Файл: ШЫыс азастан облысыны экотуризмін дамыту ммкіндіктерін талдау нрланова Талшын Нрланызы.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 34
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОТУРИЗМІН ДАМЫТУ МҮМКІНДІКТЕРІН ТАЛДАУ
Нұрланова Талшын Нұрланқызы
toleukhanova17t@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Экономика факультеті, туризм кафедрасының 4-курс студенті, Астана, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі – Р. Шоқан
Туризм саласы – экономикада қосымша жұмыс орындарын құруды, жұмыспен қамтуды арттыруды және ел халқының әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ететін әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта туризм саласы экономиканың өсуіне әсер ететін маңызды салалардың біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасы жоғары туристік және рекреациялық әлеуетке ие. Оның аумағында бірегей табиғи және рекреациялық ресурстар, ұлттық және әлемдік мәдени және тарихи мұра объектілері шоғырланған, маңызды экономикалық, мәдени, қоғамдық және спорттық оқиғалар ұйымдастырылып тұрады. Елде бірқатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және олардың қызметін ұйымдастыру мәселесі шешімін тапқан. Мемлекетте әртүрлі туристік-рекреациялық ресурстардың болуы туризмнің барлық түрлерін, оның ішінде рекреациялық, мәдени-танымдық, іскерлік, белсенді, сауықтыру, агротуризм және экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Экологиялық туризмді дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығына Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да басымдық берілгені белгілі. Экологиялық туризм түрін дамытуда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ресурстық әлеуетін пайдалану, саланы дамытудың құралы ретінде қаралуы керек. Осы орайда, Шығыс Қазақстан аумағында экологиялық туризмді дамытудың мүмкіндіктерін қарастырған ғылыми жоба тақырыбының өзектілігі жоғары деп сипаттауға болады.
Туризм үшін база ретінде қоршаған ортаның маңыздылығы артып келеді. Туризмнің сәтті дамуы үшін табиғи ресурстарды сақтау және көбейту маңызды. Туризм индустриясының дамуында қоршаған орта жағдайы маңызды рөл атқарады. Саяхатқа сұраныстың күтілетін өсуі индустриалды дамыған елдердегі туристік орталықтардың кәсіпкерлігіне әсер етті, олар ұлттық саябақтар, қорықтар құру, қонақүйлердің аумақтарын көгалдандыру қажеттілігін түсінді. Бұрынғыдай туризм үшін басқа мақсаттарға жарамсыз жерлерді пайдалануға, туристік объектілерді химиялық сияқты қауіпті өндірістердің жанына орналастыруға жол берілмейді. Материалдық базаны рекреациялық жоспарлау аумақты абаттандырудың жалпы жоспарының бөлігі болуы керек. Жаңа туристік кешеннің құрылысын бастамас бұрын оның аймақтың экономикасы мен табиғатына әсерін мұқият және толық зерделеу керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қоғамдық саясатының бөлігі болуы керек. Ауа, жер асты және жер үсті сулары, жағажайлар мен ормандар таза және қорғалған күйде қалуы керек. Табиғат – флора мен фауна қорғауды қажет ететін ресурстар. Жергілікті ландшафттар мен сәулет ескерткіштерін туристік мақсатта орынды пайдалануды ынталандыру керек. Осылайша, экологиялық туризм қоршаған ортадағы тепе-теңдікті жүйелі түрде сақтауға мүмкіндік беретін, туризм түрі ретінде қарастырылуы керек.
Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті экономика құру моделін іске асыру мақсатын алдына қояды. Алға қойылған мақсатқа жету үшін Қазақстандағы ең тиімді – кластерлік саясат қолданылады. Шығыс Қазақстан облысының туристік кластері даму бағдарламасына сәйкес жетекші өңірлік кластерлердің біріне айналуы тиіс. Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының туристік порталының visiteast.kz жаңғыртуы жүргізілген [1]. Мұнда 73 турмаршруттар мен 800 нысандар туралы ақпаратты берілген. Өңірде Шығыс Қазақстан облысы бойынша "360 виртуалды тур" әзірленген.
Қазақстан Республикасының жалпы аумағы – 272 490 мың га, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының көлемі – 26 251 643,8 га. Бұл дегеніміз елдің 9,6%-ін экологиялық туризмге бағыттауға болады. Шығыс Қазақстан облысының осы санаттағы, яғни табиғи аумақтар бойынша жер көлемі 1 688,2 мың га құрайды. Республика көлемі бойынша Шығыс Қазақстанның табиғи аумақтары бойынша құрайтын үлесі – 6,4 % (Сурет 1).
Сурет 1. Республика ЕҚТА көлемі бойынша ШҚО табиғи аумақтарының үлесі
Ескертпе: Сурет [2] мәліметтер негізінде автормен құрастырылған
Экологиялық туризм Катонқарағай, Күршім аудандарында, Риддер қаласында тән. Облыста республикалық маңызы бар 9 табиғат қорғау аймағы, ауданы 1264174 гектардан асады, олардың ішіндегі ең ірілері: Катонқарағай ұлттық табиғи паркі, Марқакөл табиғи қорығы, Батыс Алтай қорығы. Ормандар облыс аумағының 4,9 % алып жатыр [3]. Негізінен орман алқаптары Алтай тауларының жоталарында орналасқан. Облыста өсімдіктердің 3500-ден астам түрі өседі, оның ішінде дәрілік шөптердің 38 түрі. Мұнда Республика орманының өнеркәсіптік қорларының 70% - дан астамы шоғырланған.
Пандемия кезінде, 2021 жылы Шығыс Қазақстанның курорттық аймақтарына кіру және ішкі келушілер саны 23,6 %-ға төмендеген (Кесте 1).
Кесте 1
Шығыс Қазақстан облысының курорттық аймақтары бойынша туристік көрсеткіштер
| 2019 | 2020 | 2021 | 2021/2019 (%) |
Кіру және ішкі келушілер саны | 405 125 | 234 164 | 222 634 | 76,4 |
Санаториялық-курорттық ұйымдарда демалғандар | 8 905 | 6 765 | 5 108 | 75,7 |
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғандар | 98 507 | 77 500 | 7 436 | 44,1 |
Ескертпе: Кесте [2] мәліметтер негізінде автормен құрастырылған |
Берілген кестеде сондай-ақ, ЕҚТА шеңберінде және санаториялық-курорттық ұйымдарда демалғандар саны берілген. 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі көрсеткіштер жыл сайын төмендеп отырған. Санаториялық-курорттық ұйымдарда демалғандар саны 24,3%-ға төмендесе, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғандар саны 55,9 %-ға азайған.
Экологиялық туризмнің бір түрі – аң аулау және балық аулау. Бұл туризмнің осы түрімен айналысуға мүмкіндік беретін облыстың табиғи аймақтарының әртүрлілігі. Өйткені облыста жануарлардың 489 түрі мен балықтың 37 түрі мекендейді, олардың 25 түрін аулауға рұқсат етіледі.
Шығыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар табиғи аумақтарына келесілер жатады: Марқакөл қорығы, Батыс Алтай қорығы, Като-Қарағай табиғи ұлттық паркі, Алтай ботаникалық бағы (Риддер), Бұқтырма су қоймасы, Қиын-керіш каньоны, "Көкшілтау самырсын тоғайы" мемлекеттік табиғат ескерткіші, "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы (кешенді), Төменгі Тұрғысын мемлекеттік табиғи қаумалы (ботаникалық), "Қаратал құмы" мемлекеттік табиғи қаумалы (ботаникалық), Тарбағатай мемлекеттік табиғи қаумалы (зоологиялық). Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ішінде ең ірілері келесі кестеде берілген (Кесте 2).
Кесте 2
ШҚО туристік аймақ ерекшеліктері
Туристік аймақ | Аумағы, га | Ерекшеліктері |
Катон-Қарағай табиғи ұлттық паркі | 643477 | экологиялық, ғылыми, мәдени және рекреациялық құндылығы бар Оңтүстік Алтайдың бірегей табиғи кешендерін сақтау және қалпына келтіру. http://br.katonkaragai.kz/kz |
Марқакөл қорығы | 102971 | Марқакөл көлі, табиғат мұражайы, ескі австриялық жол, 700 жылдық тарихы бар балқарағай тұқымдас ағашы https://markakol-zapovednik.kz/kz/ |
Батыс Алтай қорығы | 86122 | Қорық аумағының гидрологиялық жүйесін табиғи қалпында сақтау https://zagpz.kz/index-2.htm |
Ескертпе: Кесте [4] мәліметтер негізінде автормен құрастырылған |
Берілген 2-кестеде ШҚО бойынша табиғи қорықтар мен ұлттық парктің ерекшеліктері берілген. Әрқайсысы өзіндік ерекшеліктері бар болғанымен, барлығының мақсаты экологияға оң әсерін тигізу. 2021 жылы Катонқарағай ауданында ауылдық және экологиялық туризмді дамытуға серпін алды. ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Берел ауылында 24 тұрғынға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілді. Бизнес-жоспарларын құрған 18 жеке кәсіпкер тіркелді. "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы" қоғамдық қорымен келісімнің арқасында әрбір кәсіпкерге "Еңбек"бағдарламасы бойынша 583 мың теңге грант бөлінді.
ШҚО-дан шығатын «Алтай балы» бренді бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. «Алтай балы» брендінің өнімін шаруа қожалығы Қазақстан мен шетелге өткізеді. Бүгінде тапсырыс берушілердің қатарында Ресей, АҚШ, БАӘ, Моңғолия, Қытай және басқа да елдер бар. 2019 жылдың жазында органикалық табиғи балдың алғашқы партиясы АҚШ-қа жеткізілді. Нью-Йорк штатының Бруклин тұрғындарына қазақстандық бал қатты ұнап, олар 125 тонна көлеміндегі жеткізілімге келісімшартқа отырды. Кәсіпорын ҚХР-ға балды өндіру бойынша талаптарға сәйкес келу экосертификаты бар [5]. Әрине, туристердің бірі ШҚО-ға бал алу үшін баруы екіталай, бірақ үйге жағымды демалысқа кәдесый ретінде тәттіні әкелу – бұл да бір есте қалары рас.
Қорытындылай келе, экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы екені баршаға мәлім. Экологиялық туризм қоршаған табиғи ортаны қорғау және қалпына келтіру қоғам дамуының барған сайын елеулі өлшемдері болып табылатын кез келген елдің экономикасын дамытуға үлес қоса алатынын есте ұстаған жөн. Қазақстан Республикасында да экологиялық туризмді дамытудың алғышарттары қалыптасқан, бірақ әлі де даму деңгейінде.
Қазақстан Республикасы табиғи аймақтарға өте бай, төрт түрлі маусымның орасан зор палитрасына ие. Осы зерттеуде Қазақстанның физиологиялық жағынан алуан түрлі географиялық өңірді білдіретін Шығыс Қазақстанның кең аумағындағы экотуризм үшін негізгі орындар айқындалған. Бүкіл республика бойынша Шығыс Қазақстан облысының ЕҚТА көлемі – 9,6 %-ды құрайды. Экологиялық туризмді дамытуға облыстың әлеуеті жеткілікті, дегенмен келушілер саны әлі де аз. Оған басты себептердің бірі, инфраструктураның дұрыс болмауы, кәсіби мамандардың жетіспеуі, экологиялық мақсатта жүргізілетін іс-шаралардың жүргізілмеуі, сонымен қатар, туристер дұрыс бағытталған, зерттелген тур-маршруттардың жоқтығы десе де болады.
Ең перспективалы және өмірлік маңызды демалыс аймақтарын аумақтық бағалау Шығыс Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын басқаруға ықпал етеді. "Жабайы" туризм бүлінбеген жерлерге теріс әсер етеді, геомұра мен мәдени мұраға зиян келтіреді және дәстүрлі ауылдық өмір салтында жағымсыз мәселелер туғызады. Реттеуші шаралардың болмауы туристер көп келетін кейбір жерлерде туризм мен рекреация секторының тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
-
Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы ресми сайты. Кіру режимі: https://visiteast.kz/ -
ҚР Ұлттық статистика бюросы. Кіру режимі: https://stat.gov.kz/official/industry/22/statistic/7 -
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі. Кіру режимі: https://www.gov.kz/?lang=kk -
ҚР Әділет министрлігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі № 593 қаулысы. Кіру режимі: https://adilet.zan.kz/rus/docs/P1700000593 -
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ресми сайты. Кіру режимі: https://astana.atameken.kz/kk/news/34250-glavnyj-brend-vostoka-pokoryaet-m