Файл: аарман елді арулы кштері.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 09.12.2023

Просмотров: 88

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Қорғаған ер – ойлаушы халық қамын.

Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыстар ...

Қорғап қалды ел бағын алыптарым!
Тарихшы: 1793 жыл. Ел жайлауға көшіп жатқан кез. Алтайдан Атырауға дейін тыныштық орнатқан қазақ елі. Қаннен-қаперсіз, шат-шадыман жаз жайлау қызығын көруге бет алғанда, Жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақ халқын қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, табаны езіліп, шұбырынды халық “ақ табан” болды. Аңдыздаған жұрт Алқа көлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.

(Зарлы әуен “Елім-ай” хоры айтылады)
Зар: Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған қиын екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді...
Тарихшы: Қаратаудың баурайында қалың қазақ бас қосты. Елдің елдігін, ерлігін соңғы рет сынайтын күн туды. Жауға соққы беріп, жалпы жұртты аман алып қалу үшін, данышпан ата Төле би батырларды батылдыққа, елді бірлікке шақырады.
Жыршы: “Даудан қашық жүріңдер, дүрлікпе тек!

Жаудан қашып, қор болып үрікпе” – деп,

Біріктірді қазақты Төле би:

“Бақыт, жеңіс, азат күн – бірлікте!” – деп.
Тарихшы: “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді!” Тұрған жерін тұрақтаған тұғыры биік ел едік, іргемізді ірітпей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, атам қазақтың абыройын сақтайық” – деді Төле би бабамыз.

Кіші жүзден кісілігін танытқан Әйтеке би, орта жүзден ордасын тіккен Қазыбек би ұлы жүздің ақ сақал биінің билігіне бас иіп, елді біріктірді. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін”, - деді олар. Кең пейілді, бауырмал халық бір тудың астында “Сабалақ батыр” аталған Абылайды хан көтерді.
Жыршы: “Абылайлап”, Сабалақ қол бастады,

Абылай хан атанып, ел басқарды.

Ерлігінен хандардың басталады

Егемендік, елдіктің сел бастауы.

(Бұқар жыраудың Абылай хан туралы жырларынан үзінді жырланады)
Тарихшы: Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды.

Қалың елді Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай батырлар бастап, азулы жауды Аңырақайда аңыратып жеңді, Райымбек сияқты киелі батырлар кейін шапқан кесапат жауды қасиетті қазақ жерінен біржола қуып тастады.
Жыршы: Ер елінің Қабанбай тірегі боп,

Өренінің мақтаны, жігері боп.

Ерлік сапта жүр мәңгі өзі бастап,

Әр ұрпаққа күш берер жүрегі от.
Егес етсе Бөгенбай дана батыр

Ту көтерді Наурызбай – дара батыр:

Айбары боп елдіктің – ердің ісі,

Айғағы боп ерліктің дала жатыр.

Райымбек әулие - қасиеттім,

“Құдайым” деп жаулары бас иетін.

Балалары батыр боп орындады

Бабалардың өнеге-өсиетін.
(Батырлық жырлардан үзінділер айтылады)
Тарихшы: Қаралы қалмақ қырғынынан соң, ес жиған елді есеңгіреткен, ердің намысын өртеген тағы бір оқиға – Қоқан хандығының жүгенсіздігі болды. Халық батырлары ел намысын қорғады. Елім деп туған ер Сыпатай халық бірлігін қорғап, достық туын көтерді.


Жыршы: “Мықтымын” деп қоймаған қоқаңдауын,

Ықтырды кеп Сыпатай Қоқан ханын

Ойран етті ниетін басқыншының,

Ойлап өтті бірлікті – Отан қамын.

Тарихшы: ХҮІІІ-ХІХ ғасыр. Қазақ билері мен хандары иек артып, көмек еткен орыс патшалығы бірте-бірте өз мақсатын орындап, қазақ жерін отарлап, қазақ елін аздыра бастады. Ел ішіне ірткі салып, зымияндық саясатпен ел бірлігіне, ұлттық қасиетімізге, тіліміз бен дінімізге, кеңдігіміз бен елдігімізге кесір келтірді. Оған қазақ шаруалары ызаланып, кек көтерді.

Исатай мен Махамбет бастаған ел көтерілісі сәтсіз болса да, ел намысының айғағы еді.
(Құрманғазының “Кішкентай” атты күйі тартылады, ортаға жыршы шығады)
Жыршы: Орнатам, деп Исатай бостандықты,

Ордадан – кек, құптауды достан күтті

Жаңғырған мың-шаруа күресінен

Жәңгір хан мен ақ патша жасқаныпты.
(Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім”, т.б.жырлары айтылады)

Тарихшы: 1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.
(«Жас қазақ» әнінің әуенімен жыршының жыры естіледі. Төлегеннің бейнесі көрсетіледі)

Жыршы: Тоқтаровтай батырлар неткен жалын!

Оқтан ықпай, елім деп төккен қанын.

Батырларым жалынын жалаулатып,

Жатыр мәңгі аялап еккен бағын.
Бауыржандай Мәскеуді қорғап қалған,

Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.

Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,

Батырлығы бағым боп орнап қалған.
Қорған болған елінің елдігіне,

Батырлардың бас идік ерлігіне!

Ұрпақтары қаһарман бабалардың

Тәуелсіздік қамалын көрді міне!
Тарихшы: 1986 жыл. Желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.


Жыршы: «Қазақ елі хан сайлар зор данасын,

Ғажап елді келімсек қорламасын!»

Деп, Қайраты көтерді намыс туын,

Кек қайнатты өрт толып Орда басын.
(“Желтоқсан желі” әні айтылады. Желтоқсан оқиғасына байланысты кинокадрлар көрсетіледі)
Тарихшы: 1991 жылы қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышта ерлік көрсетті.
Жыршы: Келді, міне, ерлікті бағалар күн,

Аруағы қолдады бабалардың.

Ғарыш шарлап оралды Тоқтар батыр,

Мұратыңа ие бол, бауырларым!
(Шаттық күйі. Ту ұстаушылар әуен әусерінде Республика туын сахна төріне алып шығады. Жұрт орындарынан тұрып, ту астында еліміздің әнұранын айтады)

ҚОСЫМША
Сарғайса да тарихтың ақ парағы,

Ол күндер мәңгі есте сақталады
Елі үшін жанын қиған,

Ерлер есте сақталады.

Жас жүрекке жалын құйған

Ерлік есте сақталады

С.Мәуленов
Қазақстан және ұлы Отан соғысы

Тарихи деректер:
Ц Соғыс жылдары Қазақстан жерінде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанды.

Ц Жауынгерлері жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше ордендер қадалды. Олардың қатарында жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналған атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар.

Ц Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандықтар партизан отрядтарының құрамында болып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.

Ц Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен марапатталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

Ц Соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155 ,3 мың тонна мақта тапсырды.

Ц Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді.

Ц Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатынасты, Орта Азия республикаларынан соғысқа 3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарулы Күштерде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ұлттар тілінде 50 газет шығып тұрды. Сол сұрапыл ауыр жылдарда қазақ тілінде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтік газет жарық көрген. Олар: «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Отан үшін алға», «Дабыл» және т.б.


Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп “көзден таса, көңілден ұмыт, қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды.

Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар. Бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз.

Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында құрамында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Біраз көркем әдебиеттерден үзінді беруді жөн көрдім;

Орыстың белгілі жазушысы А. Бек 1944 жылы Москва шайқасын суреттеу, көпшілікке көркем әдебиет тілімен насихаттау мақсатымен “Арпалыс” (“Волоколамск тас жолы”) кітабын жазған болатын. Бұл кітаптың бас кейіпкері Б.Момышұлының және 28 панфиловшы батырдың жанқиярлық ерліктерін тамаша суреттеген.

Олар 28 еді! 1941 жылдың 16 қарашасында немістер Москваға Волоколам бағытында ұрысқа шықты. Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне жаудың 30 танкісі шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В.Ключков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам төрт сағатқа созылған ұрыста жаудың 14 танкісін қиратты... Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін бұл ұрыста 28 панфиловшының 23-і қаза тапты. 28-дің 22-сі қазақстандықтар еді.

Қазақстан жерінде жасақталған В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді. “Әдетте суретшілер мен қалам шеберлері Шығыс адамдарын ажары сынық, мүләйім, қиялшыл кейіпте суреттейді. Сондай бейнелердің ішінде түрлі-түсті ұстаның қолынан шыққандай, сан алуан пішіндер кездеседі, бірі көз тартарлық көрікті келсе, бірі сүреңсіз де сүйкімсіз. Бауыржанның бет пішіні сол бейнелердің көбінен өзгеше, өнері жетік бір зергер ерінбей, жалықпай мәнерлеп, асыл тастан ба, әлде емен ағаштан ба, әйтеуір, бір өткір аспаппен мінсіз жонып жасалғандай”. Бұл орыстың белгілі жазушысы А.Бектің “Арпалыс” кітабынан үзінді.


Кейін Б.Момышұлының өзі жазған “Москва үшін шайқас” повесі де осы тарихи оқиғаға арналған.

Әди Шәріпов “Партизан қызы” – көркем, әрі әсерлі шығарма. Повесте жауынгерлердің әр сәт сайын ажалмен алысып, өліммен бетпе-бет ұстасып арпалысқандарын артық бояусыз көрсете білген. Олар Отан үшін басын бәйгеге тігіп, көзсіз ерлік жасай білді. Кез келген уақытта кеуделерін оққа тосып, қажет болса жолдастарына қалқан болды.

Кітап қарапайым тілмен жазылған, көпшілікке түсінікті. Солай бола тұра мән-мағынасы өте зор. Әрбір кейіпкер әрекеті, мінез-құлқы патриоттық сезіммен ұштасқан.

Біз “Партизан қызы” повесі сияқты Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау, ел басына күн туған ауыр кезеңдерді баяндайтын шығармаларды насихаттай отырып, өз Отанын, жерін қорғайтын азамат болып өсуге тәрбиелейміз.

Қасым Қайсеновтың “Таңдамалылары” және Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” кітаптарын оқи отырып, соғыс тауқыметі мен қасіретін, от оранып, қан кешіп қол жеткізген Жеңістің бағасын терең түсінуге болады. Егер қаһармандық танытпаса, бүгінгі заман қандай болар еді, - деген бұлыңғыр ой келеді.

Бұл соғыс кезінде қазақ деген ел бар екендігі, ол елдің жаудан тайсалмайтын ер жүрек ұлдары, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздары бар екендігі дүйім елге әйгілі болды. Басқаны былай қойғанда, Бауыржан атаның батырлығы туралы сөз болғанда Сталиннің өзі “Ол қазақ па?” – деп қайран қалғаны көпке мәлім.

“... Табанда қорқыныш пен қобалжудан арылып, бойымда жауға деген ерекше бір өшпенділік сезімі пайда болды. Оның үстіне командирімнің: “Батылдық керек, бауырым. Сескенуге болмайды, сақ бол. Қазір бірден төмен құлдилап барып, бомбалап өтеміз. Сол кезде немістердің күлдері көкке ұшқанын көресің. Тек бір-бірімізден көз жазбайық...”. Бұл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Ұшқыш Талғат Бигельдинов туралы Сайлаубай Толыбаевтың “Біздің Талғат” кітабынан үзінді.

Қасым Қайсеновтің “Жау тылында” деп аталатын еңбегінде жергілікті халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауға қаталдығы, партизан отрядтары мен астыртын ұйымдарға көмегі нақтылы суреттеледі.

Кітаптағы шығармалар біздерді етжандылық рухта тәрбиелейді. Отан алдындағы қасиетті борышымызды сезінуге, жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсінуімізге әсер етеді.

Ата-бабаларымыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау әрбір саналы азаматтың борышы. Қан мен тер, мерт еткен өмір арқылы келген бостандық – тарихи шындық. Ата-бабамыз, әже-апаларымыз салып кеткен дәстүрді берік ұстап, ел азаматы болу бүгінгі ұрпақтың қастерлі де бұлжымас абыройлы міндеті.