдымен өз қиялы арқылы іштей әрекет етеді: көкірек көзімен орындалар істің жоспарын ой елегінен өткізеді. Сондай-ақ, ол ойға алған шаруасын сырттай қимыл-іс әрекеті бойынша сезініп қана қоймай, оның ойын өрнегіне құлшыныс білдірген ішкі тіршілік тасқынын тежеуге тырысады.
Актерді іштей бунайтын әлгідей «ішкі тіршілік тасқыны»— «әрекетсіз трагедия» құбылысы саналады. Өйткені, әрекетті ойша толғанысқа салу — ішкі белсенділікті тудырады. Осы сипаттарды көркемдік сатыда жеткізудің басты кепілі — сенім мен сезім шындығына тиесілі.
БЕСІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Қиял мен елестету
(Воображение и фантазия)
Күн іспетті Зейін элементінен шуақ шашатын «сиқыр» сәулелердің келесі көркемдік легі — қиял (фантазия) және елестету (воображение).
Пьеса мен роль — автор қиялынан туған әдеби материал.
Актер мұраты жазушы қаламынан шыққан әдеби дүниені сахналау десек, кейіпкер тұлғасын бейнелеу барысында қиял мен елестету процесі айрықша зор роль атқарады.
«Маған екінші кезектегі қосалқы рольді ойнайтын тамаша бір актердің жұмысын әлденеше рет бақылауға , тура келгені бар. Бүкіл пьеса бойынша актер ойнайтын кейіпкердің екі-үш-ақ сөзі бола тұрса да әлгі актер, автордан сол адамның мінез-құлқы мен сырт келбетін сұрап қоймай, оның өмірбаянын, шыққан ортасына дейін қазымырлана сұрап алды.
Дәл осылай нақтылап біліп алу актерге, өзінің бар болғаны екі-үш сөзін дұрыс сөйлеу үшін керек болды.
Жазушылар да солар сияқты. Әңгімеге аса қажет материал қоры әлдеқайда мол болу керек» (К. Паустовский, Изд. «Художественная литература», Москва, 1967, том 3, с. 335) деп білікті жазушы актер қызметі жөнінен байқағыштық танытса, Е. Вахтангов: «Актер өзінің роліне қатысы бар нәрселердің бәрін туған анасындай жатқа білу керек» деп кесімді пікір айтқан. «Материал қоры» әдебиетке қандай қажет болса, актерге де сондай қажет. Сахна санаткеріне «адамның мінез- құлқын, сырт-келбет, бет-пішінін, өмірбаянын, шыққан ортасын — туған анасындай жатқа білу» көркемдік парыз.
Әдебиет пен өнер — тел қоңыр дүние. Егіздік қасиет екеуіне де тән. К. Паустовский де, Е. Вахтангов та сол ажырамас кіндіктестікті айтып отыр. Әдебиет үшін де, өнер үшін де көркемдік қор — асыл қазына. Көркемдік қор өмірдің өзінен алынады. Ол үшін жатпай-тұрмай тырбанып іздеу, зерттеу керек. Зерттеу — тудыру, өнер жасау деген сөз. Өнер жасау — елес қуу, қиялдау, қиялға берілу.
Қиял мен елестету —пьеса мен рольдің ащы өзегінен өріліп шығады. Шығарманың дәуірін, қоғамын, уақыт тынысын, бейнелік құралдарын, тұрмыс-салтын зерттеу кезеңдері түгелдей солардың еншісіне тиесілі. Рольдің сахналық нұсқасы да қиялда қақталады. Ең әрісі спектакльдің «тарамыс — терісі»—образдық шешімі де режиссердің елестету санасы мен қиялында пісіп, жетіледі.
Санаткер парызы — елестету арқылы қиял көрігін қыздыру.
Атақты Әсет ақын:
Сарайым — саба, кұям пісіп-пісіп,
Қойдырман ән қымызын ой кернетіп,
Сөз — жаңбыр, даусым — дауыл, әнім — ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп,—
дегенде сол қиялды айтқан. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ мақалындағы «көңіл»деп отырғаны да қиял. Орыста: «Информация — мать интуиции» дейтұғын қанатты сөз бар. Мағынасы — көп оқып, көп тоқыған адамның көңіл көкжиегі мен қиялы жүйрік болмақ дегенге саяды.
К. С. Станиславский: «Елестету — өмірде бар әм болатын және өзіміз білетін жағдаяттарды тудырса, қиял — өмірде жоқ әрі болмайтын, біз білмейтін, болып көрмеген нәрселерді тудырады» деп үзілді-кесілді тұжырым айтады да: «Мүмкін, болуы да! Кім білсін? Халық қиялы ертегі кілем-самолетті ойлап тапқанда, күндердің күнінде адамзат баласы аэропланмен көк жүзінде калықтап жүреді деген кімнің ойына келді дейсің? Иә, қиялдың қолынан бәрі де келеді, өйткені, ол бәрін де біледі. Қиял да, елестету де суреткер үшін аса қажет» (К. Станиславский, Сочинения, т. 2, с. 71) деп жазса, қиял мен елестету — бір-бірімен кіндіктес, сабақтас элементтер. Актер творчествосында ол екеуі жұптасып, қосақ ғұмыр кешеді. Қиял — көркемдіктің көмбесі болса, елестету — көмбе ішіндегі қазына. Ал, қиялдың көмбесін ақтарып, қазынасын көзге көрсететін көркемдік құрал — елестету процесі.
Сахна қызметі артисті күнделікті қат-қабат қарбалас тіршіліктен елестету әлеміне енгізетін тетік — киелі күш «егер де» элементін пьеса мен рольге жегіп, желілеуден басталады. Пьеса мен роль — автордың ойдан шығарған дүниесі болса, киелі күш «егер де» мен «ұсынылған тосын жағдай» да режиссер ойының жемісі, К. С. Станиславский: «Сахнада өмірдің таза шындығы деген болмайды, шынайы шындық — өнер емес» (там же, том 3, с. 69) дейді. Сахнада автор шығармасынан өмірге келген көркемдік ой қожалық етеді. Актердің асыл мақсаты — шығарманың ізгі ойын сахналық көркемдік үлгісіне түсіру. Туындының танабынан жапырақ жайған автордың игі мұратын көркемдік көкжиегіне өрістету — оңай дүние емес. Аталмыш әдеби процестен сахна алаңына қоныс аудару кезеңде елестету ерекше маңызды роль атқарады.
Біз творчестволық сәтте елестетудің ролі ерекше дедіқ. Мәселен, кез келген драматург актерге аса қажет көркемдік материал байлығын бір пьесаға толық сидырып бере алмайды. Аяқсыз қалатыны, айтылмай қалатыны көп болады. Пьеса басталғанға дейін не болып, не қойды, сахна сыртында не болып жатыр, шығарма кейіпкерлері қай жақтан шығып, қай жаққа кетуге тиіс? Қысқасы, осы тектес мың сан сұрақтар мен проблемалар төпеп, туындай бермек. Ал, драматург болса, мұндай мәліметтерге барынша сараң келеді. «Бұрынғы көрініс. Сол адамдар». Немесе «анасы келді, мынасы шығып кетті» деген жартымсыз ремаркамен шектеле салады. Алайда, біз сахнада себепсізден себепсіз «бір тесіктен» кіріп, «бір тесіктен» шыға салмаймыз ғой. Келетін жағымыз, баратын жағымыз, мақсат-мұратымыз болады. Бет алды бетіміз ауған жаққа жүре бермейміз. Ал, кейде: «ол орнынан тұрды», «ары-бері жүріп жүр», «ол күлді», «ол дүние салды» дейтін ремаркалаірды кездестірсек, кей шақта:«Кербез жігіт. Темекі тартпайды» дейтін жып-жинақы, қысқа ғана ремаркаларға да кезігіп қаламыз.