Файл: А. А. Токкужин Новоселов орта мектебіні жоары санатты аза тілі мен дедиет пні малімі.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 12.01.2024

Просмотров: 222

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

     Жаз өтіп, ел қыстауға оралғаннан бір, бір жарым айдан кейін Қасым ұста көктемгі көмбенің тоңын ойып, мүйізді үйге алып келеді. Оларды үйге әкелісімен жылы суға салып, саз-топырағын жуып тастайды. Ұста оларды барынша әрлеп, әсемдеп ожау, қамшы сап, құты-сауыт, тарақ, көзілдірік жасап шығаратын.  (97 сөз ) А.Сейдімбек

Ғарышкер

     Жаны жайсаң жақсы адамдар мен жақын жүргенге не жетсін! Ондайлармен жүздесіп, бірге жүрудің өзі мерейіңді өсіреді, көңіліңді көтереді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері  Халық қаhарманы  Тоқтар Әубәкіровпен  бір сәт жүздесе қалса, кім-кімнің де осындай жақсы ойда болары сөзсіз. Өйткені қазақтың атағын төрткүл дүниеге танытқан Тоқтар Оңғарбайұлының өн бойынан батырлықпен бірге  кішіпейілділікті, қарапайымдылықты, үлкен адамгершілікті аңғару қиын емес. Ол кісінің балаша аңқылдаған ақ жүрегін айтсаңшы.
     Иә, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Аты аңызға айналған оны бесіктегі баладан бастап, еңкейген кәріге дейін жақсы біледі.                                                                     
     Тоқаңның депутат, мемлекет қайраткері ретінде істеген игілікті істері жөнінде көп айтуға болады. (99 сөз) М.Қалматаев
 

Біздің қала

     Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы қаласы – ең  әдемі қалалардың бірі. Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, әдемі көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағынан сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық атындағы сарай, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер өздерінің керемет көркемдігімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақ бас Алатау қоршаған. Тау беттерін қысы-жазы өзгермей, ылғи жап-жасыл болып тұратын шыршалар мен қарағайлар, ақ қайыңдар жапқан.  
     Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер, бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматы қаласының табиғаты – сирек кездесетін тамаша табиғат! (100 сөз).

Тіл қисыны

     Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға түрлі зат керек. Ол керек зат топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті болып шығады.

     Сөзден құрастырылып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат – сөздер.Үйдің түрлі болып шығуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе, қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе, сөздің тізілуінен. Рас, әңгіменің әдемі
болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Жазушы қиялға неғұрлым бай, пікірге шебер болса, шығарған сөзде соғұрлым әсерлі, әдемі шықпақ. (100 сөз) А.Байтұрсынов                                   

Күз

     Күзге салымғы шуақ күндердің бірі. Танабай аулы Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы қыстауында еді. Өзеннің жағалары қалың биік тас, кей жерлерде талмен араласа шыққан қамыс. Араларында, қырат жерлерде биік  қараған, тобылғы. Өзенннің екі жағындағы жалпақ шыққан неше түрлі өсімдіктің сары ала алтынданып, әбден піскен кезі. Қарағандардың да жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып, құндақтары тұқым шашқан.Тікендердің жазғы гүлдерінің орындарына қызыл моншақтай,  сабақтаған түймелердей болып, итмұрындар самсаған. Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары алтындай сарғайып құбылған. Өзеннің және қара сулардың жағаларындағы селдіреген қамыстардың әдемі шашақтары үлбіреп, жел соқса, ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған. Қамыстардың әдемі сыбдырлаған жапырақтары да сары ала болған.  (100 сөз).  С.Сейфуллин



Жапонияда жаңа жылды қарсы алу дәстүрі

     Жапондар жаңа жылды түнде қарсы алмайды. Олардың Жаңа жылы бірінші қаңтар күні, таңмен бірге басталады. Таң алдында жапондар үйлерінен шығып, көтеріліп келе жатқан жаңа жылдың алғашқы күнін  қарсы алады. Сауық-сайран содан кейін басталады.
     Кісіге сыйлық тарту – жапон ұғымында үлкен құрмет. Сондықтан Жаңа жыл күні әдемі кимоно киген әйелдер мен барын үстіне киіп, сәнденіп шыққан еркектер біріне-бірі  сыйлық таратады. Жапондар Жаңа жыл дәстүрі бойынша, көшеге қолдарына қарағайдың, тал, қарақаттың бұтақтарымен безендірілген бамбук шыбық ұстап шығады. Жапон халқының ырымы бойынша, қолына бұл күні әлгіндей әшекейлі бамбук ұстап шыққан адамға қарағай жасының ұзақтығы, бамбуктың беріктігі, қарақаттың тез өсасиеттері дариды-мыс. (100 сөз).  «Ғалым ғажаптары» кітабынан.

Диктанттар

(6-сынып үшін)

Дастарханға нан қалай келді?

     Нан тарихының тамыры сонау ежелгі заманға кетіп жатыр. Ғалымдардың пікіріне қарағанда,ол он бес мың жылдан асса керек.Әйтсе де алғашқы нанның өсімдігі бидай да, сұлы мен арпа да емес, кәдімгі емен екен. Ерте заманда адамдар емен жаңғағынан мол өнім алып, үгіп, онан ұн жасаған. Бұдан бес мың жыл бұрын адамдардың емен жаңғақтарынан ұн жасап, пісірген нанның қалдықтарын Кировоград облысының аумағындағы Триполь елді мекенін қазу жұмыстар жүргізген  археологтар тапқан.
     Дәнді дақылдарды қолдан егуді, оның дәнінен ұн жасауды адамдар бірте-бірте меңгерген. Сұйық  ботқа – біздің қазіргі нанымыздың бастапқы түрі болған.  Ал Африка мен Азияның бірқатар елдерінде әлі күнге дейін нан орнына осындай быламықтарды қолданады.  (102 сөз).

Аңға шыққанда

     Алдымызда бір төбе бар еді. Арғы етегі – ағаш. Соның тұсына барғанда, қасқыр көзімнен ғайып болды. Бір кезде аспанда түйіліп айналған бүркітім төмен қарай сорғалай құлады. Қасқырдың аузына түсіп, жазым бола ма деп қорықтым. Атымды тебініп,  шаба жөнелдім. Қалың күртіктің ішіне ат бара алмайды. Жалма-жан атты қаңтарып тастадым.  Сыртқы күпімді шештім де,  жеңіл киіммен күртікті өрлей, ағаштың ішіне жүгірдім. Мөлшерден қаталасқан жоқ екен. Бүркітім шақырған жерге ентігіп жүгіріп бардым.  Оның бір аяғы құрықтай қайыңға қадалған да, бір аяғы қасқырдың төбесінде тұр.  Қасқыр сіресіп тартып тұр.  Аяғын қалай үзіп әкетпегенін білмеймін. Жүгіріп келген қалпыммен қасқырдың тірсегінен алдым да, қындағы пышағымен ішін осып жібердім.
 (102сөз.) С.Мұқанов   
                                                      

Шәмші Қалдаяқов

     Халық ішінде әншілер  де, сазгерлер де көп болады. Алайда бір сазгердің әнін бүкіл халық – үлкені де, кішісі  де, қарты да, жасы да – сүйіп айтуы сирек құбылыс. Ондай ән шығарған сазгер – ұлы сазгер.
     Шәмші Қалдаяқов – бүкіл қазақ халқына ән салдырған осындай сазгер болды.
     Шәмші Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Ол жас кезінен-ақ тамаша әндер шығара бастайды. Шәмшінің әндері ерекше жұмсақ, жылы сазымен ел назарын бірден аударды. Оның әндері қазақ эстрада музыкасын байытты. Әлемдік музыкада Штраус, Шопеннің вальстері қандай орын алса, Шәмшінің вальс ырғақтары да сондай әсем.
     Данышпан ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов Шәмші саздарын Ақан сері, Біржан салдан кейінгі «үздік құбылыс» деп бағалады. (102 сөз).
«Жас Алаш» газетінен



Қазақтың ұлттық тағамдары

     Сөк. Қуырған тарыны қазақ сөк деп атайды. Ол үшін тары жел өтіне суырылып, ерекшеленеді, тазаланады.  Бірнеше рет таза суға жуылады. Дегдігенше оны аздап кептіреді де, қазанға су құйып, тарыны соған салып, қайнатады. Қазандағы тары қауызы ашыла бастағанда,сүзіп алады. Содан соң таза сумен бірнеше қайтара жуып, дегдуі үшін, жайып қояды. Дегдіген соң, қызған қазанға салып, қуырады.  Қуырған кезде бұлғауышпен үздіксіз бұлғап отыру керек. Әйтпесе, тарының астыңғы беті қуырылып, үсті қуырылмай қалады.  Ал ала-құла қуырылған тарыны ақтаған кезде, қауызынан ажырату қиын. Әрі мұндай тарының сөгі де ала болады.
     Сөк көбінесе шай дастарханына қойылады. Сондай-ақ тағы да басқа неше түрлі тағамдар дайындауға болады.
(103 сөз).  «Қазақ күнтізбесі» 1991

Тоғызқұмалақ

     Спорттың түрі көп. Бірі – күшті болуға, екіншісі – жылдамдыққа,  үшіншісі табандылыққа баулиды. Ал тағы бір түрі ойлауға үйретеді. Оларға шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ  жатады.
     Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны. Бұл ойында сүйек тастарды ұяларға тоғыз-тоғыздан түсіп  отыру керек. Тоғызқұмалақ –жылдам есептеуді, тез шешім қабылдауды қажет ететін күрделі ойын. Тоғызқұмалақ-та бір ойынды жарты күн немесе бір күн ойнайды.
     Ұлы ақын Абай тоғызқұмалақ ойынының шебері болған. Абай тоғызқұмалаққа үлкен мән берген. Ол атақты ойыншыларды шақырып, жиырма-отыз күн бойына сайыс өткізіп отырған. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің  ‘’Абай  жолы’’ кітабында жақсы жазылған.

     Қазір Қазақстанда тоғызқұмалақ  ойынынан халықаралық  жарыстар  өткізіліп тұрады. Әбілда Ақшораев тоғызқұмалақтан алты рет  республика чемпионы  болған. (104 сөз). Жас Алаш газетінен
                                                                                            

Әке

     Әкемнің жүріп өткен өмір жолына зер салсам, өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкелі жағы көбірек бұйырыпты. Болашаққа деген бар сенімін серік етіп арманға ұмтылыған бозбала шақтағы жалт еткен аз ғана қуаныштан өзгесінің бәрі көмескі.
     Бізге, балаларына, деген әкелік мейірімі, сезімі деп білем. Өзі шыға алмаған биіктерге самғайтын, жете алмаған болашағына арманын апарып жалғайтын қанатым деп білетін, біздерді. Өмірде өз еншісіне тиген қандай асу, бел-белестерден де алып шыққан, алға сүйреген үлкен күш, ұлы сезім – әкелік махаббат десем, артық айтқандық емес. Тереңнен толғап айтатын өмір туралы өзекжарды ақылы, алыстан сезімін сағынышқа бөлеп жетіп жататын хаттары, артында қалған өлең-мұрасы әке көкірегінен күмбірлеп төгілген күй сазындай, бізге артып кеткен аманатындай. (106 сөз). Қайрат Раев            

Көктем көрінісі

     Көктем – табиғаттың той-думаны. Көктемнің беташары – наурыз айы. Наурыз айында бүкіл Шығыс халықтарының мерекесі – Жаңа жыл тойланады. Бұл – күн мен түннің теңелетін, қардың еріп, көктемнің исі шыға бастайтын кез.
     Ал сәуірде қар кетеді, ағыл-тегіл болып бұлақтар ағады.  Жер беті жасыл көрпеге оранып, жауқазын гүлдерден алқа тағынады, теректер бүр жарып, құлпырады. Мамыр айында айнала ақ ұлпа гүлге бөленеді. Тау бөктеріндегі шие, алша, алмұрттың гүлдерінен төңірек ерекше түске боялады. Алманың ақшыл қызғылтым гүлдерінен көзің тұнады. Әсіресе, өрік ағашының жапырағы түгел гүл болып кеткен бе дерсің, қып-қызыл-ау, қып-қызыл!
     Мамыр айы – табиғаттың, адамзаттың мерекесі. Кең даламыз, туған ауылымыз көктемде қызыл-жасыл түрге бөленеді. Неткен шебер бұл көктем!   (106 сөз.)  «Жыл он екі ай» кітабынан

Ата көрген оқ жонар

     Ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбексүйгіш, малсақ, жауынгер, әнші, күйші, аңшы, құсбегі-бесаспап азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Жігіттің бойына өнер мен еңбекті, ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден, темірден түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға, яғни, қолөнер шеберлігіне баулыған. Әкелері мен аталары  ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсілдерін үйретіп баққан.