Файл: Ілиясты пейзажды лирикасы Ілияс ледеріні кркемдік ерекшеліктері Ілияс ледеріндегі уаыт бояулары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.10.2023

Просмотров: 210

Скачиваний: 4

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Ілияс – лирика шыңының биігі»

Жоспар

  1. Ілиястың пейзаждық лирикасы

  2. Ілияс өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері

  3. Ілияс өлеңдеріндегі уақыт бояулары

Әбділда Тәжібаев Ілияс поэзиясы жөнінде төмендегідей тұжырым ұстанады: «Біздің байқауымызша, мүмкін үстірт те болар, Ілияс Жансүгіров лирикалары үш басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші басқыш - Ілиястың әлі өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсы. Екінші басқыш - Ілиястың өзін-өзі таба бастаған, бірақ ақындық мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің әрі шұбарлаң, әрі шұбар тұсы. Үшінші басқыш-Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі мен мазмұнын келістіре тауып, лирикалық жырларына эпикалық қуат берген тұсы.

Ақынның алғашқы ізденістерінің бірі «Күзгі гүлге» (1912ж.) деп аталады. Күзді адам көңілінің қамығу, торығу сәтіне сәйкес толғау (суреттеу емес) халық әдебиетінде бар тәсіл. Ілияста суреттеу, астарлау бар. Табиғатпен тілдесіп өскен қыр баласының көңіл-күйі мен күз кейпіндегі көрініс астасып жатыр. Гүл - ежелден нәзіктіктің, адалдықтың, әдеміліктің символы. Ақын гүл арқылы табиғаттағы өсіп-өну, өзгеру процестерін лирикалық кейіпкердің ой өзегінен өткізеді.

1915 жылы жазылған «Бұлбұл» деген өлеңінен тынысы кең, екпіні ерекше, сөзді түйдек-түйдек тастайтын ақынды танимыз.

«Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,

Тамсандым, таңдайымның суын жұтып.

Толқытып, толықсытып, емірентіп,

Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық».

Осы жолдарды оқығанда шапқан сайын өршеленетін қас жүйрік көзіңе елестейді. Өлең барған сайын ағылып, екпіндеп, нәрлене береді, қуаттана түседі, өзінен өзі дыбыс ырғағын тудырып, тамаша музыкаға айналады.

Ілияс поэзиясы бір толқынды бір толқын кимелеп, кең айдында қосылғанша өрекпіп тыным таппайтын тау өзендерінің тасқыны тәрізді. Ілияс өлеңдеріндегі жолдар да бірін-бірі бастырмалатып, бірін-бірі асықтырып, бірін-бірі екпіндетіп ала жөнеледі. Ішкі ұйқастармен шебер өрілген өлең жолдары жүрекке жылы тиіп, ойға орнығып қалады.

Ілияс ақындығының алға нық қадам басуына Абай өлеңдері өз әсерін тигізді. «Абайдың кітабы қолыма 1916 жылы түсті. Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзім де біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең кыла бастадым... Тақырыпқа да, түрге де Абай түрінде қызықтым»,- дейді. «Бұлбұлға», «Әншіге», «Қалпымыз», «Тілек», «Өзіме», «Көңілдің жүгірісі», «Жанды сөз», «Алдымда» деген өлеңдері Ілиястың ақындық өрісі мен аяқ алысының қалыптасқанын байқатады. Бұл кезең – жас Ілияс өмірге қызығып, ішіндегі ақындық өнерін төге бастаған шақ. Жас Ілиястың шығармалары өте таза, сылдырлап аққан бұлақ суындай. Көбінесе жаратылыстың түрлі-түрлі әдемі құбылыстарын, құстардың, жәндіктердің көріністерін, дауыстарын суреттейді. Өмірге жаңа аяқ басқан жас Ілияс қоршаған табиғатты, өмірді өлеңдеріне арқау еткен. Бұл кездегі ақын шығармаларының негізгі сарыны ағартушылық, сыншыл реализм бағытында болған, ал өлең үлгісі жағынан үйренген мектебі, алған өнегесі - Абай поэзиясы.


Адамның табиғатымен туа біткен ақындық асыл қасиеттің құдіреті тарихтың қандай аласапыран дауылы да өшіре алмас мәңгілік із қалдыруында болса керек. Шынайы таланттың жан тебіренісінен туған сөз маржандары сұлу да сиқырлы қалпында ғасырларды аттап өтіп, келешекпен жалғасып жатады. Қай заман, қандай дәуірде оқылса да, халықтың ой-талғамын байытып, жан сарайын аша түспек. Қазақ топырағындағы жыр-өрнек үлгісін өз үнімен байытып, ақындық болмысы жарқырап көрінген Ілияс Жансүгіров қаламынан туған дүниелер халық үшін таусылмас қазына. І.Жансүгіровтің поэзиялық мұрасы - қазақ халқының өмірі мен даласының тынысын, асқақ мұраттарын, Жетісу жерінің көркемдігін суреттеген құдіретті де парасатты әлем.

Ауылдан бастап, Гималайға дейінгі аралықты жырлаған жүйрік ақын хас шеберліктің мектебінен өтіп, алдыңғы саптағы ақындар тобына өзінің өршіл үнін қосты. «Тетігі терең, тілі орам, төгілмеген ой арам» деп, ақынның өзі айтқандай, ол туған халқынан ешқандай ойын бүгіп қалған жоқ. Қазақ поэзиясы ой жағынан толысып, көркемдік жағынан кемеліне келіп, пайымды парасаттылық сипаттарға ие болып, ауыр жүктерді арқалап, биікке алып шығатын шымыр поэзия дәрежесіне көтерілді десек, осы поэзияға Ілиястың қосқан қазынасы, жұмсаған күші, төккен тері аз емес.

Ақынның сұлулық мұраттарының орнығуына, көркемдік талғамының қалыптасуына, өлең мәдениетін игеруіне Абай поэзиясының ықпал жасауы - әдеби тағдырындағы бақыттылық. Сонымен қатар, әкесінің ескіше сауатты болуы, кейін өзінің жәдитше оқуы болмысында поэзия үшін жаралған жас дарынның өлеңге әжептәуір әзірлікпен, талғам-талаппен келгенін аңғартады.

Оның алғашқы кезеңдегі жырлары өмірге деген құштарлыққа толы. Ауылда жүріп жас жігіт жастық шаққа лайық, балғын, ыстық лепті, сырлы, лирикалық өлеңдер жазады. Махаббат туралы жазған «Ынтықтар» деген өлеңі оның жүректі кірден арылтатын ең таза ізгі сезім деп қастерлейтінін көрсетеді.

Жан сүйісіп, тән ысып,

Ынта айырылмай жалындар.

Сыбырласып, сырласып,

Кірден жүрек арылар.

Сонымен қатар, алғашқы өлеңдерінде ол ауыл тұрмысын, қараңғылықты, адам мінез – пейіліндегі кеселді құбылыстарды, заман сипатын сынай – міней отыра, халқына жақсылық таңы туар деген арман – үмітін толғап, ауыл жастарын өнер – білімге шақырып «Жалпы жасқа», «Жас бұлбұлдарға», «Жастар ұраны», т.б. өлеңдерін жазды.



«Мұңды құс», «Бұлбұлға», «Қаламға», «Арман», «Әншіге», «Өзіме», «Сәлемдеме», «Көңілдің жүгірісі», «Жанды сөз», «Алдымда» өлеңдерінде адамның көңіл – күйі иірімдері жырланса, «Жауын», «Май», «Қыс» өлеңдерінде табиғат сұлулығын суреттеген.

Академик М.Қаратаев былайша түсіндіреді: «Мұндай балы сорғалаған нағыз поэзияны құйып жасау үшін суреттеп отырған әнді түсіну, жүрегімен сүю қандай қажет болса, халық ұғымындағы аспанда өрлеген аққуға, мамырлаған қоңыр қазға, боздаған сауулы інгенге, нөпір төккен нөсерге, ай астынан соқтырған алтын күрекке байланысты бейнелерді білу, түсіну сондай қажет. Оның үстіне шабыты шарықтаған нағыз ақын боп туу шарт. Ілиястан осының үшеуі де табылған».

Жасампаз еңбек жайындағы жырлар Ілияс Жансүгіровтің лирикалық поэзиясының мол да құнарлы бір саласын құрайды. Ақын алғашқыда өзіне жастайынан таныс малшылар мен егіншілердің еңбегін жырлайды. Осы орайда ол «Егінші», «Ақ сабан», «Қойшының ойы», «Қырман» тәрізді өлеңдерін жазады. Ақынның бұл өлендерінде еңбек адамына, оның ісіне сүйсіну, соларды ардақтау сарындары басым.

Азамат соғысы жылдары Ілияс ауылда болады. Әкесі әперген қызға сүймей үйленеді, тұрмыстық жағынан көп қиналады, үй болам, шаруашылық құрам деп, қысқа дәулетті оңына келтіре алмай, тағы налиды. Осының салдарынан оқи алмағанын, ауылынан ұзап шыға алмағанын, едәуір уақытын зая кетіріп алғанын ақын үлкен өкінішпен «Қажыдым» (1923 ж.) өлеңінде айтып өтеді:

Қуаныштан,

Қайғыдан

Жетім бота -көңілім.

Дұшпандықтан,

Достықтан

Жаралы у өмірім.

Надандықтан,

Настықтан

Желге кеткен, о күнім.

Ауыз әдебиетіне тән жалпыламалықтан нақтылыққа, баяндаудан суреттеуге, аңыз шындығынан көркемдік шындық тудыруға дейінгі «аралықты» жүріп өту ұзақ ізденіс пен тәжірибені керек ететін күрделі үдеріс десек, Ілияс шығармаларынан осы құбылыстардың эволюциясы анық байқалады. Ақын өлеңдерінің хронологиялық ізіне қарап отырып, шеберлік шыңдаудың түрлі өрістері мен бұрылыстарына көз жеткізуге болады.

Қазақ халқының ғасырлар бойы санасында қорытылып, шыңдалған, елегінен өтіп, сұрыпталған асыл ұғымдар мен образдар, қазақтың шаруашылық тұрмысына байланысты бейнелер - Ілияс поэзиясының қаны, ажары, көркі. «Аспанның төсін арда еміп». «Жынды толқын сүзісті», «Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі», «Айырплан аспанда бұлт қайырып» сынды өлең жолдары сөзімізге дәлел.


Ілияс Жансүгіров құлашын құздарға сермеген шабытты шағында өз дарынының биіктігін сезіне отырып:

Тегінде кәрі құлақ сұңғыласың.

Сондықтан сұлу сөзді жыр құласын,

Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,

Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.

Халқымның қуанышты бұлбұлымын,

Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін,

Көтеріп көптің көңілін күнде тауып

Жүлде алар жұма сайын туды күнім,-

деп жырлады. Бұл - арынды, ағынды, алымды ақынның кемел шаққа келіп, жыр жазығында бауырын жаза кең көсілген кезіндегі өзегінен жарып шыққан сөзі. Әбділдә Тәжібаев былайша толғанады: «Баяу қозғалақтап, шабан сөйлейтін әдетіне қарамастан, оның шаршамайтын шалғыр көзінен шабыт жалыны лапылдайтын... Ілияс кілең шығарма толғағын бастан кешірген, шабыт ләззатына құныққан бейнеде, жыршылдық сезімдері тұтанған күйінде көрінетін».

Ілияс Жансүгіров - өлең әлемінің әуезділігін, оның музыкалық ойнақылығын жоғары сатыға көтерген, поэзиямызды жаңа сөз образдарымен, сөйлем, құрылыстарымен байытқан, өлеңнің сыртқы формасын ғана емес, ішкі мазмұнын тереңдете түскен арқалы ақын.

Ауылға келіп, мұғалім болып тұрған 1921 - 1922 жылдардағы Ілияс өлеңдерінің басым тақырыбы оқу, жастар жөнінде болып келеді. «Жалпы жасқа», «Жас бұлбұлдарға», «Жастар ұраны», «Жазғытұрым», «Жазғы шілдеде», «Күзде» деген өлеңдерінде ол жастарды талпынуға, ұйымдасуға, оқуға шақырады.

Ол қараңғылық пен надандықтан шығарар бірден-бір жол – оқу-білім екенін өзінің «Жаңылғаным», «Талғамалар», «Маңым», «Жыбырлақ», «Замандасқа» атты өлеңдерінде де баса айтты.

Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!

Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,

Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас!-

деп, өнер-білімге ерекше ден қою керектігін жырлады.

І.Жансүгіровтің 1928 жылы Москвадағы Коммунистік журналистика институтында оқып жүрген кезіндегі шығармашылық өсуі жаңа сапаға көтеріледі. Москвада өткен үш жыл Ілияс шығармашылығына жаңа мазмұн беріп, жаңа арна салады. Маяковский, Бедный, Уткин, Багрицкий, Светлов, Исаковский тәрізді атақты ақындармен кездесіп, ұшқыр қиялына қанат байлайды, ой өрісі кеңейіп, өмірді тереңірек түсінеді. Ойды кесек-кесегімен тастайтын Ілияста образ, тіл, сурет, пафос көшкен селдей ағындайды. Ілиястың «Желді күнде», «Бұлақ бойында», «Көлге», «Түн», «Жүдеу жүрек», «Жетім» өлеңдерінде табиғат адам сезімі, көңіл күйімен астарласып, психологиялық параллелизммен беріледі.


Ақынның «Жайлауы» - көлемді, көркем дүние. Бір полотноға сыймай жатқан сұлу сурет бар. Құлпырған жайлау. Жұпар ауа, жөңкіле аққан бұлақ. Шіңгір-шіңгір кісінеген құлындар. Сонау қырда алтыбақан. Ән. Аспанды шолған жалғыз бүркіт. Кешкі сәт, жүрек тербеген жылқышылар әні. Күрсіне тыңдаған бойжеткен. Қымыз сапырған бәйбіше. Сөзі нығыз бай. Күні үшін бәйек болған – бие сауған, іркіт піскен, құрт қайнатқан жарлы әйелдері. Қисайған кедей үйі. Тек табиғат суреті емес, көркем де, жанды өмір шежіресі.

Әйел-ананың бақытын жырлау - бүкіл Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің үлкен тақырыптарынң бірі болды. Ілияс та өмірге еркін араласқан, өнер-білімге ұмтылып, ой-санасын есейткен, тіпті ел басқару дәрежесіне шейін көтерілген қазақ әйелдерінің сәтті қадамдарына шын жүректен тебірене, сүйсіне, шабыттана жыр төккен ақынның бірі болды. «Некешілдер», «Қазақы қорытынды», «Кім екен?», «Ала бие», «Желді күн», «Бұлақ бойында», «Бай мен бәйбіше», «Қонақтар мен қожайын», «Жүдеу жүрек»,«Некешілдер», «У», «Қазақ қызы».

Ілияс «сырлы сөзді сары қымыздай сапырған» шығармашылық өрлеу кезеңінде «Күнгей» (1926) өлеңін жазады. Әсем құбылысты автор ақындық үлкен сезіммен оқырманына жеткізе алған. Өлеңде эстетикалык қуат басым.

Кәрі асқар мәңгі меңіреу, ежелгі құз,

Томсарып жатыр әлі жамылып мұз.

Жел қуып, қара тұман қақ жарылып,

Асқарға шыға келді күліп бір қыз.

Көз алдымызға тамаша картина тұтастай тұра қалады. Тыныш жатқан марғау табиғатқа жан бітті, қозғалысқа түсті. Бұл жерде желдің қара тұманды қууы мен қара тұманнан қақ жарылып, асқардан бір қыздың күліп шыға келуі тұтастай бейнелі, сол бейнеліліктің нәтижесінде табиғаттың тамаша суреті жан біткендей сұлулана, құлпыра түседі. Әр сөз, әр тармақ өзара бір-біріне жарығын түсіріп, көркемдік-эстетикалық қызмет атқарып тұр.

Отты көз ойнақтаған, алма албырт бет,

Шыққанда қалып едік күн екен деп.

Жоқ күн емес, халықтың жаңылғаны,

Бұл сұлу күннің күні күнгей еді.

Күнгей – таудың күннің нұры түсетін бір беткейі. Күнгей - сұлу қыз бейнесінде алынып тұр.

«Ақшам» өлеңі:

Тауды тұман бөкселеп,

Өзен төлі жамырайды.

Көз жұмғанда көкше көк,

Көсіліп жер тырайды,- деген жолдар Ілиястың бұл саладағы ақындық бейнесі мен қолтаңбасын танытады. Бұл – зор суреткерлік.

Ілияс тілдегі сөздерді жүз құбылтып, әлденеше саққа жүгіртіп, түрлендіріп отырады. «Рушылдық қоржыны», «сөздің соқасы», «ән ырзасы», «жадағай қабақ», «тағдырдың талы», «өмірдің өзені», «жесір өзен», «қысыр қыр», «ту таулары», «кәрі қар», «сегіз сөз», «пысық күн», «қан қанат», «у тегеуірін», «ащы көңіл, тұщы тіл»,т.б.