ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.12.2023
Просмотров: 28
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Мамандығым – мақтанышым
Мамандық деген не деген сұрақ төңірегінді сөз қозғар болсақ, қазақтың данышпан ақыны Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзі ойға оралады, яғни әрбір адам өзінің жүрек қалауымен атқарғысы келген сүйікті ісін адаспай тауып, қоғамға пайдасын тигізетін тұлға болу дегенді білдірсе керек.
Мен ұстаз ретінде қызмет атқарып келе жатқаныма көп жыл болмаса да, осы уақыт аралығында мамандық таңдауда еш қателеспегенімді, шәкіртті білім нәрімен сұсындату мен тәрбиелеу – мен үшін нағыз жүрек қалауым екендігін анғардым. Кішкентай кезінде мұғалім, дәрігер, я болмаса сатушы болуды армандамаған бала жоқ шығар. Менің де балалақ шақтан бергі армандарымның бірі – ұстаз болу еді, бүгінгі таңда өзім қалаған, қиындығы мен қызығы, сауабы мол ұстаздық қызметті атқарып жүргеніме қуанамын. Өйткені, балалар әлемі құпияға, шынайылыққа, махаббатқа толы әлем. Оларға шын жанашырлықпен, асқан ыждаһаттылықпен, зор ықыласпен білім бере алсаң, жанынды қылаудай жаманшылығы жоқ, көңілі ақ парақтай тап-таза шәкірттердің сізге деген зор құрметін аңғарасыз. Күн сайын жас өрендердің оқуға, білімге деген құштарлығын көргенде, менің де өз мамандығыма деген махаббатым арта түседі.
Сөз соңында, Абайша айтқанда, «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» дегендей, шәкірттеріме білім беру жолында талмай қызмет атқарып, балаға үйретуден еш жалықпайтынымды білемін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың ертеңі жарқын болуы үшін тырнақтай болса да өз үлесімді қосып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүргенімді зор мақтаныш етемін.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев
Шындықтан туған шынай поэзия иесі, қазақтың қара өлеңіне өзгеше рең өшпес бояу беріп, қайталанбас құбылысқа айналған мұзбалақ ақын М.Мақатаевтың туғанына міне биыл 92 жыл толыпты. Ол - туған халқы үшін мәртебесі биік ақиық ақын ретінде мәңгілік жадымызда сақталып келеді.
Ақын бала күнінен көп қиыншылық көріп өскен. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген соң, тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Әкесі соғысқа кетіп, оралмайды, әкесінен жастай айырылған ақын ерте есейіп, анасына қолғабыс етіп, отбасын асырауға жәрдемдескен. Балалық шағынан бастап қанша қиыншылық шексе де, қаламы қолынан түспеген. Ақын қандай өлең жазса да, жалған сөзге әуес болмады. Өлеңдерінен Отанға, еліне, жеріне деген шексіз махаббаты есіп тұрады. Туған жері туралы:
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,
Кім құмартса, өзі көрсін көзімен – деген шумақтан-ақ туған жерге деген сезімі мен құрметі, сүйіспеншілігі байқалып тұр.
Жазбай-ақ қойдым, жазғаным енді ұятты,
Менсіз де мынау ғаламат жырау дүние
Өзінен-өзі жырланып тұрған сияқты – деген өлең жолдарынан ойға түйер ақыл көп.
Ақынның кез келген өлеңі тыңдарманды, оқырманды ойландырмай қоймайды, әрбір шығармасы жүректерді жаулап, ән болып шартарапты шарлауда.
Есіл ақын көзі тірісінде лайықты түрде құрметке ие болмай өтсе де, өзінің өлеңдері болашақта бәрібір бағаланатынын, артында қалған мол мұрасының халық жадында жаңғырып, оның рухын аспандататынына сенген.
Қорыта келе, ұлы қуаныштары мен ұлы қасіреттерін терең сезініп, тебірене жырлаған Мұқағали Мақатаев жыр тауы күн өткен сайын зорайып, асқақтай түспек. Ақын жырлары қазақ өлеңін оқитын ел аманда мына туған халқымен бірге өзінің ұлы тауларымен, ұлы даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
Кісіліктің діңгегі – Дінмұхамет
Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев - 1912-1993 жылдар аралығында өмір сүрген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик, техника ғылымдарының докторы, халық жанашыры. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі тұсында Дінмұхамет атамыз ұлт үшін күресте аянбай еңбек етіп, ел мүддесі үшін зор еңбек сіңірген, тәуелсіздікті жақындатқан ерен тұлға.
Дінмұхамет есімі - әр қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі. Ұлы тұлға бар өмірін ел игілігіне арнады, өмірін әділдік пен шынайылыққа, адамгершілік пен жақсылыққа толтырды. Елі де қайреткер ұлдарын ұлықтап, «Димаш» деп еркелетті. Димаш атамыздың жасаған игі істері әлі күнге ел ауызында. Қайреткер Олжас Сүлейменов те Димекеңнің өзіне көмектескенін әрдайым айтып жүреді. «Қонаев туралы көп нәрсе айтуға болады. «Аз и Я» кітабым шыққан кезде ол мені қорғап қалды. Брежневке бәрін түсіндіріп, мені құдалаудың жөнсіз екеніне көзін жеткізді» - дейді ол бір сөзінде. Мұндай оқиғалар тек біреу ғана емес, жетерлік. Димекеңнің шапағаты тимеген адам некен саяқ деуге болады.
Димаш ата туралы аңыз әңгімелер де өте көп. Мен Дінмұхамет Ахметұлы туралы іздене отырып, журналдан бір қызықты әңгімені көзім шалды. Дінмұхаметті халық өте жақсы көретін, бірақ бірде Димаш атамыз бір жиыннан шығып келе жатқанда, бір әйел кісі оған пышақ ала жүгіреді, оққағарлар әйел кісіні тоқтатады. Кейін мәселенінің анық қанығын анықтау барысында, әйелдің психикалық дерті бар екендігі белгілі болады. Сонда Димекең еш ашуланбастан: «Бұл әйелді емханада емдетіңдер, ешкім ренжітпесін» депті. Осы екі жағдайдан-ақ Дінмұхамет Ахметұлының асыл, ерекше, ұлы тұлға екендігін анғарамыз.
Ұлы адамның ерен еңбектері мен жақсылықтары мәңгі ел есінде қаларына сенімдімін. Қаншама жылдар өтсе де, ұлы тұлғаның есімі ел есінде мәңгі алтын әріптермен сақталары хақ. Өз ойымды Дінмұхамет атамызға арнау өлеңмен аяқтағым келеді:
Жырлай берсем, ұшан-теңіз еңбегің,
Жалғасындай жалын өрген терменің.
Жұрттың өзі мақтан тұтар қашан да,
Қорған болған Алатаудай перзентін!