Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 904

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


САХНА

және

АКТЕР

Алғы сөз

Алыс аспан төсінде қанат қағып,тау мен теңіз асып, ұзақ ұшатын құс баласы бет алған жағын жаңылмай қалай тауып барады?

Ғалымдар әр тараптан әр түрлі болжам айтады. Бірі – құсты түйсік жетелейді десе, бірі – жұлдыздарды нысана етеді, - дейді.

Сірә, жер танитын құс емес, құстың қанаты болар.

Жер жағрафиясы – құс қанатына жазмыштан жазылған туа біткен қасиет.

Құстың қанатында жел мен жердің белгі-бедері, көл мен белдің ен-таңбасы бар. Алыс аспан асты мен ашық мұхит үстінде құсты адастырмайтын сол белгілер. «Құс қанатына қарап ұшады»,- дейтін ел аузында ежелден қалған қымбат сөз бар...

Осы қасиет ғылымға да тән. Ғылымның шым-шытырық шатқалы мен қатпар-қатпар қойнауларында қаңғып кетпей, жол тауып шығу үшін теңіздей терең ақыл, самалдай сана, мұнардай биік парасат пен қуатты үннің иесі болу керек.

Құстың қанатына біткен қасиет – адамның санасына бұйырмақ.

Сондай ұлағатты ойшылы, өміршең өсиетшісі, ақиқаттай ақылгөйі бар халық – бақытты халық!

Сол бақытты елдің бақытты перзенті – К.С. Станиславский.

К.С. Станиславскийдің есіміне байланысты ақиқат та, аңызда көп...

Ақиқат пен аңыз аралығы аспан мен жердей алыс десек, К.С. Станиславскийдің тылсым тұлғасы сол ғарыш кеңістігіне тіреусіз тұрғызылған мәңгілік аспалы ескерткіш сияқты. Екі дүние – екі әлем аралығында әлемдік сахнаға самалдай сәулесін төгіп,табаны жерге тимей жарқырап тұрған сол ғажайып алып тұлғаға не төменнен, не биіктен көз тіккен көзқарасты пенде К.С.Станиславскийдің гауһардай ғимарат тұлғасынан театр теориясының, актер шеберлігінің, режиссураның іргетасын қалаған ойшыл жанның энцикапедиялық кемеңгер бейнесін таныған болар еді.

М.Горкийдің тілімен айтқанда жаратылысы ерекше осы бір «ару адам» аңыз бен ақиқат аспанынан жарық жұлдыздай ағып түсіп, өзі де ақиқат пен аңызға айналған әлемнің ұлы перзенті!

Есімі – ертегіге, аты – аңызға айналған сахна сәуегейі К.С.Станиславскийдің өз бас немесе әлемге әйгілі сахналық ережесі – «жүйе» (система) туралы жазылған еңбектерін есептесек, есебін шығара қою қиынның қиыны. Қалың – қалың кітаптар, тереңдей зерттелген ғылыми еңбектерді айтпағанда ұшы-қиыры жоқ брошюлалар, сын мақалалар қаншама! «Станиславскийдің жүйесінің» қыры-сырын сарқа зерделейтін айтыс-тартысқа құрылған айшықты сын топтамалар деймісің, небір тілінен бал тамған кестелі естеліктер деймісің, қарасаң көз сүрінеді. Қысқасы, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің ірі өкілдерінің К.С.Станиславский есіміне байланысты қалам тербемегендері кемде-кем.


Кеңестік сахна шеберлерін атамағанның өзінде, жер жүзілік мәдениет майталмандары: Чарльз Чаплин, Элеонара Дузе, Джон Гилгуд, Андре Антуан, Фирмен Жемье, Жан Вилар, Макс Рейнгардт, гордон Крэг, Жак Копо, Мэй Лань-Фан, Бертольд Брехт, Майкл Редгрейв, Александр Моисси – К.С.Станиславскийді бір ауыздан дүниежүзілік актер өнеріне төңкеріс жасаған реформатор деп таныды. Өзіне дейінгі актерлік көне мектепке қарсы шыққан бірден-бір тұңғыш адам ретінде Станиславскийдің бір өзі «құрсанған қарулы көтеріліс» деп танылып, оны сахна өнерінің революционері дәрежесіне дейін көтерді. Тіпті «Станиславский – режиссура дәуірі», «Станиславский – актершеберлігінің дәуірі» деп те атады. Мұны айтқан адамдар қатардағы қарапайым емес, әр ел мәдениетінің әлемге әйгілі жұлдыздары болатын-ды. Мәселен, даңқты режиссер, француз мақтанышы Жан Вилер: «Тысячи зрителей, посищающих по вечерам театры в Нью-Йорке или Москве, в Риме или Париже, в Берлине или Логдоне, не знают, что то, чем они восхищаются на сцене – начиная с актерской игры и кончая деталями постоновки, - вес сплошь и рядом является следствием уроков Станиславского», - деп «Станиславский жүйесінің» дүние жүзі театрларына тигізген игі ықпалын жүрек жарды қуанышпен жар сала жазды. Сөйтіп, К.С.Станиславский есімі аспан асты аңызға айналды.

Орыс көркемөнерінің реалистік мектебінің көшбасшысы М.С.Шепкин: «Театр өнерінен басқалардың бәрінің де өз теориялары бар, бізде ғана жоқ», - деп қынжылған екен. Олай болса, «Станиславский жүйесі» - театр өнерінің тұңғыш теориясы. Әрі театр тарихының жарқын дәуірі де.

Бұрын-соңды болып көрмеген сахна ережесің тыңнан туғызған ұлы адамның қазынасының қақпағын ашып, асылдарын ақтарғанда дүниеден әлдеқашан көз жұмған кемеңгер жанның артында қалған мол мұраларын мұрагерлеріне төкпей-шашпай жеткізу арман десек, аталмыш кітаптың абзал мақсаты да соған жуық. Бұл – ақиқат жағы.

К.С.Станиславскийдің реформаторлық қызметіннің алғы шарты – актер творчестосында екі мектеп, екі кезең саналатын «кейіпкерсандылық өнері» (искусство представление) мен «кейіпкержандылық өнері» (искусства переживание) ара жігін ажырату. Өнердің көркемдік құны мен көркемдік маңызы саналатын «кейіпкержандылық өнер» үлгісін өсиет ету.



«Кейіпкержандылық өнер» мұратын К.С.Станиславский: «Өнердің творчествалық басты мақсаты – адамның рухани тіршілігін көркемдік пішінде бейнелеу» деп анықтады.

Ал «кейіпкерсындылық өнері» - болса, профессионал кәсіпкойлықтың (ремесло) нормаларына бағынатын ойсыз, идеясыз, жалаң техникалық мектеп болатын-ды.

Жалпы, «Станиславский жүйесінің» өмірге келуі – аталмыш екі ағым, екі мектептің идеялық ымырасыз тартысынан бастау алады. «Кейіпкержандылық өнер» үлгісі «адамның рухани тіршілігін» сомдап қоюмен шектеліп қалмай, оны көркемдік пішінде сырттай бейнелеп беруді де мақсат етеді. Демек, актер рөлін іштей ойнап қана қоймай, сырттай көрсете де білу керек. Ішкі психологиялық тебіреніс пен сыртқы пішіндік көрініс бір-біріне сайма-сай болғанда ғана кейіпкер бейнесі көркемдік таппақ. «Станиславский жүйесінің» ең басты эстетикалық программасы – актер творчествосының сахнада өрістеу процесі рухани (духовный) әм қимыл-іс (физический) бірлігі бойынша қанат жаю принципіне қазықталған. Нәтижесінде, актер роль сомдау барысында аса нәзік көркемдік қос құралдарға ие болып, профессионалдық тұғырға биіктемек. Аталмыш егіз процесс бірлігі К.С.Станиславскийге дейін жабулы жатқан болатын-ды.

«Жүйенің» игі ықпалы арқасында спектакльмен жұмыс істеу тәсілі жаңғырып, пьесаны терең талдау проблемасы мен автор идеясын жарқырата ашу, қойылымның пішіндік тұлғасын әсемдеп айшықтау, рольдің жан сарайына үңілу сияқты сахна өнерінде бұрын-соңды болмаған тың белгілер мен әдіс өрнектері ірі пландық белсенділік танытты.

«Артист техникасының саналы әдісі арқылы артист табиғатының органикалық санадан тыс творчествосын туғызу» принципі – «Станиславский жүйесінің» алтын қазығы болды. «Санадан тыс творчествоға жеткізетін саналы жолды» білмегендіктен «кейіпкерсындылық өнер» өкілдері ішкі қызуы мол, әсері қуатты тебіреністік техника тәсілін жоққа шығаратын содырлы, жадағай жолмен өнер жасауды мұрат тұтып келген болатын-ды. Сөйтіп, олар сыртқы сахналық үстірт техникалық, кәсіптік әдістерден аса алмай тоқырап қалды да, актерлік жалаң сезімді нағыз творчестволық шабытқа балап келді. Бұл аталмыш көне мектептің тарихи қатесі еді.

Міне, дәл осындай ішкі мазмұнсыз, сырттай жылтырақ көне мектеп үлгісіне К.С.Станиславский өзінің «санадан тыс творчествоға жеткізетін саналы жол» заңдылығын қарсы қойып, олардың дилетанттық техникасына күйрете соққы берді. Өйткені кейіпкер- жандылық ойын бедері өнердің мән-мағынасы болып есептелетін ішкі мазмұн мен рухани байлыққа баса назар аударады. «Өнердің құны рухани мазмұнымен бағаланады»,— дейді К. С. Станиславский. Реформатордың тұжырымы бойынша актер творчествосы жоғарыда аталып өткендей психо-физикалық бірліктен бой көтереді. Яғни жан (душа) мен тәннің (тело), әрекет (действие) пен сезімнің (чувство) өзара бірлік қатынасынан кейіпкер тұлғасы өмірге келеді. Сөйтіп, сыртқы сымбат пішіні мен ішкі көркемдік байлық — сахнада рухани мазмұнды туғызады. Өзінің творчестволық табиғатын саналы түрде баскару принципі бойынша «саналылық арқылы — санадан тысқарылыққа, ерік арқылы — еріксіздікке («подсознательное — через сознательное, непроизвольное — через произвольное») дейтін заңдылықтар бойынша К. С. Станиславский артист техникасының «құпиясын» ашты.


Аталмыш тәсілдің теориясын ол: «Ең алдымен саналы түрде шыңдап іс қылу керек. Сонда ғана санасыздық пен шабыттың тууына жағдай жасалмақ»— деп түсіндіреді. Творчестволық көңіл күй элементі мен творчестволық процестің объективтілік заңдылыктарын терең талдау проблемасын максат еткен сахна реформаторы бұл са- лада материалистік ілім позициясын жақтап шықты. Сондықтан да «санадан тыс творчествоға апаратын саналы процесс» теориясы «Станиславский жүйесінің» ең жарқын кіндік методологиясына айналып қана коймай, реалистік сахна өнерінің жалынды манифестіне де айналды. Алайда К. С. Станиславскийдің өз тілімен айтқанда, «жүйе»— эстетикалык трактат емес, театр өнерінің техникасы»

(К. С. Станиславский, собр. соч., т. 6, стр. 290). К. С. Станиславскийдің бүкіл творчестволық әм педагогикалық енбектерінің пафосы — профессионалдық техника мен биік шеберлік. Ендеше, аталған мәселелер осы еңбектің биік белесі саналады.

Көркемөнер творчествосы, оның ішінде сахна өнері — органикалық табиғи процесс десек, оның бірден-бір ең сенімді іргетас негізі — кәдімгі қарапайым әрекет. Бұдан шығатын қорытынды: кез келген әрекет — адамның ішкі тебіренісінің ізгі нәтижесі. Ал ішкі тебіреністі әрекет процесінен бөліп қарауға болмайды. Өйткені өзінің психо- физикалық бірлік сипатына сай актер, өз дарындылық табиғатының алтын аспабы (инструмент) ролін атқарады. Демек, оның өнер материалы — өз әрекеті. Ал аталмыш аспап (актердің өз тұлғасы) кейіпкер бейнесінің егіз желісі — сыртқы (қимыл-іс) және ішкі (психикалық) сипатын кестелейді. Ендеше, «Станиславский жүйесінің» тас табалдырығы мен қыш қабырғасын ең қарапайым элемент — әрекет калайды. Қалған элементтер шоғыры—әрекеттен азықтанады.

К. С. Станиславскийдің материалистік көзқарасынан туындайтын ірі жаңалығы—адамның сезім дүниесінің қимылдан, қозғалыстан пайда болатындығы. Осыған байланысты: «сезімді ойнама, әрекет ет» дейтін қағиданың қалыптасуы. Сайып келгенде, актер өнері дегеніміз сол өнерді әрекет арқылы өрнектеу болып шықты. Алайда актер өнерінің негізі әрекет екеніне көз жеткізу үшін К.С.Станиславский жүріп өткен жол әрі ұзақ, әрі қиын болды. «Кейіпкержандылық» процесі деген не? Актер роль сомдау үшін бірінші кезекте не қажет? Сахнада шабыт пен сезімді қалай кестелеу керек?»— дейтін сауалдарға жауап іздеген сахна сахиы ең әуелі: негізгілердің негізгісі — сезімді ойнау деген қорытындыға келді. Содан соң басты нәрсе — зейін (внимание) мен елестету (воображение) болып, соларға табан тіреді. Артынша (1914 жылдар шамасында) жігер (воля) мен мақсат (задача) басты роль атқарады деген пікірге тұрақ- тады. Арада біраз жылдар өткен соң (1919 ж.), мақсат пен зауыққа (хотения) тиянақтады. Ал одан беріде (1926 ж.) зауық пен әрекетке пейіл білдірсе, келе-келе әрекеттің өзіне біржола мойынұсынды.


«Көпшілік актерлердің қатесі әрекет туралы ойламай, оның нәтижесі туралы ойлайды. Олар әрекетті айналып өтіп, төтелей нәтижеге ұмтылады. Соның салдарынан кәсіпқойлыққа апаратын зорлық пен нәтижелік ойынға соқтырады»,— (К. С. Станиславский, собр. соч., т. 1, стр. 157) деп, актер шеберлігінің негізі — әрекет екенін үзілді-кесілді мойындап, «жүйе» ережесінің тезистік теориясына басты элемент етіп енгізді. Ал өмірінің соңғы жылдарында аталмыш қарапайым әрекет арнасынан — «қимыл-іс әрекетінің тәсілі» деп аталатын тың тәсілдің іргесін өріп шығарды.

Бұл тәсіл арқылы К. С. Станиславский сахна өнерінің теориясына тағы бір төңкеріс жасап, ірі реформалық жаңалық енгізді. Жаңалық негізі — актер табиғатынан өріс өретін қос қасиет — психикалық әм қимыл-іс әрекетінің ажырамас бірлігі. Өйткені ұзақ жылдар бойы сахнада мызғымастан өктемдік етіп келген репетициялық тәсіл «үстел маңы» жұмысының (работа «за столом») айтарлықтай зор кемшілігі болып келді. Ол кемшілік — кейіпкердің ішкі әлеміне тереңдеп ену мақсатымен актер қауымы ұзақ уақыт бойы сарылып «үстел маңында» отырып алып, бір жақты психикалық планда табанды іс атқарады да, персонаждың қимыл-іс қызметіне салғырт қарағандықтан «жан» мен «тән» процесінің бірлік, үндестік, үйлестік сипатынан айрылып қалады. Ал «қимыл-іс әрекетінің тәсілі» сахнаға аса қажет әлгіндей қос қасиеттің тұтастығын үйлестіреді.

Аталмыш тың тәсілдің құндылығы осында.

Өйткені қимыл-іс әрекеті «ұйықтап» жатқан тебіреніс, ой, сезім, жігер, қажыр сияқты физиологиялық кұбылыстың күллі психологиялық кешендік (комплекстік) табиғатын «оятушы», қоздырушы ролін атқарады. К. С. Станиславский аты аталған тәсіл мұратын: "егер қажет болған сәтте актердің ішкі сарайында толғаныс процесі өмірге келмесе, онда оны зорлауға болмайды, ондай жағдайда актеррдің рухани дүниесін ояту үшін тән тіршілігі арқылы әрекет етуге талпыныс жасау керек» деп түсіндіреді. Алайда, ол, «кимыл-іс әрекеті» терминін өмірге әкелгенде әрекеттің сыртқы механикалық бұлшық ет пен дене қимылын ғана айтып отырған жоқ, актердің тебіреністік ішкі көңіл күйін де қосақтап айтып отыр.

«Егер ол механикалық түрде болмай, іштей жанданатын болса, кез келген қимыл-іс әрекетінде — ішкі әрекет, кейіпкержандылық сипаты бұғып жатады» (К. С. Станиславский, собр. соч., т. 4, стр.327) деп жазады ұлы реформатор.

Олай болса, «қимыл-іс әрекеті» кітаптан қомақты орын алды деуге болады.

К.С. Станиславский «жүйесінің» тағы бір жарқын беттері әрекет арқылы талдау» («метод действенного анализа») теориясына арналған. Кітапта аталмыш тәсіл туралы да мол мағлұмат бар.