ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 190
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады. Мысалы: Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін (Абай); Өлке бойындағы қалың тал мен қамыс ақырын қозғалып сыбырлайды (С.Сейфуллин). Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп семіз шық (мақал). Сын есімде шырай категорияларымен қатар, адгективтік және адвербиалдық қызмет барлығы да көрінеді.
Сын есімде өзге сөз таптарымен (мысалы, зат есіммен, үстеумен т.б.) әрі ортақ, әрі формалас сөз тудыратын жұрнақтармен қатар, тек туынды сын есім ғана жасайтын арнаулы жұрнақтар бар: сын есімен сын есім тудыратын шырай жұрнақтары бар. Бұлар да сын есімнің морфологиялық формалары болып есептеледі.
Синтаксистік жағынан қарағанда, сын есім, өзінің табиғи жаратылысына сәйкес, үнемі зат есімге анықтауыш ретінде жұмсалуға лайық. Өйткені қандай белгі болса да, заттың қасында болады да, дәйім затқа шек сүйейді. Мысалы: Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай).
Сын есім баяндауыш та бола алады және баяндауыштың құрамына да ене береді. Мысалы: Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов). Ол тапал, төртпақ екен де, мен ұзын, жіңішке екенмін (Ә.Әбішев).
Зат есім мен сын есімнің тіркесу қабілеттерінде де елеулі айырмашылық бар. Мысалы: зат есімге септеулік шылаулар тіркесе береді. Ал сол септеулік шылаулардың ішінде тек сияқты, секілді, тәрізді, сықылды дегендерден басқа бірде-біреуі тікелей өз мағынасында, өз қызметінде жұмсағанда, сын есімге тіркеспейді. Керісінше, күшейту үстеулері (өте, аса, тым, тіпті, керемет, орасан, ересен, т.б.) сын есімге еркін, тіркесе бергенімен, олар зат есімдерге тіркеспейді. Сөйтіп, септеулік шылаудың сын есімге тіркеспей, зат есімге еркін тіркеспеуі, сондай-ақ, сапалық үстеулердің сын есімге тіркесіп, зат есімге тіркеспеуі бұл екі сөз табының - зат есім мен сын есімнің синтаксистік жағынан бір-біріне ажырайтын ерекшеліктері болып саналады.
Егер де екі я одан да көп жалаң сапалық сын есімдер бір-бірімен қабаттасатындай болса, олар бірін-бірі анықтамайды да, біріне-бірі бағынбайды да, әрқайсысы өз тұстарынан тікелей зат есімге қатысты болады, демек, өздерінің қатыстары бар зат есімді анықтайды. Мысалы: Ызғырық суық сұр бұлт, Аспанды тегіс қаптаған (Б.Маилин); Ермек оқтай түзу, ұзын, биік, кең жолмен келеді (Ғ.Мұстафин). Алғашқы сөйлемде суық және сұр деген сапалық сын есімдер біріне-бірі бағынбай, әрқайсысы тікелей бұлт деген зат есімді әр тұрғыдан анықтап тұрғаны сияқты, екінші сөйлемдегі түзу, ұзын, биік, кең деген сын есімдер де бір-біріне бағынбай, жарыса жол деген зат есімің әр түрлі сипатын білдіріп тұр.
Сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де басқа заттардың қатынастары арқылы да білдірді. Осындай жалпы сипаттарымен байланысты, сын есімдер симатикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, сапалық (негізгі) сын және қатыстық (туынды) сын деп аталатын екі салаға бөлінеді. Бұл сындардың қай-қайсысы болса да қандай? қай? (қалай?) деген сұрақтарға жауап береді.
Сапалық сын есімдер деп мағынасы жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, атап айтқанда, түрі мен түсін (ақ, қара, қызыл, көк, сұр т.б.) сыры мен сапасын (жақсы, жаман, тәуір, нашар т.б.) көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңіл т.б.), дәмі мен йісін (ащы, тәтті, ) білдіретін және заттың басқа да қасиет – белгілерін білдіретін сөздерді айтамыз.
Әдетте сапалық сын есімдерге ешбір қосымша формаларсыз тұрып-ақ, заттың әр қилы сыр-сипатын білдіретін түбір сөздерді жатқызу салты бар. Бірақ бұл қағиданы үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы я басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді. Мысалы: ұзақ, үлкен, қызыл, ащы, тұщы, момын, ашық, жабық, жалпақ, сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызғылт, ашыған, тұщыған, момақан, жалпайған сөздерімен түбірлес болған. Солай болса, мағынасы жағынан сапалық сын есім деп, морфемалық құрылымы жағынан сапалық сын есім деп есептелетін сөздердің саны да, сапасы да үнемі бір аяда қалмай, бірте-бірте ұдайы дамып отырады. Осыған сәйкес, ертеректе туған сындарды ғана емес, кейінгі кездерде жұрнақ (я басқа тәсіл) арқылы жасалған туынды есімдерінің кейбіреулерінде де, негізгі, сапалық сындардың грамматикалық қасиет сипаттары болып отырады. (қараңғы-қараңғылау, қараңғырақ, қап-қараңғы, таныс-таныстыру, танысырақ, тап-тныс т.б.).
Сапалық сындар жалпы сын есім деп аталатын сөз табының негізгі ұйытқысы есебінде қызмет етеді. Осы ерекшеліктеріне қарай, демек, бүкіл сын есім категориясына өзек ретінде қызмет ететіндігіне қарай, өзге сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалған туынды сын есімдер де, семантикалық даму процесі арқылы адъективтенген сөздер де бірте-бірте сапалық сын есімдердің сыр-сипаттарына ие болып, сол топқа көшіп отырады. Ал, сапалық сындардың сын есімдерге арқау болып қызмет ететін негізгі белгілері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және әредік сынның әр қилы реңін білдіретін шырай котегориясының жұрнақтары қосылады; екіншіден оларға сандық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданылатын үстеме буындар жасалады; үшіншіден, олар атрибутты семантикалық ерекшелігіне қарай (жақсы оқушы), адвербиалдық (жақсы оқиды) қызмет атқарады. Міне, осы аталағн негізгі үш белгі сапалық сын есімдердің әрі қатынастық сандардан ерекшелінетін, әрі жалпы сын есім атаулыға тән категориялық белгілері болып есептелінеді.
Қатыстық сын есімдер деп бір заттың белгісі басқа бір заттың я іс-амалды қатысы арқылы білдіретін сөздерді айтамыз. Осы ерекшеліктеріне қарай, қатысытық сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы басқа есімдермен етістіктерден жасалады да, заттың сыртқы түрі мен түсіне, кескіні мен келбетіне, сыры мен сынына, ішкі қасиеті мен сипатына, мекен мен мезгілге және басқа да сол сияқты белгілеріне қатысты сандық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: балалы үй базар, баласыз үй мазар (мақал) дегендегі балалы, баласыз деген туынды сын есімдер үйдің баласы барлығы мен жоқтығына қатысты белгілерді білдіреді.
Сөйтіп, қатыстық сындар зат есім, үстеу, етістік сияқты басқа сөз таптарынан болатындықтан, олардың (қатыстық сандардың) нақтылы мағыналары да өздерінің жасалуына негіз болған сөздерімен байланысты. Осы себептен қатысытқ сандардың мағыналары өздерінің төркіндес (жасалған) сөздерінің синонимі сияқты болып келеді. Мысалы: аталық борыш – атаның борышы; ауылдағы адам - ауылда тұратын адам; ауыспалы қызыл ту – ауыстырылып отыратын қызыл ту. Өздерінің бастапқы төркіндеріен алшақтап кеткен ұзақ (әңгіме), тұнық (су), ашық (сөз) сияқты негізгі сын есім беріліп саналатын, бастапқы ұза(ды), тұн (тұнды), аш (ашты) деген етістіктерден жасалған я туған сындарды алсақ, олардың мағыналары да қаншалықты алыстатады дегенімізбен де, өздерінің бастапқы төркіндерімен мағыналас (синонимдес) келеді.
Сын есімдер морфологиялық (ситетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық – синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.
Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.
Синтаксистік (аналистикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі сандар мен туынды сандардың бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ көйлекті, қара пальтолы т.б.), зат есім мен сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы (көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлану арқылы (үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы-таусыз, елді-күнді) жасалады.
Морфологиялық – синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздердің семантикалық жағыан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы мысалы: (басқа, өзге, шала – жансап т.б.) жасалады.
Бұл тәсілдің ең негізгісі, әрине синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.
Сын есімдер компоненттерінің құрамдарына қарай жалаң сын есімдер және күрделі сын есімдер болып екі сатыға бөлінеді.
Жалаң сын есімдерге ешқандай қосымшаларсыз-ақ негізгі сын есім есебінде қызмет ететін түбір сөздер (ақ, қара, сұр, көк, тік, аласа, тар т.б.) және жұрнақ арқылы жасалған туынды (малды, шөпті, құнарлы, өнімсіз, залалсыз, бойшаң, ұйқышыл, көтеріңкі, серіппелі т.б.) сын есімдер және өзге сөз таптарынан семантикалық жағынан дамып, адъективтенген сөздер (кебу, ауыр, басқа ,өзге т.б.) жатады. Сөйтіп, жалаң сын есімге жататын сөздердің құрамында бір ғана негізгі компонент болады, бірақ ол негізгі компонентте қосымша морфеманың болуы я болмауы шарт емес.
Күрделі сын есімдерге кемі екі я одан да астам компоенттерден құралып, синтаксистік (аналитикалық) жолмен жасалған сындар жатады. Күрделі сын есімдер негізгі сынардан да, олардың өзді-өздінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігіп жасалуы арқылы бір бүтін тұлға ретінде қызмет етеді. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сын есімдердің негізгі үлгілері (модельдері) төмендегідей:
-
сапалық (негізгі) сын есімдер бірімен-бірі тіркеседі. Бұл топқа қара ала, сары ала, торлы ала, шұбар ала, қызыл ала деген үлгі бойынша жасалады, демек, алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сандарда, қара көк, қара сұр, қара торы, қара қоңыр, қара күрең, қара шұбар, қара кер деген үлгі бойынша, демек, алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компоненті күрделі санды да, алқара көк, алқара кер тәрізді үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады. Бұл топқа енетін күрделі сын есімдер жалаң сапалық сындар сияқты, шырайлы формаларында да жұмсала береді. -
Біріңғай я негізгі (сапалық), я туынды (қатыстық) сандар не қайталанады, не қосарланады. Мысалы: кішкене-кішкене, аппақ-апппақ, үлкен-үлкен, малды-малсыз, қоралы-қопсылы т.б. -
Негізгі сын мен –лы (-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: кең маңдайлы, шоқша сақалды, қызыл-шырайлы т.б.
Зат есім, сын есім, есімдік, есімше формаларымен –лы (-лі...) формалары туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: теке сақалды, адыраң көзді, алтын баула т.б.
Я не екі компоненті де бірдей –лы (-лі...) жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я бір компоненті –лы (-лі...) жұрнағы арқылы, бір компоненті -сыз (-сіз) жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады. Мысалы: таулы – тасты, орманды-тоғайлы, әкелі-балалы, ағалы-інілі, ессіз-түссіз, жөнді-жөнсіз, орынды-орынсыз т.б.
Осы топқа төртбұрышты, қос атты сияқты тіркестерден енеді.
-
Зат есім, сын есімдермен –лық (-лік, -дық, -дік,- тік, -тық) формалы сын есімдер тіркесіп, күрделі сындар жасалады. Мысалы: халықаралық, бесжылдық, бескісілік, он адам сиярлық, екі-үш күндік т.б. Сондай-ақ тұрақты тіркестерден де осы жұрнақ арқылы күрделі сын есім жасалады. Мысалы: көңіл көтерерлік, түс шайысарлық, қабырға – қайысарлық, күн көрерлік т.б. -
Я екі компоненті де (сыңарына да) бірде, не - лық –(лік) жұрнағы арқылы не –и жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я бір компоненті - лық –(лік...) жұрнағы арқылы, бір компоненті -и жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я алғашқы компоненті зат есім, соңғы компоненті -лық –(лік...) жұрнағы арқылы, жасалған туынды сын есімдер қосарланады. Мысалы: әскери – саяси (кадрлар), ғылыми - әдеби, (мұра); әлеуметтік-экономикалық (шара), идеалдық-саяси (өмір), қоғамдық –тарихи (тәжірибе), т.б.
Тәуелділіктің үшінші жағының қосымшасы қосылған зат есімге (бірінші компоненті) сын есім (екінші компоненті) тіркесіп, күрделі сын есім негізінде қолданылады. Мысалы: көзі ашық, тілі майда, басы бос, жөн түзу, жүзі жылы, қолы ұзын, қолы ашық, қолы қысқа.
Жалпы атаулардың белгілері басқа-басқа болулары былай тұрсын, бір түрлі белгінің өзінде (мысалы, түсінде, сапасында, көлемінде, салмағында және басқа қасиетінде ) әр алуан рең болатынын, ол реңнің өздері әр қилы дәрежеде болатынын айқындағаннан кейін, сын есімнің шырайы деген не, тілімізде қандай-қандай шырайлары бар және олар қандай тәсілдер (формалар) арқылы жасалынады деген мәселелерді де анықтау қажет болады. Мысалы: Жоғарғы Советтің мәжіліс залы кең де, биік те, жарық та, салтанатты да, сәулетті де екен деген сөйлемде бір залдың өзінде бес түрлі белгі аталып тұр. Бұдан көптеген заттардың алуан түрлі белгілерін салыстырудан да , бір жеке заттың әр түріл белгілерін салыстырудан да басқа-басқа белгілер анықталғанымен, әлденеге заттың бір түрлі я біркелкі белгісінің айырмашылықтары айқындалмайды. Солай болса, аслыстырудың бәрі бірден бір түрлі сындық белгінің әр қилы дәрежесін аша алмайды.
Сын есімің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі я біркелкі белгілерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірінен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Екінші сөзбен айтқанда, біреуі ақ, біреуі қызыл, біреуі сары, біреуі қара, біреуі көк түсті нәрселерді немесе біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі тік, біреуі сопақ, біреуі текше нәрселерді салыстырудан шырай категориясы тумайды. Шырай категориясы я біріңғай ақ, я біріңғай қызыл, я біріңғай қара, я біріңғай сары, я біріңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе біріңғай үлкен я біріңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық, я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туады. Әрине ондай реңдермен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылады. Өйткені, біркелкі белгінің осындай сандық я сапалық айырмашылықтары, сайып келгенде шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу де, тірек те, негіз де болып табылады.