Добавлен: 09.11.2023
Просмотров: 91
Скачиваний: 4
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы.
Ши өңдеу, тоқу өнерімен қазақтар, қырғыздар, сондай-ақ Орта Азиядағы басқа да халықтарда көбіне әйелдер айналысқан. Жай ғана ақ шиден өзіне керекті күнделікті тұрмыста пайдаланылатын затты әрбір әйел өздері тоқып алады.
Ерте кезде тұрғын үйдің негізгі түрі тек киіз үй болған уақытта ши дайындауға топталып, әйелдермен бірге ер кісілер де баратын болған. Ерлер жағы ши өсімдігін түбімен қопарып оны түйеге, езгіге немесе атқа арту сияқты ауыр жұмыстарды атқарған. Шиді күзге қарай дайындаған.
Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Оны үйдің ішіне, жабық қораға немесе бастырманың астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден ғана қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Бұл шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін қарақұс деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды шибау деп атайды.
Қазақ халқының саласында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса, ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
Демек, киіз үйдің керегесін орай тұтуға көбінесе жоғарыдағы айтылған шидің соңғы екі түрі: шым ши мен орама ши пайдаланылады. Шым шиді кейде «жез ши» деп те атайды (бұл ерте уақыттағы жез оралған кезден қалған атау болса керек).
Шым ши тоқу – қазақтың қолөнер саласындағы ұлттық өнерінің ерекше бір түрі. Өрнектеп шым ши тоқуда болсын, халықтың қолөнерінің қайсыбір саласында болмасын, қазақ әйелдерінің шеберлік, көркемдік талғамы өзінің табиғи шынайылығымен көз тартады.
Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «Шаршы ою» деп те атайды. Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Мұндай оюлардың қайталанып келіп отыратын күрделі композициялы қиын түрлері сәуле, шахмат, ұзындық оюларды ашық жерге түсіргенде сол мотивтегі бөлшектермен оюланып, жиектеледі. Бұл сияқты шым ши бетін әшекейлейтін қазақ, қырғыз оюларының негізі – кейбір геометриялық мотивтегі элементтер мен өсімдік және зооморфтық, тағы басқа оюлардан құралған ба, деген ой келеді.
Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді. Бұдан геометриялық ою элементтері шым ши тоқу өнеріне ғана сақталған екен деген ой тумау керек. Мұндай оюлар ерте заманнан керамика, үй құрылысында және күнделікті үй мүліктерінде алаша, кілем, киіз өрнектеу салаларында жақсы сақталған. Алайда геометриялық оюдың шыққан тегі анықталады деп үзілді-кесілді айту қиын. Дегенмен, мұндай оюлардың түрі алғаш рет еңбек құралдарын бейнелеу, кейіңгі бақташылық дәуірде үй жануарлары мен жабайы аңдарды белгілі жерге дағдыландыру орандарын суреттейтін бізге келіп ромбы, көп бұрышқа ұқсас қолдан тоқылған кескін үйлесімімен шықты деп шамалауға болады.
Осыдан біз халық қолөнер шеберлерінің ұзақ жылдар бойы көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес жасаған заттары негізгі кәсібіне орайлас өрістегенін байқаймыз.
Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды – ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз. Оған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өңдеп, тоқып, кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанымен оны көркемдеп, мәнерлеп, әдемі кілем іспетті дүние ету оңай да іс емес. Әйтеуір халқымыздың қалаулы шеберлері жасаған шым ши киіз үйдің керегесін сыртынан жауып, киіз есіктің ішкі жағынан тұтылады. Шидің әрбір сабағына түрлі-түсті жүннен, кейде жібектен оралған белгілі ою-өрнектермен түгелдей безендіріліп өрнекті де әсем заттар мен бұйымдар жасау ертеден мәлім, ши өңдеу мен тоқуға қатысты қалыптасқан терминдер де бар. Мысалы, аршу деп тоқудың алдында ши сабағының қабығын аршуды айтады. Шиді аршумен бірге оның ішінде жүн орауға жарамдысы да, жарамсызы да болады. Сондықтан жарамдысын таңдап, бөлектеп аршып алуды сұрыптау деп атайды.
Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған.
Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.
Киімді әшекейлеу.
Өресі биік, өрісі кең өнер атауының қай саласынан болсын, жер
жүзіндегі басқа да халықтар сияқты қазақ халқы да өзінің көне замандардан бері келе жатқан тамаша тарихымен және өзіне ғана тән қайталанбастай ерекшелігімен көзге түседі. Ал қандай да болсын өнер және талант иелерін өмірге келтіретін де сол халық. Сондықтан да біз оларды халықтық дейміз. Міне, сол халық таланттарының қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, киім үлгілері, тұрмыс жиһаздары, әсем де зәулім ғимараттар қай заманда болмасын өз маңызын жоғалтпайтыны мәлім. Сол сияқты, қазіргі бізге келіп жеткен «Құстұмсық жүзік», «Құдағи жүзік», алтынмен апталып, күміспен күптелген алқалар мен өңіржиек, өңірше, үзбелі сырға, тоқым әбзелдері мен үй мүліктерінің сирек кездесетін үлгілері кейінгі ұрпақтар үшін аса бағалы мұра болып табылады. бірақ мұндағы өкінішті жай, сол халық шеберлерінің көпшілігінің есімдері тарихта қалмағандығы. Бұл әрине, ертеде өз жазу-сызуы болмаған қай халықтың болса да басынан өткен жайлар. Дегенмен, сол халық ортасынан шыққан шеберлердің көркемдеп, сәндеп жасаған бұйымдарының әсемдігіне, шебер жасалғандығына, қазір де қарап көз тоймайды.
Ал сол халық өнері шығармаларын жинап, зерттеуде, оларды насихаттауда Қазақстан музей қызметкерлерінің, ғалымдарының, археологтарының да еңбегі зор. Солардың тырнақтап жинаған асыл бұйымдары қазір республикамыздың тарихи-өлкетану және өнер зерттеу музейлерінде жинақталған. Осы музейлердің бәрінде де қазақ халқының тарихы, этнографиясы, ою-өрнектері жөнінде бағалы дүниелері бар.
Қазақтың қолөнерін зерттеу мәселесі ерте кезден көптеген саяхатшылар мен коллекционерлердің ғана емес, ғалым-этнографтар, археологтар мен суретшілердің де көңілін аударып келген. Қазақ қолөнерінің өткендегісі мен бүгінгі жағдайын, оның өзіне тән методологиясын зерттеу, қазірдің өзінде де күн тәртібінен түспей жүрген мәселенің бірі.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан-ақ басталған бірқатар жұмыстар негізінде методологиялық жағынан зерттеудегі жіберілген кемшіліктер қазақ қолөнерінің творчестволық даму мүмкіншілігін дұрыс бағаламады. Мәселен, қазақ ою-өрнектерінің құрылысын, заңдылықтарын алаш рет байқауға ат салысқан С.М.Дудин, күнделікті сауда орындарына, фабрикаларда жасалып түсуіне байланысты қазақ өнері жақын уақыттың ішінде мүлде жойылады-мыс, қажетсіз болады-мыс деді.
Кейбір зерттеушілер мен творчество қызметкерлері қазақтың қолөнерінің идеялық маңызын көтеріп, қолөнердің ою-өрнек сияқты негізгі ұлттық қорын жоққа шығарды. Мәселен, С.МДудин, Е.Р.Шнейдер: «Қазақ ою-өрнегі иран мәдениетінің тек бір бөлігін ғана көрсетеді. Қазақ халқының ұлттық өнеріне жатпайды», - деп топшылады.
Бірақ халықтың қолөнері өзінің тарихы, теориясы мен кейбір ұйымдастыру мәселелерінің жеткілікті элементтеріне қарамастан, күнделікті тұрмысқа қажетті қоршаған затты, көпшілік тұтынатын бұйымды әсемдеуге бейім өнер ретінде, социалистік қоғам кезінде де жалпы мәдени дәрежені де жоғары көрсетуге тән дамып келе жатыр.
Біз жоғарыда көрсеткендей көне заманнан келе жатқан қолөнері өзінің өсу жолында өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалды. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын қоғаммен бірге дамыған қолөнері әр дәуірде өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік-көркемдік жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырды. Қолөнерінің қазіргі дәуірдегі дамуы күрделі де аса бай. Онымен бірге ол күнделікті тұрмысымызды, гүлденген өмірімізді жан-жақты бейнелеуде, халықты эстетикалық жағынан тәрбилеуге қызмет етеді.
Ерте кездегі авторлардың айтуы бойынша Қазақстан топырағын мекендеп, тіршілік еткен сақтар мен массағаттардың барлық заттары әшекейленген, киімдерінің өзіне тән үлгілері болған. Мысалы, киізден жасалған төбесі шошақ бас киімі, ұзын шапаны мен көннен жасалған жұмсақ аяқ киімдері әшекейленген.
Геродот: «Олардың барлық заты алтын мен мыстан жасалған. Жайдың металдан істелген бөлшектері, оғы, айбалталары мыстан жасалған. Бас киім мен белдік әшекейлері түгелдей алтыннан істелген. Сондай-ақ ат омырауындағы өмілдіктер де мыстан соғылып, жүген-сулығы, ауыздығы, т.б. бөліктері түгелдей алтынмен әшекейлендіріліп, безендірілген», - деп жазады.
Сол дәуірдегі халық шеберлерінің қалыптасқан ою-өрнек үлгілері скифтердің мал шаруашылық мәдениеті жайында болғандықтан Алтайдағы Келес даласынан қазылып алынған заттар.
Ою-өрнектермен күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттар және төсек-орын, киім-кешек, ыдыстар, ер-тұрман тағы басқалар әшекейленген. Кесте тігу, тоқымашылық, өру, құрақ құрау өнері, ағаш бетіне күйдіріп ою салу немесе зергерлік, керамикалық, т.б. кең түрде қолданылды. Мұндай алтыннан айрақша күрделі өрнектер салынып жасалған заттар үстем таптың пайда бола бастауын, таптық қауымның өзгере бастауын көрсетеді. Алтыннан нәзік өрнектермен істелген диадема, аңшылықты бейнелейтін көріністер, адам бейнесі, жыртқыш аңдар мен мифтік жанды заттардың өрімделген, ою-өрнектелген күрделі композициясының барлығы, сол кездің өзінде-ақ өнердегі шындық негізді салыстырып қарағанда, техникалық және көркемдік жағынан жоғары қолөнершілікке қолы әлдеқайда ерте жеткендігі байқалады.