ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 19.11.2021
Просмотров: 446
Скачиваний: 2
|
С.Ж.АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ |
|
КАЗАХСКИЙ НАЦИОНАЛЬНЫЙ МЕДИЦИНСКИЙ УНИВЕРСИТЕТ ИМЕНИ С.Д.АСФЕНДИЯРОВА |
|
БИОЛОГИялЫҚ ХИМИЯ КАФЕДРАСЫ БИОХИМИЯДАН ЕМТИХАНҒА АРНАЛҒАН ЕСЕПТЕР |
||
1
Кейбір сырқаттану кезінде ағзаның сырқатқа қарсы тұруының салдарынын науқастың дене қызуы көтеріледі. Дегенмен дене қызуының көтерілуі ағза нәруыздары үшін қауіпті болып табылады. Не себепті дене қызуы +40С-тан жоғары көтерілсе нәруыз қызметі бұзылып, адам өміріне қауіп төнетінін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Нәруыздардың құрылымын нативті конформацияда ұстап тұратын нәруыздардың құрылымы және байланыстары;
-
Температураның жоғарылауымен туындайтын нәруыздардың қызметі мен құрылымындағы өзгерістер
-
Ферменттер үшін оңтайлы температура дегеніміз не? Қайтымды және қайтымсыз инактивация.
2
Ми нейропептиді Leu-энкефалин тир-гли-гли-фен-лей тізбегінен тұрады. рН-ң мәні 3,0-ке; 7,0-ге; 11,0-ге тең болғандағы молекуланың зарядын анықтаңыз. Пептидтің изоэлектрлік нүктесінде рН-ң мәні нешеге тең?
Шешу алгоритмі:
-
Берілген пентапептидтің формуласын жазыңыз.
-
Берілген аминқышқылдары химиялық құрылымы және қасиеттері бойынша қандай топтарға жататынын анықтаңыз
-
рН-ң берілген мәндерінде аминқышқылдарын ион түрінде жазу
3
Мидағы пептидтер нейропептидтер болып табылады. Нейропептидтердің алдыңғы екі өкілі энкефалиндер деп аталады. Бұл пептидтер ауруды тыныштандыратын қасиетіне орай дәрілік препарат ретінде пайдаланылады. Берілген пентапептидті сипаттаңыз.
Шешу алгоритмі:
-
Тир-Гли-Гли-Фен-Мет метионин-энкефалиннің құрылымдық формуласын жазыңыз және пептидтің «N» және «С» соңдарын айқындаңыз
-
Бейтарап ортада пептидтің зарядын және электрофорез кезіндегі оның бағытын анықтаңыз
-
Бұл пептидпен оң болатын түсті реакцияларды анықтаңыз
4
Молекулаларды немесе иондарды мембрана арқылы тасымалдайтын нәруыздар кей жағдайда трансмембраналық нәруыздар деп те аталады. Мұндай нәруыздардың құрылымында биомембрананың липидтің қабатында қоршалған және клетканың ішкі жағына (цитоплазмаға) қарай, сонымен қатар жасушаның сыртқы аймағына бағытталған аумағы болады. Осындай нәруыздарды сипаттаңыз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген трансмембраналық протеиннің түрлі аумақтарында қандай аминқышқылдары басым болатындығын жобалаңыз
-
Полярлы және полярсыз радикалды аминқышқылдарына мысалдар келтіріңіз
-
Қандай жағдайда нәруызды молекуланың заряды нөлге тең болатынын түсіндіріңіз.
5
Фенилкетонуриямен ауыратын науқастың зәрінде фенилаланиннің мөлшері – 6мМ/л (қалыпты жағдайда 0,01мМ/л) және оның метаболиті болып табылатын фенилпирожүзім қышқылы – 4,9 мМ/л ( қалыпты жағдайда болмау керек). Не себепті аурудың ағзасында фенилаланиннің деңгейі жоғары және оның метаболиті зәрде пайда болған?
Шешу алгоритмі:
-
Қай фермент болмаған кезде фенилаланиннің тирозинге айналу процесі тоқтайды? Реакция теңдеуін жазыңыз.
-
Жоғарыда аталған реакцияны жылдамдататын ферментті, оның коферментін , және ферменттің дұрыс жұмыс істеуіне қажет витаминдерді атаңыз
-
Жаңа туылған сәбиде фенилкетонурия ауруы анықталған жағдайда дәрігер қандай ұсыныстар беру керек және бұл ауру дер кезінде анықталмаса қандай салдары болуы мүмкін?
6
Қазіргі кезде биохимиялық зертханаларда адам ағзасындағы биологиялық сұйықтықтардағы ферменттердің активтілігін анықтау үшін автоматты биохимиялық анализаторлар қолданылады. Лактатдегидрогеназаның (ЛДГ) активтілігін анықтау үшін қажетті реактивтерді дұрыс таңдауға лаборантқа көмектесіңіз.
Шешу алгоритмі:
-
ЛДГ катализдейтін реакцияны жазыңыз.
-
Субстратты, коферментті, негізін қалаушы витаминді, фермент кездесетін жерлерді көрсетіңіз
-
Ферментативті реакцияның жылдамдығын қандай көрсетқіш бойынша бағалауға болатындығын түсіндіріңіз.
7
Адам гомойотермді (температура тұрақты деңгейде) тірі ағзалар қатарына жатады. Медицинада кейбір жағдайларда емдік әсерде экстремалды температура қолданылады. Мысалы, ұзаққа созылатын ота кезінде, әсіресе миға және жүрекке ота жасағанда гипотермиялық жағдай қолданылады. Гипертермиялық жағдайлар ұлпаларды коагуляциялау мақсатында қолданылады. Аталған жағдайлардың қаншалықты дұрыстығын түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Көптеген ферменттер үшін оптималды температураны және ферментативті реакция жылдамдығының температураға тәуелділік графигін сызып көрсетіңіз.
-
Ұзаққа созылатын ота кезінде гипотермиялық жағдайдың қажеттігін түсіндіріңіз.
-
Ұлпаларды термиялық коагуляциялау әдісі неге негізделгендігін түсіндіріңіз.
8
35 жастағы әйел клиникаға ауыз қуысының шырышты қабатының қабыну процестеріне, бұлшық ет әлсіздігіне, конъюнктивитке шағым айта келді. Ауру әйел ұзақ уақыт бойы өзінің рационынан бауыр, сүт, қарабидай, ашытқы тәрізді тағамдарды алып тастап бір текті тамақтанған. Дәрігер В2 витаминінің жетіспеушілігін анықтады. Байқалған симптомдардың себептерін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
В2 витамині құрамына кіретін коферменттерді атаңыз және олардың құрылысын схема түрінде көрсетіңіз.
-
Коферменттерінің құрамында В2 витамині бар ферменттерді атаңыз.
-
Аталған ферменттер қандай реакцияларды жылдамдататынын атаңыз (кез-келген біреуінің реакция теңдеуін жазыңыз).
9
Ауру көзінің шырышты қабатының және зәр шығару жолдарының жиі қабынуға ұшырайтындығына, сонымен қатар қараңғы жерде көзінің көруі нашарлағанын айтып шағымданды. Тексеру барысында көз қасаң қабығының қабынуы мен құрғақтығы, көзін ақ шел баса бастағандығы, яғни гиперкератоз айқындалды. Аурудың бұл күйі қалай аталады? Бұл белгілердің механизмдері?
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайда қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз және әріптік белгісін көрсетіңіз.
-
Бұл витаминнің провитамині қалай аталады, және витамин мен оның провитамині қандай тағамдарда кездеседі?
-
Витаминнің биологиялық әсерін сипаттаңыз.
10
Тубуркулезге қарсы препараттармен (тубазид, фтивазид) ұзақ уақыт емделгеннен соң науқаста ашуланшақтық, кейде сіңір тартылу, дерматит, стоматит пайда болды. Қанға биохимиялық талдау жасағанда гипохромды анемия, гипераминоацидемия белгілері, сонымен қатар зәрінде оксалаттың және аминқышқылдарының, әсіресе гомоцистеин мен цистатионның көбейгендігі байқалды. Берілген белгілердің, ауытқулардың механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз.
-
Бұл витаминнің витамерлерін атаңыз.
-
Құрамында аталған витамин бар ферментер катализдейтін реакцияларға мысалдар келтіріңіз.
11
Негізгі тағамдары жүгері болып келетін Оңтүстік Америка тұрғындары көп жағдайда нерв жүйесінің зақымдануы (деменция), ас қорыту жүйесінің зақымдануы (диарея) және терінің ашық жерлерінің симметриялы түрде зақымдануы тәрізді белгілер көрсететін аурулармен жиі ауырады. Аталған белгілердің механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз
-
Бұл витаминнің антивитаминін атаңыз; қандай тағамдардың құрамында болатындығын және механизмін түсіндіріңіз
-
Бұл витамин ағзада қандай аминқышқылдарынан түзілетіндігін атаңыз және формуласын жазып көрсетіңіз. Ағзада бұл витамин аминқышқылдарының біреуінен (атаңыз) түзілгенімен, егер де тағаммен түспесе авитаминозге ұшырататындығын түсіндіріңіз.
12
Инсоляция төмен болып келетін Солтүстік аймақта тұратын сәбиге мешел ауруының алдын-алу үшін балық майы берілген. Дәрігер тексеру кезінде бас сүйегінің ерте қатаюын, сүйектердің ұзына бойы өсуінің баяулауы нәтижесінде қаңқа сүйегінің қисаюын байқады. Анасы сәбиде іш қату барлығын, тағамға тәбетінің нашарлағанын және салмақ жоғалтқанына шағымданды. Сәбидегі бұл өзгерістердің себептерін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Сәбиде қандай алмасу процесі бұзылған? Витамин қалай аталады?
-
Теріде витаминнің түзілу схемасын және оның бауыр мен бүйректегі метаболизмін көрсетіңіз
-
Берілген витаминнің әсер ету механизмін және активті- алмасу түрінің (1,25-(ОН)2 Д3) ішек қабырғасына және басқа ағзаларға әсерін көрсетіңіз.
13
Ұзақ уақыт бойы алкогольді мөлшерден тыс ішуінің нәтижесінде бауыр циррозына ұшыраған науқас көмірсуы басым диетаға отырған және жүрек тұсының ауыратындығына, саусақтарының ұшы жансызданатындығына, балтырларының ауыратындығына, есте сақтау қабілетінің нашарлағандығына шағымданды. Қанға жасалған анализ пируват пен лактаттың концентрациясының жоғарылауынан туындаған ацидоз екенін көрсетті. Бұл себептердің механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Науқаста алмасудың қандай түрі бұзылған? Витамин қалай аталады?
-
Берілген жағдайда пируват пен лактаттың түзілу реакциясын жазыңыз. Реакцияны катализдейтін ферменттерді, олардың коферменттерін және құрамына кіретін витаминдерді атаңыз.
-
Аэробты жағдайда пируваттың өзгеріске ұшырау реакциясын, ол реакцияның жүру жолын, реакцияны катализдейтін ферменттерді, олардың коферменттерін және құрамына кіретін витаминдерді жазыңыз.
14
Дәрігердің қабылдауындағы пациент көбіне пісірілген тағамдармен қоректенеді, көкөністер мен жеміс-жидектер рационында аз. Науқас әлсірей беретіндігін, қызыл иегінің қанайтынын, тістерінің босап кеткенін, буындарының қақсайтынын, есте сақтау қабілетінің нашарлағанын, жиі суық тиіп ауыратынын айтып шағымданды. Дәрігер тексеру барысында көптеген петехиялар, тері қабатының бозаңдығын байқады. Қан талдауы гипохромды анемияны көрсетті. Берілген белгілердің механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз
-
Қандай тағамдардың құрамында болатындығын түсіндіріңіз. Бұл витамин қандай ферменттердің құрамына кіреді?
-
Бұл витаминнің авитаминозы кезінде капиллярлардың жарылғыштығы жоғарлаған, дәнекер тіні зақымданған. Қандай реакция бұзылған, реакцияны жазып, ферментті атаңыз.
15
Созылмалы гастритпен және аш ішектің шырышты қабатының зақымдануымен ауыратын науқастың қанын талдағанда эритроциттер, лейкоциттер, гемоглобин мөлшерінің төмендегені, жетілмеген ірі жасушалар-мегалобласттар бар екендігі анықталды. Орталық және перифериялық нерв жүйесінде ауытқулар, атап айтқанда есте сақтау қабілетінің нашарлауы, парездер және сал ауруының белгілері байқалды. Берілген белгілердің механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз
-
Берілген витаминнің сіңірілуі қандай факторға тәуелді және ол қай жерде түзіледі?
-
Берілген витаминнің қатысуымен жүретін реакция теңдеулерін жазыңыз.
16
Антибиотиктермен ұзақ уақыт емделгеннен соң пациентте мұрынның жиі қанауы, бір жерін сәл кесіп алса да қан көп кетуі, көздің тор қабығына қан құйылуы тәрізді белгілер байқалды. Аскорутинді қабылдау нәтиже бермеді. Берілген белгілердің механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз
-
Берілген витаминнің антивитаминдері және синтетикалық аналогы қалай аталады, бұл витамин қандай тағамдарда кездеседі?.
-
Бұл витаминнің биологиялық әсерін сипаттаңыз.
17
Қышқылды фосфатаза ферменті фосфор қышқылының күрделі эфирлерінің гидролиз реакциясын жүргізеді. Бұл фермент көк бауыр, простата (қуық асты безі) жасушаларында түзіледі, эритроциттер, тромбоциттер, макрофагтар және остеокласттар құрамында болады. Бұл фермент сперматозоидтар акросомасында болады, және ұрықтану кезінде ооцит плазмолеммалары фосфолипидтерін ыдыратады. Қышқылды фосфатаза ферменті рН=4,7-6,0 мәнінде (қышқылдық ортада) ең жоғары ферментативтік активтілік көрсетеді.
Шешу алгоритмі:
-
Реакция жылдамдығының орта рН-на тәуелділік графигін сызып көрсетіңіз. рН-ң өзгеруімен қышқылды фосфатаза активтілігінің өзгеру себебін түсіндіріңіз.
-
Ферменттің класын, тобын, топшасын анықтаңыз.
-
Берілген ферментті анықтаудың диагностикалық маңызы қандай?
18
Көп мөлшерде кофеин қабылдаған адамдарда адреналиннің әсеріне ұқсас белгілер: жүрек жиырылуының артуы, қолқаның кеңеюі, қозу, энергиялық субстраттардың (гликоген, ТАГ) қоры бар тіндерде метаболизмнің өзгеруі болады.
цАМФ-тің ыдырауына (цАМФ--------АМФ) жауапты фермент фосфодиэстеразаның (ФДЭ) бәсекелес ингибиторы болып табылатын кофеиннің әсер ету механизмін түсіндіріңіз.
Шешу алгоритмі:
-
Кофеиннің әсерінен жасушада қандай заттың концентрациясы артады?
-
Кофеинді қолдану нәтижесінде қандай процестер активтенетінін атаңыз және бұл процестердің (реакциялардың) схемасын келтіріңіз.
-
Берілген жағдайда қандай реакциялардың жылдамдығы артады және қандай ферменттер активтенеді?
19
Клиникада асқазан ішек жолдары бездерінің функциялары жеткіліксіздігінде және ингибиторлар ретінде де көбіне энзимді препараттарды тағайындайды. Бұл жағдайда ферменттерді қабылдау неге негізделген?
Шешу алгоритмі:
-
Асқазан ішек жолдарында асқорыту процестері бұзылғанда энзимдік препараттармен орынбасу терапиясын тағайындайды. Осы препараттарға қандай ферменттер кіреді (класын, тобын және топшасын, түзілетін жерін көрсетіңіз)
-
Ас-қорытуға қатысатын ферменттердің әсерін көрсетіңіз (схемамен).
-
Созылмалы панкреатитте (ұйқы безінің қабынуы) трасилол немесе трипсиннің басқа пептидтік ингибиторларын тағайындайды. Созылмалы панкреатитте трипсинннің ингибиторларын қабылдау неге негізделген? (ингибирлеу түрін көрсетіңіз).
20
Аурухананың қабылдау бөліміне түскен науқас кеуде астының, көкірек тұсының ауыратынына және өзін нашар сезінетініне шағымданды. Қабылдау бөлімінің дәрігері биохимиялық зерттеулер арқылы аспартатаминотрансферазның (АСТ) көрсеткіштері жоғарылағанын анықтады. Науқастың қай органы зақымдалған деп болжам жасауға болады?
Шешу алгоритмі:
-
АСТ жылдамдататын реакция теңдеуін жазыңыз және осы ферменттің құрамына қандай витамин кіреді?
-
Диагнозды нақтылау үшін науқасқа қосымша қандай биохимиялық көрсеткіштерді анықтауды тағайындау керек?
-
Атеросклерозды анықтау үшін науқаста қандай көрсеткішті анықтау керек?
21
Зерттеу кезінде митохондрияда тотығатын субстрат ретінде малатты пайдаланды. Мына заттардың қайсысы тыныс алу тізбегін, ал қайсысы тотығудан форфорлану процестерін ингибирлейді?
А) натрий амиталы;
Б) 2,4-динитрофенол
В) цианидтер
Г) май қышқылдары
Д) СО
Шешу алгоритмі:
-
Электрондарды (БТ) тасымалдау тізбегінің схемасын салыңыз және түсіндіріңіз, сіз таңдаған қосылыстар қай этаптарға қалай әсер етеді?
-
БТ мен ТФ қабысу нүктелерін көрсетіңіз
-
Қай кезде тыныс алу коэффициенті (Р/О) 1, 2, 3-ке тең және осы көрсеткіштердің ішінде қайсысы қалыпты жағдайға сәйкес келмейді, түсіндіріңіз.
