ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 23.11.2023
Просмотров: 795
Скачиваний: 52
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ЖЭС-тің бүкіл кезеңінде мемлекет тауар-нарық және капитализмге дейінгі үрдістердің, әсіресе аграрлық саладағы қауырт іс-қимылдарын тоқтата алмады. Объективті типтің жікке бөлінуінің (капиталистік және буржуазияға дейінгі) тікелей ықпалымен әлеуметтік құрылым пролетарланған және қайыршыланған топтарды ығыстыра және «пұрсатты» жоғары топқа икемделе отырып дәл атом сияқты толассыз ыдырап, бөлшектенді.
Социалистік үрдіс толқынында большевиктік «левеллерлер» (теңдестірушілер) қолма-қол мүмкін болған акциялар легін (байларға салық ауыртпалығын ұлғайту және кедейлерді одан босату, саяси және шаруашылық-құқықтық шектеу, әлсіз шаруашылықтарды экономикалық ресурстармен қолдау, осы ретте ауқатты және қуаттыларын шектеу және т.б.) іске қоса бастады, мүлдем жөнсіз әлеуметтік пікір білдіруге, «жалпы теңдік» құрылымын бұзуға ұмтылушыларға тыйым сала бастады. Алайда кері әрекет етуші бағыт іске қосылып, сол кез әділеттілігі тез қалпына келтірілді. Сөйтіп ЖЭС-тің бүкіл кезеңінде алма-кезек жағдайда осылайша қайталанып отырды.
ЖЭС аясында жүзеге асырыла бастаған түбегейлі шаралар халық шаруашылығына бірден әсер етті. Оны анық көріне бастаған қалпына келу үрдісінен байқауға болады. Мәселен, 1925 жылдың аяғына қарай өнеркәсіп өнімдерін өндіру денгейі 1920 жылмен салыстырғанда 5-6 есе өсті және соғысқа дейінгі мөлшердің шамамен үштен екі бөлігіндей денгейге жетті. Өнеркәсіп орындарының 1921 жылғы 17%-ының орнына 60%-ы іске қосылды. Теміржолдардың қалыпты жұмыс істей бастауы экономиканың ойдағыдай жолға қойылуының көрінісі болып табылады. Ескі теміржолдарға қоса жаңадан салынған тармақтар: Петропавл - Көкшетау, Славгород — Павлодар және Омбы теміржолының Семей учаскесі теміржолдары жедел пайдалануға берілді. Су жолы қатынас көлігіне «жан кіргізілді», оның жұмысы әсіресе Ертіс, Сырдария, Жайық өзендерінде айқын қалыпқа келе бастады.
Республиканың ауыл шаруашылығы да айтарлықтай даму арнасына түсті. Орал, Ақмола және Семей губернияларының дәстүрлі астықты аудандарында бірқатар көрсеткіштер 1913 жылғы денгейге жетті. Мал шаруашылыңғы да дағдарыстан шыға бастады. 1922 жылмен салыстырғанда мал саны 1925 жылы екі есе өсті, көшпелі мал шаруашылығы бірте-бірте қалпына келтірілді.
Сөйтіп, халық шаруашылығының даму серпілісі дағдарыстан шығудың басталғанын ғана емес, сонымен бірге тоқырау мен құлдыраудың бірте-бірте он бағыттағы процестерге орын босата бастағанын да көрсетті. Алайда үміттендіретін ең үлкен жақсылық - нарық, тауар-ақша байланыстары басым қалыптасты, ал меншік қатынастары құрылымы көп укладты сипат алды. Әр түрлі меншік формаларының (мемлекеттік, жеке, мемлекеттік-капиталистік және т.б.) қатар өмір сүруі, олардың бәсекелестігі мен ұдайы өндірістік өзара қарым-қатынасы ЖЭС кезеңінде халық шаруашылығының үдемелі дамуына игі ықпал еткен факторлар болды.
- 1 ... 10 11 12 13 14 15 16 17 ... 23
Ф.И. Голощекиннің «Кіші қазан» идеясы: мәні мен салдары.
Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы және оның қатерлі мазмұны (1925-1933жж.)
1927 жылы ақпанда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Ұлы дала еліне тұтқа болмаққа жіберілген Голощёкин Филипп Исаевич жеріміздегі тарихтың бағытын демде бұрып жіберді. Солақай саясатшыл Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты.
Алайда, қазақ жеріне келіп әлі де рулық бөлініс, байдың билігіне куә болған Голощекин ауылды кеңестендіру жұмысы әлі де әлсіз, оны күшейту керек деген тоқтамға келіп, "кіші қазан" идеясын ұсынды. Яғни, сонау 1917 жылы кеңестер билік басына келген кезде, қазақ даласына жетпей қалған идеологияны орнатып, бай мен кедейдің теңсізідгін жойып, ұжымшарды орнату мүддесі көзделді. Ал анығын айтқанда, бұның мәні көшпелілерлің ежелден келе жатқан шаруашылығын, тұрмыс-салтын тұншықтырып, отарлауды күшейтіп, қанау саясатын бүркемелеу еді.
Жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілетін бұйрықтар мен нұсқаулар арқылы жүргізілді. 1930 жылы 5 каңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан кысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 каңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60—80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бүдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, корқыту, жазыксыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды.
1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды.
Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты.
Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. Малы, астығы жоқ халық қырғынға ұшырады. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Осыны көріп отырып қазағым деп қабырғасы қайысқан интеллегенция өкілдеріне де Голощекин өртінің жалыны жетіп барды. Жоғарғы басшылықтың құрамындағы «ұлтшылдарды» қызметтен аластай отырып, Ф.Голощекин 1927 жылдың күзінен бастап Мәскеудің қолдауына сүйеніп, ұлт-азаттық козғалыс қайраткерлерін соттау шараларын іске асырды. 1928 жылы қазанда Қызылорда абақтысында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасов бастаған 44 Алаш зиялылары қамауда отырды. Олардың төртеуі атылды, біреуі конц-лагерьде өлді, қалғандары он жыл түрмеге камау жазасына кесілді. 1930 жылы М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқалар бар 40 Алаш қайраткерлері қамауға алынып, олардың он бесі бес жылға Воронежге жер аударылды. М.Әуезов, Ә.Ермеков және М.Жұмабаев «ұлтшылдық» идеологиясынан бас тартатындықтары жөнінде баспасөз арқылы мәлімдеді.
Жалпы Голощекиннің кіші қазан идеясының мазмұнын түйіндесек: келді, ұжымдастыру деп байбалам салды, малды тәркілеп байларды конфескациялады, малы жоқ халыққа еттен салық салды, төрт-түлікпен көшіп жүргендерден қап-қап астық өткізуді талап етті, 1931-1932 жылдары қайғысы ауыр ашаршылықты қолдан жасап, халықты қырды. Саясаткер ретінде емес, қазақты қанауға келген қанішер ретінде есте қалған оның "Кіші қазан" идеясы расымен мемлекеттік құрылымға әсер етіп, үлкен бұрылыс жасады. Алайда, миллиондаған халықтың қазасына әкелген саясатты қалай жақтасақ та ақтауға келмейді. Даттамасақ та, солақай саясаттың, жазықсыз қалың қазақтың қанының иісі шығып тұрады бұл тақырыптан. Міне, Голощекиннің "кіші қазанының" тарихи мазмұны осылай ұмытылмас ақтаңдақтармен қалып қойды.
-
Қазақстандағы индустрияландырудың ерекшеліктері.
Қазақстан индустрияландыру кезеңінде 1925 жылы желтоқсанда БК(б)П XIV съезінде белгіленген Кеңес Одағын индустрияландыруды жүзеге асыру ісі Қазақстанда бірқатар қиындықтарға кездесті, олар негізінен қазақ елінің бодандық өткенімен және әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірде артта қалуымен байланысты болды.
Бұл қиындықтардың көбі республикада халық шаруашылығын, әсіресе өнеркәсіп пен транспортты қалпына келтіру ісінің тым созылып кетуінен де күрделеніп, асқына түсті және осы жағдай Қазақстанның индустрияландыру жолымен табысты ілгерілеуі үшін басты кедергіге айналды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың және Азамат соғысының ауыртпалығын бастан кешірген Қазақстаннын артта қалған отарлық экономикасы елдің өнеркәсібі дамыған аймақтарына қарағанда анағұрлым ауыр жағдайда қалды. Соғыс әрекеттерінен,әсіресе өнеркәсіп пен транспорт қатты зардап шеккен еді. Ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі 1920 жылы 1913 жылмен салыстырғанда екі есе, ал өндіріс жабдықтарын өндіру 4,5 есе, мұнай өндіру 4 есе қысқарды, мыс және полиметалл кендерін шығару, мыс балқыту тоқтап қалды, көптеген кең орындары мен көмір шахталарын су басты немесе электр стансаларының қирауы, жабдықтардың бүлінуі т.б. себептерден жұмыстарын тоқтатты. Транспорт, әсіресе теміржол көлігі апатты жағдайда болатын: паровоздардың жартысынан көбі және вагондардың 90%-ға жуығы күрделі жөндеуді қажет етті, жүздеген көпір қиратылды, бәрінен де жол шаруашылығы көп зиян шекті, жарамсыздарын алмастыруға рельстер мен шпалдар жетіспеді. Еліміз жаңа экономикалық саясатқа көшіп жатқан кезенде басталған Қазақстан өнеркәсібі мен транспортындағы қалпына келтіру жұмыстары жалпы алғанда шаруашылық күйзелістерінен ғана емес, республикада ашаршылықтың басталуына себеп болған 1920-1921 жылдардағы жүт кезінде малдың көптеп шығын болуы, сондай-ақ 1921 жылғы құрғақшылық салдарларынан да зор қиыншылықпен жүргізілді.
1920-1921 жылдары жекелеген кәсіпорындар ғана қалыпқа келтіріле бастады, ал тұтастай алғанда бұл үрдіс 1922 жылдың екінші жартысында ғана өрістеді. Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіруде 1923 жыл бетбұрыс кезеңіне айналды. Алдыңғы кезекте ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары қалпына келтірілді, оған 1922 жылы алынған егіс өнімділігі ықпал етті. Қостанай, Орал және Семей губернияларында, Павлодарда т.б. қалаларда ірі диірмендер іске қосылды, бұл ұн тарту өнеркәсібін жедел қалыптастыруға жағдай жасады. Солтүстік Қазақстанда май шайқау зауыттары жұмыс істей бастады, жаңадан 20 май зауыты салынды. Тамақ өнеркәсібінің басқа салаларында да ілгері басушылық байқалды, мәселен, 1923 жылғы тамызда ірі мөлшердегі күрделі қаржыны қажет етпейтін Илецк және Коряковск тұз шығару кәсіпшіліктері қайтадан жұмыс істей бастады.
Баяу болса да, республиканың оңтүстігінде мақта тазарту зауыттарының, жеңіл өнеркәсіптің тері илеу, жүн жуу т.б. кәсіпорындарының жұмысы жанданып келе жатты. Петропавлдағы қалпына келтірілген пима басу, қой терісін өңдеу, тері илеу және шойын құю зауыттары 1923 жылы біртұтас кәсіпорынға біріктіріліп, өнеркөсіп комбинаты құрылды. Алматыда, Шымкентте және Талғарда тері илеу зауыттарының жұмысы жандана бастады.
Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын қалпына келтіру ісінде де кейбір игі қадамдар жасалды. Мұнай өнеркәсібі бәрінен жеделірек қатарға қосылды: Ембі және Доссор көсіпшіліктері 1925 жылдың өзінде 1913 жылғы деңгейден асып түсті. Өндірісті техникалық жағынан қайта құру ісі жүргізілді, мұнай өндіруге тереңнен соратын насостар қолданылды, кәсіпорындарды электрлендіру өріс алды, жабдықтар жаңартылды, кең барлаудың геофизикалық әдістері пайдаланылды. Полиграфиялық өнеркәсіп те біршама ілгері басып, соғысқа дейінгі деңтейге тез көтеріліп келе жатты, осының нәтижесінде қазақ және орыс тілдеріндегі газеттер басылымы көбейді.
Риддерде шахталарды, рудниктерді, байыту фабрикаларын, электр стансаларын, теміржолды, басқа да нысандарды қалпына келтіру жөнінде біршама жұмыстар атқарылды, алайда жабдықтар мен ақшалай қаржының жетіспеушілігінен бұл кәсіпорындар техникалық күзет жағдайына көшіріліп, 1925 жылы ғана Риддер кәсіпорындарын қалпына келтіру жұмыстары қайтадан қолға алынды. # Қарағанды және Екібастұз көмір өндірістері, Спасск зауыты, Успен кең орны және басқа да тау-кен өндірісі орындары мен тау-кен зауыттарының кәсіпорындары тоқтап тұрды. 1925 жылдың аяғында ғана Қарсақбай мыс балқыту зауыты мен Байқоңыр — Қарсақбай-Жезқазған тар табанды теміржолын қалпына келтіру жұмыстары басталды.