Файл: Тест сратары Бірыай бітеу буынды сзді табыыз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.01.2024

Просмотров: 372

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Бұл сапар олжа етпеді.


Сол уақытта хан Кене
Жар етті Жаппар иені.
Аза болып сол жерде,
Алдырды екі түйені.
Шөгеріп салып, түйеге
Зеңбірегін сүйеді.
Тұрғызып қойып атса да,
Сонда да тауға тимеді.


Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бір Құдай.
Былтырдан алған басшысы –
Шапырашты Бұғыбай.
«Бұғыбай басшы қайда?» – деп,
Шақырып алды Наурызбай!
– Əй, Бұғыбай, Бұғыбай,
Қорлық болды бұ қалай?
Жол таба алмай қамалдық,
Амал тапшы бұған-ай!
Былтыр өзің келгеннен
Ханның алдың жарлығын.
Тар жол, тайғақ кешуде
Қолдың алдың жабдығын.
Бір ізіңнен жүргіздің
Үш алаштың барлығын.
Жалғыз жолдан аса алмай,
Тастың тарттым зарлығын.
Бұл сапар алдым ашылмас,
Дүниенің шектім тарлығын.
Сасқан жерде жол тауып,
Білінуші еді нарлығың.
Осы бүгін, Бұғыбай,
Қырғыздың көрдім қорлығын,
Алатаудан аса алмай,
Қазақ жолы байланды,
Бес күн ұдай атысып,
Түгесіп келдім айламды.
Осындайда болмаса,
Көремін қашан пайдаңды?
Осы бүгін күн батпай,
Көрсетші қанат жайғанды.
Тау басында қырғызға
Бір тигізші найзамды.
Айналайын Бұғыбай,
Аралатшы майданды!


Бұғыбай сонда сөйлейді: –
Қысылып тұр-ау жанымыз,
Тау басына жете алмай,
Болмады, сірə, сəніміз.
Жауыңды шаншып беруге
Келмейді, Науан, əліміз.
«Жол тап» – деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Көп кешікпей, Науанжан,
Ханға таман барыңыз.
Баруға көңілің тілесе,
Ханнан жарлық алыңыз.
Томағамды сыпырып,
Қамау тасқа салыңыз.


Мұны естіп Наурызбай,
Алдына барды Кененің –
Түсі суық тартқанда
Төрт қырланған жебенің,
Ажал оғы келгенде
Қорғаны болмас көбенің.
Қолына толды қырғыздың
Басы тау мен төбенің.
Рұқсат берсең, Кенеке,
Барайын соған деп едім.
Салатұғын алдыма
Бұғыбай басшы ер еді.
Əдіре қалғыр Алатау,
Асуға қиын жер еді.
Қамалын барып бұзайын,
Кенеке, жауап бер, – дейді, –
Отыз жігіт сайланып,
Қасыма менің ер, – дейді, –
Тау басына барған соң,
Ойынымды көр, – дейді.
Кене хан сонда сөйлейді: –
Дұшпаннан бітсін ар, – дейді. –
Қолдағы өңшең батырдан
Іріктеп бəрін ал, – дейді. –
Көңілің шапса, Науанжан,
Ертерек сонда бар, – дейді. –
Екі-үш жүздей кісімен
Ойынды барып сал, – дейді.


Наурызбай тағы сөйледі:
– Алладан жəрдем күтейін,
Ата-бабам жар болса,
Бір мұратқа жетейін.
Былтырғы қылған азасын
Қырғыздың бүгін етейін.
Екі-үш жүз кісі көбірек,

Онша алып, тақсыр, не етейін.
Əскерден отыз батырды
Іріктеп алып кетейін.
Тəңірі қосса, қырғызға
Бір тамаша етейін.
Қиын жерде хандарға
Болады сүйеу қарашы.
Қысылған жерде əркімнің
Тəңірім болсын панасы.
Көп кісі қаптай шабуға
Арқаның бар ма даласы?!
Аз кісіге жақсы екен
Алатаудың арасы.
– Мақұл, – дейді хан Кене
Наурызбайдың сөзіне.
Сол уақытта Науанның
Жан көрінбес көзіне.
Иесі тілек қылған соң,
Береді рұқсат өзіне.
Қайтармады меселін
Ұмтылып тұрған кезіне.
Қауырсынды, қанатты,
Таудан үлкен талапты,
Ер көңілді, қалма! – деп,
Жұртқа салды санатты.
Қалың қолдан саралап,
Алады өңкей манапты,
Ерегескен соғыста
Тастан қайтпас болатты.
Тауға қарсы түйлікті,
Сұңқардай жиып қанатты
Отыз жігіт жөнелді –
Тəмəм қолдың беглері.
Бұғыбайды басшы ғып,
Қиын жолды көргелі;
Тау басында қырғыздың
Жазасын барып бергелі;
Қамалын бұзып, жол салып
Бейітін ашып келгелі.
Жаз жайлауы сары дала,
Қыс қыстауы Қарғалы.
Наурызбай кетті бөлініп,
Тау басына барғалы;
Қамалып тұрған қырғызға
Бір бүлікті салғалы.
Кенесары бастығы,
Төменде тұрып қалғаны.
Талап етіп ұрынды
Жаңадан бір жол салғалы.
Сауысқанның аласы,
Ағынан көп қарасы.
Кене хан сонда сөйлейді
Абылай ханның баласы:
– Қол көрінбес шаң болды
Алатаудың арасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман əлеумет
Бірге мінсе кемеге,
Үш алаштың баласы
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,
Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!
Байұзақ датқа түйсініп
Бұл жауаптың тегіне,
Айтайын деп бір сөзді,
Жетіп барды көбіне.
Ханның көңілі соғады
Таудан бір жол саларға.
Бір талапқа бет қойды
Тау басына барарға,
Бекініп жатқан қырғыздың
Қамалын бұзып аларға.
Ұят шығар төреден
Бөлініп біздер қаларға.


«Əйтелік» деп Байұзақ,
Қамшы басты бекерге.
Таудан жолды салайық,
Жабыл! – деді нөкерге.
Аттан түсіп алдымен,
Өзі бір тасты көтерді.
Басшы болды Байұзақ
Бір қайратты етерге.
Байұзақ аттан түскен соң,
Қасына түсті ханымыз.
Ханымыз аттан түскен соң,
Төгілер болды арымыз.
Бұзбасақ та ол тауды,
Түсе қалдық бəріміз.
Жабырласып қол қойдық
Жасымыз бен кəріміз.
Сол уақытта қарасақ,
Тау басынан шу шықты.
Қаптаған қара тұмандай
Мұнарланып бу шықты.


Бу десек, – мылтық түтіні,
Отыз көкжал бөрімен
Наурызбай төре сол шықты.
Бір кезеңге таластық,
Жау жоғары, біз төмен.
Жеткен екен қамалға
Наурызбай атты сұр берен.
Қарқарадай астында
Байұзақ берген көк дөнен.
Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең.
Ор қояндай бұлтиған
Көк дөнен ат астында.
Камзол ішік құнтиған,
Ақ орамал басында.
Көрұғлыға бергісіз
Отыз көкжал қасында.
Сол уақытта Наурызбай
Жиырма бес жасында.
Хан Кене мұны көрген соң,
Қалмады сабыр, қарары.
Қиын болды батырға
Таудан шығып барары.
Наурызбайды көрген соң,
Өлімнен кетті хабары
Түтеген мылтық ішіне
Көзінің кірді жанары.


Наурызбай кірді қамалға
Күн шығыс жаудың шетінен.
Шыдай алмай хан Кене,
Ат қойды таудың бетінен.
Шөке атым жерге бармай-ақ,
Кетті ханның еркінен.
Сыпырылып қалып барады
Көк бурыл аттың көтінен.
Наурызбай кірді қамалға
Жанған оттай бұрқылдап,
Көк дөнен ат астында
Op қояндай бұлтылдап;
Батырлардың найзасы,
Найзағайдай жылтылдап.
Мұнан кірген батырлар
Онан шықты алқылдап.


Хан Кененің арманы –
Құмбелден жатпақ жай алып.
Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып.
Не жаны қалсын Кененің,
Наурызбайдан аянып!
Тарта берді шылбырдан,
Қылышын тасқа таянып.
Кене хан жөней берген соң,
Қалуға нөкер ұялып,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Түйсініп қазақ оянып.


Кене хан кетті ұмтылып,
Шыққалы таудың басына.
Өлімге белін байлады
Əзелде жазған басына.
Қатарласып жөнелді
Кене ханның қасына.
Екі мыңдай кісі боп,
Шықты таудың басына.


Сол уақытта хан Кене
Жар айтты Жаппар Алланы.
Қабат-қабат оратып,
Қырық арқанды жалғады.
Тартып алды ойдағы
Зеңбірек пен арбаны.
Бір-екі рет атқанда
Күңіреніп кетті жан-жағы.
Есік-ежесін қиратып,
Қырғыздың шықты дал-далы.
Келгенін ханның көрген соң,
Наурызбай төре есірді.
Бөгежектеп жүрген ер
Еркінше шауып көсілді.
Жазыла алмай жүр еді,
Түйіні жіптің шешілді.
Қойға кірген бөрідей
Қырғызға салды кесірді.
Бір кіргенде ап келді
Тізілтіп неше жесірді.
Бас-басына таратып,
Жігіттің көңілін өсірді.


Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Төренің алдын орады,
Қырғыздар мерген төккелі,
Бəлені бастан кетіріп,
Хан айласын еткелі.
Зеңбіректі туралап,
Төте жерден бір атты.
Адам мен малды қабаттап,
Топырлатып құлатты.
Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Жолшыбай көбін сұлатты.
Қамалған қатын-қыздарын
«Қоқилатып» жылатты.


Қызыққа тоймай батырлар,

Тереді таудың шиесін.
Бұл сапарда Наурызбай
Жар етті Жаппар иесін.
Қамалын бұзды қырғыздың,
Соғыстың тауып жүйесін,
Алып шықты үш жүздеп
Айғыр менен биесін,
Атан демей, нар демей,
Жетпіс-сексен түйесін.
Бөліп берді бəріне
Сыбағалы тиесін.


Наурызбай гүл-гүл жанады,
Ақ білегін сыбанып.
Жауды аралап қырады,
Қолына жасыл ту алып.
Шын қаһарға мінеді,
Ақша беті қуарып.
Бозбалаға сөйлейді,
Ағасын көріп қуанып.


– Абылай аспас асуда
Кенекем дүкен құрғаны.
Батырлардың жараспас
Майданға кірмей тұрғаны.
Кенекем келді біз үшін,
Үш алаштың қорғаны.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы!
Кеудедегі шыбын жан –
Ар-намыстың құрбаны.
Жар бола көр біздерге,
Атамыз өткен Абылай!
Осындай қиын жерлерде
Тілеуді бергей бір Құдай.
Сендер едің қанатым,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Ұмтылыңдар, ерлерім,
Жан-жағыңа қарамай.


Мылтықтың оғы от алмас
Құлаққа дəрі тұтанбай.
Ақ кіреуке, көк сауыт
Таза жүрсе, тот алмай,
Мылтықтың оғын жібермес
Шығыршығы жұқармай.
Жаман жігіт тозады,
Жауды көрсе қотандай.
Атақты ердің бірі едің
Иісің шыққан жұпардай.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Табыннан қабан Бұқарбай!


Тайынбай жауға кіріңдер,
Айбынды туған ерлерім!
Мінген атың тобышақ,
Күмісті қылыш белдерің.
Осындайда керек деп,
Көзімнің майын бергемін.
Ат мініп, жарақ асқалы
Бəрі осы ма көргенің!
Наурызбай батыр сөйлейді:


– Жара жоқ менің етімде.
Ойын салды бозбала
Алатаудың бетінде.
Мұнда қылмай қайратты,
Қосқа барып өкінбе.
Он екі самқал, жүз мылтық,
Кенекем келген секілді,
Кенекем келіп қосылды,
Кім тұрар оның бетінде?!
Ықпалың жүріп тұрғанда
Қылыңдар жауға өкімді.
Істерің жақса, бектерім,
Бұл соғыстың ретінде
Ұстатармын қолыңа
Қос-қосынан жетімді.


Жарасалық дегенде
Бергендей қырғыз бар малын.
Бітіре алмай төре жүр
Көңілдегі арманын.
Бетіне келер қырғыз жоқ,
Алып жатыр жан-жағын.
Жəне бұзды сол күні
Ақсудың барып қорғанын.


Соншама мықты берік еді
Ақсудың салған қаласы.
Екі жүз үйдің мекені
Ақсудың аяқ саласы.
Сегіз мыңдай бар еді
Сол күнгі қолдың шамасы.
Қорғанды бұзып, мал алды
Айман батыр ағасы.


Кенесары, Наурызбай
Келтіріп жүр кертіне!
Шауып, жаншып, талатты,
Қырғызды қоймай еркіне.
Бір бөлек қырғыз қалмады,
Қашып барып беркіне.
Бақыты шауып тұрғанда
Кене хан жетті сертіне.
Шауып алды тал түсте
Аспара мен Меркені.
Он екі мың кісінің

Көбі Дулат халқы еді,
Егескенде мұқату –
Хан Кененің салты еді.
Меркенің тұтқан ұлығы
Меделі деген сарт еді.
Ақауыз деген арғымақ
Меделі берген ат еді.
Ауызға кіріп сөз болған,
Тұлпардан артық зат еді.


Дұспаны қайтіп кемітер
Кене хан мен Науанды!
Дабысы кетті күңірентіп
Аспара мен Дуанды.
Қалың жатқан қырғызды
Жеңгеніне қуанды.
Қарақыстақ, Шөңгірге
Ұйысқан қырғыз қамалды.
Қол сыймады жүргенде
Алатаудың бауырына.
Дулатты хан жұмсады
Өшіккен қырғыз жауына.
Түсіп жатыр көп қырғыз
Кене ханның ауына.
Он мың кісі ат қойды
Кекіліктің тауына.


Мұнарланып шаң болды
Қызылсудың саласы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы.
Қырғызға лық толыпты
Алатаудың арасы.
Қол алдында жүр екен
Қырғыздың бір данасы.
Наурызбайға кез болып,
Тұра қалды жанаса.
Кəрібоз деген кісі екен,
Ер Қанайдың баласы.


Кəрібоз сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ей, Наурызбай, ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма!
Аза қорлық көрсетіп,
Қатты баттың жаныма.
Не жазығым бар еді
Кенесары ханыңа?
Бітті деп көңілі тынбады
Қырғыздағы арына.
Алмаған ары қалды ма
Қырғызда оның тағы да?


Құсшыны шапты шулатып
Қарақыстақ, Шөңгірден.
Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.
Абылайдың тұсында
Қылған ісің жөн келген.
Қырғыздың жолы бар ма еді
Қалыңсыз саған қыз берген?


Қыстай шаптың елімді,
Малымды салдың телімге.
Босатып қондық, бостырып,
Атамекен жерімді.
Бұрыңнан-соңнан бар ма еді
Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді.
Тіріме қылсаң болмай ма,
Өлгенім саған не қылды?
Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде?
Ашуын бұған бассын деп,
Жерімді саған тастадым.
Бұл алғаның емес пе
Үстімді келіп басқаның?
Жалғыз-жалғыз ат мініп,
Қорғалап тауға қашқаным.
Не себептен хан Кене
Қырғызға мұнша өшікті?
Ақ қалпақты қырғыздан
Қазаққа берді несіпті.
Ат мініп, садақ асынған,
Бізді аямай кесіпті.
Есіркесең болмай ма
Жолыңда жатқан бесікті?


Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды
Мейірімсіз мұнша іс қылдың,
Көп мұсылман зарлайды.
Төрелер, қайда барсаң да,
Рақымсыз атың қалмайды.
Не қалмақ пен шүршіттің
Қырынан шықсаң болмай ма?!
Наурызбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді: –
Жақсы айтасың, Кəрібоз,
Тату едім сенімен.
Қонысты кəпір алған соң,
Кенекем көшкен жерінен.
Бауыры суып ол жақта,
Қарашы болған елінен.
Он екі кісі жібердік
Бекбатырдай еріммен,
Бізге қоныс берсін деп