ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 171
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.
3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.
Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы
1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.
2. Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі жетiм бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда олардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алуға құқығы бар.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй жетiм балаларда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болған кезеңде олар кәмелетке толғанға дейін сақталады.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа тұрғын үй берiлмейiнше, тұрып жатқан тұрғын үйінен шығаруға болмайды.
4. Осы баптың 2-тармағында аталған балалардың тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауды жергiлiктi атқарушы органдар қамтамасыз етедi.
5. Он төрт жасқа толмаған жетім баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үйін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 126-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
14-1-бап. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алуды жүргізеді және оның сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырылғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.
2. Баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді.
Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шарт негізінде жалдауға (қосымша жалдауға) бере алады.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған ақша жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың банктік шотына есептелуге жатады.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алу;
2) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгілеу;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін жалдауға (жалға) тапсыру;
4) баланың заңды өкілдерінің жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауын бақылауды жүзеге асыру тәртібін қамтиды.
3. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары және баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Ескерту. Заң 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 126-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы
1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға сәйкес арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бөлінеді.
4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.
4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253, 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
16-1-бап. Баланың экономикалық қанаудан қорғалу құқығы
Әрбір баланың экономикалық қанаудан қорғалуға құқығы бар.
Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17-бап. Баланың мемлекеттiк көмекке құқығы
1. Мемлекеттiк көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттiк көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.
3. Мемлекеттiк органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу
1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:
1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм берудi;
2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;
3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;
4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi шараларды;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;
6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;
7) бiлiктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.
3. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.
4. Тиiстi бiлiм беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы
1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
5. Балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытты өткізетін өзге де ұйымдарында, лагерьлері мен санаторийлерінде құдайға құлшылық етуді, дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ діни ілімдерді таратуға бағытталған іс-әрекеттерге жол берілмейді.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.