Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 917

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

ТОҒЫЗЫНШЫ ЗАҢДЫЛЫҚ

Өлшем-ырғақ

(темпо-ритм)
Адам баласының мінез-құлқы, көңіл күйі мен әрекетін, оқиғаның уақыты мен кеңістігін безбендеп, сарапқа салатын өлшем-ырғақ терминологиясын К. С. Станиславский музыка саласынан алып иемденген.

Ы р ғ а қ — әрекет кезінде өтіп жатқан мезгілді мөлшерлейтін ұғым. Қозғалыс тұрғысынан назар салсақ, әрекет желісі — баяу, жәй, сылбыр, орташа, ширақ,жылдам, тез сияқты өлшемдік өзгерістерге түсіп, даму сатысына сай әр қилы жағдайда адамнан белгілі бір мөлшерде күш-қуат талап етеді. Ырғақ иірімдеріне жұмсалған бейнетке сәйкес едәуір қажыр-қайрат жұмсалады. Алайда, ырғақ — адамның ішкі толғанысы мен психикалық көңіл күйіне әсер етпейді Ол — өтіп жатқан әрекеттің қызу қарқыны мен ыстық ырғақты иірімдерін ретке салып, уақыт пен кеңістік үйлесімін кесіп-пішіп белгілейтін процесс.

«Ырғақ — шапшаңдық немесе баяулық. Ырғақ әрекетті ұзартып не болмаса қысқарта алатын болса, тілді де шапшаңдатып немесе баяулата алады» (том 3, с. 143) деп жазады К. С. Станиславский. Өйткені, әрекеттің атқарылуы мен сөйленетін сөзге уақыт кетеді. Ырғақты шапшаңдату деген сөз — әрекет пен сөзге аз уақыт жұмсап, тез қимылдап, тез сөйлеу деген сөз. Ал, ырғақты баяулату деген сөз әрекет пен сөзге көп уақыт жұмсап, баяу қимылдап жәй сөйлеу деген сөз.

Ана тілімізде ырғақтың — баяу, шапшаң, жәй, тез, сылбыр, ширақ, орташа, жедел, саябыр, екпін, қарқын, үдеу т. б. сияқты баламалары өте мол. Алайда, сахна өнерінде де өз мағынасын сақтайтын болған соң музыка теориясына академик А. Жұбанов калыптастырған аталмыш қазақша терминологияны бұзбай қолдандық. Адалында ырғақ деген сөз — қозғалысты, қимылды білдіреді.

Өлшем — адамның мінез-құлқының жиі-жиі өзгеріп отыруына байланысты оның көңіл күйінің де өзгеруін сезімдік тұрғыдан бақылап, бағдарлайтын психологиялық процесс. Сахна кейіпкерінің ішкі тебіренісін, тірлік-тынысын, жүрек лүпілін, тамыр соғысын безбендейтін әрі күрделі, әрі нәзік құбылыс. Демек, «өлшем» дейтін термин өтіп жатқан оқиға мен әрекеттің тынысы мен ырғағын анықтайтын көңіл күй таразысы.

Өлшем мен ырғақ — қатар өмір сүретін бір-бірімен тығыз байланысты элементтер. Көп жағдайда олар бір- біріне тәуелді болып тұрады. Сол себепті де К. С. Станиславский екеуін қосақтап, өлшем-ырғақ деп атаған.

Түптеп келгенде, өлшем-ырғақ қасиетін жаратылыстың өзі жаратқан. Соққан жел мен ескен самалдың, аққан өзен мен тулаған теңіздің, жарқылдаған жасын мен күркіреген күннің өз өлшемі мен өз ырғақтары бар. Тіпті сатырлай жанған өрт пен оның көкке өрлеген түтінінде де өлшем-ырғақтың өрнектері өмір сүреді. Ең жексұрын деген бас пен тістің сырқырауы да соларға негізделген. Жылау мен сықтау, қуану мен қайғыру да сол заңдылықка бағынады. Сайып келгенде, өмірде өлшем-ырғаққа бағынбайтын еш нәрсе жоқ. Дүние мен жаратылыс жарықтық, бәрінің есебін шығарып, кесіп- пішіп өлшеп қойған. Жаратылыста жаңылыс деген болмайды. Дүние түп-түгел есеп-қисап, өлшем-ырғақтан тұрады. Ал, адам бәрін сол табиғат-анадан алады, содан үйренеді. Үйренгенін өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің қалыбына құйып, өрнегіне өрмек етеді. Демек, ырғақ- өлшемді туғызса, өлшем — ырғақты өмірге әкеледі.


«Өлшем-ырғақ» тебіреніс зердесі мен сезім дүниесін қоздыратын құбылыс. Ал, өлшем-ырғақ процесін тудыратын қозғаушы күш —«ұсынылған тосын жағдай». Өлшем мен ырғақтың өзгеріп, құбылуы ұсынылған тосын жағдайдың өзіне тікелей байланысты. Мәселен, «Ревизор» комедиясының бірінші актісінде Бобчинский мен Добчинскийдің қалаға ревизордың келгенін хабарлайтын көрініс бар. Автордың «ұсынылған тосын жағдайы» бойынша аталмыш көріністі қос кейіпкер кақалып-шашалып, жарыса сөйлеп ең шапшаң өлшем-ырғақта өткізеді. Даурыға, дабырласа, асығып, аптығып сөйлеу — Н. В. Гоголь тарапынан «ұсынылған тосын жағдай». Ал, осы көріністі Вс. Мейерхольд басқаша шешкен. Оның қойылымында Бобчинский мен Добчинский ентігін басып, әдейі созып асықпай әрекет еткен. Мақсат — айналасындағылардың төзімін тауысып, ықылас-ынтасын қүшейту. Демек, бұл жерде Вс. Мейерхольдтің «ұсынған тосын жағдайы» өктемдік етіп тұр. Ендеше, өлшем-ырғақты «ұсынылған тосын жағдай» тудырады. Осылардан байқалғандай, оқиға мен әрекет қисыны талап етіп отырған баяу өлшем-ырғақты шапшаңдатып зорлық жасауға болмайды. Керісінше, шапшаңдықты тілейтін өлшем-ырғақтың қарқынын төмендетіп, баяулыққа салуды да еш заңдылық көтермейді. Өлшем-ырғақтың заңдылығы бұзылған жағдайда К. С. Станиславский: «зайыбымен қол ұстаса салып, желе-жортқан күйі таққа барып отыратын император болмайды» деп әзілдейді екен. Шындығында, сән-салтанатпен барып отыратын таққа әйелін жетектеп тұра жүгірген императордың әрекеті күлкі шақырмай ма?

Өкінішке орай, сахна алаңында мұндай жағдайлар болып тұрады. Көрермен түсінбей қалады-ау деп көңіліне күдік алған актер, кейде ойын өрнегін шамадан тыс бөгеп, созып тұрып алады немесе керісінше көрермен зерігеді-ау деп секемденіп, ойын өрнегінің қалыпты өлшемін бұзып, асықтыра бастайды. Актер екі жағдайда да өлшем-ырғақтың заңдылығын бұзады. Өзінің актер- лік көңіл күйінің жалған өлшем-ырғағын кейіпкеріне әкеп таңады. Олай болса, дұрыс өлшем-ырғақтан ауытқу деген сөз — пьесаның әрекет арқауы мен кейіпкердің мінез-құлық қисынынан ауытқу деген сөз. Сол себептіде өлшем-ырғақ техникасының басты элементтерінің бірінен саналады.

Музыкалық театрларда өлшем-ырғақтың нақтылығы мен дұрыстығын дирижер басқарады. Ал, драма театрларында ешкім басқармайды. Сондықтан драма артистері «өлшем-ырғақ» процесіне айрықша мән беріп, оны баптап, дамытуға күш салу керек. Актер ең жәй өлшем-ырғақтан бастап, ең шапшаң өлшем-ырғақ, аралығына дейін айрықша мән бергені абзал. Өйткені, бұл аралықтарда айтарлықтай «секірістер »бар. Мәселен, бір-ақ қана қи

мыл-іс әрекетін орындау барысында бір өлшем-ырғақтан екіншісіне секіру үшін екі тәсіл бойынша әрекет етуге болады: бір жағдайда, ұсынылған тосын жағдайдың өзгеруіне байланысты өлшем-ырғақты да өзгерту болса, екінші жағдайда, өлшем ырғақтың өзгеруіне байланысты ұсынылған тосын жағдайдың тосын түрін табу. Мәселен, Гамлеттің атақты монологы «не өлім, не өмір» (Быть или не быть) үзіндісін алайық. Осы сәтте Гамлеттің ұсынылған тосын жағдайы — асықпау болса, онда бұл монологтың өлшем-ырғағы да баяу болмақ. Яғни «ұсынылған тосын жағдай»— өлшем-ырғақтың сипатын өзгертіп, өз өктемдігін жүргізіп отыр. Ал, егер өлшем- ырғақты жеделдету қажет болса, ұсынылған тосын жағдайдың да сипаты өзгереді. Бұл арада «өлшем-ырғақ» басшылыққа иелік етеді. «Өлшем-ырғақ» тек, сыртқы сипатымызға ғана әсер етіп қоймай, ішкі көркемдік мазмұнымыз бен сезімімізге де әсерін тигізеді. Біз көп жағдайда өлшем мен ырғақтың әрекет үстінде немесе қимыл кезіндегі процесін тілге тиек еттік. Сонда адам қимылдамаған сәттерде: үн-түнсіз отырғанда, біреуді күткенде, жатып дем алғанда өлшем-ырғақтан тыс қала ма деген сұрақ тууы мүмкін.

К. С. Станиславский: «Біз белгілі бір өлшем-ырғақ бойынша өзімізше ой ойлаймыз, армандаймыз, жасып- жабырқаймыз, өйткені тіршілік тоқталып қалмайды. Ал, тіршілік бар жерде —әрекет бар, әрекет бар жерде — қимыл бар десек, қимыл бар жерде — ырғақ та болады, ырғақ болса — өлшем де болады»» (там же, с. 152) деп адам үн-түнсіз ой ойлап, мұңға батса да өлшем-ырғақпен бірге өмір өмір сүретінін айтады.

Ой ойлап, армандау, жабығып, жабырқау — сезім пернелері іспеттес әуендік құбылыс. Асқақ ән мен тәтті күйді сезім тудырады. Ал, ән мен күй түгелдей өлшем мен ырғақтан тұрады. Керісінше, өлшем-ырғақ әуенді өмірге әкеледі. Наза мен наланың, қайғы мен қуаныштың, мұң мен азаның сезімдік әсері уақытпен, яғни не ұзақ, не қысқа мезгіл мөлшерімен өлшенеді. Аталмыш сезім құбылыстарының адам көзіне шалынбайтын ішкі қимыл-қозғалыстарының уақыт өлшемі бар. Мәселен, домбыраның шегінен таралған дыбыс қағыстың қағылуына байланысты не ұзақ, не қысқа үн шығарады. Үннің созылуы немесе тез тына қалуы уақытқа бағынады. Ең елеусіз деген жәй дірілдің де мезгіл-межесі, шет-шегарасы бар. Демек, сезімнің өзіне тән, өз табиғатына лайық өлшем-ырғағы билік етеді. Тіпті, адам ынтызарлығының, күллі көңіл-күйінің, тіршілігінің өз өлшемі мен өз ырғағы қалыпты жағдайда өз бетінше өмір сүріп жатады. Ой ойлау мен қиял кезудің өлшем-ырғағы тіпті ғажап. Ол ғарыштық кеңістік пен сәуле жылдамдығы арқылы өлшенсе керек.


Олай болса, кез келген факт немесе оқиға өзіне лайық өлшем-ырғақпен өмір сүреді. Оқиға өрнегіне сай өз өлшемін таппаған жағдайда олар күлкі шақырады. Өйткені, тіршілігіміздің әр қас қағым сәттерінде ішкі және сыртқы өлшем-ырғақ табиғи түрде жүріп жатады. Ол — өміріміздің тірлік-тынысы, тамыр соғысы. Актер мұраты — өлшем мен ырғақтың тамыр соғысын тап басу, өз әрекетінің күш-қуатына лайықтап шақтау. Сахна алаңындағы актердің іс-әрекеті әр түрлі ұзақтық пен ырғақтың құрамдас бөлімі — ірі және майда қимылдардан пайда болады; ал, тіл сөздің ұзақ немесе қысқа екпінді, екпінсіз буындар мен бунақтарынан тұрады. Өлшем мен ырғақты туғызатындар да солар.

Демек, әрекеттің өлшем-ырғағы бар да, сөздің әрекет ырғағы бар. Ән мен күйдің, көңіл мен қиялдың, қуаныш пен қайғының, қыл қысқасы, сезім пернелеріне қатысты құбылыстардың күллісінің өз өлшем-ырғағы болмысына сай тіршілік етеді. Сайып келгенде, өмірдегі сияқты сахнада да әркімнің өлшем мен ырғағы басшылық қызметін атқарады.

Біз негізінен жеке жағдайларда кездесетін құбылыстарға тоқталдық. Өлшем-ырғақтық көпшілікке тән, ортақ сипаттары да жиі болып тұрады. Әсіресе, көпшілік сахнасы мол спектакльді қою кезінде режиссер мен актерлердің өлшем мен ырғақтың тосын түрімен бетпе-бет кездесіп қалатын сәттері болады. Бұл — қиын процесс. Режиссер мен актер шеберлігі осы тұста сынға түседі. Көпшілік сахнасының тыныс-тіршілігі бір леппен шешілмейді. Оның тамыр соғысы да әр қалай. Адамдары да ала-құла, кейіпкерлерінің мінез-құлық, көзқарас көкжиектері мен қам-қаракеттері де әр алуан. Осындай творчестволық құрамы аса күрделі көпшілік сахнасын бір өлшем-ырғақпен өлшеуге болмайды. Бұл, әсіресе, ең алдымен койылым иесі — режиссерге қойылатын қатаң талап.

К. С. Станиславский: «Егер сахна алаңында өмір сүріп, әрекет етіп жатқан көпшілік ансамбль кордебалетінің бишісі немесе сапта тұрған сарбаздар сияқты бір өлшеммен тыныс алса, онда шартты өлшем-ырғақ түрі пайда болмақ. Ал, оның бар қуаты бәріне ортақ механикалық машық пен тобырлық қана» (там же, с. 157) деп дүйім жұртқа ортақ өлшем-ырғақпен өмір сүруге болмайтынын қадап тұрып ескертеді. Ақиқатқа жүгінсек, бір адам көпшіліктің, көпшілік бір адамның өлшемімен өмір сүрмейді ғой. К. С. Станиславский осыны айтып отыр. Өкінішке орай, көптеген театрларда көпшілік сахнасының өлшем-ырғақтың тіршілік тынысына, тамыр соғысына қалай болса солай ат үсті қараушылық бар. Соның салдарынан К. С. Станиславский айтқан әмбеге бірдей «механикалық машық пен тобырлық» ортақ өлшем-ырғаққа қазықталған табиғи емес шарттылық, жасандылық сипаты бірінші планға шығып кетіп, көпшілік сахнасының көркемдік шынайы тіршілік тынысы бұзылады. Сондықтан, сахна өнерінде бәріне ортақ бір өлшем-ырғақ болмайды. Ол — шарттылық. Ал, шарттылық — кәсіпқойлық пен кейіпкерсындылыққа итермелейтін тәсіл. Демек, көпшілік сахнасына қатысатын әр актердің жеке-жеке өлшем-ырғағын тауып, анықтау — көркемдік кепілі.


Кей жағдайда өлшем-ырғақтың аралас түрлері де кезігіп қалады. Мысалы үшін Гамлеттің ішкі дүниесін айтсақ та жеткілікті. Оның жан сарайында әр қилы әлемтапырық өлшемнің бір арнаға тоғысқан жиынтық жиындысы қайнап жатыр. Ол — шешім мен күдіктің арпалысы. Шешімді — күдік шырмаса, күдікті — шешім жеңе алмайды. Ол үшін: «Өлу ме, қалу ма» проблемасын шешу ең негізгі мақсат. Өлім мен өмір — тайталаста. Міне, дәл осы жағдай, өлшем-ырғақтың осындаң әрі- сәрі әр қилы сипаты — Гамлеттің ішкі күресі мен күдік, шешім қайшылықтарын қатты қоздырып, өзімен өзінің кақтығысын қабындатып жібереді. Бұл процесс — сезімді қамшылап, ішкі психологиялық белсенділікті арттырып, өмір сүруге құштарлықты күшейтеді. Осындай әр қиырдан бас қосатын көңіл күйдің әр қилы құбылысы — аралас өлшем-ырғақтың көркемдік сипатын бейнелейді. Нәтижесінде, Гамлеттің шешім мен күдік болмысынан бастау алған қарама-қарсы екі өлшем бір арнадан құйылыс тауып, ағыс түзейді. Көпшілік жағдайда тек роль ғана емес, мұқым бір пьесаның өзі де әр түрлі қарама-қарсы өлшем-ырғақтың сабақтастығынан сипат табады. Атап айтқанда, А. Чеховтың Ваня, Астров, Соня, Апалы-сіңілі үш қызы сияқты бас кейіпкерлері осы принципке негізделген. Сырттай сыпайы күй кешкен олардың ішкі дүниесі мазасыз. Астаң-кестең аласапыранға толы. Бұлар бір сәт, бір мезетте ішкі және сыртқы өлшем-ырғақпен кабат өмір сүреді. Сырттай сыр бермей, іштей еңіреу — өлшем мен ырғақтың орындаушылық планда өз қиындығын тудырады. Осы тұста көңіл күйдің ішкі асаулығы сыртқы ұстамдылықтың өлшеміне нұқсан келтірмеу үшін тізгінді тең ұстайтын техникалық шеберлік қажет. Ал, іс жүзінде хас шебер деген сахна майталмандарының өздері де «байқатпай» сыр білдіріп қояды. Ішкі тебіреніс тасқынының тегеурінді өлшем-ырғағының екпініне ие бола алмай, кейіпкердің сыртқы тыныс-тіршілігін әбігерге салып жіберетін әлжуаздық байқатып алады. Мұның өзі кейіпкер тіршілігінің табиғи тамыр соғысын дертке душар етеді. Тамыр соғысы қалыпты арнасынан асып кетіп, не тартылып қалып жүрісінен жаңылса, кейіпкер жан дүниесіне жарақат түспек. Жүрегі жаралы, тамыры тартылған жарымжан кейіпкердің сахнада ғұмыры ұзақ болмайды. Өлшем- ырғақтың айрықша атқаратын қызметі — сахна санаткерлерін осындай кінәраттардан сақтандырып, олардан ада-күде арылту.

К. С. Станиславскийдің де алдына қойған мақсаты осы.

Өлшем-ырғақ артист пен рольге ғана емес, күллі пьеса мен тұтас спектакльге де қатысты. Оларды өлшем мен ырғағы бір емес, әр түрлі жылдамдык пен иірімдерден, ірілі-уақты оқиғалар легінен құралып, гармониялык сатыда тұтастық тапқан әлденеше сипаттан танылады. Ал, әлденеше сипаттан тамыр тартқан өлшем мен ырғақтың жиынтық түрі — сахнада спектакльдің әйдік,монументтік не болмаса жеңіл, ойнақы күйін өмірге әкеледі. Кейбір спектакльдерде бірінші сипат билік етсе, кейбіреулерінде екіншісі өктемдік етеді. Міне, осылар спектакльдің орталық тонын тудырады.