Файл: Таырып 14 Махаббат отбасыны моральды негізі Жоспар.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 30.11.2023
Просмотров: 36
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тақырып 14: Махаббат отбасының моральдық негізі
Жоспар:
1. Махаббатт- некеге тұрудың басты мотиві.
2. Махаббатты зерттеген ғалымдар.
3. Махаббат түрлеріне сипаттама.
4. Махаббатты сақтап қалу жолдары.
Қазіргі кезде некеге тұруда жетекші мотив «махаббат» деп есептелінеді. Бірақ, «махаббатты» некеге тұрудың басты мотиві деп қарастырсақ, онда ажырасу саны неге азаймайды? Некеге тұрған адамдардың тең жартысы ажырасуға барады және ажырасудың саны жылдан жылға өсуде. Некеге тұруда махаббатан басқа рухани жақындық, материалдық есеп, психологиялық үйлесімдік, түрлі моральдық ойлар деген мотивтерде орын алады. Қазіргі кезде жастар арасында сауалнама жүргізгенде махаббаттан кейін материалдық есеп екінші орында, ал кейбір жағдайда бірінші орын екені анықталды. Қай заман болмасын отбасының берік болуына махаббат өзінің ықпалын тигізетіні белгілі. Сондықтан жастар шынайы махаббатты жалған махаббат түрлерінен ажырата білулері керек.
Жеке-даралық махаббат жайында Грецияның ең көне аңыздарының өзінде айтылған, ал классикалық дәуірде, ол жиырма бес ғасыр бұрын, Сократтың, Платонның және Аристотельдің рухани махаббат теориялары қалыптасты. Психологияда махаббаттың жаңа сатылары б.д.д. I ғасырында – римдік ақындар Катулл, Вергилий, Гораций, Овидий жазған еді. Махаббаттың оптимистикалық моделін А.Маслоу ұсынған. Стендаль өзінің «О любви» атты психологиялық-философиялық очеркінде махаббаттың төрт түрін көрсетті. XV ғасырдың Флоренциялық жаңа-платоник М.Фичино махаббаттың үш түрінің мүмкіндігі туралы айтқан. Л.Каслер адамды ғашық болуға мәжбүр ететін үш себебін анықтап, пессимистикалық моделді ұсынды. А.А.Ивин махаббаттың түрлерінен немесе сатыларынан тұратын концепцияны қарастырды. Әлеуметтанушы Д.А.Ли және психологтар К.Хендрик пен С.Хендрик антикалық әдебиеттерге сүйене келіп, алатын ләззаттың типіне қарай махаббаттың негізгі үш түрін ұсынды.
Сонымен қатар, махаббат жайында З.Фрейд, А.Фромм, В.Райх, Р.Хатисс, З.Рубин, С.Л.Франк, Кэрролл Э.Изард, А.Афанасьев, В.И.Мустейн, В.П.Шестаков, В.Розанова, В.Соловьева, Р.С.Немов, Н.Бердяева, Л.Карсавин, Б.Вышеславцев, З.Гиппиус, П.Флоренский, С.Булгаков және т.б. ғалымдар зерттеген болатын. Т.А. Флоренская бұл сөздің түрлі үш түсінігін көрсетеді: махаббат – жыныстық құштарлық ретінде; махаббат – сүйікті болу қажеттілігі ретінде; махаббат – басқа адамда үстемдік ету ретінде.
1. Жыныстық құштарлықта басым болу.
Т.А.Флоренскаяның көзқарасы бойынша, мұндай адамдар отбасын құруға қабілетсіз, яғни оларда өз сексуалдық қажеттілігін қанағаттандырудағы «объектілерді» өзгерту қажеттілігі өте жоғары болатындығын айтқан.
2. Сүйікті болу қажеттілігі.
Бұл қажеттілік ерте балалық шақтан әрбір адамға тән. Бірақ, кейде бұл қажеттілік тек қана өзіне бағытталған болады. Сүйікті болу және сүюге қабілетсіз болу сияқты біржақты қажеттілік – ерте балалық шаққа тамырымен кететін қанағаттанбаушылық, жоғары алаңдаушылық сезімдерінен психикалық қорғаныш болып табылады. Бұл эгоцентристикалық, невротикалық мәні жағынан қажеттілік – өзіне деген махаббаттан, қызғаныштан, назар аударудың жоғарыланған қалауынан, ренішінен т.с.с. жоғарыланған талаптарынан туындайды. Мұндай адамдар некеде толып тұрған жұмыстармен емес, бір-бірінің арасындағы туындаған түсініспеушілік қатынастарын шешумен айналысады.
3. Сүйе білуге қабілетті болу.
«Сүйе» білу деңгейлерінің әртүрлілігі – өзара сезімдерінен бастап өзі бас тартқан махаббатқа дейін. Мұндай адамның махаббаты шынайы, әрі отбасыда берік болады. Егер де сезімдік қанағаттанулар өсіп отырса, онда махаббат та артып отырады: сүйген адамын жалықтырмай, оның рухани дүниесі одан әрі тереңінен ашыла түседі. Бір-бірін сүйген адамдар бір ағзаны құрастырады, оның бөлектенуі өлімге дейін апарады.
Атақты ғалым Р.С. Немовтың айтуы бойынша махаббат тек сезім ғана емес, ол басқа адамды сүйе білу қабілеті, өзінің сүйікті болуы. Ол адамнан күшті, талпынуды, үнемі жетіліп отыруды талап етеді, өзін сүйетіндей дәрежеге жетуге ұмтылу. Махаббат - өнер, ол үнемі үйренуді, жетілуді талап етеді деген.
Махаббат сезімінің дамуы адам тұлғасының даму кезеңдеріне байланысты өтеді. Осыған байлынасты балалык жастық шақта оянған махаббаттың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол қандай ерекшеліктер?
Кіршіксіз жастық шақтың алғашқы махаббаты әрқашан асқақ сезімге бастайды. Жасөспірім шақтағы алғашқы махаббатты жоққа шығаруға болмайды: оны адам баласының тарихы өмірі дәлелдеді.
Жасөспірім шақтағы махаббат қиялға толы. Бұл кездегі махаббат көбіне достықтан шығады. Бірін-бірі сүйе жүрсе де, ұл бала мен қыз баланың көпшілігі өздерінің қарым-қатынастарын көбіне достық деп атайды. Жасөспірім шақтағы жаңа оянған сезімдер өзінің тазалығын сақтай отырып, бірте-бірте бұрынғыдан тереңірек мазмұнға ие бола түседі.
Әртүрлі күй кештіре жүріп, алғашқы махаббат аяқ астынан сөніп қалуы да мүмкін, нақты адам емес, қиялмен жасалынған келбетті де сүйгенде осылай болады. Бұрынғы бейненің орнына қияли жаңа бейне келуі мүмкін. Сондықтан да жігіттер мен қыздардың сезім мәдениеті жоғары болуы, ұстамдылық көрсетуі, өзін-өзі үнемі тәрбиелеуі талап етіледі. Бұлай болмаса, ерте оянған махаббаттың аяғы жеңілтектікпен некелесе салуға, өмірін өкінішке ұрындыруға, мектепті тастауға, асыл мұратты аяқ асты қылуға, арманынан айырылуға соқтыруы мүмкін. Демек, махаббат ерте оянған кезде жігітке немесе қызға жанашыр біреу (анасы, апасы, ағасы не сіңлісі, мұғалімі) болған жағдайды ақылмен ойландыра түсіндіруі керек-ақ. Тегінде нағыз махаббатты көрсеқызарлықтан қалай ажыратуға болады? Нағыз махаббаттың белгілері қандай? Нағыз махаббат адам қатынастарының барша байлығын өз бойына сіңіреді. Ол тек тән құмарлығымен ғана емес, ең алдымен жеке тұлғаның психологиялық даму деңгейімен, оның еңбекқорлығымен, одан қалды оның идеялық-саяси және құқықтық көзқарастарымен сипатталады. Махаббат дегеніміз парасат гүлдері. Адам ның парасат тамыры сау болмаса, мөлдір махаббаты да болмақ емес.
Үлкен махаббат адам жанын жаңғырып, оны тазарта, жақсарта, күштірек ете түседі. Махаббаттың күштілігі сонда, ол адам өмірін қайта жарата алады. Шын ғашық болған адам рухани байып, шабытпен өмір сүреді. Шын беріле, жан-тәнімен сүйетін, өзінің де сүйікті екеніне сенетін адам өз ғашығының бақыты жолында азап пен жоқшылыққа да өзін-өзі құрбан етуге де дайын тұрады.
Адам өмірінде қанша рет сүйе алады деген сұрақ та тууы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы адамның нені махаббат деп түсінуіне байланысты. Азды-көпті құмарту сезімі ойламаған жерден тұтануы мүмкін. Ол тез солады. Көрсеқызарлық «махаббат» болса, әрине, адам өз өмірінде талай рет сүйе алады. Шынайы махаббатқа әдепсіздік пен арсыздық әрқашан да жат. Онда өзара сыйласу, өзін-өзі ұстай білу, керек жерінде сүйгені үшін өз мүддесін құрбан ету басым болады. Ол отбасында дамып, байып, нығая түседі. Көбіне мұндай махаббат өмір бойына созылады. Сүйе білу – қабілет, ал сүюге қабілетсіз жастар бос өмір сүреді, ол жеке тұлға ретінде қалыптаспаған. Шынайы махаббат үнсіз келеді, өйткені шын сезім алдымен сөзбен емес, іспен білінеді. Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, іштен біл – деп жырлаған Абай бұл жөнінде.
Ғашықтардың мінез-құлқы мәдениетті болуы тиіс. Егер адам тәрбиелі болса, онда ол біреуді сүйген кезде де өзін лайықты ұстайды.
Қайсыбір зерттеулерге жүгінсек, жастардың басым көпшілігі достарының арасында, би алаңында, жырақта жүргенде және тағы басқа жерлерде танысады екен.
Адамды жақсы тани білу үшін, онымен мүмкіндігінше көбірек араласқан жөн. Сүйіктіңнің жақсы жақтарын да кемшіліктерін де жете білуі үшін, оны өмірдің әрқилы сәттерінде көру қажет.
Ал махаббат түрлеріне келетін болсақ ғалымдар оның 6 түрін белгілеген. Бірінші түрі - агапэ, бұл түрі жеткіншек шақта кездеседі, алғашқы махаббат, адамның алғашқы сезімі, сүйген адамға басқа ешкім тең келмейді деп санайтын махаббат түрі.
Екінші түрі, ол эрос. Бұл махаббат адамды толық баурап алады, адам өзін-өзі бақылай алмай да қалады, басқа адамдардың сын айтуларын да елемейді. Бұл махаббат негізінде сенім, үміт, махаббат алынады, тек ақыл жетіспейді.
Үшінші түрі - людус деп аталады. Бұл махаббат ойын, бүгін біреу, ал ертең басқа адам ұнайды. Мұндай махаббатта терең сезім болмайды. Өкінішке қарай осы түрі қазіргі жастар арасында жиі кездеседі.
Төртінші түрі - прагма. Кемелденген махаббат. Ақыл-парасаттың негізінде есеп бойынша сүйген адамға қарау. Бұл махаббатты негізінен жақсы түріне жатқызуға болады. Мұнда шексіз, ойсыз берілу деген орын алмайды.
Бесінші махаббаттың түрі – бұл мания. Сүйетін адам өзіне, сүйіктісіне сенімді емес. Үнемі үрейлікте болып, қорқыныш сезімінде болады. Мұндай махаббат түріне тап болған жастар қызғаншақ келеді.
Махаббаттың келесі түрі – сторге. Бұл махаббат түріне жылылық, нәзіктік, достық сезімдері тән. Мұндай махаббат иесі сүйе де, түсіне де, кешіре де, сене де, күте де біледі. Бұл махаббаттың түрі жастар арасында сирек, ал ересек адамдар арасында жиі кездеседі. Ол санамен, сезіммен келетін махаббат. Сонымен, махаббат түрлерінің ішінде берік отбасын құруға мүмкіндік туғызатын махаббаттың түрлері прагма және сторге. Шынайы махаббат ақылдың, сананың және сезімнің тоғысуынан тұрады.
Көне Шығыстың тағылым кітаптарының бірі – «Шабдал бұтақтарында»: «Адам қалауының үш қайнары бар, олар: жан, сана және тән.
Жан қалауынан – достық,
Сана қалауынан – сыйлау,
Тән қалауынан – құмарлық туады.
Осы үшеуінің қалауынан махаббат пайда болады», - деп айтылған.
Махаббат - өзің үшін ғана емес, екінші адам үшін өмір сүре білу, сол екінші адамның қайғысына да, қуанышына да ортақ болу, бір-біріне үстемдік көрсетпей бірін-бірі сыйлай білу, шыдамдылық таныта отырып кешірімді болу, жақсылықтарын асырып, кемшіліктерінен арылуға көмектесу, сол арқылы тіршіліктің қадір-қасиетін танып, оны ардақтау деген сөз.
Шынайы махаббаттың басты белгісі – сүйген адамына ешқашанда жамандық ойламау.
Үйленіп, балалы болғаннан кейін кейбір жастар сүйген адамын өзінің меншігіне айналдырғысы келіп тұрады, ол үлкен қателік, түбінде көптеген проблемаларды тудырады. Керісінше, адам өзін-өзін үнемі жетілдіре отыра, сүйген адамының көңілін қалдырмай, оған сеніммен қарап бостандығына нұқсан келтірмеу керек.
Махаббаттың алтын тұғыры –достық, тұрақтылық. Тұрақтылық, орталылық, адалдық жоқ жерде шынайы сүйіспеншіліктің болуы мүмкін емес екені айдан анық.
Махаббат – таңғажайып кереметтерді дүниеге әкелуші. Адамзаттың көркемдік тарихын мәдениет пен махаббат тарихы деуге де болады. Тұңғыш суретшінің қолына құралды ұстатып, жартасқа бейне салдыртқан, тұңғыш ақынға шабыт сыйлап, өлең жаздыртқан осы махаббат екені даусыз. Ең ұлы көркем туындыларының авторлары махаббат сезімінің әсерімен шығарғаны тарихта аян. Әрине, барлық адамдардың сүйіспеншілігі шығармашылығынан көрініс тауып отырмайды. Бірақ шынайы махаббат сезімі бойын кернеген адам бақытты, жігерлі, құдыретті. Өйткені құс ұшуға жаралған сияқты, адам сүюге жаралған. Олай болса, ең ұлы арманына ұмтылған немесе оған қолы жеткен адам бақытты болған. Сол себепті оны өмірдің мәңгілік жаңғыртып, жаңартушысы деудің қисыны бар.