Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 915

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Ал, сахнадағы дәлелдеу процесі — кейіпкермәнділікке апаратын дұрыс жол.

Сырттай бейғам, аңғал, адал адам бейнесінде көрінген Ягоның ішкі зұлымдығын тани қою кімге болса да оңай шаруа емес.

Жалпы, сахна алаңында актер әрекетін дәлелдеудің жолдары көп. Драматургиялық материалға, режиссерлік шешімге қарай дәлелдеу процесінің тәсілдері мен әдістері де әр қилы болады. Кей жағдайда дәлелдеу процесі «ұсынылған тосын жағдайлар» арқылы қимыл-іс мақсаты бойынша шешілсе, кейде, керісінше, қимыл-іс мақсаты арқылы «ұсынылған тосын жағдай» бойынша шешіледі. Анығырақ айтқанда, «ұсынылған тосын жағдай» арнасынан саяхат шегіп, қимыл-іс мақсатына маңдай тірейміз немесе керісінше әрекет етеміз. Ал, жоғарыда келтірілген үзіндіде біз, автор текстісі арқылы тағы да «ұсынылған тосын жағдайда» қоныс теуіп отырмыз. Демек, барар жеріміз — Балқан тау болғаны ғой?!

Сонда қалай? Сахнадағы актер әрекетін дәлелдеу үшін неден яғни қай элементтен бастаған абзал:мақсат арқылы ма, әлде сөз арқылы ма? Ақыл арқылы ма, болмаса жігер арқылы ма? Саналылық немесе санадан тыс жолдар арқылы ма?

К. С. Станиславский: «Сахна алаңында — ой мен сезімге сеніп істелген іс ұлылық» (там же, с.281) деп жазған ғой. Ендеше, дәлелдеу деген сөздің өзі сендіру деген сөз немесе сеніп істелген іс емес пе? Дәлелдеу үшін сену керек, ал сендіру үшін — дәлелдеу керек. Мәселен; ішкі рухани мазмұн мен идеядан ада, астарсыз айтылған сөзге кім сенеді? Егер Яго, Отеллоны ең алдымен аң-таң қылып, содан соң сезік алдырып, артынша күдікке күпті қылмаса; ол — шүбәлану, құты қашу, қасірет шегу, қызғану, жек көру, лағынет айту, естен тану процесін бастан өткеріп барып біржола кек алуға бел бумаған болар еді ғой.

Егер Яго зұлымдық ниетін өзінің іс-әрекеті арқылы сендіріп, дәлелдей алмаған болса, онда Отеллоның жан сарайында астан-кестең рухани метаморфоза (өзгеріс) да болмаған болар еді. Солай десем Яго өз мақсатына автордың сөзі арқылы келіп отыр.

Тексеріп көрейік.

Ол: «Мархабатты генерал...» сөзі арқылы ең алдымен Отеллоның назарын өзіне аударуға тырысады. Содан соң қарапайым, адал жан болып көрініп, оның сеніміне кіреді. Ол ойы іске асқан кезде, Кассио мен Дездемонаның арасында күдікті ашыналық байланыс бар деген ұғымды Отеллоның миына құя береді. Сонда ол өз мақсатына Отеллоны қалай сендіреді? Қандан тәсілдер арқылы дәлелдеді?

Үзіндіні қайталайық.
Я г о. Мархабатты генерал...

О т е л л о. Не айтасың, Яго?

Я г о. Сіз үйленбек болғанда, сырыңызды


Білмеп пе еді, Кассио?—
деген жолдарда жоғарыда айтқандай Отеллоның зейінін өзіне аударып: «Сырыңызды білмеп пе еді Кассио?»— деп Отеллоның жүрегіне от тастау бар. Осыларды Яго сөз астары арқылы істемей ме?

Жалғасын тыңдайық:

Отелло. Бәрін білген. Оның несін сұрадың?

Я г о. Жәй, бір ойдың шешуі...

Қастан емес.

О т е л л о. Неғылған ой, Яго?

Я г о. Екеуінін таныстығын білмеуші ем.

О т е л л о. О, ол талай рет, бізбен бірге болатын.

Я го. Солай ма еді! Солай ма еді!
Міне, бар мәселе Ягоның: «Солай ма еді! Солай ма еді!»—деген күдік тудыратын сөздерінің ащы астарында жатыр. Отеллоның аза бойы қаза болып, шүбәланатын тұсы да осы жер. Яго өз мақсатын сөз астары арқылы дәлелдеп тұр. Күллі көркемдік мұратын: «Солай ма еді!» Солай ма еді!» сөздеріне күшті акцент беру арқылы астарлап, жымысқылап жеткізеді. Сөйтіп, бірте-бірте Отеллоны естен тандырып билеп алады. Әбден «алданғанына көзі жеткен бейшара мавр, Ягодан ат-тонын ала қашып, оқшау жүргісі келеді. Бірақ, қолынан келмейді. Өзінің қан құйлы ісін шебер білетін Яго, баладай аңқау Отеллоны тырп еткізбей байлап-матап алады. Бұл оның ежелден аңсаған арам ойы болатын-ды.

Ал, аталған мақсат — автор тексінен туындаған жәйт. Отелло да, Яго да автор сөзі мен сөз астары тудырған «ұсынылған тосын жағдай» желісі бойынша әрекет етеді. Сөз бен сөз астарына — ақыл басшылық етеді. Өйткені, зұлымдықты Яго ойланып барып істеді ғой. Сонда Ягоның дәлелдеу процесі мынадай творчестволық желі арқылы өтеді: сөз — ақылды; ақыл — ұсынылған тосын жағдайды; ұсынылған тосын жағдай — сөз астарын: сөз астары — сезімді (тебіреніс); тебіреніс — мақсатты, мақсат — әрекетті, ал күллісі пьеса мен рольдің сөз астарын өмірге әкеледі. Нәтижесінде, Ягоның ішкі дүниесі көркемдік мазмұн сипатына иелік етеді. Ал, актер творчествосындағы ең қиын мәселе — мазмұнға толы сөз астарының іргесін қалау. Сайып келгенде, К. С. Станиславский жүйесіндегі элементтер шоғыры шынжырдың шығыршықтары сияқты тізбек құбылыс, бір-бірімен байланысып жатады. Олар өз алдына оқшау өмір сүре алмайды. Демек, дәлелдеу процесі кезінде ішкі, сыртқы техника тұтастығын ғана қарастырып қоймай, элементтер бірлігі үшін де күрес қажет, Осылардың творчестволық өзара тығыз байланыстарын анықтап, айқындауда сахналық дәлелдеу процесіне жатады. Ал, автор сөзін дәлелдеу деген — сол айтылған сөзді тұшыну, сезу деген ұғым.

Мәселен, қағаз бетіне түскен өлі сөзді тірілтіп, бойына «жан» кіргізу үшін біз, бірінші кезекте киелі күш «егер де» мен «ұсынылған тосын жағдайдың» жәрдеміне жүгінеміз. Солардың көмегі арқасында ой-сезімге (чувство-мысль) ие боламыз.



Сөздің арнасында «ұйықтап» жатқан ой-сезімді ояту үшін творчестволық көңіл күйге (творческое самочувствие) қозғау саламыз. Творчестволық көңіл күй о й-с е з і м н і ң рухани сыр сандығы.

Творчестволық көңіл күй: сезім шеңберін (круг чувства), шындық сезімін (чувство правды), тебіреніс зердесін (эмоциональная память), нысана (объект) әм қарым-қатынасты (общение) өмірге әкеледі. Творчестволық көңіл-күй — сезім пернелерін күйлейтін құлақ күй.

Ал, аталмыш элементтер — сөз астарын ашады.

Жалпы, сөз астарын ашу — ең қиын процесс. Жоғарыда байқалғандай сөз астарын ашуға көптеген элементтер ат салысады. Сөз астарында автордың идеясы, асыл мұраты, ой толғанысы, өмірге көзқарасы, жүрек лүпілі, сезім қуаты әм поэтикалық үн — әуені бұғып жатады. Адамның парасат санасы мен психологиялық тебіреніс иірімдерінен пайда болатын аталмыш ой мен күй құбылысын тербету, әлдилеу, шайқау, толқыту арқылы ғана тудыруға болады.

Солай десек, сөз астары — зауық (хотение) пен мақсатты (задача) тірілтеді. Өйткені, сөз астарын ашу процесі мақсат үшін қызмет етеді де, сол мақсатты орындауға адамның зауқы соғады. Ал, зауқың соққан істі атқару үшін адамға қажыр керек. Демек, зауық – қажырды тудырады. Олар мақсат — сезімсіз (чувство — задача) ойын бедерін өрнектей алмайды. Ендеше, зауық пен қажыр — мақсат — сезімнің іргесін өреді.

Мақсат — сезім — сахна өнерінің мазмұн-мағынасы, тіршілік тірегі — Ә р е к е т процесін өмірге жегеді.

Ал, осылардың бәріне ақыл-сезім (чувство-ум) басшылық етеді.

Нәтижесінде, кейіпкержандылық (переживание) салтанаты қожалық роль атқарады.

Сайып келгенде, «жүйенің» ішкі техникалық құрамдарының күллісі бір-бірімен шайнаса өріліп, байланысып жататын кіндіктес күрделі құбылыс. Олар жеке-дара өз беттерімен өмір сүре алмайды, матаулы күйі тіршілік етеді. Мәселен, зейін — нысанаға кұрық салса, нысана — зауық пен мақсатқа, зауық — тебіреніс зердесіне, нұрландыруға, әрекетке, сөзге, ақылға құрық тастап ары қарай сабақтасып кете береді. Жібек жіпке мөлдіретіп тізген моншақтарды алқаға айналдырғандай қызық көрініс тудырады. К. С. Станиславский өсиет еткен қағида қабырғасын қалайды.

Біз негізінен сөз бен сөз астарын дәлелдеу процесіне назар аудардық. Ал, сахнада әрекет арқылы дәлелдеу тәсілі де басты роль атқарады. Себебі, көңіл күй кез келген жерде өз өзінен туа салмайды. Ол үшін қимыл-іс әрекеті қажет. Мәселен, В. Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында Гамлеттің Офелияға келетін сахнасы бар. Осы көріністі Офелияның аузымен Шекспир керемет суреттеген. Гамлет Офелияға айтатын ойын ләм-мим деместен тек, қимыл-іс әрекеті арқылы жеткізеді. Екі өкпесін қолына алып Офелияның үйіне жүгіріп кірген принц, ең алдымен есікті іштен мықтап тұрып бекітеді. Есік-терезеге ерекше зер салып, тың тыңдайды. Үй ішін айнала көзбен шолып, күдікті нысаналар іздейді. Офелияның көңіл күйін зерттейді. Үсті-басы алба-жұлба, күздің қара суығы қалтыратып, қалш-қалш етеді. Іс-әрекеті оғаш, есі ауысқан адам сияқты. Осылардың бәрін Гамлет әдейі істейді. «Гамлет жынданыпты» деп лақап тарату үшін жасайды. Өйткені, Гамлеттің Офелияға үйленбекші болғанын жұрт біледі. Сондықтан ең жақын адамының алдында «есалаң» болып көрінсе, күдіктен ада болады. Гамлеттің мақсаты — өзін бүкіл Англияның алдында есуас қылып көрсету! Міне, ол осы мақсатын дәлелдеу үшін әлгідей әрекетті әдейі істейді. Олай болса, сөзсіз, әрекет арқылы да өз мақсатын дәлелдеуге болады екен.


Мұндайда актер өзін қоршаған жағдайларға байланысты кейіпкер атынан әрекет етеді. Сөйтіп, Гамлет-актер бір-ақ рет келіп кеткен көріністің толық тарихи дәлелдемесін жасайды. Өйткені, қимыл-іс әрекет арқауы мен негізгі мақсат желісі алдын ала белгіленіп, оқиға айқындалып, қисын мен сабақтастық арнасы анықталған болатын. Мақсаты айқындалып, қисын мен сабақтастық желісі өмір шындығына қазықталған жерде, актер әрекеті шынайылық пен сенімге ие болады. Сахналық творчествоның еркін әрі табиғи даму шарттары осындай заңдылықтарға саяды.

Асылында, қимыл-іс әрекеті — кейіпкердің ішкі дүниесіне, психофизикасына сыртқы техникалық тәсілдер арқылы әсер ететін актерлік элемент. Адамның жан сарайында болып жатқан толғаныс процестерін айшықтау үшін, актер ен алдымен қимыл-іс әрекетінің желісін (линия физических действий) дәлелдеп шығу керек.

Қимыл-іс әірекетінің желісі — кен жазыққа керілген көген сияқты құбылыс. Ал, К. С. Станиславский «жүйесінің» негізгі элементтері осы көгенге көгенделеді.

Сахна санаткерінің асыл мұраты — сол көгенге көгенделген элементтер легін шындық пен сенім тұрғысынан дәлелдеп беру. Осындай жетекші роліне сай сахналық дәлелдеме элементі «Станиславский жүйесінін» алдыңғы сапынан құрметті орын алады.

ОН ЕКІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Сахналық көңіл күй

(Сценическое самочувствие)


  1. Сахналық сыртқы көңіл күй

(Внешнее сценическое самочувствие)
Сахналық көңіл күй: сахналық сыртқы көңіл күй, сахналық ішкі көңіл күй және сахналық ортақ көңіл күй болып үшке бөлінеді.

Сахналық сыртқы көңіл күй өзінің көркемдік құрамдас бөлігі — ән, әуез, ым, үн, әуен, нақыс, тіл, қимыл, қозғалыс, қарым-қатынас, қимыл-іс әрекеті, амал-айла және дыбыс сияқты көптеген тысқы элементтерден бас құрайды. Аты аталған сахналық сыртқы көңіл күй элементі актердің дене аппаратының икемділігі мен әсемдігін баптау арқылы роль рухының кірпияз, кіді болмысын сахнадан мінсіз етіп бейнелеп беру үшін аса қажет әрекет құралы. Яғни творчестволық зор дайындық процесі.

Актердің творчестволық дайындық процесі ертеңгілік бой жазу гимнастикасынан басталады. Алдымен жеңіл қимылдар жасап, денені қыздырып алады. Содан соң дене мен беттің бұлшық еттерін сылап-сипап «ұйқысынан» оятады. Бірте-бірте саусақтың, қолдың, аяқтың, мойын мен қарынның бұлшық еттерін жеңіл ғана уқалап, сылап-сипап белсенді қимылға келтіреді. Бара-бара дене мүшелерінің бәріне күш түсіретін жаттығуларға көшеді. Сөйтіп, қан айналу процесін қалпына келтіреді. Ертеңгілік бой жазу процедурасын К. С. Станиславский актердің күнделікті ережесіне енгізіп, «актер туалеті» деп атаған. Бұл ереже бұлжымайтын қатаң заңға айналған.

Денені баптап болған соң, дауыс баптауға кіріседі. Үнді көмейге, мұрын қуыстары арқылы кеңсірікке, таңдайға, ерін ұшына жіберіп, дауыс жүретін жолдарды «тазалайды». Ыңылдап ән салып, ара-арасында жеңіл айғайға басып, дауыстың төменгі және жоғарғы екпін- күшін тексереді. Үннің нәзік бояу-нақысын, әуездік иірімдерін құлақ күйге келтіреді.

Тіл — сахна өнерінің басты құралы десек, сұлу сөз, жатық сөйлем, анық айтылған ой сахна сәні. Ендеше, ертеңгілік жаттығудың бір саласы — дикциямен айналысу. Актер мақсаты — сөзден сурет салып, ойдан өрмек өру болса, тұтығу, кекештену, сақаулану, былдырлау, быдықтану, мыңқылдау, міңгірлеу — көркемдік кінәрат. Міне, осындай тілдегі болатын мүкістік сияқты кемшіліктерден аулақ болу үшін актер, күнде ертеңгісін тіл жаттығуларын жасауға міндетті.

Сөйтіп, дене мен тіл тәрбиесінің пайдалы ритмінен өткен актер, сан алуан ырғақтың тербеліс бесігіне түскендей рақат күй кешеді. Бой сергіп, қан тасып денеге күш-қуат тасқыны пайда болады. Ауыздығымен алысқан арғымақтай асау мінез, ерекше тарпаңдық бітеді. Дауысы сырнайдай сыңғырлап, әнге, әуенге шабыты шабады. Тілі шешіліп, сөз сөйлеуге, ой айтуға икемдік танытады. Он екі мүшесіне от жүгіріп, ойнақтап шыға келеді.