Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 935

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Әрине, ұдайы жаттығулар мен техникасын өз бабында ұстау ережесі барлық актерлерге де қажет екені даусыз, әйткенмен техник-актерлер үшін оның маңызы айрықша зор. Ал, кейіпкерсындылық өнерінің өкілдері үшін, әсіресе, сыртқы техниканы барынша баптап ұстау ерекше қамқорлықты талап етеді. Әйтпесе, жаттанды әдістер мен қайталаулар кәсіпқойлыққа әкеп соғады. Сондықтан да кейіпкерсындылық өнері өз үлгісін сақтап қалу жолында көп түрлілік пен көп қырлылық планда түрленіп, кемелденіп отыруды әм жиі-жиі жаттығу жүргізуді қатаң түрде талап етеді.

«Кейіпкерсындылық өнерінің бастау бұлағы да, құярлығы да — шарттылық. Ал, шарттылық атүсті асығыс қойыла салатын қарабайыр қойылымдар үшін аса ыңғайлы тәсіл. Өзінің бұлжымас заңдары мен айнымас шындығы, әрі аса нәзік шікәмшіл творчестволық табиғаты бар шынайы өнерге қарағанда шарттылық үлгісі бой- ұсынғыш, шиліккіш келеді. Ал, кәусар сезім мен шындап өмір сүру процесі алапат, ауыр құбылыс: бұлар өзінің табиғи даму сатысы мен қайнау шегіне жеткенше ұланғайыр уақыт қажет етеді. Шарттылық кезеңіне жеткен уақыт: творчестволық өзегі мен психологиялық иірімдері қылпылдаған ньюанстық кірпияз тебіреністерге құрылған мөлдір сезімнің әбден пісіп-жетілуіне жетпейді» (там же, с. 72) деп К. С. Станиславский шарттылық өнер мен шынайы өнердің ара жігін ашып айтады.

Жалпы актер халқы шыдамсыздар категориясына жатады. Олар өздерінің творчестволық ішкі тебіреніс процесінің көркемдік нәтижесін неғұрлым тезірек көруге асығады. Ал, шарттылық табиғаты актердің ыңғайына көнгіш, елгезек өнер. Кейіпкержандылық өкілдері үшін аталмыш ағымның осы қасиеті қауіпті. Жатпай-тұрмай гимнастикалық жаттығулар жасап, сыртқы техникасын барынша ұштап, шеберлігін баптап ұстағанмен кейіпкерсындылық ойын-өрнегінде: лапылдаған роль құштарлығы мен тұлғалы образ бейнелейтін терең мазмұнды көркем пішін сомдауға ұмтылыс солғын болады; қорытындысында кәсіпқойлық таптаурындылық пен әдет еткен актерлік машыққа ұрындырады. Оның азабы мол ойын үлгісіне жұмсалған күш-қуат, төгілген тер көп жағдайда өзін-өзі ақтамайды. Бұл өзі әрі қиын, әрі баянсыз өнер. Сыртқы әсері көз қызықтырарлық болғанмен, мағынасы таяз.

Өйткені, мазмұнынан пішіні әсем. Оның әдемі әсері мен ләззәтына бөленуге болады. Тамашалап отырған сәтте қуанышқа кенелуге де, сүйсінуге де татиды. Бірақ тереңдігімен жан-дүниеңді қозғамайды, тамсандырып қана қояды. Сарайыңа сана құйып, жан семіртетін өнер емес. Оған сенбейсің, сұқтанасың. Әсіреқызыл, жадағай, жалаңбұт дүние. Өзінің күтпеген жерден кенет жарқ еткізетін бояма эффектісімен, кездейсоқ иллюзиясымен, асқақтап сөйлейтін актерлік жалаң пафосымен, екпінді тонымен, жалаулатқан жалынсыз жарнамалық үн-әуенімен көрермен қауымын таң қалдыруға тырысу тек, кейіпкерсындылық өнеріне ғана тән құбылыс.


Әрине, адам сарайының — судың сылдыры, құстың бұлбұлы ғана жеткізе алатын тұңғиық сезімі мен нәзік сырын психологиялық тебіреніссіз сыртқы техникалық интерпретация әдістерімен ғана бейнелей алмайсың.

Тұжырып айтқанда, кейіпкерсындылық өнері — сыртқы актерлік техника мен көркемдік пішін үлгісін әрі әдемі, әрі әсем өрнектеуге қаншама күш салса да, бірте- бірте байқатпай кәсіпқойлыққа барып қоныс тебетін тұрлаусыз өнер.

  1. 1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


КЕЙІПКЕРЖАНДЫЛЬІҚ ӨНЕРІ

(ИСКУССТВО ПЕРЕЖИВАНИЯ)
Кәсіпқойлық пен кейіпкерсындылық өнер ағымы — К. С. Станиславскийге дейін өмір сүріп, өктемдік еткен өнер үлгісі. Ал, кейіпкержандылық мектебі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас жағында Ресей жерінде өмірге келді. Оның іргесін өріп, қабырғасын қалаған адам — әлемдік сахна өнерінің ұлы реформаторы К. С. Станиславский. Ол кісі өзіне дейін өмір сүрген дүние жүзілік театр теориясы мен тәжірибелерін егжей-тегжей зерттеп, екшей келе тұңғыш рет жаңа сипаттағы режиссер мен актер шеберлігінің сахналық ережесін жасады. Ол — кейіпкержандылық өнер мұратына көгенделген «Станиславский жүйесі» еді. Бұл әлемдік театр саласында бұрын- соңды болып көрмеген бірден-бір прогрессивті жеке-дара ағым болды. Күллі мәдениет ошағы — «Станиславский жүйесі» ашқан заңдылықтар негізінде кереге жайып, отау тігетін үрдіске көшті. Сөйтіп, сахна қызметі мен режиссура, актер шеберлігінің теориясы К. С. Станиславский негізін салған «кейіпкержандылық өнер» мектебінен лұғат алып, сусындайтын болды. Ендеше, аталмыш еңбектің бұдан былайғы тарам-тараулары тұтастай осы өнердің теориялық қыры-сырын талдап, тарқатуға арналады.

«Кейіпкержандылық өнерінің» мақсаты — сахнада тірі адамның рухани тіршілігін сомдап, оның кескін-келбетін сахналық көркем пішінде бейнелеп беру болып табылады» (там же, с. 73) дейтін К. С. Станиславский анықтамасы — күллі сахна өнеріміздің көркемдік критерийі әм оның творчестволық бүкіл процесін басшылыққа алатын асау арналы ізгі идеясы. Көркемөнердің іргетасын өріп, қабырғасын қалайтын да осы заңдылық.

Әсілі, сахна алаңында, «адамның рухани тіршілігі» — сумаңдаған су жұқпас актердің сумақай жылпостығы мен сайқымазақ сайқал әрекеті арқылы бейнеленбейді, керісінше, шыншыл, сахнампоз сарабдал актердің құштар көңілі мен шынайы сезімі арқылы өрнектеледі.

«Біздің ақыл-парасатымыз драма жазушысынан — ұсынылған тосын жағдай өмірге әкелген құштарлық ақиқатын шынға балап сезінуді талап етеді» деп айтылған А. С. Пушкиннің аталы сөзі — өнер ережесіне лайық лебіз. Осы айтылған «құштарлық ақиқаты» мен шықтай мөлдір шынайы сезім ғана көрермен жүрегіне жол тауып,— «адамның рухани тіршілігін» сомдай алады.

Кейіпкержандылық өнері саласында кейіпкер бейнесінің саналы және санадан тыс жақтары, яғни «адамның рухани тіршілігінің» психологиялық қос қыры, егіз сипаты сынға түседі.

Ағылшынның психолог ғалымы Генри Модсли (1835—1918): «Сана өзіне меншіктелген функциялардың оннан бірін де атқара алмайды» десе, эксперименттік психологияның профессоры, американдық ғалым Эльмар Гетс (1895—1923): «Біздің ақыл-ой тіршілігіміздің ең аз дегенде тоқсан проценті санасыз тіршілік» деп айтыпты.


Психологиялық процесс осылай болғанда, біз сахнада рольдің саналы тіршілігінің оннан бірін ғана сомдай алады екенбіз.

Бұл — бейбақтық.

Ал, К. С. Станиславский болса: «Қандай роль, қандай спектакль болмасын, артист рольдің рухани тіршілігінің тек, саналы жағын ғана емес, санасыз жағын да, яғни күнделікті тіршілігіміз ғана емес, сахналық тіршілігіміздің де ең маңызды, ең терең жағын бейнелей алатын болу керек» (там же, с. 74) дейді.

Сонда қалай? Егер сана процесіне санасыздық процесі бағынбайтын болса, К. С. Станиславский айтқан «адамның рухани тіршілігінің» ұйқыда жатқан санасыз аймағын қалай оятуға болады? Атақты ғалымдардың айтуына қарағанда — ең дарынды, техникалық шеберлігі мүлтіксіз дейтін айтулы актердің өзі де бір-біріне бағын- байтын кереғар қос процесс — сана мен санасыздық тізгінін тең ұстауға дәрменсіз екен. Ғажабы, психологиялық егіз процестің тамыр тартар негізі өзіміздің кісілік болмысымызда, өз жаратылысымызда жатыр. Солай бола тұра, олар бізге көнбейді екен де, біз көндіре алмайды екенбіз.

Хош. Сонда, творчестволық тебіреніс сәтінде — сана мен санасыздық құбылысын қос қатар әрекет желісіне қалай жегуге болады? Екеуінің басы қосылып, егіз қызмет атқара ала ма? Бізге анығы — техникалық шеберлігі шыңына жеткен сандалкөк сахнампоз актердің өзі де мұндай күрделі кереғар құбылыстың алдында шарасыз көрінеді. Солай десек, тірі кейіпкердің кескінін санасыз жолмен бейнелеп беру тек, табиғатдың ғана қолынан келетін кұдірет болса керек. Сөзді К. С. Станиславскийдің өзіне берейік: «Тірі бейнені санасыз түрде тудыра алатын құдірет табиғаттың өз қолында. Сондықтан да кейіпкержандылық өнері өз ілімінің негізіне табиғаттың өзі үйлестірген творчестволық табиғи заңдылықтарын іргетас етіп алып отыр.

Өнер, творчество — «ойын» мен «жасандылық» немесе «техникалық хас шеберлік» те емес, ол рухани әм қимыл-іс табиғатынан туындайтын жасампаз процесс» (там же, с. 74) дейді ғұлама.

Сөйтіп, өнер мен творчество дегеніміз — актердің өз табиғаты, оның жаны мен тәні екен.

Бар тетік, бар тылсым — адамның табиғат қойнауларында болып шықты.

Ал, актер табиғаты — кәусар сезім, қуаныш пен қайғы, мақсат-мұрат, ой мен арман, қимыл-іс; роль табиғатынан бастау алатын — ойын өрнегі, оқиғалар ошағы, идея ізгілігі, творчестволық толғақ сияқты көңіл күй пернелерінен үн төгетін күрделі құбылыс. Бейнелеп айтқанда, кеудесінен күй төккен күйсандық іспеттес тылсым жаратылыс. Творчествода ең басты көркемдік критерий табиғатқа ғана тиесілі болса, сол табиғат тудырған творчество іргетасы — актер сезімінің түйсігі
болып саналады. Яғни актер табиғаты — өз сезімінің түйсігінен тамыр тартады. Анықтап айтар болсак, қуану үшін немесе жабырқау үшін, адам алдымен түйсінеді, сонан соң барып не қуанады, не жабырқайды.

Солай десек, санасыздық процесінің бір ұштығы актер сезімінің түйсігімен байланысты емес пе екен? Біз санасыздық процесін әрекетке жегуге пейілміз ғой. К. С. Станиславский: «артист рольдің рухани тіршілігінің тек, саналы жағын ғана емес, санасыз жағын да ашу керек» демей ме?

Асықпайық.

Жерге дән егіп, оны өсіріп, орып алғанға дейін табиғаттың өзі белгілеген мерзімі болады ғой. Сол сияқты рольді тудырып, жетілдіру үшін де творчествоның өз табиғаты қалыптастырған мезгіл-мерзімі бар. Оның да сәбилік, жастық, жасамыстық шақтары болады. «Бір сөзбен айтқанда, кез келген сахналық туындының, кез келген рольдің — жан мен тән секілді органикалық тірі элементтерден тұратын өз өмірі, өз тарихы, өз табиғаты болады» (там же, с. 75) дейді ұлы реформатор. Ал, сезімнің атқаратын творчестволық қызметі — рольдің рухани тіршілігінің өмір сүру процесін сахнадан терең толғаныс арқылы бейнелеп берумен іске асады. Кейіпкержандылық өнер қағидасы — актер әр ойын сайын ролімен бірге тығыз өмір сүріп, оның сезім пернесін тұшыну болып табылады. Бұдан шығатын түйін аталмыш өнер ағымының творчестволық табан жол танабы — сахнада шынайы өмір сүру мен сезіну процесі екен.

К. С. Станиславский: «Кез келген адам өз өмірінің кезеңінде сәт сайын бірдеңені сезініп отырады, ал, егер ол ештеңе сезбейтін болса, онда ол, өлікпен тең. Тек өлік қана ештеңе сезбейді (там же, с. 76) дейді. Осылардан байқалғандай

К. С. Станиславский сезім процесін ылғи да алдыңғы планға шығарып отырады. Сезімнің творчестволық қызметі — адамның рухани тіршілігінің шынайы өмір сүру процесінің сахнада терең толғаныс арқылы бейнелеп беруімен іске асады. Творчествоны әр қайталаған сайын рольмен қосылып өмір сүру керек, яғни рольдің сезімін түйсіну керек — дейді ол. Артист қызметінің іргетасын өріп шығаратын өмір сүру процесінің кейіпкержандылық өнері аталып, актер шеберлігінің грамматикасына айналу себебі — кейіпкердің рухани тіршілігімен, мөлдір сезімімен қосылып ғұмыр кешу концепциясы ірге тепкен.

Ал, кәсіпқойлық өнер арнасында — таптаурындылық пен қайталау принципі өрнек өрсе, кейіпкерсындылық өнер негізіне — сыртқы әсем пішінді бейнелеу үлгісі тән. Сахнада рольдің тіршілігімен өмір сүріп, оның жан дүниесін сезіну қасиеті оларға жат. Кейіпкержандылық өнерінің алдыңғы екі ағымнан айырмашылығы осындай көркемдік сипатымен айқындалады.