ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 175
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ОТБАСЫ
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары
Әрбір бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi
1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi өмір сүру жағдайын жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
25-бап. Баланың ата-анасымен бiрге тұру құқығы
1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.
3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.
2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
5-тарау. АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық, патронат және баланы қабылдайтын отбасы
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық, қамқоршылық немесе патронат белгіленеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарының қорғалуы үшін ол баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
2. Жасы он төртке толмаған балаларға қорғаншылық белгіленеді, ал он төрттен бастап он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға қамқоршылық белгіленеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.
4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемедегі балаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес патронат белгіленуі мүмкін.
5. Тәрбиелеу мекемесіндегі жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
6. Аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) бар балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген жағдайда, олардың бірге тұруы үшін жағдай жасалады.
Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
28-бап. Бала асырап алу
Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.
28-1-бап. Бала қонақтайтын отбасы
Барлық үлгідегі (білім беру, медициналық және басқа да) ұйымдардағы жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) бала қонақтайтын отбасыларға берілуі мүмкін.
Ескерту. 5-тарау 28-1-баппен толықтырылды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкіндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.
2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның банк шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтіп-бағуды пайдалануға, тәрбие, бiлiм алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетінің құрметтелуiне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуiне, ана тiлінiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнің сақталуына құқығы бар.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беріледi.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.11. № 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар
1. Туғаннан үш жасқа дейінгі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуы бұзылған балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарына туғаннан үш (төрт) жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Туғаннан үш жасқа дейінгі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуы бұзылған балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында балаларды уақытша бағып-күту үшін арнаулы бөлімшелер ашылады.
Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi девиантты мiнез-құлықты балалар орналастырылады.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі, тәрбиелеудің, оқытудың ерекше жағдайларын қажет ететін және арнаулы педагогикалық тәсілді талап ететін балалар орналастырылады.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылын, жасөспірімдер үйін және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын қоспағанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына үш жастан он сегіз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
Жалпы үлгiдегi жалпы білiм беретiн мектеп-интернатқа жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы аз және көп балалы отбасылардың алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi, осы үлгiдегi ұйымдарда күтіп-бағуға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ балалар қабылданады.
Медициналық-әлеуметтік мекемеге (ұйымға) күтімге, медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетуге және әлеуметтік-еңбекке бейімдеуге мұқтаж, төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар қабылданады.
Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылына он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына қабылдау тәртібі мен оларды күтiп-бағу шарттары Қазақстан Республикасының отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы заңнамасында айқындалады.
Жасөспірімдер үйінде балалар ауылы, балалар үйі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігінің шешімі негізінде, психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері әлеуметтік бейімдеуден өте алады.
Дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйінде жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде, психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері әлеуметтік бейімдеуден өте алады.
Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтау және оларға беру үшін үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балалар, уақтылы орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балалар, өміріне немесе денсаулығына тікелей қатер төнген кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-анасынан (олардың біреуінен) немесе оларды қамқорлығына алған басқа да адамдардан алып қойған балалар, арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін балалар, сондай-ақ әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар қабылданады.
Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарына үш жастан он сегіз жасқа дейінгі, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар қабылданады.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған көмек көрсету жөніндегі ұйымдарға әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар қабылданады.
2. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары, осы Заңмен белгiленбеген бөлiгiнде, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
3. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуына байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.