Файл: азастан республикасы білім жне ылым министрлігі мектепке дейінгі балалы ша республикалы орталыы ерте жастаЫ.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 205
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
1 жас 6 ай - 2 жас:
Тамақтануда:
- үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру;
- орындыққа өзі отырып, тұру;
- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдануға үйрету (еске түсіру), тамақтан соң алғыс айту.
Жуынуда:
- қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақандарымен жуу;
- ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.
Киініп-шешіну барысында:
- бас киімін, шалбарын, түймелері ағытылған жейдесін, бәтеңкесін белгілі ретпен шешуі;
- шалбарын, бас киімі мен бәтеңкесін киюі.
Баланың түбекке сұрануы, өз түбегінің орнын білуі, өзінің ғана түбегіне отыра білуді бекіту.
Ескерту жасаған соң қол орамалмен мұрнын сүрту, қалтасынан алып, қайтадан салу.
Өз киімдерінің, орамалының орнын, үстел басындағы өз орнын, киіміне арналған шкафты білу, түбекке отыру қажеттілігін уақытында айту.
Дербес қимыл іс-әрекеті:
Балаларды түрлі қозғалыс белсенділігіне ынталандыру. Бөлмеде және серуенде түрлі қимылдарды қолданып, арбалармен, ойыншықтармен дербес ойындарды ұйымдастыру. Қимылды ойындарға қатыстыру, ересектермен жұптасып түрлі қимылдарды орындау.
Салауатты өмір салты мен сауықтыру-шынықтыру шаралары.
Медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу.
Ұзақтығы 3-5 минут болатын ауа ванналары киімдерін ауыстыру, массаж, күндізгі ұйқы мен бөлмедегі қалыпты ауа температурасының барысында іске асырылады.
Күнделікті шынықтырудың бір түрі — суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Сумен шынықтыру бөлме температурасы +22°С болғанда жалпы немесе жергілікті шаралар түрінде жүргізіледі.
Арнайы шаралар (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады):
- беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4-5 күн сайын 2 градусқа төмен). Сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмен) жеткізу.
- қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап +18°С дейін .
Жаз мезгілінде бүкіл режимдік кезеңдер мүмкіндігінше таза ауада ұйымдастырылады.
Жеке бас гигиенасының ережелерін үйрету: қолын аузына салмау, едендегі лас заттарды көтермеу, өз қажеттіліктері туралы уақытында хабарлау.
Балаларға таныс заттардың қасиеттерімен таныстыру (сабын, тарақ, қолорамал, сүлгі, т.б.) және жеке бас гигиенасы мақсатында қолданылатындығын айту. Ересектердің көмегімен балаларды қол орамалды қолдануға, киіміндегі ұқыпсыздықты байқауға және өзін тәртіпке келтіруге үйрету.
Жыл аяғында бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- доппен ойнай алуы;
- еңістен жоғары көтеріліп, төмен түсуі;
- сатымен төбешікке көтеріліп, төмен түсуі;
- арба мен ойыншық машиналарды сүйреуі;
- ірі жұмсақ ойыншықтарды көтеру, отырғызу, жатқызуды;
- орындыққа өзі отырып, тұруды;
- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдануға үйрету (еске түсіру), тамақтан соң алғыс айтуды;
- өзінің қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақандарымен жууды;
- ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүртуді;
- бас киімін, шалбарды, түймесі ағытылған жейдесін, бәтеңкесін шешуді;
- белгіленген тәртіппен киімдерін дұрыс бүктеп жинауды;
- шалбарын, бас киімі мен бәтеңкелерін киюді;
- түбекке сұрану, өз түбегінің орнын білуі;
- ескертуден соң қол орамалмен мұрнын сүрту, қалтасынан алып қайтадан орнына салуы;
- өзінің орамалы мен заттарын сақтайтын орынды білуі;
- өзінің үстел басындағы орны мен киім ілетін шкафын білуі;
- түбекке отыру қажеттілігі туралы уақытында хабарлауды білуі тиіс.
«ҚАТЫНАС» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: ересектердің тілін түсіне білуді дамыту, қоршаған ортамен байланыс құралы ретінде тілдік реакциялардың барлық түрлерін, белсенді сөйлеуді қалыптастыру
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
Тіл дамыту
Мақсаты: ересектердің тілін түсіне білуін, баланың бастамашылық және жауап бере білу тілін дамыту.
Міндеттері:
1. Тілдік еліктеу қабілеттілігін және сөйлеу тілін дамыту. Бала тілін дамытуда барлық режимдік және тұрмыстық жағдайларды қолдану.
2. Сөздік қорды толықтыруға, тілдің грамматикалық жақтарын және дауыс сазы мен дыбыстауды жетілдіруге мүмкіндіктер туғызу.
Мазмұны:
Алғашқы жарты жылдықтың маңызды міндеті ересектердің тілін түсінуді дамыту болып табылады. Екінші жарты жылдықта белсенді сөйлеу тілін дамытуға баса назар аударылады.
1 жас – 1 жас 6 ай
Тілді түсінуді дамыту
Заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және т.б.), сонымен қатар балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және т.б.) сөздермен балалардың сөздік қорын молайту. Балалар өзінің, жақын туыстарының аты-жөнін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше жануарлар мен өсімдіктердің атауларын білуі тиіс.
Өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуін қалыптастыру.
Балалардың күнделікті орындайтын (ұйықтауға жат, отыр - қазір киініп, серуенге шығамыз және т.б.), сонымен қатар сабақтар мен ойын процесстеріндегі (домалат, шеш, ки, аш, жап, т.б.) іс-әрекеттерін білдіретін сөздермен сөздік қорын молайту.
Тәрбиеші өз қимыл-әрекеттерін, ойыншықтарды балаға көрсете отырып, қарапайым тіркестердің және фразалардың мағынасын түсінуге балаларды үйретеді.
Баланы жай сөйлеммен білдірілген өтініштерді түсініп, орындауға үйрету («Айжанға қуыршақты берші. Шыныаяқ әкеліп берші»).
Тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін, 1-3 көріністен тұратын ойыншықтармен, қуыршақтармен шағын қойылымдардың қарапайым сюжеттерін балаларға түсіндіре білу. Тұтас сөйлем мағынасын көрнекіліктермен, іс-әрекеттермен толықтыра отырып, түсінуге үйрету. Бейнеленіп отырған оқиға барысын қадағалай білуді дамыту. Сахналауда көлік түрлерін (машина, арба), тұрмыста жиі қолданылатын ыдыс-аяқ, жиһаз, киімдерді қолдану, 2-3 ойыншық заттарды көрсетіп, атын атау.
Баланың (1 жас 6 айға қарай) тілдерді түсінуіне, көрсетіліммен бекітілмеген алғышарт жасау. Ересектердің өтінішімен заттарды таба білуге, тақырыптық суреттегі бейнелерді, 1 жас 3 айдан кейін заттың қимылын көрсететін суреттерді танып-білуге үйрету.
Айтарлықтай белгілері бойынша заттарды іріктеуге, тапсырмаларды түсініп орындауға үйрету (тілдерді түсінуін жалпылау).
Белсенді сөйлеуді дамыту
Балалардың ересектермен тілдік қатынасын дамыту. Қажетті ақпаратты түрлі жолдармен жеткізуге үйрету: ым, қимыл, вокал, былдыр сөздер және т.б. Баланы қарым-қатынас жасауда ым-ишараны қолданудан сөз бен буындарды қолдануға көшуге ынталандыру. Балаларды (1 жас 2 ай - 1 жас 4 ай) былдырды белсенді қолданып, былдыр сөздерді айта білуге ынталандыру. Жиі еститін дыбыстар мен сөздерге еліктеуді жетілдіру, таңдану, қуаныш, наразылық, өкіну және т.б. дауыс сазын білдіретін дыбыстар мен сөздерді айту. Сөздік қорды туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана, тәте, т.б.), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ және т.б.), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), қимылдарды (ал, тұр, жібер, т.б.) білдіретін сөздермен толықтыру. 1 жас 6 айға қарай таныс заттарды (киім, жиһаз, ыдыс-аяқ) түсіне, өлшеміне, пішініне қарамастан тауып, атай білуге үйрету.
Ересектердің сөздерін тыңдауға, «Бұл не?», «Не істеді?» сұрақтарына жауап беруге, сұрақ қоя білуге, жеңіл тапсырмаларды орындай білуге,
болмайды, рұқсат сөздерін түсініп, дұрыс әрекет жасауға тәрбиелеу.
Балалардың ынталық және жауап беру тілін дамыту. 1 жас 6 айға қарай екі сөзден құралған сөйлемдерді айта білуге ынталандыру.
1 жас 6 ай - 2 жас
Тілді түсінуін дамыту
Пассив сөздік қорларын төменде берілген сөздер есебінен кеңейту:
- бөлмедегі және даладағы заттар (бақшада, аулада, көшеде);
- кейбір жануарлар (мысық, ит, әтеш, тауық, т.б.), олардың қимылдары;
- ойыншықтар (көжек, қонжық, балықтар, құстар);
- заттардың белгілері (үлкен, кіші, қызыл, көк, сары, жасыл), заттардың күйі (таза, кір), заттардың орны (мұнда, ана жерде);
- уақыт (қазір, содан кейін) және сандық (біреу, көп) қарым-қатынастар;
- ниет білдірумен байланысты (су ішкісі, тамақ жегісі, ұйқысы келеді) іс-әрекеттер;
- дене күйі (суық, ыстық, дымқыл және т.б.), көмек, жанашырлық сезімі («Көжек ауырып қалды, емдеу керек» және т.б.);
- жасы мен жынысына сәйкес айналасындағы адамдар (қыз, ұл, тәте, көке, ата, әже).
Тұрғын үй бөлмелерінің атауын (ауыз үй, ұйықтайтын бөлме, дәретхана және т.б.) және олардың неге арналғаны мен бұл бөлмелерде еркін бағдарлай білуге үйрету.
Балаларға таныс заттарды аты мен түстері бойынша топтастыру (тәрбиешінің көмегімен) іскерліктерін бекіту.
Күрделі таңдау жағдайында сөздік нұсқаулардың көмегімен ойыншық-заттарды іріктеу: пішіні ұқсас (мысалы, текше мен кірпіш, доп пен шар, машина мен арба және т.б.), сонымен қатар, айтылуы ұқсас (мысалы, шыныаяқ пен шәйнек, үстел мен орындық, бас киім мен мойын орамал және т.б.) таба білуге үйрету.
Балаларды ересектердің айтқанын мұқият тыңдауға, топта мінез-құлық мәдениетінің ережелерін сақтау (болады, болмайды, керек), басқа балалармен қарым-қатынастар (кедергі жасама, көмектес, әрі отыр, ойыншықты бер және т.б.) бойынша нұсқауларды орындауға үйрету. Екі-үш әрекеттен тұратын жеңіл тапсырмаларды есте сақтап, орындауға үйрету (мысалы, сөредегі қонжықты алып, маған кел).Қосымшалары бар сөйлемдерді түсінуге үйрету (Шыныаяқ үстелде тұр. Шыныаяқта сүт бар. Шарды шелекке сал, текшені сөреге қой).
Балаларды (1 жас 7 айдан бастап 1 жас 9 айға дейін) таныс іс-әрекеттерді бейнелейтін қуыршақтармен және сюжетті ойыншықтармен жағдаяттар ұйымдастыру арқылы (мысық доппен ойнауда, әтеш су ішіп жатыр т.б.), кейіннен (1 жас 10 айдан бастап 2 жасқа дейін) баланың жеке тәжірибесінен (іс-әрекеттер мен суреттерді көрсетпей) (мерекелер, серуендерде бақылаған балапандар туралы) қарапайым мазмұнды әңгімені түсінуге үйрету.