Файл: Лекция жинаы Пн азастан тарихы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.12.2023

Просмотров: 823

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңкы жерлерін біріктірген "көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста -Жайыққа, шығыста - Балқашқа дейінгі, оңтүстікте - Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте -Тобыл мен Ертістін орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.

Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтар мен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулеті - оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары - Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 жылы ол өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі — Мұстафа ханның әскерлерін талқандады. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. 50-жж. Әбілхайыр Мәуренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды.

1456-1457 жылдарда ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар және олардың қол астындағы көшпелі халықтың бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, "Көшпелі өзбектер мемлекеті" ыдырап кетті.

3. Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-батыс Сібірдің ұлан байтақ аумағын ерте ғасырлардан бері саны көп түркі тайпалары мекендеген. Шыңғыс хан жорықтары мен Алтын Орда мемлекетінің алғашқы кезеңінде көптеген тайпалар Ертіс пен Обьтың аралығындағы жайылымды жерлерде көшіп-қонып, осы жерлерге иелік еткен болатын. Сібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қыпшақ тайпалары олармен аралас қүралас өмір сүрді. Солтүстік Қазақстан аумағын мекендеген қыпшақтар: құлан-қыпшақ, торайғыр-қыпшақ, сағал-қыпшақ, мадияр-қыпшақ және қытай-қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Соны мен бірге бұл аумақтарда керейттер де басты роль атқарды. Солтүстік Қазақстан аумағын керейттер мен бірге маңғыттар мен наймандар және меркіттер мен оңғыттар да мекендеді.

Басты рольді керейттер атқарған бұл тайпалық бірлестігінің негізін қалаған Тайбұғы болды және ол сол әулеттің алғашқы құрушысы болып саналады. «Сібір шежіресінің» авторлары мен ел аузындағы аңыздарда Тайбұғының қазақ даласынан келгендігі және Шымға-Тура қаласын салғандығы туралы айтылады. Жоғарыда айтылған аумақтар моңғол шапқыншылығынан кейін Жошы құрамына енеді, бірақ елді басқару тайбұғылық түрік әулетінің қолында қалады. Сібірді алғашқы зерттеушілердің бірі Г.Ф. Миллердің жазбаларында Тайбұғы ұрпақтарыныңда осы жерлерді иеленгенін және Тайбұғы әулетінің ең соңғы билеушісі Сейтақ (Саид- Ахмет) болғандығы туралы деректер кездеседі.


Алтын Орда сарайында және оның иеліктерінде болып жатқан күрделі оқиғалардың барлығы да Сібір хаңдығына әсер етпей қойған жоқ. Едігеден жеңілген Тоқтамыс 1398 жылы Сібірге қашады және тайбұғылықтар әулетінен қолдау тауып осы жерден үлес те алады. Және сол кездегі шежірелерде Түменге жақын жерлердің бірінде Тоқтамыстың қаза болғандығы туралы айтылады. XV ғасырдың бас кезінде Жошы ұлысы мен Шайбан әулеті ұрпақтарының арасында өзара билік үшін күрес күшейе түседі. Осы кезде Ақ Орда ханы Барақтың тықсыруынан кейін Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа Тайбұғы иелігіне қашып келіп, мұнда ноғайлықтардың қолдауымен хан болып жарияланады. Шайбан әулетінің тағы бір ұрпағы Әбілқайыр 1428 жылы Тұраға әскери жорық жасап, Махмұд қожа әскерлерімен шайқасып, оны тұтқындап өлтіреді. 1468 жылға дейін Сібір хандығы Әбілқайыр хандығының құрамында болды.

Әбілқайыр хан елгеннен кейін Сібір аумағының едәуір бөлігі Ибақ ханға көшеді және ол көп ұзамай тайбұғылықтарды биліктен шеттетіп иелікті жеке өзі басқара бастайды. Ибақ билігі кезінде Сібір аумағы біртіндеп кеңейіп, Тобыл өңірінің аудандары да енеді және Орыс мемлекетімен байланыс орнатады. Ибақ ханның жеке басқаруына наразы болған Тайбұғы әулеті 1495 жылы едәуір күшпен көтеріліс жасап Шымға - Тураны басып алады және Ибақ хаңды өлтіреді. Осыдан кейін Сібір хандығындағы билік хандықтың соңғы жылдарына дейін тайбұғылықтар әулетінде сақталады. Сібір хандығы XVI ғасырдың соңыңда Ресейдің Батыс Сібір жерлерін жаулап алуынан кейін өмір сүруін тоқтатады.

Тақырыбы: Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюы. Қазақ халқының құрылуы. Қазақ жүздері.


  1. Қазақ халқының құрылуының негізгі кезеңдері және этнос ретінде қалыптасуының аяқталуы

  2. Қазақ хандығының қүрылуы



1. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Қазақстан жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы тарихи қалыптасқан жағрафиялық ортақтастық пен мәдени-экономикалық байланыстар бұзылды. Моңғол басқыншылары көптеген қалалар мен елді мекендерді, егіншілік ошақтарын талқандап, өлкенің өндіргіш күштерін күйзелтті. Мұндағы экономикалық және мәдени байланыстарды үзді. Көптеген бейбіт халық: егінші, малшы, зергер тағы басқа да кәсіп иелері қырылды. Ірі ру-тайпалардың бірсыпырасы қоныс аударуға мәжбүр болды. Мәселен, қыпшақтардың бір бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірге көшті. Моңғол феодалдарының, Шығыс Қазақстан мен Жетісуда

тандаулы жайылымдарды тартып алуы, әсіресе, жергілікті халықтын жиі-жиі ығысуына әсерін тигізді. Моңғол әмірлері өз үстемдігін берік ұстау үшін жаулап алған елдерді ұлыстарға бөліп, этникалық жағынан туыстас жергілікті халықты бір-бірінен беліп тастауға тырысты.

Қазақстан жерінде қаншалықты жойқын шапқыншылық болғанымен, халық болып қалыптасудың негізгі шарты - тіл бірліғі жойылмайды. Қайта, керісінше, уақыт өткен сайын моңғол шапкыншыларының өздері өз тілдерінен айырылып, жергілікті ру-тайпалардың қалыптасқан түркі тіліне, әдет-ғұрпына, салт-санасына көшіп, XIV ғ. өзінде-ак толық түркіленіп кетеді. Бірақ бұл кезде бұрыңғы екі үлкен расаның /нәсілдің/ байырғы еуропеидтік және кейін қосылған моңғолоидтық нәсілдердің күрделі араласу нәтижесінде қазіргі қазақ халқы құрамының /антропологиялық, этникалық және лингвистикалық негізде/ бірыңғай тұтас қосындысы /қорытпасы/ келіп шығады.

Алайда, бүкіл Қазақстанның жерінде өмір сүрген ру-тайпалар түркі тілінде сөйлегенімен территориялық бөлінуге ұшырап, Моғол, Әбілхайыр, Ноғай, Көшім хандықтарының қол астында өмір сүріп жатты. Олар саяси, мәдени және экономикалық жағынан бытыраңқы болды. Атақты "92 баулы қыпшақ" атты шежіреде көрсетілген бұл ру-тайпалардың барлығы кейін қазақ халқының құрамына кірген.

XIV-XV ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында толассыз тоқтамай жүріп жатқан феодалдық соғыстар мен тартыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері барған сайын белең алды. Қазақстанның ежелгі тайпалары өз мекендерінің тарихи-жағрафиялық, экономикалық және саяси оқшау-лануының тарихи қалыптасқан жағдайларына /түрлі тайпалық одақтар мен ертедегі феодалдық мемлекеттерге кіруі/ байланысты этникалық жағынан біртұтастық пен бүтіндікке ұмтыла отырып, үш негізгі этникалық - шаруашылық топқа бөлінді. Яғни, жағрафиялық жағдайына байланысты үш жүз қалыптасты. Олар: Ұлы, Орта және Кіші жүз. Ұлы жүздің орталығы - Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Орта жүздің орталығы - Орталық Қазақстанда және Кіші жүздің орталығы — Батыс Қазақстанда болды.

Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, шанышқылы, қатаған, т.б. ру-тайпалар кіреді. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік-Шығыс Қазақстанның бір бөлігін коныс етеді. Оның құрамында қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, тарақты тайпа-рулары бар. Кіші жүздің мекені - Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі. Оның құрамындағы тайпалар одағы - Әлімұлы /қарасақал, қаракесек, кете, төртқара, шөмекей, шекті/; Байұлы /адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт, шеркеш, ысық, таз, масқар/; Жетіру /табын, тама, кердері, жағалбайлы, кереит, телеу, рамадан/. Жүздердің ұйымдасқан уақыты, қалай құрылғаны әлі жете зерттелмеген.


Үш жүздің пайда болуына ертедегі ел билеудің әскери тәртіпке негізделуінің де әсер етуі ықтимал. Қазақтың үш жүзі ешқашанда бір-бірімен жауласып, өзара араздыққа барып көрмеген. Керісінше, олар қазаққа қауіп төнгенде, қазақ халкының тағдыры шешілер сәтте хандары,батырлары, билері, тағы да басқа беделді адамдары арқылы бір жерден табылып, мәселені бірігіп шешіп отырған. Жоңғарларға қарсы соғыста солай болды. К,азақтар уш жуздің бірлігін қадірлеп, қастерлеп келе жатқан халық. Төле бидің "Жузге бөлінгеннің жузі күйсін " - деуі де осыдан.

Мұндай үштіктін шығуына, бір жағынан, Ақ Орда, Ноғай Ордасы және Әбілхайыр хандығының құрылуы, Моғолстанның оқшаулануы түрік және түріктенген моңғол тайпаларының қазақ халқы болып бұрынғыдан да жедел топтасу процесінің күш алуы көмектесті. Екінші жағынан, қазақ тайпаларының феодалдық мемлекеттердің бұл жүйесінде ұзақ болуы қазақ халкының үш этникалық тармақ, үш жүз болып қалыптасуын негіздеді.

Әрбір жүздің тайпалары жалпы шаруашылық мүдделер негізінде топтасқан, өз шекарасында экономикалық жағынан оқшауланған еді. Олардың тілі, материалдық тұрмыс-мәдениеті жөнінен басқа жүздердің тайпаларынан ешбір айырмашылығы болған жоқ. Жалпы алғанда, XV ғасыр қарсаңында бұл тайпалар түрік тектес халық болып топтасты да, кейінірек "қазақ" деген этникалық ортақ атауға ие болды, сөйтіп халықтың қалыптасу процесі негізінен аяқталды. Бірақ ол процесс кейбір себептермен байланысты кешеуілдеп барып іске асты. Оған қазақ халқының этникалық құрамына кірген тайпалардың бірнеше мемлекет құрамына енгені, кейбір жеке тарихи қалыптасқан бөлшектердің бытыраң қылығы себеп болды. ХІV-ХV ғғ. көптеген жүрттың көшіп-қонып, сапырылысуы орын алды. Мәселен, Темірдің соғыстары кезінде моғол топтары Жетісудан Орта Азияға қоныс аударады. Әбілхайыр тұсында оған Моғолстаннан калучи және бұлғашы тайпалары көшіп келеді. Бір кездері керейлер Жетісудан Орта жүзге кетіп калады, маңғыт-ноғайлар батыстан Сырдария бойына ауып келеді. XV ғасыр бітер шақта Мұхаммед Шайбани ханға еріп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың көптеген рулары мен тайпалары Орта Азияға ауысты. Міне, осының бәрі саяси жағдайды тұрақсыздандырып, Қазақстанның байтақ жеріндегі халықтың этникалық бірігуін қиындатты.

XV ғ. екінші жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру, халықтың да қальштасу процесінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының бұрыңғы мемлекеттермен салыстырғанда тиянақты этникалық негізі қалыптасып аяқталған халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың бүкіл түрік рулары, тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді. Оған бұл аймақты мекендеушілердің шаруашылық-саяси тағдырларының ортақтығы және байланыстылығы үлкен әсерін тигізді.


Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың онтүстік-батыс территориясы баяғыдан бері қазақ халқының құрылып, қалыптасуының басты этникалық орталығына айналды. Мұнда Қазақстанның аса ірі екі этникалық қауымдастығының тоғысқан жері жатты. Олар — Орталық, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстандағы Қыпшақ тайпалар одағы мен Оңтүстік-шығыс Қазақстандағы Үйсін тайпалар одағы, бұларға Сырдарияның төменгі ағысы арқылы Кіші жүз тайпалары келіп қосылды. XV ғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық өздерінің кершілері арасында "қазақ" деген атпен белгілі болған.

Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыстарының тақырыбына айналған. Ол халықтың өзінің шыққан тегі туралы туғызған көптеген аныз-әңгімелерінде сөз болады. Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған "қашақ" деген атаудан шықты деп есептейді. Немесе "қазақ" атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға бөлініп көшіп кеткен рулық одақтарды білдіру үшін бастапқы кезде "өзбек-қазақ", кейін "қазақ" түрінде пайдаланылған деп пайымдалады. "Қазақ" термині 1245 жылы Мамлюк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде /түрік-араб сөздігінде/ кездеседі. Мұнда "қазақ" деген сөз "басы бос-кезбе" деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша "қазақ" терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери жорықтарға қатысуын санаған.

Кейде бұл термин ертедегі екі тайпалық /каспий және сақ/ одақтардың атынан шыққан деп жорамалдайды. Ал кейбір тарихшылар "хас" — нағыз және "сақ" деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қалай дегенде де "қазақ" этникалық терминнің ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, тұрақты бір шешімі әлі жоқ.

Сонымен, қорытып айтқанда, қазақ халкының этнос болып калыптасуы өте ұзақ процесс. Ол 2,5-3 мың жылды қамтитын күрделі және ұзақ даму жолынан өткен. Қазақ халқының халық болып қалыптасуының басты алты кезеңін бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең — сақ және сармат дәуірі, шамамен бес ғасырды қамтиды /б.з.д. VІІ-ІІ ғғ./. Екінші кезең — үйсін, қаңлы және ғұн дәуірі /б.д.д. III ғ. — б.д. IV ғ./. Үшінші кезең — түрік дәуірі /542-702 жж./. Төртінші — қыпшақ және қарлұқ дәуірі /ІХ-ХIII ғғ./. Бесінші — монғол дәуірІ /ХIII ғ. басы — XIV ортасы/. Алтыншы — Алтын Орда тарағаннан кейінгі мемлекеттер дәуірі /XIV ғ. ортасы — 1465 ж./. Мұның барлығы әзірше алынып отырған бөлінулер кезеңі, бұл маңызды тарихи проблема өзінің одан әрі қарай ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеулерін талап етеді.