Файл: Павлодар облысы Баянауыл ауданы С. Торайыров атындаы жалпы орта білім беру мектебі.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 22.11.2023
Просмотров: 46
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті. 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.
Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, жылу, суық өтпеуіне едәуір әсер етеді.
Киіз үйдің бір бөлшегі - кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны «шым ши» дейді, ораусыз шиді «ақ ши» дейді. Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі жылыққа әсері мол. Сондай - ақ ши тұрғанда сырттан құрт- құмырсқа, кесіртке, жылан, тағы басқа жәндіктер кіре алмайды.
4. Киіз үй түрлері және қолданылу ерекшеліктері.
Орда - салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй. Мұның да бірнеше түрі бар.
Алтын орда – 30 қанаттан ( керегеден) тұратын ханның мәжіліс ордасы.
Алтын үзік - аса лауазымды хан отбасы тұратын 24 қанатты үй.
Ақ шаңқан – 18 қанатты ақ орда, 12 қанат – елбасылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.
Ақ ала орда - 8 қанатты дәулетті бай үйі.
Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдардың үйі.
Боз үй, қоңыр үй - 4-5 қанатты орташалар тұратын қарапайым киіз үй.
Қараша үй - кедей үйі.
Отау – жас жұбайлар үйі.
Жолым үй, абылайша, жаппа - уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлер.
Күрке, қос- ауылда ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлер үйлері.
5. Киіз үйдің іші бөлімге бөлінуі. Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:
1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл - киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.
2.Сол жақ (кіргенде оң жақ) - үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.
3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.
4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.
Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:
1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).
2. Киіздері (ши де осыған кіреді).
3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).
6. Киіз үйдің құрамды бөліктері.
Үй құрамы – үй сүйектері, киіздері және арқан баулары.
Үй сүйектері - үйдің ағаштан тұратын бөлшектері.
Киіздері - киізден тұратын бөлшектері.
Арқан- баулары немесе бау- шулары - құр, арқан, бау, жіптен тұратын бөліктері.
Шаңырақ - үйдің бас бөлігі. Ол бірнеше атаудан тұрады.
Тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
Күлдіреуіш - түндікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек.
Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
Қаламдық- уықтың қаламы кіріп тұратын шаңырақтағы төртбұрышты тесік.
Уық – шаңырақ пен кереге ортасын қосатын иінді ағаш.
Қаламы - уықтың шаңырақ қаламдығына сұғылатын ұшы.
Қары - уықтың иініне дейінгі бойы.
Иіні - уықтың иілген тұсы.
Алақаны – уықтың кереге басына бегітілген басы.
Уықбау – уықты керегеге байлайтын жіп.
Кереге – үй іргесі мен шеңберін құрайтын негізгі бөлік.
Қанат – жиналған кереге.
Желі – керегені құрайтын ағаш.
Ерісі – ағаштардың кереге құрайтын ұзыны.
Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.
Ыру - уық пен керегеге салынған оюлы сызықтар.
Көз - керегенің төр көздері.
Азаткөз - керегенің көктелмеген жерлері.
Сықылауық – киіз үйдің ағаштан жасалған есігі.
Киіз есік – сықырлауықтың сыртынан жабатын есігі.
Маңдайша – екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік есік.
Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.
Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіліп тұратын айналмалы ағаш
тиек.
Туырлық – ордада кереге бойын, шағын үйлерде шаңыраққа дейін жабатын киіз.
Үзік - ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі.
Дөдеге ( үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған
әшекейлі киіз.
Түндік - шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз.
Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымы жасайтын өсімдік.
Ақ ши - кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартатын тоқыма ши.
Шым ши – ою- өрнекті, жүн оралған, туырлық ішінен тартылған ши.
Таңғыш құр- үй тіккенде керегелерді бір- біріне қосып байлайтын терме бау.
Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кетпеу үшін үй айнала жүргізілетін жалпақ
оюлы құр.
Желбеу - сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй
шайқалмас үшін оған салмақ байланады.
Балақбау - көшкенде уықтардың қосып байлайтын баулар.
Аяқбау – уыққа сәндік үшін байланатын түрлі жіптер шоғы.
Есікбау – киіз есіктің бауы.
Тастама - киіз есігін жоғарыдан шаңырақ арқылы маңдайшаға байлайтын бау.
Керегенің басы – керегенің жоғарғы жағы.
Керегенің аяғы – керегенің жерге тірелген жағы.
Кереге қап – сырлы кереге қажалмас үшін, әрі көгіне су тимес үшін қапталған киіз.
Жел арқан – дауылды күндері үйді бастыра тартатын арқан.
Күйеу қазық – үй сыртында жел арқан байланатын қазық.
Бақан – шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша, ұзын
ағаш.
Жабық – туырлықтардың бір - біріне айқаса жабылатын тұсы.
Белбеу – жел тұрғанда туырлық көтеріліп кетпес үшін сыртынан екі жерден тартылатын арқан.
Бас арқан – үйдің барлық салмағын ұстап тұратын, кереге басын орай маңдайшаға бекітілетін берік арқан.
Қазақтың киіз үйі кез келген дүние жүзі халықтьарын архитектуралық , эстетикалық жағынан таң қалдыруда. Қазақы киіз үйді әдетте біз көшпелі халықтың көшіп қонуына ыңғайлы баспана үй тұрғысынан танимыз. Ата- бабаларымыздың өмірі көшпелі болғанымен , рухани болмысы көшпелі болған жоқ. Бабаларымыздың ұрпаққа деген өсиеті үлгісі өнері арқылы жеткен. Менің балалық шағым үйдің жанындағы киіз үйде өткен. Әкемнің ұстаға жасатқан алты қанатты киіз үйі мен оның ішіндегі ою- өрнектері әлі көз алдымнан кетпейді. Шәкірттеріме әркез киіз үйдің жаз мезгілінда салқын түндікті ашқанда жарықтың төбеден түсіп, керегелердің жанынан шиден соққан салқын жанның рахаты екенін айтып отырамын. Киіз үй тақырыбында болашақта киізүйтану пәні мектеп бағдарламасында қосылса деп армандаймын. Қазіргі уақытта киіз үй туралы барлық мәліметтерді жинап, осы пәннің оқу бағдараламын жасау ойымда бар. Бұл менің арманым. Осы арманым орындалу үшін әлі талай еңбек етіп ізденемін. Өйткені жас ұрпақтың қазақы тәрбиеде, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуін қалаймын және сол үшін де еңбек етемін.
Қорытынды
Дәстүр өзгерді, салт жаңарды. Бір кездері ата-бабамыздың киелі қонысы болған киіз үйлер бұл күндері көне жәдігерліктерге айналды. Әжелеріміздің қолымен сырылған сырмақтар, кілемдер, киіз үй жабдықтары қанша ғасыр өтсе де өзбағасын жоғалтқан жоқ.
Бірақ, жаңарған замандағы киіз үйлер жаңаша жабдықталуда. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” дегендей, - ата-бабалардың киелі мекені – киіз үйдің мәні ешқашан жоғалмақ емес.
Қорытындылай келе талай тарихи кезеңді өткерген ата-бабаларымыз адамзат қоғамының көшінде өзінің шаруашылық негізіне, тұрмыс тәсіліне, ұлттық ерекшелігіне қарай дара ұлттық дәстүрін, салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап аса бағалы заттық мәдениеті мен рухани мәдениетін сақтап қалды. Сол қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрі, мәдениеті, халық шеберлері. Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясын жоғарыдағы зерттеулерді сараптайтын болсақ, қазақтардың өнері жоғары деңгейде дамып қана қоймай, орта Азия, Сібір орыс Еуропа халықтарына да үлкен мәдени ықпал етті.
Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері қайта жаңғырған қолөнерімізде ұлт мүддесіне негізделген серпіліс. Мақсатты, білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды қабілетті азамат етіп өсіруде халық қолөнерінің тәлім тәрбиелік, білім – танымдық рөлі орасан зор. Абай атамыз «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» - деген болатын. Қолөнер дегеніміз – кәсіптің бірі. Ал кәсіпшілік ол адамзаттың тіршілік көзі. Мектеп қабырғасында қолөнердің бастауынан нәр алған жастар болса, өмірде өз орнын таба алады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. С.Кенжеахметұлы.
2. Тарихи таңба – интернет материалы
3. Мектептегі технология №4, 2006 жыл
4. E-mail: janbolat_ _91@mail.ru
5. Baq.kz
6. inform.kz