ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 23.11.2023
Просмотров: 791
Скачиваний: 52
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Саяси сенімсіздік пен халықтарды Қазақстанға күштеп депортациялау – ұлттық ар-намысты кемсітудің үлгісі.
Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлт қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.
Депортация латынша «deportatio» – «қуғындау», «көшіру» деген мағынаны білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілдерінің белгілі бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет.
1920-1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жетті.
КСРО-да күштеп қоныс аударту төмендегідей белгілер бойынша жүзеге асырылды:
этностық белгілері бойынша депортация («жазаланган халықтар», «шегараларды тазалау»,«сенімсіз халықтар»);
әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі кулақтарды жер аудару) кезінде келгендер, арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы);
саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атады. 1944 жылдан бастап «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданылды.
Жоғарыда аталған күштеп жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі жағынан большевиктік әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік тәжірибенің құрбанына айналды. Одан кейін кулақтар мен байларды тап ретінде жою басталды.
Қазақстандағы байларды тәркілеу барысында шамамен 5500 отбасы сыртқа көшірілсе, Қазақстанға Орта және Төменгі Еділ бойы, Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ өңірінен 1932-1933 жылдары мыңдаған адам жер аударылды. Қазақстан «Сібір» сөзінің синониміне айналды.
Кулак деп аталған миллиондаған шаруаның көзін құртқан этнодемографиялық дағдарыс КСРО халықтарына зор зиянын тигізді. Олар арнайы комендатураларда есепте тұрды. ГУЛАГ қызметі жүйесіне күшпен тартылып, көмір өндіру, металл өндірісі, темір жол мен электростанциялар, НКВД (Ішкі істер Халық Комиссариаты) құрылыс объектілерінде, мақта өсіру, қызылша, қант өндірістерінде және т.б. салаларда жұмыс күші ретінде пайдаланылды.
1936 жылы КСРО ХКК құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР-не 15 мың поляк пен неміс шаруаларын көшіріп, қоныстандыру басталды. Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстанға, қалғаны Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан, Белоруссия мен басқа республикалардан арнайы коныс аударылғандардың жалпы саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті.
Соғыстың алдында Қазақстан аумағына тағы да поляк ұлты өкілдерінің екінші толқыны көшіріліп әкелінді. 1939-1940 жылдары Гитлер армиясының Польшаға басып кіруіне байланысты Батыс Украина, Белоруссиядағы поляктар қосымша кашып келе бастады. 1940-1941 жылдары 200 мыңдай поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Жамбыл, Алматы облыстарына орналастырылды.
Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық корейлер ілікті. Олардың кейбір бөлігін 1935-1936 жылдары күштеп әкімшілік қоныс аудару басталды.
1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар тұрақты мекендерге орналастырылды. 70 корей ұжымшары республиканың 8 облысында – Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда орналасты. Олар балық және ауылшаруашылығымен айналысты.
КСРО-ның ұлт саясатындағы 30 жылдардағы қуғын-сүргініне иран ұлты да ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 жылы қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшірілді.
Күрдтердің Қазақстанға депортациясы да соғыска дейінгі кезеңнен басталады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 жылы Күрдістан автономиялы республикасы құрылғаны белгілі. Алайда 1936 жылы күрдтердің ғасырлар бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрд Армения, Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орталық Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды.
Дәл осындай «сценариймен» қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым өңірі халықтары «фашистік басқыншылармен жақындасты» деген желеумен көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды.
1943 жылы Қарашай автономиялы республикасы жойылып
, жалпы саны 45,5 мың адам Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасылар Қырғызстанға, Өзбекстанға аттандырылды.
Жалпы саны 40 мыңдай балқардан Солтүстік Кавказ түгелдей «тазартылды», 46,6 мың балқар отбасы оңтүстік облыстарғақоныстандырылды. Қалғандары Қырғызстанға жөнелтілді.
1945 жылға карай Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың жалпы саны 406,3 мың адамға жетті.
1944 жылы Орталық Азия мен Қазақстанға Грузиядағы күрдтердің екінші толқыны, 1948-1950 жылдары үшінші толқыны күштеп көшірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін майданнан қайтқан майдангер-күрдтер туғандарын таба алмай әуре-сарсаңға түсті. Олардың өздері 50 жылдардың соңына дейін арнайы қоныстардағы НКВД органдарына айына 2 рет барып белгіленіп тұруға міндетті болды.
1943 жылғы 28 қазандағы бұйрық негізінде Қалмақ АКСР-інен 2,2 мың адам Қызылорда облысына көшірілді.
1944 жылы Берияның бұйрығымен Қырымды «кеңестерге қарсы элементтерден» тазарту үшін 2000 жүк машинасы әзірленді. 1944 жылы мамырда 50 эшелонға тиелген татар ұлты өкілдері түгелдей Қырым АКСР-інен қуылды. Депортация барысында Қазақстанға 4501 татар, 7 мың болгар мен грек әкелінді. Депортацияға ілінген месхеттік түріктер Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан 1944 жылы қарашада Қазақстанға әкелінді. Жалпы 1943-1944 жылдары Қазақ КСР-іне 109,3 мың отбасы арнайы қоныстандырылды.
Жергілікті қазақ халқының үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда 38%-дан 30%-ға дейін кеміп кетті. Тіптен кейбір аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 2 есеге азайды.
-
Кеңестік білім беру жүйесін құру. Арабтан латынға, кейін кириллицаға көшу.
Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап мәдени құрылыс мәселесімен халық ағарту бөлімдері айналыса бастады.
Барлық мәдени революция міндеттерінің ішінде сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар ерекше мәнге ие болды. 1919 жылы 26 желтоқсанда РКФСР ХКК қабылдаған «РКФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декреті бұл мәселе бойынша негізгі міндеттерді белгілеп берді.
1919—1923 жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою науқанын бастау барысында мынадай кедергілердің бар екендігі байқалды:
халықты оқытуға жарайтын маман кадрлардың жетіспеуі;
жаңа оқулықтардың жоқтығы және жазу құралдарының жоқтығы және жазу құралдарының жеткіліксіздігі;
қалаларда әсіресе ауылдық жерлерде білім беру органдарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі.
1924 жылдың ақпан айында Қазақстанда Бүкілодақтық «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бөлімшесі құрылды. «Сауаташқыш» газетінің бетінде жекелеген топтар үшін сабақ өткізу жоспары жарияланып тұрды, сауатсыздықты жоюшы-мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашылды. 1930 жылғы 11 ақпанда Қаз ОАК-і «Қазақ АКСР-інде халықтың сауатсыздығын міндетті түрде жою туралы» қаулы қабылдады. Жою мерзімі бірінші бесжылдықтың аяғы болып белгіленді. Шараларды жүзеге асырудың жоспары жасалды және сауатсыздықты жоюға арналған қаржы қоры құрылды. 1931 жылы республикада шалғай аудандарға мәдени жорық ұйымдастырылды. Комсомол және пионер ұйымдары оған белсене атсалысты. Алайда елде сауатсыздықты жою ісі тіпті 1935 жылы, мәдениет майданы қызметкерлерінің I съезі өткенге дейін аяқталмады. Осы сьезден кейін республикадағы сауатсыздықты жою жұмысы өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты. Қазақ АКСР Ағарту халкомы жанынан ересек халыққа білім беру басқармасы құрылып, оның ішінде сауатсыздар мен шаласауаттылар мектебі бөлімдері ашылды. 1939 жылы Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 76,3%-ға жетті.
Сауатсыздықпен күрес барысында сол мезгілге шейін пайдалануда келген араб графикасын латын графикасымен алмастыру мәселесі қойылды. РКФСР-дің ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты 1923 жылы араб қарпіне реформа жасау жөніндегі комисия құрды.
Бұл комиссия үш мәселе бойынша жұмыс жасады:
жазуы жоқ халықтар үшін жазу даярлау;
өз жазуы бар халықтарды латын қарпіне көшіру;
түркі жазуын реформалау.
1926 жылы наурыз айында I Бүкілодақтың түркологтар съезі өтіп, түркі тілдес халықтар жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қаралды. Латын қарпіне көшу ісіне сол кездегі Қазақ АКСР халық ағарту халкомы А.Байтұрсынұлы қарсы шықты. Ә.Бөкейханов пен A.Байтұрсынұлы араб жазуының кейбір белгілерін жеңілдетуді ұсынды.
Араб әліпбиін қалдыруды жақтаушылар латын қарпін қолдануға көшу — ұлттық мәдениетке жасалған қастандық екендігін айтты. Олар Қазақстанда тек еуропалықтарға тән жаңа әліпбиге көшу қажет, бірақ оған әлі жағдай пісіп-жетілген жоқ деп есептеді. Алайда біртұтас мәдениет кеңістігін орнықтыру міндетін ұстанған Кеңес басшылығы республика өкілдерінің пікірімен санаспады. Жаңа әліпби жасау жөніндегі комиссия құрылып, ол 1928 жылдың күзінде латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиінің жобасын ұсынды. Латын қарпіне түгел ауысып болғанша араб графикасы пайдаланыла тұратын болды. Полиграфиялық техника латын алфавитімен жабдықтала бастады Бұл газет, оқулықтар, әдебиеттер шығаруды жеңілдетті. Республика бір мезгілде екі әліпбиді, яғни: қазақ тілі үшін — латын, орыс тілі үшін - кириллицаны қолданатын болды.
XX ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай КСРО тоталитарлық мемлекетке айналды. Тоталитарлық жүйенің орнауы мәдениеттен де байқала бастады. 1940 жылы кириллица негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің жобасы жасалды. Жоғарғы кеңестің 1940 жылы 10 қарашадағы V сессиясында «Латынданған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды.
Саяси ағарту жүйесі. Қазақстанда сауатсыздықты жою Коммунистік партияның жергілікті халық арасында саяси ағарту жұмысын жүргізуімен тығыз байланысты болды. Жергілікті халықтың саяси сауатын ашу, олардың қатарынан коммунистерді тәрбиелеп шығару осы кезеңдегі қазақстандық коммунистік партияның басты міндеті еді. Халық арасында үгіт жүргізуді күшейту үшін саяси ағарту ісінің әр түрлі тәсілдері: дәріс оқу, баяндама, әңгімелесу, пікірталастар, әр қилы көрнекілікті шерулер өткізу қолданылды. 1920—1930 жылдарда Қазақстанда саяси-ағарту орындарының ең көп тараған түрі: оқу үйлері, қызыл отау, клубтар, кітапханалар, ағарту қызметкерлерінің үйлері болды.
Қазақстан коммунистері үшін саяси-ағарту ісі маңызды міндетке айналды, өйткені олардың көпшілігінің саяси идеялық дайындығы төмен деп саналды. Республика коммунистерін тәрбиелеу үшін саяси сауат ашу мектептерінің жүйесі құрылды. Бұл мектептерде оқуға партиялық, кеңестік, кәсіподақ жұмыстарын атқаруға лайық деген белсенділер тартылды.
Коммунистер арасында жүргізілетін саяси ағарту жұмыстарының өзге де түрлері: маркстік үйірмелер (өз бетімен жұмыс істеу дағдысын алу және марксизм теориясынан жалпы түсінік алу) және партиялық клубтар (партклубтар әр түрлі секциялардан — партия құрылысы, революция және партия тарихы, көсіподақ қозғалысы, дінге қарсы насихат, т.б. тұрды) жолға қойылды. 1930 жылдары саяси ағарту жұмыстарының мәні орталық басшылыктың саяси курсы бағытына бейімделе түсті. Партияішілік қатынаста басқарудың әкімшілік формасы орныға бастады. Орталық Азия мен Қазақстандағы коммунистік партия және басқа шығыстық коммунистік ұйымдармен жұмыс жүргізу үшін Мәскеуде Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросы құрылды. Осы бюро ұлт тілдеріндегі саяси әдебиеттерді басып шығара бастады.
Жаңа мектептер ашу Кеңес өкіметінің алғашқы айларында-ақ қолға алынды. 1918 жылдың 21 қаңтарында РКФСР ХКК-нің «Шіркеуді мемлекет пен мектептен ажырату» туралы Декреті шықты. Қазақстанда мектептерді басқару жергілікті кеңестердің қолына көшті. 1921 жылы 18 қаңтарда Орынборда халыққа білім беpy жөніндегі Бірінші жалпықазақтық конференция болып, онда республикадағы халыққа білім беру ісін ұйымдастыру міндеттері айқындалды