ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 18.01.2024
Просмотров: 34
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
«Жыланды ауылының негізгі орта мектебі» КММ
8-сынып оқушысы Амангелді Меруерттің
«Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөздері» атты
аудандық қашықтық эссе байқауына жіберген жұмысы
Әл-Фарабидің әлемдік ғылымға қосқан үлесі
Қазақ даласында орамды ойларымен, ізгілік жолымен өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған ғұламалар өмір сүрді. Сондай ғалымдардың бірі – есімі күллі әлемге мәшһүр болған әл-Фараби бабамыз. Ғылымға құштар Әл-Фараби жастық шағында әлемнің біршама мәдениет ошақтарын аралады. Білімін әркез шыңдай білген Шығыс ғұламасы көрнекті ғалымдармен байланыс орната білді, әрі байсалды болмысының және зеректігінің арқасында ғалымдар ортасында зор құрметке ие болды. Алайда осы кезеңдерде көп адамдар оны көре алмай, Фараби ойларының негізгі мәніне қарсы пікір айтып даттай бастады. Сол себептен де амалы таусылған ойшыл Бағдат қаласымен қоштасады. Әл-Фараби «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» деп аталатын соңғы еңбегінде: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс», - деген болатын.
Ойшыл бабамыздың мәдени, рухани мұрасы өте бай. Себебі Әл-Фараби – әлемдік тұлға, ғаламның екінші ұстазы атанған ойшыл. Шығыс ғұламасының діни-философиялық еңбектеріне тоқталсақ, оның діни түсінігі қасиетті Құран кітабы мен Пайғамбар сүннеті аясында жазылған. Ал басқа қырынан алып қарайтын болсақ, философиялық сипаттамалардың көрініс беретінін байқауға болады. Әл-Фараби Аристотель философиясын Шығыс жұртына таратқан ғалым болды. Бұл тұрғыда қайшылық іздеуге болмайды. Себебі Шығыс ғұламасы ғылым мен дінді бөліп-жармай айрықша құрметтеді.
Әбу Насыр әл-Фарабидің бақыт туралы пайымдаулардан құралған екі еңбегі бар. Оның біріншісі «Бақыт жолын сілтеу жайлы кітап» болса, екінші еңбегі «Бақытқа жету жайлы кітап» деп аталады. Шығыс ғұламасы «Бақыт жолын сілтеу жайлы кітабы» еңбегінде Платон және Аристотельдің ойларын жеткізіп, ғылым туралы тереңінен талдаған. Әл-Фараби саналы ғұмырында адамзат баласы бақытты болуға қалай ұмтылады деген сауалға жауап іздеп келген. Ғұламаның ойынша адамның бақытты табу жолында қадам жасайтын мақсаты көп болады. Ең алдымен ол білімді, содан кейін қанағат, ақыл-парасат секілді этикалық мәселелерді қозғаған. Сонымен қатар ұстамдылық, сөзге тапқырлық, жомарттық, ысырапшылдық жөнінде де сөз еткен.
Ұлы ойшыл жетпіске жуық тілді жақсы жетік меңгерді. Бірнеше тілді еркін білгенінің арқасында ғұлама философиялық ойларды теріс түсініктерден тазартып, саф күйінде жеткізе білді. Ғұламаның ғылымға деген махаббатына, адами құндылықтарына жоғары баға берген Шығыс ғалымдары оны «әл-Муаллим әс-Сәни», яғни әлемнің екінші ұстазы деп атады. Әл-Фараби ғылымның философиялық және логикалық кірпішін қайтадан қалап шыққан ғалым. Ұлы ойшылдың зер салып қарамаған, зерттеуге қызықпаған саласы жоқтың қасы деуге болады.
Әл-Фараби барлық еңбегінде ислам дінінің қағидаттарына қайшы келмейтін пікірлерін білдіріп отырған. Кей ғалымдардың айтуынша Әл-Фараби 200-ге жуық трактат жазған делінеді. Ал Стейн Шнейдер есімді неміс ғалымы трактаттар саны 117-ге жуықтайды дейді. Бұл жағынан ресми діни өкілдермен қарама-қайшы көзқарасты байқауға болады. Десе де Әл-Фараби өмірінің соңына қарай, яғни халифтің маңайында жүрген сәтінде салқын көзқараста болған. Бұған байланысты Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» еңбегінде тарқатып жазылған. Әл-Фараби үшін фанатизм жат болды. Осы орайда Фарабитанушылардың да пікірлері бар. Әл-Фараби барлық дін тақырыбына бірдей көзқараспен қарай отырып, олардың құндылықтары ортақ екеніне мән берген, осы арқылы зайырлы бағытты ұстанған. Дегенмен ойшылдың ислам дініне басымдық бергені рас.
Шығыс ғұламасының музыкамен байланысты «Ырғақтың жіктелуі туралы кітап», «Қосымшалардың ырғақтарға қосылуы туралы кітап», «Музыка туралы кітап» деп аталатын еңбектері бар. Әл-Фарабиді күллі әлемге танымал еткен еңбектерінің бірі музыка теориясы жайлы жазылған «Музыканың үлкен кітабы» деп аталатын еңбегі болды. Шығыс ғалымы осы еңбегінде математикалық әдістерді қолдану арқылы музыка дыбыстарын алғаш рет қағазға түсірген деген дерек бар. Әл-Фараби музыканың теориялық қыр-сырын зерттеп қана қоймады, ол музыкалық аспап түрлерін де өз қолымен жасап, ойнай білген.
Әл-Фараби - ғылымның кез келген саласында өз қолтаңбасын қалдырған ғалым. Музыканы алып қарасақ та, Фараби іздерін көруге болады. Тіпті, Шығыс ойшылы 12 нота ойлап тапқан деген деректер де тарих беттерінен кездеседі. Оған қоса математика, астрономия, химия, философия сынды ғылымның бірнеше саласына зер салуы ғұламаның ерекшелігін көрсетсе керек. Қазақ даласында дүниеге келген ойшылдың еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін шамшырақ болары сөзсіз.