Файл: Балалар ыы туралы конвенция азастан Республикасындаы баланы ытары туралы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 10.01.2024

Просмотров: 98

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы

1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.

2. Мемлекеттiк органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылық iстерiне қатысатын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi.
12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы

1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.

2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.
13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары

1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.

2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп aлуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар.

Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.

3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.

Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.


Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы

1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.

2. Жетiм баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердегi баланың тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының тұрғын үй туралы заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алуға құқығы бар.

3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа үй-жай берiлмейiнше олар тұрып жатқан тұрғын үйден шығаруға болмайды.
15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.

3. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi.

4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы

1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Он сегiз жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және еңбек қатынастарының басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.



4. Баланы ауыр қара жұмысқа, зиянды және (немесе) еңбек жағдайы қауiптi жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.

Жұмыс iстеу оқу процесiн бұзбауға тиiс.
17-бап. Баланың мемлекеттiк көмекке құқығы

1. Мемлекеттiк көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттiк көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.

3. Мемлекеттiк органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу

1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы ор¬та бiлiм мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм берудi;

2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;

3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;

4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi шараларды;

5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;

6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;


7) бiлiктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.

3. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.

4. Тиiстi бiлiм беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы

1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.

2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.

3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.

4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
20-бап. Баланың мiндеттерi

Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. Бала және отбасы
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы

Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары

Бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген құқықтарға ие.
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау

Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.

24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi

1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері өздерiнің қабiлетi мен қаржы мүмкіндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi.

2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
25-бап. Баланың ата-анасымен бipгe тұру құқығы

1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.

2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.

3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы

1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.

2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
5-тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары
27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық және патронат

1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi.

2. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi.

3. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн.

5. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.
28-бап. Бала асырап алу

Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.