Файл: л Фараби атындаы аза лтты Университеті Факультеті Философия жне саясаттану Кафедрасы Жалпы жне олданбалы психология.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 38
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Екінші дүниежүзілік соғыс Еуропада, әсіресе эксперименттік психология пайда болған Германия мен психоанализдің отаны Австрияда психологияның келбеті мен тағдырын өзгертті. 1930 жылдары нацистерден бас сауғалаған көптеген танымал зерттеушілер мен теоретиктер Америкаға қоныс аударды. Осы көші-қон арқылы психология ХХ ғасырдағы өз орнын Еуропадан АҚШ-қа түбегейлі өзгертті.
Соғыс бірнеше танымал теоретиктердің идеяларына да айтарлықтай әсер етті.
Мысалы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың қанды қырғынына куә болған Фрейд озбырлық пен жыныстық қатынасты адам болмысының маңызды қозғаушы күші деп есептеді. Бұл пікір оның психоанализ жүйесіндегі жаңа кезеңінің бастамасына жол ашты. Ал жеке тұлға теориясының маманы, cоғысқа қарсы белсенді Эрих Фромм бар назарын соғыс кезінде Германияда кең таралған – фанатизм сияқты мінез-құлық патологиясын зерттеуге аударды.
Жаңсақ түсінік пен кемсітушілік
Контекстік факторлардың енді бірі – нәсілдік, дін мен жыныстық тұрғыдан кемсітушілік болып табылады. «Кімнің психолог болғысы келеді дейсің немесе психологтерге жұмыс қайдан табылады» деген сыңаржақ пікір жылдар бойы адамдардың санасынан арылмады.
Әйелдерді кемсітушілік. Психология тарихының алғашқы кезеңдерінде әйелдерге деген теріс түсінік өте күшті болды. Атап айтқанда, әйелдерге жоғары оқу орындарына түсуге рұқсат бермеу немесе жұмысқа қабылдамау жағдайлары жиі кездесті. Тіпті әйел адам оқытушы қызметіне орналасса да, оның жалақысы ер-аза- маттарға қарағанда өте төмен болды. Сондықтан әйелдер қызмет бабымен өсу және қызмет мерзімін ұзарту кезінде түрлі қиындықтарға ұшырасты. Әйелдерге оқытушылық қызмет ұсынатын әйелдер колледжінің өзі көбіне тұрмыс құрған қыздарды жұмысқа алмайтын. Оның себебі – тұрмысқа шыққан әйелдер үй шаруасы мен жұмысты бір мезгілде қатар алып жүре алмайды деп есептелді.
Элеанор Гибсон – Америка психологтер қауымдастығының (бұдан әрі – АПҚ) марапатын, сондай-ақ бірнеше құрметті доктор дәрежесі және перцептивті даму мен оқыту саласындағы еңбегі үшін Ұлттық Ғылым медалін иеленген адам. 1930 жылдары Гибсон Йель университетінің магистратурасына құжаттар тапсыр- ған кезде, приматтарды зерттеу зертханасының директоры факультетте әйел адамның жұмыс істеуіне жол берілмейтінін айтқан. Оған фрейдтік психология семинарларына қатысуға тыйым салынды. Әйелдерге магистранттарға арналған кітапхананы пайдалануға немесе ерлерге ғана арналған дәмханаға кіруге рұқсат етілмеді.
Этникалық белгілері бойынша кемсіту.ХХ ғасырдың 60-жылдары еврейлер колледждер мен магистратураға квотамен ғана түсе алатын еді. Бұл үдеріс сол уақытта элиталық университет саналатын үш оқу орны – Гарвард, Йель мен Принстонда кеңінен қолданылғанын зерттеу жұмыстары айқындап отыр. Қабылдау бөлімдерінің қызметкерлері мен университет басшылары «еврейлердің қаптап кетуін» қатаң бақылауда ұстау қажеттігі туралы жиі мәлімдейтін. 1922 жылы Йель университеті қабылдау комиссиясының төрағасы «Еврей мәселесі» тақырыбына баяндама жасап, онда еврейлерді «жат және лас элемент» деп сипаттады. 1938 жылы еврейлерді нацистік Германиядан көшіріп алуға көмектесу жайлы мәселе көтерілгенде, Йель университетінің бір топ студенті: «Біз еврейлерді ұнатпаймыз. Олар Йель университетінде тым көп», – деп мәлімдеді.
Өткен ғасырдың 20-жылдары Гарвард университеті оқуға түсуге өтініш берген еврейлерді 10–15 пайыздан артық қабылдамау саясатын ұстанды. Осы элиталық оқу орындарына түскен еврейлер жиі оқшауланып, оларға студенттік қоғамдарға кіруге, беделді түскі астарға баруға немесе әлеуметтік клубтарға кіруге рұқсат етілмеді. Еврей студенттерінің көп болуы қауіп ретінде қарастырылды. Тіпті сондағы ғалымдардың бірі: «Еврейлер кірді дегенше, Принстон университеті құрыды дей бер!» – деп салды. Оқуға түсіп, кейіннен докторлық дәреже алған еврей студенттері де түрлі кедергілерді көріп бақты. Көптеген колледждер мен университеттер еврейлерді оқытушылық жұмысқа қабылдамады. 1941 жылы докторлық дәрежеге ие болған жеке тұлға теориясы жөніндегі жетекші маман Джулиан Роттер (11-тарау) өзіне «еврейлерді біліктілігін растайтын құжаттары болса да, оқытушылық жұмысқа алынбайтыны» туралы ескерту жасалғандығын еске алады (1982, p. 346). Сол себепті ол өзінің еңбек жолын университетте емес, мемлекеттік психиатрия ауруханасында бастады.
Гарвард психологі Э.Б. Боринг өз магистранттарының бірі туралы былай жазды: «Ол – еврей, сол себепті біз оған оқытушылық қызмет ұсына алмаймыз. Ғылыми ортада, оның ішінде әсіресе психология саласында, еврейлерге қатысты ұнамсыз пікірлер көп». Міне, осыған ұқсас жағдайлар көптеген арғы тегі еврей психологтердің клиникалық психологиямен айналысуына себепкер болды. Осының салдарынан олардың ғылым саласындағы әрекеттері нәтижесіз болғанымен, жұмыс табу мүмкіндіктері көбейді.
Психология тарихында ұзақ уақыт бойы құқай көргендердің бірі – афроамерикалықтар еді. 1940 жылы АҚШ-та психология бөліміне қара нәсілді студенттерді қабылдайтын төрт-ақ колледж бар-тын. Негізінен ақ нәсілді студенттер оқитын университетке қабылданған қара нәсілділер оқу барысында түрлі кедергілерге тап болатын. 1930–1940 жылдары көптеген университеттер университет қалашығында қара нәсілді студенттердің өмір сүруіне рұқсат бермейтін. Психология бойынша докторлық қорғаған алғашқы қара нәсілді студент – Фрэнсис Самнер 1917 жылы аспирантураға түсу мүмкіндігіне ие болды. Самнердің ғылыми жетекшісі оны «басқа нәсілдің көптеген өкілдері ұнамсыз санайтын ақыл-ой мен дене сымбатынан ада түрлі түсті нәсіл өкілі» ретінде сипаттады. Самнер Кларк университетінің аспирантурасына түскен кезде, оқу орнының әкімшілігі оған ас ішетін бөлек үстел әзірледі.
Психологияны қара нәсілді студенттердің дені Вашингтонның Говард университетінде оқыды. Аталмыш оқу орны 1930 жылдары сол себепті «қара Говард» деген атқа ие болды. 1930–1938 жылдары оңтүстік штаттардан тыс жерде психология cаласы бойынша оқуын жалғастырған қара нәсілді студенттердің саны бар-жоғы 36 болса, олардың дені Говард университетінде оқыды. 1920 жылдан бастап 1950 жылға дейінгі аралықта 32 қара нәсілді студент психология бойынша докторлық дәрежесін иеленді. 1920–1966 жылдар аралығында АҚШ-тағы ең танымал 10 психологиялық факультет 3700 гранттың 8 грантын ғана қара нәсілді докторанттарға бөлді.
Кейін балаларды нәсілдік сегрегациялау салдарын зерттеумен айналысқан Кеннет Кларк 1935 жылы Говард университетін бітіріп, психология саласында бакалавр дәрежесіне ие болды. Оның нәсіліне байланысты Вашингтон мейрамханалары оған қызмет көрсетуден бас тартатын. Ол сегрегацияға қарсы студенттік наразылық акциясын ұйымдастырды. 1934 жылы тұтқындалып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыпталды. Оның айтуы бойынша, дәл осы оқиға оның тұлға болып қалыптасуына көп ықпал етті (Phillips, 2000). Кларк Корнелл университетінің аспирантурасына нәсіліне байланысты қабылданбады. Кларктың айтуынша, олар оған мұны: «Ғылым докторы дәрежесін алуға үміткерлер «үлкен» адамдармен байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады. Сен, профессорлармен тығыз байланыста жұмыс істейтін болғандықтан, ертең өзіңді ыңғайсыз сезінетін боласың», – деп түсіндірген. Кларк – 1940 жылы Колумбия университетінде докторлық дәрежесін алған және Нью-Йорк колледжінде профессор қызметінде жұмыс істеген алғашқы афроамерикалық болды.
Колумбия университетінде докторлығын қорғаған Мами Фиппс Кларк –нәсілшілдікке қоса, жыныстық кемсітушілікті де басынан өткерген адам. Ол: «1940 жылдардың басында оқуды аяқтаған, психология ғылымдарының докторы дипломы бар қара нәсілді әйел Нью-Йоркте қажетсіз элемент болып саналды», – деп жазды. Оның күйеуі Кеннет Кларк Сити колледжінде жұмыс істесе де, Мами Фиппс Кларкке оқытушы жұмысы бұйырмай-ақ қойды. Деректерді талдау сияқты қосалқы жұмыспен айналысқан ол мұны «психология ғылымдарының докторы дәрежесі бар адамды қорлау» деп санады. Кеннетпен ақылдаса отырып, Мами Кларк балаларға психологиялық көмек көрсету орталығын ашты. Екеуінің еңбегі еш кетпеді. Мамидың орталығы баланы дамыту жөніндегі әйгілі орталыққа айналды. 1939–1940 жылдары ерлі-зайыпты Кларк- тер қара нәсілді балалардың нәсілдік сәйкестігі және олардың өзін-өзі бағалауы турасында маңызды зерттеу жұмысымен айналысты. Оның қорытындысы 1954 жылы АҚШ Жоғарғы сотының қоғамдық мектептердегі нәсілдік сегрегациялауға жол бермеу жайлы шешімі шыққан отырыста негізге алынды. 1971 жылы Кеннет Кларк Америка психологтер қауымдастығының президенттігіне сайланған алғашқы афроамерикалық болды.
Білім алу мен жұмысқа тұру кезінде түрлі кедергілер көрген әйелдер мен этникалық азшылық өкілдерінің проблемасын сөз еткенде мына бір жайтты да ескергеніміз өте маңызды: біз осы және басқа да кітаптарда психология саласына үлес қосқан әйелдер мен этникалық азшылық өкілдерінің аз да болса бар екенін мойындаймыз. Дегенмен осы саладағы алатын орнына сәйкес, ақ нәсілді азаматтардың бұл кітапта айрықша назарға алынғаны да өтірік емес. Алайда бұл біреуді әдейі кемсітуден туған дүние емес, тарихтың жазылу ретіне қарай болатын құбылыс.
Ғылым тарихының тұжырымдамалары
Ғылыми психологияның тарихи дамуын зерттейтін екі жол болса, оның бірі – тұлғалық жол, екіншісі – натуралистік жол. Жаңа идеяны қабылдайтын кезде маңыздысы не сонда: сол идеяны ойлап тапқан адам ба, әлде идея жүзеге асқан уақыт па?
Тұлғалық теория
Ғылым тарихының тұлғалық теориясында жеке тұлғалардың жетістіктері мен үлесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл көзқарас бойынша, ғылымдағы өзгерістер мен прогресс тарихты өз қолымен жасайтын бірегей тұлғалардың ықпалына тікелей байланысты. Осы теорияға сәйкес, Наполеон, Гитлер немесе Дарвин ұлы тарихи оқиғалардың пайда болуына тікелей әсер етті. Тұлғалық тұжырымдама тұлғалардың есімдерімен байланысты оқиғалар олардың қатысуынсыз ешқашан болмайтын еді деген болжам айтады. Теорияға сенсек, айналып келгенде, уақытты жасайтын адам.
Жалпы, ғылым – оның бағытын айқындайтын ойшыл, жасампаз һәм жігерлі адамдардың жұмысы екені айдан анық. Әдетте біз белгілі бір дәуірді өз заманында жаңалық, теория немесе басқа да жетістіктерге қол жеткізген адамның атымен айқындап жатамыз. Мүсін өнері сөз болғанда «Микеланджелодан кейін», физика туралы айтқанда «Эйнштейннен кейін» дегенді тілге тиек етеміз. Ғылым, өнер мен поп мәдениеттегі тарихтың бағыт-бағдарын өзгертетін шиеленісті дүниелер негізінен жеке тұлғалар арқылы жасалатыныайтпаса да түсінікті жайт.
Осылайша, біз тұлғалық теорияның өз орны бар екенін анықтадық. Бірақ бізге ғылымның немесе қоғамның дамуын түсіндіруге бұл жеткілікті ме? Жоқ, әрине. Көзі тірісінде еңбегі дұрыс бағаланбай, қуғын-сүргін көрген ойшылдар, өнер адамдары мен ғалымдарды кеш бағалап жататын жағдай жиі кездеседі. Қандай да бір идеяның қабылдануы, я қабылданбауы, бағалануы, я мазаққа ұшырауы сол заманның интеллектуалдық, мәдени немесе рухани атмосферасына байланысты екенін осы жайттардан-ақ аңғару қиын емес. Ғылым тарихында ғалымдар ашқан жаңа теориялар мен жаңалықтар өз замандастары тарапынан мойындалмаған жағдайлар өте көп кездеседі. Ең ұлы ойшылдар мен өнертапқыштардың өзі «уақыт рухымен» шектелген.
Сол себепті де кез келген ұлы адамның қандай да бір жаңалығын һәм идеясын қабылдап, оны жүзеге асыруға қоғамдағы басымдыққа ие ой кедергі болуы әбден ықтимал. Алайда белгілі бір уақытта қандай да бір кеңістікте уақытылы қабылданбаған идеяны өзге буын араға ғасыр салып барып мойындауы да мүмкін. Баяу өзгеріс ғылыми прогрестің заңдылығына айналып кететін жағдайлар жиі болып тұрады.
Натуралистік теория
Біз адам «уақытты жасайды» деген пікірдің түбегейлі қате екенін көрдік. Натуралистік теория бойынша, керісінше, уақыт «адамды жасайды» немесе уақыт қандай да бір адамның өзін-өзі танытуына мүмкіндік береді. Егер «уақыт рухы» мен өзге де жоғарыда айтқан күштер жаңа идеяны қабылдауға әзір болмаса, ол идеяның жақтастарын ешкім естімейді. Керісінше, оны кері тартып, түбіне жетеді. Қоғамның берер жауабы да «уақыт рухына» тәуелді.
«Уақыт рухының» тежегіш ықпалы мәдени кеңістікте ғана емес, ғылымда да жұмыс істейді. 1763 жылы шотланд ғалымы Роберт Витт шартты рефлекстер туралы ой айтқан болатын, бірақ ол кезде оған ешкім қызығушылық білдіре қоймады. Арада ғасыр өтіп, зерттеушілер көптеген зерттеу әдістерін игерген уақытта ғана ресей физиологі И.П. Павлов (9-тарау) Виттің байқауларына сүйене отырып, оның ойын дамытып, психологияның жаңа жүйесінің негізін қалады. Әр жаңалықтың өз уақыты болады. «Бұл дүниеде жаңалық дейтіндей жаңалық аз. Біздің бүгін жаңалық деп отырғанымыз, айналып келгенде, бір ғалымның белгілі бір құбылысты қайта жаңалық деп тапқаны ғана» (Gazzaniga, 1988, p. 231).
Бір уақытта жасалған бірдей жаңалықтар ғылым тарихының натуралистік тұжырымын растайды. Екеуі екі жақта, екі бөлек жұмыс істеп, бір-біріне ұқсас жаңалық ашқан жайттар жиі кездеседі. Мысалы, 1900 жылы бір-бірін танымайтын үш зерттеуші 35 жыл бойы генетика бойынша жасаған еңбектері еленбей келген австриялық ботаник Грегор Мендельдің жұмысын қайталаған.
Ғылыми салада әбден қалыптасып қалған қандай да бір теория жаңа көзқарастарды оңайлықпен қабылдай қоймайды. Кейде көп ғалымдардың қандай да бір теорияға қатып-семіп қалатыны соншалық – олар жаңа бір дүниенің тамыры шықпай жатып, оны тұншықтырып тастайды.
1970 жылдары болған тағы бір оқиғаға оралайық. Психолог Джон Гарсия «S – R» (стимул – реакция) теориясына күмән келтірген зерттеу нәтижелерін жариялауға тырысты. Жұмыс жоғары деңгейде орындалып, кәсіби тұрғыда мойындалып, беделді ғылыми марапаттарға ие болуына қарамастан, оның мақаласын алдыңғы қатарлы журналдар қабылдаудан бас тартты. Испантілді америкалық Гарсия Эксперименттік психологтер қоғамына сайланып, АПҚ-ның зерттеуіне ерекше үлес қосқаны үшін марапатталды. Бірақ Гарсияның зерттеу жұмыстары таралымы аз, көпшілікке бейтаныс журналдарда ғана жарық көріп, оның идеяларының кеңінен таралуына кедергі келтірді.