ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 29
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.
Еліміздің рухани орталығы Семей шаһарынан қасиетті Абай жеріне баратын қасқа жолдың бойында тарихи ескерткіштер көп-ақ. Асықпай аралаған адам М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын қайта парақтап шыққандай әсерде қалады. Соның бірі – ақ мәрмәрдан кескінделген «Еңлік-Кебек» ескерткіші.
XVII ғасырдың II-ші жартысында қазақ жеріндегі ескіліктің құрбаны болған Матай елінің қызы Еңілік пен Тобықты руынан шыққан Кебек атты жастарға қойылған. Ақсақалдар шешімінің билігімен қатаң жазаланған бұл екі жас бүгінгі жас ұрпаққа ерекше қастерлі. 1960 жылы Абай ауданының тұрғындары жеке қаражаттарынан кесене орнатқан. 1976 жылы осы аудан тұрғындарының өтініштерімен бүкіл кесене ақ мрамормен қапталды. Құрылысқа жергілікті халық шеберлері өңдеген қызыл, күрең және ақшыл сұр түсті гранит, цемент, құм, алебастр, әк, жоса пайдаланған. Ескерткіш қойылған тау басындағы ескі зираттың үсті тегістеліп, алаң айналасы жалпақ тақтатастармен көмкеріліп, ал оның үстіне әр жерден орнатылған аласа сынтастар арасына жуан шынжыр арқанды бостау кермелеп қоршау жасалған. Төрткіл алаңның ортасынан 4 қабырғалы күмбез-тұғыр соғылып, оның үстіне орнатқан биіктігі 6 метрлік мұнара мен күмбез түйісетін дөдегені керегекөз өрнекпен әшекейлеген. Күмбездің 4 жағында шығыстық мәнермен ойып шығарылған 4 арка бар. Олардың маңдайшасында «Еңлік-Кебек» деген егіз есім әсемдеп жазылған. Ескерткіштен батысқа қарай 8-9 км жерде тағы бір ескерткіш бар. Онда: «1917 ж. 7 маусымда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы осы арада алғаш рет киіз үй сахнасында қойылды» деп жазылған.
"Еңлік-Кебек" поэмасы - Шәкәрім Құдайбердіұлының туындысы. Ол қос ғашықтың махаббатын жыр етеді. Оқиға Найман мен Тобықты арасында бітіспес дау орын алған уақытта болған еді.
Тобықты руының қос басшысы Тоқтамыс деген кісі болады. Оның артынан ерген Кебек есімді інісі бар. 15 жасында-ақ көпшілік ішінде батырлығымен, кішіпейілдігімен танымал болған Кебек аузы дуалы Нысан абызды әдейі іздеп барып, бал ашуын сұрайды. Қобызын сарнатып, қалшылдап-дірілдеп Кебектің болашағын болжаған Нысан абыз жігітке:" Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым, ондай жанға көңіл берме", - деп ескертеді.
Абыздың сөзін көңіліне алса да, жын сөзіне сенбеген батыр өз жолымен жүре береді. Арада біраз уақыт өткен соң Кебек аң аулап жүріп адасып кетеді. Кешқұрым жолында кезіккен үйге кіреді. Ол Матай ауылына келген екен. Кірген үйінде кемпір-шал мен қойшы бала отырады. Және кемпір-шалдың бой жетіп отырған Еңлік есімді қызы бар еді. Ас ішіп, жөн сұрасқаннан кейін Кебек өзін таныстырады. Оның есімін естіген қыз Кебекке ұзақ қарап қалады. Ұйықтар уақыт болғанда Еңлік Кебекке өз төсегін салып береді. Кебек оны қыздың жеңілтектігіне балайды. Көз байланып, барлығы ұйқыға батқанда Еңлік Кебекті оятып, өз сырын айтады. Өзінің бір байдың баласымен атастырылғанын, оны өзіне тең көрмейтінін, атасқан жігітінің ездігі мен ынжықтығын айтады. Сырын ақтарған қыз Кебектен өзіне тең көрер болса алып қашуын өтінеді. Кебек те қызды сынап, оның ой-пиғылы таза екеніне көзі жетіп, алмаққа уағдаласады.Қыз Кебекке Тобықты мен Найман бітіскен уақытта алып қашуы керектігін айтып, оған дейін жартас маңында кездесіп жүрелік дейді. Екеуі солай уағдаласқан соң жігіт еліне аттанады. Осылайша олар 6 ай бойы кездесіп жүреді. Осы уақытта Найман мен Тобықты да бітімге келеді. Бір күні Еңлік сүйгеніне қол ұстасып, бірге қашар уақыт келгенін айтады. Ол кезде Еңліктің аяғы ауыр еді. Араға біраз уақыт сала екеуі бірге елден қашып, жартасты паналап жатады. Қыздың қашып кеткенін естіген қалың Матай оны іздей бастайды. Сұрастыра келе оның Кебекпен қашқаны белгілі болады. Матай Тобықтыға кісі салдырып, Кебекті өз қолдарымен ұстап берулерін талап етеді. Тағы да бір-біріне өшіккен екі рудың арасына бұл оқиға бітіспес дау салады. Жартаста тығылып жатқан қос ғашық ұлды болып, соны қызықтап өмір сүріп жатады.Ақыры екеуін тауып алған Найман мен Тобықты адамдары ғашықтарды өлтірмек болады. Осы тұста Еңлік өлер алдында үш тілегін орындауларын сұрайды. Алдымен Кебекпен араздастыруларын, өлтірсе бірге жерлеулерін және кінәсіз балаларын Кеңгірбай биге тапсыруын сұрайды. Көпшілік Еңліктің сұрауына рұқсатын береді. Бір-бірімен қоштасып, құшақтасқан екі жасты ашулы жұрт ат құйрығына байлап, сүйреп өлтіреді. Екеуін бірге жерлеп, бала жайлы ұмытып кете барады. Ертесіне бала естеріне түсіп, іздеп келсе оны жартас маңынан таба алмайды.
Поэма осылайша аяқталады.