ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 556
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
3. Егер жұмыс берушінің өкілі өкілеттіктерінің жеткіліксіз болу себебінен ұжымдық еңбек дауы тараптарының келіспеушіліктерін реттеу мүмкін болмаса, жұмыскерлердің талаптары мүліктің меншік иелеріне, ұйымдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мүлкінің меншік иелері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын ұйымдар болып табылатын ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына) немесе акционерлеріне қойылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген рәсімдердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, жұмыскерлер өз мүдделерін қорғаудың заңда көзделген өзге де барлық тәсілдерін пайдалануға құқылы.
5. Жұмыс беруші:
1) жұмыскерлердің осы Кодекстің 164-бабының 3-тармағына сәйкес ресімделген талаптарын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұжымдық еңбек дауының туындағаны туралы, ол түпкілікті шешілгенге дейін ахуал туралы кейіннен апта сайын хабардар ете отырып, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды хабардар етуге;
2) осы Кодекстің талаптары сақталмай жүргізілетін ереуілдердің басталғаны туралы Қазақстан Республикасының прокуратура органдарын және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды бір күн ішінде хабардар етуге міндетті.
171-бап. Ереуіл өткізу құқығы
1. Егер татуластыру рәсімдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе, сондай-ақ жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткізілген келісімді орындамаған жағдайларда, жұмыскерлер ереуіл өткізу туралы шешім қабылдай алады.
2. Ереуіл өткізу жөніндегі шешім жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) жиналысында (конференциясында) қабылданады.
Жұмыскерлер жиналысы, егер оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп танылады.
Конференция, егер оған хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Жұмыскерлер жиналысының (конференциясының) шешімдері дауыс берушілердің көпшілік дауысымен қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде жұмыскерлердің өкілді органының ереуілді өткізуді қолдайтын жұмыскерлердің жартысынан астамының қолын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.
3. Ереуілді жұмыскерлер (олардың өкілдері) уәкілеттік берген орган (ереуіл комитеті) басқарады. Бірнеше жұмыс берушілердің жұмыскерлері (олардың өкілдері) бірдей талаптар қойып, ереуіл жариялаған жағдайда, оны осы жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан құрылатын бірлескен орган басқаруы мүмкін.
4. Ереуілге қатысу ерікті болып табылады. Ешкімді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды.
5. Жұмыскерлерді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
172-бап. Ереуілдің басталуы туралы жариялау
1. Осы Кодекстің 171-бабының 3-тармағында көрсетілген, жұмыскерлер уәкілеттік берген орган ереуілдің басталуы және болжамды ұзақтығы туралы жұмыс берушіге, жұмыс берушілер бірлестігіне (қауымдастығына, одағына) (олардың өкілдеріне) оны жариялағанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс.
2. Ереуіл жариялау туралы шешімде:
1) тараптардың ереуіл өткізуге негіз болған келіспеушіліктерінің тізбесі;
2) ереуілді бастау күні, орны мен уақыты, қатысушылардың болжамды саны;
3) ереуілді басқаратын органның атауы, татуластыру рәсімдеріне қатысуға уәкілеттік берілген жұмыскерлер өкілдерінің құрамы;
4) ереуіл өткізу кезеңінде орындалатын қажетті жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) ең аз көлемі жөніндегі ұсыныстар көрсетіледі.
Ескерту. 172-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
173-бап. Ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері
1. Ереуілді басқаратын орган өзіне осы Кодексте берілген құқықтар шегінде және жұмыскерлер (олардың өкілдері) берген өкілеттіктер негізінде әрекет етеді.
2. Ереуілді басқаратын органның:
1) қойылған талаптарды шешу мәселелері бойынша жұмыс берушімен, жұмыс берушілер бірлестігімен (қауымдастығымен, одағымен) (олардың өкілдерімен), мемлекеттік, кәсіподақ, өзге де заңды тұлғалармен және лауазымды адамдармен өзара қарым-қатынастарда жұмыскерлердің мүдделерін білдіруге;
2) жұмыс берушіден, жұмыс берушілер бірлестігінен (қауымдастығынан, одағынан) (олардың өкілдерінен) жұмыскерлердің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) жұмыскерлер талаптарының қаралу барысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отыруға;
4) даулы мәселелер бойынша қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға;
5) жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) келісуімен ереуілді тоқтата тұруға құқығы бар.
3. Бұрын тоқтатыла тұрған ереуілді қайта бастау үшін дауды татуластыру комиссиясының, делдалдың қайта қарауы немесе еңбек төрелігінде қайта қарау талап етілмейді. Жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (қауымдастығы, одағы) (олардың өкілдері) және еңбек дауларын реттеу жөніндегі орган ереуілдің қайта басталуы туралы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ескертілуге тиіс.
4. Ұжымдық еңбек дауының тараптары оны реттеу жөніндегі келісімге қол қойған жағдайларда, сондай-ақ ереуіл заңсыз деп танылған жағдайда ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері тоқтатылады.
Ескерту. 173-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл барысындағы міндеттері
Ереуіл өткізу кезеңінде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жалғастыруға міндетті.
Жұмыс беруші, мемлекеттік органдар және ереуілді басқаратын орган ереуіл кезеңінде қоғамдық тәртіпті, ұйым мүлкінің сақталуын және жұмыскерлердің қауіпсіздігін, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін машиналардың және жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі, өздеріне байланысты шараларды қабылдауға міндетті.
175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты берілетін кепілдіктер
1. Ереуілдерді ұйымдастыру немесе оларға қатысу (осы Кодекстің 176-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртіптік ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуіл кезінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы), еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепілдік беріледі.
Ереуіл жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты өткізілгеннен басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы жұмыскерлердің ереуіл уақыты ішіндегі жалақысы сақталмайды.
176-бап. Заңсыз ереуілдер
1. Ереуілдер:
1) "Соғыс жағдайы туралы" және "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не ерекше шаралар енгізілген кезеңдерде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерінде және ел қорғанысын, мемлекет қауіпсіздігін, авариялық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстарын, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше ахуалдардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерімен айналысатын ұйымдарда; арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында; қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда; жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету станцияларында;
2) халықтың тыныс-тіршілігін энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, газбен жабдықтау, авиациялық, теміржол, автомобиль, қоғамдық және су көлігі, байланыс, денсаулық сақтау бойынша қамтамасыз етумен тікелей байланысты ұйымдарда, егер жұмыскерлер өкілдерінің жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісімі негізінде айқындалатын халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің ең төмен тізбесі мен көлемі сақталмаса;
2-1) қызметін тоқтата тұру ауыр және қауіпті салдарлармен байланысты болатын қауіпті өндірістік объектілерде, егер негізгі жабдықтардың, механизмдердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілмесе;
3) осы Кодексте көзделген мерзімдер, рәсімдер мен талаптар ескерілмей жарияланған жағдайда;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда заңсыз болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіздердің біреуі болғанда, сот тиісті шешім қабылдағанға дейін прокурор ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
2. Алып тасталды - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша қабылдайды.
Сот шешімі жұмыскерлердің назарына ереуілді басқаратын орган арқылы жеткізіледі, ол ереуілге қатысушыларға сот шешімі туралы дереу хабарлауға міндетті, ал ереуілді басқаратын орган болмаған кезде – тікелей жұмыс беруші жеткізеді.
Жұмыс беруші сот шешімінің мәтінін көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі дереу орындалуға, ал ереуіл тоқтатылуға тиіс.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда прокурор немесе сот тиісті шешім қабылданғанға дейін ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
5. Ереуілді басқарушы органның сот шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
Ескерту. 176-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 344-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.