Добавлен: 09.11.2023
Просмотров: 93
Скачиваний: 4
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ерлер киімі
Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түрлері: түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап та таныған, яғни арғын, жалайыр мен найман тымағы немесе Семей, Торғай тымағы деген түрлері болған. Тымақ – биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етегі бар жылы бас киім. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе берік ағаштан тиек жасап қадайды. «Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жырлаған.
Күләпара бастырған, құшпал тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстарған бас құрысқақ.
Тымақ қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды. Оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрыңғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс. Ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат матадан тігіледі. Оның жазғы, қысқы түрлері де болады. Жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, күзен бөрік деп аталады. Бөрік үш, төрт немесе алты қиықтан құралады да, оны тиісінше үш, төрт немесе алты сай дейді. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-серілер, ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.
Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Ол үшін теріні шелінен арылтып, әбден илеп, оны қынамен талдың қабығымен, томар бояумен боятады. Бояудан кейін тері қоңыр, сұр немесе сарғыш, күлгін түсті болады. Осы теріден жүн ішіне қаратылып тон тігіледі. Жағасына, кейде жең аузына сеңсең, елтірі немесе бағалы аң терілері салынады. Әйелдер тонының иығына, жең ұшына өңірі мен етегіне кесте жіппен ою-өрнектер салады. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп аталады. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат, бағалы түрі – қамқа тон. Оны бұрын хан, би, бай мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар ғана киген. Киімнің бұл түрі ондатр, құндыз, бұлғын, жанат сияқты бағалы аң терілерінен түгі сыртына қаратылып, астарланып тігіледі. Иін әбден қандырып, қынаға бояп, аң (қой) терілерімен жиектеп тігеді. Жоғарыда аталған тон түрлері күні бүгінге дейін сәнді киімдер қатарында зор бағаланады.
Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің, жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғанымен, мұны бұрыңғы қазақтың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.
Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген биік төбелі еркектің бас киімі. Бұл киім бірнеше сайдан құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі лауазымы биік адамдар киген.
Етік – былғарыдан, құрымнан тігілген ерлер мен әйелдердің аяқ киімі. Түрлері: жылы етік, қисық табан етік, жәй табан етік, шаңқайма етік. Мұны қыста да жазда да киеді. Ерлерге арналған қонышы тізеден асып қара салға дейін жететін етік жырым етік, ішіне байпақ салатын байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал серілер мен бозбалалар киген.
Малақай (құлақшын) – ерлердің салқында киетін бас киімі. Оны құндыз, бұлған, сусар, жанат, түлкі, қарсақ т.б. аңдар мен құлын, бұзаудың терісінен, қозы мен лақтың елтірісінен тігеді. Малақай маңдайдан, екі құлағы мен төбесінен және артқы құлағынан тұрады. Малақайдың төбесін екі түрлі тәсілмен тігеді. Бірінші теріні төрт не алты сай (қисық) етіп тігіп алады да біріктіріп құрайды. Оның сайларының түйісетін ұштары үшкіл болады да, етек жағы тік төрт бұрыш тәрізді болып келеді. Содан кейін оның етегін тік бұрышты координаталар жүйесі төрт бұрыш пішінді ұзыншақ етіп қиып алып, қусырып тігеді, оған дөңгелек төбе қондырылады. Малақайдың маңдайы оның екі құлағының арасына дәл келетіндей төрт бұрыш пішіндес болады. Артқы құлағының биіктігі маңдайының биіктігінен сәл кемдеу кейде бірдей етіп алынады. Оның ұзындығы екі құлақтың арасына сәл сиып тұрарлықтай болуға тиіс. Малақай тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, екінші бетіне бидай – шүберек салып сыриды. Мұның сыртынан терімен тыстап астары мен тері тысын бір-біріне тігіп жапсырады. Тігіп болған соң қалыпқа кигізіп кереді. Малақай әрі жылы, әрі сыпайы бас киім. Қазіргі кезде кәсіпорындар өте сәнді малақай тігіп шығарады. Малақайды ерлермен бірге әйелдер киеді.
Тақия – ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», қабырға тігістерімен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжымнан ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияның тігілуі бірдей. Ал үшкір төбелі тақияны тіккенде оның етегіне жалпақтығын үш елідей етіп тік төрт бұрыш етіп қиып алынады. Оның төбесі үш бұрыш формалы төрт не алты сайдан құралады. Алдымен оларды тігісін ішіне қаратып құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады. Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұру үшін оның астары мен қос астарын беттестіріп жиі етіп сыриды. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдіптеп көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеу үшін сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілеп шалып тігеді. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.
Қолғап – қолға киетін киім. Ол қолды суықтан, жұмыс кезінде жарақаттанудан сақтайды. Қолғап тігілу, тоқылу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп, ал тігілетін материалына қарай тері қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма қолғап, брезент қолғап болып бөлінеді. Тері қолғап қойдың боялған терісінен тігіледі. Егер тері боялмаса, онда оның сыртын матамен тыстайды. Тері қолғапты көбінесе тұйықбас етіп, жарғақ қолғап тықыр теріден астар салып, көбіне бес саусақ түрінде тігіледі. Тоқыма қолғап түйенің, қойдың жүнінен, ешкінің түбітінен тоқылады. Тоқыма қолғап бес саусақты да үш саусақты да тұйықбас та болады. Қатты қайырым жұмыс істейтін адамдарға брезент қолғап керек. Ол тұйықбас та болады. Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп орындары қолғаптың алуан түрін шығарады. Қолғаптың ең байырғы түрінің бірі – құсбегілер қолына киетін «Биялай». Биялай түйенің мойнақ терісінен, бұғы, бұлан секілді аңдардың, өгіздің қалың мойын терісінен серідей тігіледі. Бүркіттің тегеуріні басқа теріні тесіп кетеді. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады.
Әйелдер киімі
Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағады. Сәукеленің өн бойы қымбат матамен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады. Түрлі түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген.
Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік.
Сонымен бірге ол - қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.
Ішік – сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терісінен тігеді. Сәндік үшін жағасынан бастап өңірі, етегіне дейін теріден жұрындайды. Ішік ұзын әрі мол пішіліп тігіледі. Жағасы тік болады. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік, қасқыр ішік, бұлғын ішік, түлкі ішік, суыр ішік, сеңсең ішік, жанат ішік деп аталады. Бота терісінен жүні ішіне қаратылып тігілген ішік сирек кездеседі. Ішікті еркектер де, әйелдер де киген. Әйелдерге, жастарға арналған ішіктер әшекейленіп, түрлі ою, кестелер салынып тігіледі.
Камзол - әйелдің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға т.б. матадан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңір жиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ т.б. алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қатырмалы түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.
Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдің ең негізгі бас киімі. Әз әжелер, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты деп атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Арқа жерінде ардақты әжелерге жоғары және төмен деп аталатын жаулық тартқан. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болған, әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген. Әжелер иығынан асып тұратын кимешекте киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.
Бөкебайды әйелдер өздеріне шаршылап, кейде үшбұрыштап, әр түрлі үлгіде із салып, ақ немесе күлгін түсті түбіттен тоқиды. Тоқудың да қарға тұяқ, ирек, айшық, құстаңдай, бұрама деген көптеген түрлері мен үлгілері болады. Жиегіне тоқу арқылы шашақ салып, селдіретіп те тығыздап та білтелеп тоқиды. Жаңа тоқыған бөкебайды жуып, керіп кептіріп, үлпілдетіп түбітін шығарады әрі жылы, әрі сәнді бағалы киім болып шығады.
Қазақша көйлек - әйелдер киімі. Түсі ашық, жақсы маталардан тігіледі. Ертедегі көйлектер тік жағалы, жеңді әрі ұзын болған. Етегінен жоғары бір неше екі қатар бүрмелеп, қосымша маталар тігіледі. Мұндай көйлекті желбіршек көйлек немесе қос етек көйлек дейді. Көйлек әйел қауымының «бұйрықты» киімі.
Кимешек – қазақ әйелдерінің бас киімі. Кимешекті жас келіншектерден бастап, егде жастағы әйелдерге дейін киген. Ол көбінесе ақ матадан тігілген, ал жастау келіншектерге үлбіреген ақ жібектен жасаған. Кимешек басты, мойынды, кеудені, иық пен жауырынды жауып тұрады. Оның өңірге, жауырынға түсіп тұратын бөлігін күйдік деп атайды. Көбінесе келіншектерге арналған кимешектердің бет жақтаулары алуан түрлі ою-өрнектермен кестеленіп, оқаланып, кей жағдайда алтын, күміс, асыл тастармен, түрлі шытыралармен, тана моншақтармен әшекейленеді. Қазақстанның әр өлкесінде сол өңірді мекендейтін рулардың киімдерінде орын алатын ерекшеліктер сияқты кимешектердің де пішімінде, түрінде, кестеленуінде, оқалануы мен әсемдеу тәсілдерінде өзіндік өзгешеліктері бар. Қазіргі кезде кимешек элементтері пайдаланылмаған әйелдердің бас киімін шығару өндірістік жолға қойыла бастады.
Мәсі – аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық (галош) киеді. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріледі. Ал ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тарамыспен, ішкі жағынан жөрмеп немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан тігіп қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады.
Қорытынды
Адам баласы киім киюді тек денеге қорғаныш қана қылып қоймай, табиғаттың өзі берген сымбатына сұлулық қосатын өнерге айналдырды. Әр ұлтты өзгеден айыратын, оның сыртқы сипатын анықтайтын белгілердің бірі – ұлттық киім. Сондықтан ұлттық киім әр халықтың материалдық мәдениетінің қомақты бір бөлігі болып саналады. Ұлттық санамыз қайта жаңғырып, түрлі халықтық мейрамдарда қазақы киімді киюді қайтадан салтқа айналдыруға тырысып жатқанымызбен ұлттық киім қазіргі өмірге терең сіңе алмай жатқанын айта кету керек. Өйткені бұл бағытта төмендегідей шешілмеген үлкен мәселелер кедергі болып тұр. Қазақтың ұлттық киімі әлі де толық зерттеліп болған жоқ, көбіне сыртқы формасына назар аударылып, киімнің ішкі мәні функциясына көңіл бөлінбей жатыр. Ұлттық киімнің әр түрін орнымен дұрыс қолданбай, бұрмалаушылыққа барып жүрміз. Ұлттық киім бар да, оны кию мәдениеті бар, біз сол мәдени дәстүрді жоғалтып алдық. Сондықтан біз мақаламызда осы жағына баса көңіл бөлеміз. Ұлттық киім дегенде, оған көбіне ғылыми – этнографиялық тұрғыдан келеміз де, оны адамның өзімен оның тұрмыс-әрекетімен байланыстыра қараймыз. Адам үшін киген киімі – дараланған тұлға болып көрінудің, жұрттың, қатарлас құрбы-құрдастарының назарын өзіне аударудың, ішкі сырын білдірудің бір жолы.