Файл: Реферат орындаан Трыскелді Дархан 20222023 оу жылы Киіт дстрі.docx
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 33
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
РЕФЕРАТ
Орындаған: Тұрыскелді Дархан
2022-2023 оқу жылы
Киіт дәстүрі
Киіт– құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәденің бірі.
Қазақ халқы арасында “құдалық белгісі киіт, қоныс белгісі – бейіт” деген мақал бар. Яғни киіт – құдалықтың негізгі белгілерінің бірі. Киіт – бас киіт, аяқ киіт болып бөлінеді. Құдаларды бастап барған үлкен адамға бас киіт беріледі де, қалған құдаларға екінші дәрежедегі (аяқ) киіт беріледі. Киіт келген құданың беделіне, алатын орнына қарай бөлінеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем, т.б. қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген. Киіттің ең төменгі түрі кездемелермен бітеді. Қазақстанның кейбір аймақтарында құда түспей-ақ тойы болғанда, сол үй ішіндегі адамдарға жеке-жеке арнап апарылған киімді де киіт деп атайды. Қазіргі кезде “қалың мал” төленбесе де, оның киіт кигізу сияқты дәстүрлері, басқа да жоралғылары жасала береді.
Түйе мұрындық дәстүрі
Қазақ салтында қалыптасқан бір кәде «түйе мұрындық» деп аталады. Қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, көрші ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Оны қазақ кадесінде «түйе мұрындық» деп атайды. Сый алғандар батасын беріп, ризашылығын білдіріп тарасады. Ауыл ардагерлерінің айтуынша, «Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні құдаларға қызды ғана емес, түйені де береді. Ал ботасын өздері алып қалады екен. Араға жылдар салып, қызы күйеу баламен бірге үйіне баласын көтеріп келгенде, ботаны немересіне бәсіре ретінде беріп жіберетін болған.
Қыз көру дәстүрі
«Мырзалар қыз таңдаған келсін мұнда, жігітті қыз көретін біз көрелік» (Т.Жомартбаев). Кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос – жолдастарын ертіп қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса бұрын да қыз-жігіттің ұнатып, сүйіп қосылған кездері болған. Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен. «Қыз көру» салты Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романында кеңірек суреттелген.