ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 21
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ОҚУДЫ ЖЕКЕ ТҰЛҒАҒА БАҒЫТТАУДЫҢ ОН ТӘСІЛІ
1. Тапсырма. Балаларға (жекелеп немесе топтарға) олардың меңгерген білімдеріне негізделген әр түрлі тапсырмалар беріледі. Аса қабілетті балаларға айтарлықтай жоғары деңгейде ойлауды дамытуға мүмкіндік беретін, мәселелерді шешу қабілеттері мен зерттеу қабілетін пайдалануды талап ететін күрделі тапсырмалар беруге болады.
2. Нәтиже. Балалар қойылған жалпы мақсатқа сәйкес бір тапсырмамен жұмыс істейді, бірақ мұғалім балалардың алдыңғы нәтижелерін ескере отырып, әр баладан әртүрлі нәтиже күтеді. Бастапқы ойды немесе үдерісті түсіне алатындай етіп басқаларға қалай түсіндіру керек екенін түйсіну өте күрделі, сонымен қатар өте тартымды іс болып табылады. Қабілетті баладан басқа балаларға қандай да бір нәрсені түсіндіруді немесе қандай да бір затты үйретуді өтінуге болады, басқа жастағы балалар үшін бірдеңе жазуды немесе жасауды сұрауға болады.
3. Жұмыс қарқыны. Балаларға жалпы тапсырма беріледі, бірақ оларды аяқтауға жұмсалған уақыт олардың дағдыларына қарай анықталады. Қабілетті бала басқаларға қарағанда негізгі міндеттерді орындауға аз уақыт жұмсайтынын болжауға болады, ал содан кейін айтарлықтай күрделі жұмысты орындауға кірісе алады (яғни, келесі оқу мақсатына көшпей, негізгі оқу жоспары мақсатының мәнмәтінінде оқытуды кеңейту және күрделендіру бойынша жұмыс істеу). Көптеген қабілетті балалар қызығушылық пен ұмтылыстың жоқтығынан негізгі тапсырманы өте баяу орындағандықтан, мүмкіндігінің болуына қарамастан қосымша тапсырмаларды орындауға үлгермейді. Кей жағдайларда кейбір балаларға барлық тапсырманы орындамай («тығыздау» деген атпен белгілі болған әдіс), қосымша жұмысқа бірден кірісуге рұқсат етуге болады.
4. Қолдау. Балалар жалпы тапсырманы орындайды, бірақ олардың кейбіреуіне басқаларға қарағанда көп немесе кем қолдау көрсетіледі. Қабілетті балаға білімнің кейбір салаларында жеке көмек қажет болуы мүмкін, мысалы, жазба, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, оқу дағдыларын немесе бірлесіп оқу дағдыларын дамыту.
5. Ресурстар. Балалар ортақ тапсырма орындайды, бірақ айтарлықтай дамыған оқу немесе зерттеу дағдыларын қажет ететін әр түрлі ресурстар беріледі. Қабілетті балалардың әр түрлі ресурстарды немесе өз жұмыстарын таныстыру үшін балама әдістерді пайдалануына түрткі болуға болады.
6. Топтау. Балалар ортақ тапсырма орындайды, бірақ барлығының табысты болуын қамтамасыз ететіндей етіп топтастырылған. Қабілетті балаларды кейде қабілеті ұқсас құрдастарымен топтастырып, олар тапсырманы айтарлықтай жоғары деңгейде орындайды деп күтуге болады.
7. Ақпарат. Балалар ортақ тапсырма алады, бірақ оларға әртүрлі ақпарат, немесе қосымша ресурстар мен ойлауды талап ететін көлемі әртүрлі ақпарат беріледі.
8. Рөлдер. Балалар ортақ тапсырма орындайды, бірақ олардың әрқайсысы әртүрлі рөл атқарады. Қабілетті балаға бас зерттеуші немесе ақпаратты және топ ресурстарын басқаруды ұйымдастырушы рөлін беруге болады.
9. Үй жұмысы. Балаларға әртүрлі үй тапсырмалары беріледі, ал жекелеген оқушыларға сыныпта бастаған жұмысты аяқтау үшін қосымша уақыт қажет болуы мүмкін. Айтарлықтай қабілетті балаларға толық зерттеу жүргізу үшін тақырыптың күрделі аспектілерін қарастыруды тапсыруға немесе басқа тапсырма беруге болады.
10. Диалог/Сұрақтарды пайдалану. Мұғалім оқушылардың деңгейіне қарай өздері қоятын сұрақтары мен оқушылар қоятын сұрақтарға жауаптарын саралайды. Соңғы кезде диалог бойынша саралау жоғары қабілетті балалардың қажеттілігін қанағаттандыру мәселелерін шешуде шешуші мәселе ретінде атап көрсетілуде.
- Eyre материалдары бойынша (1997). Кәдімгі мектепте қабілетті балаларды оқыту.