Файл: Таырыбы Шкрім дайберділыны мірі мен шыармашылыы танымды сааты Сабаты масаты Білімділік.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 30.11.2023

Просмотров: 31

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы танымдық сағаты

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушылардың Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы білімдерін тексеру,дамыту; ақын өлеңдерінің идеясын ашу, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысу.

Тәрбиелік: Шәкәрімнің өлеңдері арқылы оқушылардың рухани байлығын , адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, жаман мінезден аулақ болу,адами сезімді қастерлеу, сүйіспеншілік,ішкі рухани тазалыққа үйрету.

Дамытушылық: Оқушылардың қоғамға деген өзіндік көзқарасының қалыптасуына ықпал ету, өз ойларын еркін,нақты жеткізе білуге баулу, тіл байлықтарын шыңдау, өзін-өзі дамыту,коммуникативтік,оқу-танымдық құзіреттіліктерін дамыту.

Сабақтың түрі : Іздену-зерттеу сабағы

Сабақтың әдіс-тәсілдері: Интерактивті (сұрақ-жауап, пікірлесу, талқылау,зерттеу), quizziz бағдарламасы

Көрнекіліктер: презентация

Сабақтың барысы :

1.Ұйымдастыру кезеңі :

а)Оқушылармен сәлемдесу

ә)Сабақ мақсатымен, барысымен таныстыру.

Мұғалім сөзі:

Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан тұлғаларымыздың бірі- Шәкәрімнің қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында алатын орны ерекше. Шәкәрім-қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген , қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңін түрлендіре түскен кемеңгер ақын еді.

Қытымыр, қилы заманда оққа ұшқан ақын есімі халық санасынан аласталмақ болды. Бірақ…өзі өлсе де аты өшпейді. Осы ретте Абай атамыздың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,-деген өлең жолдары ойымызға оралады. Ұлы ақын өлсе де ,ұрпағына ғибрат етіп қалдырған мұрасы бар.Ол мұраны сақтау, одан тәрбие алу біздің міндетіміз.

«Ой қозғау».

  1. Өмірі

«Шәкәрім кім?

Шәкәрім – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, еңсесі биік ерекше тұлға. Ол – заманның озық ойлы демократы, ірі ағартушысы,терең ойшылы, қоғам қайраткері.

Шәкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілде де Семей облысы, Шыңғыстауда дүниеге келген. Әкесі Құдайберді 1868 жылы 67 жасында дүниеден өтті. Жетім қалды деген аты болмаса , Шәкәрім жетімдікті көрмеген десе де болады.Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. Абай Құнанбаев тәрбиесінде өскен.

Абай сынды тұлғаны тәрбиелеген Құнанбай бидің ақылымен сусындап өскен Шәкәрім, қазақтың ертеңгі атар таңы үшін жарық жұлдыз болып жарқырап шыға келеді. Шәкәрімді ата-анасы бес жасында ауыл молдасына оқуға береді. Шәкәрім 10 жасқа келгенде мылтық атып, домбыра,гармон үйреніп, сурет те салады.


Он беске толғанда қаршыға, бүркіт ұстап,құс салып серуенге шығады.Осы тұста ағасы Абайдың өлеңдерінен тыңдап өнерге бет қояды.

Жиырма жасынан былай қарай,аз да болса ғылым жолына түседі.

Жиырмадан өткенде,

Аз ғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттенде,

Көңілге бір із тоқыдым- деп жазады.

Жиырма мен қырық арасы

Жас өмірдің сарасы,

Бос өткенін қарашы,-деп жиырма жыл өмірі болыс болған.

Елуден асқан шағында елінен елсіз жерге салған Саятқара деген қыстауға кетіп, жиған-терген мәліметтерінен ой қортып, бес жыл көз майын тауысып, ой-толғансытарын жазады.

1930 жылдары шаруалар бас көтеріп, көтерілісті ұйымдастырушы Шәкәрім деп жала жабады. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім Құдайбердіұлы 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қаза табады.Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құдыққа апарып көміп тастаған. Ақынға «халық жауы» деген негізсіз саяси жала жабылды.

2. Ресми ақталуы, ұрпақтары

Асылдың сынығы Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерін қанша түбірімен жоқ қылуға тырысқан әрекеттерге қарамастан «Алмас қылыш жатпайды қын түбінде» демекші қара күшті қақ жарып, ақиқаттың сәулесі мен нұры жарқ етті.

Шәкәрімді ақтау, оның мол мұрасын қалың елі қазағына жариялау туралы 1958 жылы шешім қабылданды.

Тек осы шешімді тағатсыз күткен ақынның баласы Ахат 1961 жылы әкесінің сүйегін құр құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

1988 жылы ғана Шәкәрім екінші рет толық ақталып, асыл мұраларынан тұңғыш жинағы баспадан жарық көрді.

Шәкәрімнің Қытай асып кеткен Зият атты баласынан туған Мереке – Нұрлан, Меруерт, Сәуле, Гәуһар деген ұл-қыздарымен Алматыда тұрады.

Шәкәрім қызы Гүлнәрдың балалары Фатих пен Бәтен, олардың ұрпақтары Алматы қаласында қызмет етеді.

Гүлнәр (1914-1970) – Шәкәрімнің Айғаншадан туған кенже қызы. Ақындық қабілеті бар Гүлнәр әкесі оққа ұшқанда:

Сарыарқаның жонында,

Хақиқат ардың соңында.

Отырған әкем тамында,

Серігі-қалам қолында, — деп басталатын ұзақ жоқтау өлеңін шығарған.

3. Шығармалары

“Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!” өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға,содан уйренуге шақырса,”Жастық туралы”,”Кәрілік туралы” өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. “Өмір”,”Сәнқойлар”,”Ызақорлар”,”Құмарлық”,”Жолама қулар маңайға”,”Адамдық борышың”сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды,жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.



Болашақтың кілті білімде екенін жақсы түсінген ақын “Насихат”деген өлеңінде білім алуды,білімді болуды насихаттайды,даналық тұжырым жасайды.

Шәкәрім эпикалық жанрда көлемді шығармалар жазған.Олардың қатарына ақынның “Қалқаман-Мамыр”,”Еңлік-Кебек”,”Ләйлі-Мәжнүн” дастандары жатады.

4. Әндері

Шәкәрім Құдайбердіұлының музыкалық мұрасы 15 ән, 2 күй, 8 әуенмен орындалатын 4 эпикалық шығармадан құралады.

Шәкәрім әндерін алғаш нотаға түсірген голландық Альвин Бимбоэс.«Музыкалық этнография» жинағына Шәкәрім Құдайбердиевтің орыс тілінде 2 әні жарық көрді. Затаеевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек – бата» деген атпен енген.

1931 жылы «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағына «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»,«Жиырма үш жасымда», «Жылым – қой, жұлдызым – июль», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Сұраған жанға сәлем айт», «Сен ғылымға ынтық болсаң», «Байғазы» әндері бар. Шәкәрімнің әншілік мұрасын жиналып зерттелуіне көп еңбек сіңірген өз баласы Ахат Құдайбердиев еді.

Шәкәрім –сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкәрім ойлы өлеңдеріне ән де жазған өнерлі сазгер болды. Бұл ақынның керемет өзгешелігі, талант дәрежесінің биіктігі.

«Анадан алғаш туғанда» әнінде адам өмірінің бар болмысын айқындап, қысқа ғұмырдағы пендешіліктің бет-болмысын әшкерелей отырып, кісілікке, парасаттылыққа шақырады.

«Кәрілік туралы», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Сұраған жанға сәлем айт» атты әндері адам өміріндегі мың алуан құбылыстарын, мінез-құлықтарын, кісілікке үндейтін жастық, махаббат сезімдерін дәріптейді.

Семейлік сазгер, журналист Арғынбек Ахметжанов ширек ғасыр Шәкәрімұлы Ахатпен дос бола жүріп қажы әндерінің шығу тарихы туралы жазған еңбектері бар. Ол Шәкәрімнің көптеген әндерін өз аузынан естіп, магнитафон таспасына түсіріп алды. Нотаға түсірген. Арғынбек Ахметжановтың айтуынша ақынның 30-ға жуық әні бар көрінеді.

Ақын өмірінің соңғы жылдары «Қош жұртым» деген өлеңін жазған.

( Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні тыңдалады).

5. Шәкәрім және Абай

Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды. Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым-білім жолында бар өмірін сарп етті.


Ақындық өнер жолына түскенде он тоғыз жасында жазған өлеңі көбінесе жастарға арналған.

Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айда, зорлықсыз мал табалық,

Өтпес өмір, таусылмас мал берелік,

Бір білімді данышпан жан табалық… деп, жастарды Абайдан үлгі-өнеге алып, тәлім алуға шақырады.

6.Шәкәрім және әлем әдебиеті

Шәкәрім- аудармашы. «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деген Шаһкәрім араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілін жетік білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған. Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907 ж.), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908 ж.) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936ж.) өлең түрінде аударды.

Орыс жазушысы Лев Толстойды ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Оның бірнеше шығармаларын аударды: «Асархадон патша», «Үш сауал» әңгімелерін аударды. Оны да өзіне ұстаз санап, хат жазысып, өзіне ақыл кеңес сұрағанын ақынның баласы Ақат та, өлеңдері де айғақтайды.

Аударма мәселесі туралы ақынның өзі былай дейді:

«Ақын, жазушы өзінің төл тумасына жауаптылықпен қарайтыны сөзсіз. Ал біреудің шығармасын аудару – одан да жауапты нәрсе. Бұған өте шеберлік керек».

«Ассоциациялық аймақ» кестесі. Оқушылар тақтадағы парақшаға ақын туралы білетіндерін жазады.

-Қазақ поэзиясының асқар шыңы Абай қалдырған шығармашылық дәстүрді жалғастыра отырып, өз жаңалықтарымен байытып өрнектеген Шәкәрім Құдайбердіұлының көркем мұрасы-әдебиетіміздің асыл қазынасы. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деген Абай мектебінен тағылым алып, оның жолын жалғастырған Шәкәрім өлеңдері ақын өлеңдерімен үндесіп жатады.

Оқушылар ақындардың өлеңдеріндегі ұқсастыққа тоқталады. Мысалы:

Шәкәрім: Адам үшін еңбегім,

Өмірден барлық тергенім.

Қалағанын қарап ал,

Мұрам сол ,жастар бергенім.

Абай: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді,тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Шәкәрім: Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек

Бұған ұйқасты өлең сөз керек,

Өзіне орайлы,

Ән-өлшеуіш

Өлең – күміс

Қоспаңыз мыс аралас.

Абай: Өлең-сөздің патшасы,сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Қорытынды. «Quizziz» бағдарламасында тестке жауап беру