ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.12.2023
Просмотров: 924
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
СЕГІЗІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Сахналық қарым-қатынас
(Сценическое общение)
Қарым-қатынас (общение)—күллі адамзат баласына тән психикалық қатынас құралы. Ол зейін процесі арқылы өмір сүріп, әрекет етеді. Зейін болмаса, яғни бір- біріне зейін аудармаса, адамдар өзара қарым-қатынас жасай алмас еді. Қарым-қатынас көп қырлы аса күрделі заңдылықтар санатына жатады. Бір қыры көзқарас. Қарым-қатынастың көркемдік күрделі маңызы — екеуара арақатынасынан тамыр тартып, әлеуметтік, тарихи, кейде халықаралық деңгейге дейін қанат жая алады. Күрделі қарым-қатынас процесін кейінге қалдыра тұрып, әзірше ең қарапайым түрінен сөз сабақтайық.
Мәселен, драматург бірін-бірі танымайтын екі кейіпкерді сахнаға шығарды делік. Ал, олар болса, бір-бірімен сөйлесіп, ойларын ортаға салмақ түгілі танысқысы да келмей, екеуі сахнаның екі шетінде томсырайып үн-түнсіз отырып алған. Екеуінің де тіс жарып, сыр ашқысы келмейді. Сонда мұндай томаға-тұйық көріністен көрермендер не алады? Спектакльге келген жұрт не сөз естімей, не сырға қанықпай, не ойға шома алмай босқа дағдармай ма? Бұдан не ұғуға болады? Әрине, араларында қарым-қатынас жоқ.
Енді керісінше жағдай. Екеуі бас қосты делік. Біреуі қызу әңгіме айтып, екіншісі ұйып отыр. Ара-арасында сөз қатысып, ортақ мәселенің жібін тарқатып жатқан сияқты. Бұрынғыдай емес көрермендер де елеңдей бастағандай. Оның себебі: бұл көріністе қарым-қатынас бар. Ой мен сезім алыс-беріс процесі көрерменді жайбарақат қалдыра алмайды. Демек, шағын мысалдан шығатын қорытынды: егер сахна аланында ойын көрсетіп жүрген санаткерлер өзара қарым-қатынас жасап, белсенділік танытса, сол көрініске көрермендер де басқаша түрде ат салысады. Не күлкісі арқылы, не болмаса қол соғып қошамет көрсету арқылы өз көзкарастарын білдіруге тырысады. Егер актер ойын көріп отырған қара құрым қалың қауымды уысынан шығармай ұстағысы келсе, онда ол өзінің терең тебіренісі мен алаулаған сезімі арқылы қасындағы партнерін қарым-қатынас назарынан бір сәт қақас қалдырмауға тиіс. Ол үшін, әрине, актердің ішкі қарым-қатынас материалы көркемдік мазмұнға аса бай болу керек. Жалпы, сахналық қарым-қатынас процесінің аса маңыздылығы оның кейбір күрделі түріне барынша зер салып, ыждағатты түрде шұқшия талдауды қажет етеді.
К. С. Станиславский қарым-қатынастың — жекелік қарым-қатынас (одиночное общение) және өз-өзімен қарым-қатынас (самообщение) түрлері болатынын айтады. Өз-өзімен қарым-қатынас процесі — өмірде көбінесе қатты ашуға беріліп, өзін-өзі ұстай алмайтын жағдайда немесе шешімі табылмайтын ауыр ойға шырмалғанда, болмаса оңаша отырып қуанышқа кенелгенде ішке сыймай сыртқа шығатын жарылыс құбылыс.
Аталмыш процесс көбінесе сахнада болмаса, өмірде сирек кездеседі.
Өз-өзімен қарым-қатынас процесі оңаша жағдайда оцай болғанмен көрермен алдында қиынға соғады. Әсіресе, ақ өлеңмен жазылған етектей ұзын монологтар тұсында партнері жоқ актер кіммен қарым-қатынас жасарын білмей қатты сасады. Нәтижесінде, абдырау, абыржу, алақтау кінәраттары актерді монологтың ішкі мазмұнынан, көркемдік сипатынан айрылып қалуға мәжбүр етеді. Мұндай жағдай — жасөспірім талапкердің басында ғана емес, сақа санаткерлердің де басында болатын кемшілік. Пікір дәлелді болу үшін мынандай мысалға жүгінейік. Мәселен, Гамлеттің жалғыз қалып, «Өлім мен өмір» туралы толғайтын орталық монологы — «өлмек пе, қалмақ па» (быть или не быть) шумақтарын алып көрейікші (Аударған X. Ерғалиев).
Г а м л е т. Өлмек пе, қалмақ па — ендігі сауал екі ұдай.
Өмір, өлім — арпалыс. Татар дәмім
Таусылды деп бас ием бе тағдырға,
Әлде мынау қасіреттің селімен
Жан шыққанша жағаласып, бұлардың
Бітірсем бе істерін? Өлмек. Ұмыт болмақ.
Үзіп тастап ой-арманның арқауын,
Тәнге тәуел азап-сордан арылмақ.
Осы емес пе бір тілек? Түгесілу.
Ұмыт болып ұйықтамақ та, түс көрмек.
Міне, жауап. Егер мұны жөн көрсек,
Арылған соң пендеге тән сезіммен
Әлгі ұйқыда түске нелер еңбекші?
Ал, бұл — жұмбақ. Сорымызға, осы ғой
Сілкілейтін жылдар бойы өлтірмей!
Төзбес еді-ау жан баласы жалғанда
Масқарадай мазағына ғасырдың;
Көнбес еді жебір мықты жегенде,
Қорлағанда тоғышарлар, мансаптар,
Соттарға да, созғылайтын үкімін,
Махаббатқа, құпталмаған, тапталған,
Кісі еместер кісілерге күлгенде —
Көнбіс жандар көнбес еді-ау осылардың бәріне
Өз тағдырын бітіре алса оп-оңай
Бір-ақ салып қанжарды! Қалай пенде
Келіспесін мынау жалған дүниеде
Күнелтпекке ит-кор жаны қалжырап,—
Белгісіз ғой о дүниеде не бары,
Бөтен жақтан коркады ғой байғұстар,—
Кеткендердің қайтып келген бірі жоқ,
Сыры жұмбақ сыртқа қарай қашқанша,
Таныс тағдыр тәлкегіне шыдау шарт!
Бәрімізді қорқақ қылған осы ұғым.
Қысыр қиял тығырыққа кептелсе,
Тәуекелің, гүлдей солып, таусылмақ.
Тап осылай бастапқы серт серпінді,
Түк татырмай, амалсыздан өледі,
Соза берсең аяғын. Жә, жарайды!
Офелия! Ақ періште! Менің күлкі күнәмді
Қосып оқы дұғаңа.
Осы монолог кімге арналған? Нысанасы (объект) кім? Драматургия әм сахна заңдылығына сүйенсек, мен (субъект) мен сен (объект) қарым-қатынас байланысы өмір сүру керек. Яғни партнер мен партнердің арақатынасын жалғастыратын диология заңдылығы кажет. Субъект Гамлет болғанда, объект Клавдий немесе Полоний сияқты бір партнердің болғаны абзал. Ал, Гамлет — жалғыз. Сонда, ол сахнада кіммен қарым-қатынас жасамақ?
Өлмек пе, қалмақ па — ендігі сауал екі ұдай.
Өмір, өлім — арпалыс. Татар дәмім
Таусылды деп бас ием бе тағдырға,
Әлде мынау қасіреттің селімен
Жан шыкқанша жағаласып, бұлардың
Бітірсем бе істерін?—
деген шумақтар арқылы кіммен немесе кімдермен қарым-қатынас жасау керек? Ұмытып қалмас үшін қайталап еске салайық, аталмыш көріністе Гамлет жапа-жалғыз ой толғайды. Ал, сахналық қарым-қатынас процесі — партнер іздейді. Оны қайдан табамыз? Автордың «ұсынылған тосын жағдайы» партнерді мүлде қажет етпейді. Мұндайда ысылған ысқаяқ актерлер — тығырықтан шығар жол іздейді. Көп жылғы тәжірибеден жиналған жырындылыққа басып, бірден түйсіктің көмегіне шылбыр тастайды. Егер, біз, мый — сананың орталығы екенін, ал жүйке — тебіреністің (эмоцияның) орталығы екенін ескерсек әлгі әккі актерлер басты зейінін мый мен сезім қарым-қатынасына қазықтауға күш салады. Ой ойлау процесі тұрғысынан алғанда: мый—санаға «әмір» берсе, сана — жүйкеге «әмір» жүргізеді, ал, жүйке (жұлын)—эмоцияға «әмір» етеді. Нәтижесінде, көркемдік процесс: мый—сана — жүйке — эмоция арқылы көрермен қауымға таралады. Солай десек, өмір көрген қарт актерлердің көбісі — мыйды санаға алады да, сана мен сезім (эмоция) қарым-қатынасы арқылы әрекет етеді. Анығырақ айтқанда, күллі толғаныс процесін ақыл «көрігіне» салып қақтап, пісіріп алады да, сезім арқылы іске асырады. Осындай тәсіл арқылы ойын өрнегін өрістетуге К. С. Станиславский ешқашан қарсы болмаған. «Сезім — индивидуальдық қасиет. Ол кейде жекелеген актердің критерийі де болуы мүмкін»—деген. Солай-ақ болсын. Монологты жалғастырайық:
Өлмек, Ұмыт болмақ.
Үзіп тастап, ой-арманның арқауын,
Тәнге тәуел азап-сордан арылмақ.
Осы емес пе бір тілек? Түгесілу.
Ұмыт болып ұйықтамақ та, түс көрмек.
Міне, жауап.
Бұл жерде Гамлеттің шиыршық ата шыңғырып шыққан терең тебіреніске толы ішкі күңіреңісінің болмыс пен шындық дүниесін безбендейтін әлеуметтік үнін талдау мұраты емес, қарым-қатынас нысанасын анықтау мұраты тұр. Ендеше, Гамлет кімге сыр ақтарып, кіммен қарым-қатынас жасап тұр? Творчестволық нысанасы қайда? Хош. Ары қарай оқып көрейік:
Егер мұны жөн көрсек,
Арылған соң пендеге тән сезіммен
Әлгі ұйқыда түске нелер енбекші?
Ал, бұл — жұмбақ. Сорымызга, осы ғой
Сілкілейтін жылдар бойы өлтірмей!
Әкесін ағасы өлтіріп, әділеттен айрылған жалған дүниеден жаны жиренген бекзада Гамлеттің өлгісі келеді. Жамандық пен жалғандық, адалдық пен арамдық талқысы күйзелткен Виттенберг студенті «о дүние» мен «бұ дүние» арасалмағын таразы табағына салып, ұзақ безбендейді. Не істеу керек? Өлмей тірі жүре берейін десе, бейкүнә шейіт болған әке қазасы қинайды. «Менен туған ұл болсаң, кегімді ал» деп өсиет еткен әке аманаты тағы бар. Қайтпек керек? Қанды азапқа түсіп, өзін-өзі қинағанша өліп-ақ кетер еді, амал қанша, барар жағы белгісіз — жұмбақ. Иә, Гамлеттің күйзеліс процесі бізге аян,алайда, ол, осы қасіретті сөзін кімге арнап, кіммен сыр шертісіп тұр? Тағы да оқылық:
Төзбес еді-ау жан баласы жалғанда
Масқарадай мазағына ғасырдың,
Көнбес еді жебір мықты жегенде,
Қорлағанда тоғышарлар, мансаптар,
Соттарға да, созғылайтын үкімін,
Махаббатқа, құпталмаған, тапталған,
Кісі еместер кісілерге күлгенде —
Көнбіс жандар көнбес еді-ау, осылардың бәріне
Өз тағдырын бітіре алса оп-онай
Бір-ақ салып қанжарды!
«Кісі еместер кісілерге күлгенде — көнбіс жандар көнбес еді-ау, осылардың бәріне» деп, әкесі мен ағасын салыстырып отыр. «Әкесі — кісі болғанда, ағасы — кісі емес». Ағасы әкесінің қара тырнағына да татымайды. Амал не, «өлі арыстаннан — тірі тышқан». Баяғы сол сұрақ: шерменде Гамлет, шерін кімге шерлейді? Жә, ілгері жылжиық.
Қалай пенде
Келіспесін мынау жалған дүниеде
Күнелтпекке ит-кор жаны қалжырап,—
Белгісіз ғой о дүниеде не бары,
Бөтен жақтан қорқады ғой байғұстар,—
Кеткендердің қайтып келген бірі жоқ,
Сыры жұмбақ сыртқа қарай қашқанда,
Таныс тағдыр тәлкегіне шыдау шарт!
Міне, мәселе шешілді. Кесім біреу — өлмеу керек! «Сыры жұмбақ сыртқа қарай қашқанда, таныс тағдыр тәлкегіне шыдау шарт!» Қараңғы көрдегі «ұжмақтан» жарық дүниедегі «тамұқ» артық. «Ұжмақ»—жұмбақ қой. Өйткені, ол жаққа «кеткендердің қайтып келген бірі жоқ». Иә, өмір сүру керек! Өлмей өмір сүру — Гамлеттің проблемасы. Біздің проблема — өз-өзімен қарым-қатынас жасаудың құпиясын ақтару.
Қарым-қатынас процесінің алғы шарты — сұхбаттасқан адамыңның жан дүниесіне саяхат салу, оның ішкі әлемін аралау. Оның ойлау тіршілігімен сырласу, сана сатысына барлау жүргізу. К. С. Станиславскийдің тілімен айтқанда: «партнеріңнің жан дүниесіне қармау сезімдеріңді (щупальцы чувства) жұмсау» керек. Бұл бәрімізге бұрыннан таныс, белгілі тәсіл.
Ал, біз білмейтін құпия түрі — тірі рухтың (живой дух) өзімен қарым-қатынас жасау екен.
Мағынасы — рольдің өзін нысанаға алып, оны рухқа балап, тікелей рольдің өзімен қарым-қатынас байланысын іске асыру жағына баса назар аудару шарт. Жоғарыда айтылған монолог — Гамлеттің тірі рухы болса, Гамлеттің ролін ойнайтын актер монологтың Гамлеттің тірі рухы ретінде қабылдап, сол монологтың ішкі дүниесімен, яғни айдар ойымен қарым-қатынас жасау керек екен. Сонда монологтың мазмұн-идеясы — тірі рух болады да, актер монологтың мазмұн-идеясымен қарым-қатынас жасайды. Анықтай түссек, актер өз кейіпкері Гамлетпен қарым-қатынас жасаған болып шығады. Мұны актердің өз-өзімен қарым-қатынасының тікелей (прямое общение) түрі дейміз. Ал, көрермен болса, сахнадан біртұтас актер — Гамлет тұлғасымен қарым-қатынас жасайды. Бұл — қарым-қатынастың жанама (косвенное общение) түрі саналады.
Ал, біз болсақ, сахнада партнеріміздің басы мен шашына, аузы мен мұрнына немесе тұрған тұрысына, киген киіміне, тіпті болмаса айналамызға қарап, көз тоқтатар еш нәрсе таба алмай алақтаймыз да қаламыз. Оның себебі: нысанамызды таба алмаймыз, таба алмайды емеспіз-ау, қарым-қатынас жасайтын нысанамыздың — тірі рух екенін, монологымыздың астарында кейіпкеріміздің өзі, оның жан дүниесі жататынын білмейміз.
...О, жаратқан! Ойлап отырсақ, азды-көпті спектакльдер қоя жүріп, «Станиславский жүйесі» алдында сан рет кешірілмес күнәға батыппыз-ау... Қайсыбір құлаш-құлаш монологтардың көркемдік қақпасын аша алмай-ақ кеткен екенбіз. Қонақжайлығы жоқ «қожайынның» қақпасын қаға-қаға, қара құлпы ашылмаған соң, қайқайып алып қасынан өте шығып алға жүре беріппіз. Қақпасын ашып, босағасын аттауға құлқымыз болмапты. Тым болмаса, артымызға қайырылып қарауға да мойнымыз жар бермепті. Бет бұрған қақпасына қонбай аттанбайтын «құдайы қонақтың» кәдесін де істемеппіз. Ашылмаған қақпаның ар жағында — алынбаған қазына қалып бара жатқанын ескермеппіз. Монологтың ішкі дүниесі — жасаулы жиһазға бай болатынын кезінде түсінсекші! Сол ақ отаудың ішкі жасау-жиһазын емес, жұмыртқадай жұп-жұмыр сырт-сұлбасын көріппіз. Сыртын сырлап сататын саудагердің қалайысын алтынға балап жүріппіз. «Зер қадірін зергер біледі»— зер емес тері екенін қалың қауым байқаса да, біз аңғармаппыз. Шөп қорыған иттей болып, сахнадан сөйленер монологтың «сары алтын сақталған сары сандығын» кұйрығымызбен мықтап басып отыра беріппіз. Алтын толы әбдірені ақтаруға ақылымыз жетпепті.