Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 913

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


К. С. Станиславский жүйесінің тұтас бір тарауы «Зейін» (Внимание) элементіне арналған. Актердің сахнадағы алғашқы қадамы осы элементпен тікелей байланысты. Міне, осы элементті дүниеге әкелерде К. С. Станиславский психология саласында қыруар еңбек етті. Ол, әсіресе, белгілі француз ғалымы, эксперименттік психология саласының ірі өкілі Т. Рибоның (1839-1916) «Зейін психологиясы» (Психология внимания), «Ортақ идеяның эволюциясы» (Эволюция общих идей), «Аффективтік зерде» (Аффективная память), «Сезімдік қисын» (Логика чувств), «Жігердің сау немесе науқас кезіндегі хал-күйі» (Воля в ее нормальных и болезненных состояниях), «Зерденің сау немесе науқас кездегі хал-күйі» (Память в ее нормальном и болезненном состоянии) деген еңбектерін егжей-тегжейіне дейін қажымай зерттеді. Актердің ішкі жан дүниесінің алай-түлей, ала- сапыран процесін айшықтайтын «Тебіреніс зердесі» (Эмоциональная память) элементін аты аталған Т. Рибоның «Аффективтік зерде» атты еңбегінің негізінде дүниеге келтірді. «Жүйенің» тағы бір ең басты билеуші элементі «Ұсынылған тосын жағдай» (Предлагаемые обстоятельства) ережесін А. С. Пушкиннің драма теориясы хақында айтқан: «Біздің ақыл-парасатымыз — драма жазушысынан ұсынылған тосын жағдайдан өмірге келетін құштарлық ақиқатын шынға балап сезінуді қалайды» (Истина страстей, правдоподобие чувствований в предпологаемых обстоятельствах — вот чего требует наш ум от драматического писателя) дейтін алқалы ойынан өзінің өнерге лайықтап өріп шығарғанын айғақ етеді.

Алайда бүкіл әлемдік сахна өнерінің алтын арқауына, актер шеберлігінің бұлжымайтын айшықты ережесіне айналған «Станиславский жүйесінің» бастау-бұлағы, құрыштай құйып шығарған от-ошағы — өзі негізін қалаған МХАТ екенін, бірінші және екінші опералық, Грибоедов атындағы опера-драмалық студиялар болғанын мәңгі мақтан тұтады. Өйткені жоғарыда аталып өткен студияларда К.С. Станиславский ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, жүйесінің көптеген элементтерін сол оқу орындарында эксперимент жасаған болатын. Бұдан басқа К. С. Станиславский ілімі мен теориялық танымының тағы бір қайнар көзі — жеке басының актерлік (трагедия, драма, комедия, водевильдерді қосып есептегенде 105 образ сомдаған), режиссерлік (70-тей қойылым авторы болған), ұстаздық (бес студияға дәріс берген) мол практикасының мәуелі жемісі еді. Сондықтан ол әрқашан өнердегі аттаған әр қадамын сын көзімен жіті бақылап, шабыт пен творчествоға толы сахналық іс-әрекетінің сәт сайынғы процестік нәтижесін ғылыми талдау тезисінен аяусыз өткізіп отырды. Сахнадан қолы босаса-ақ болды, көрген-түйгенін қағазға түсірумен айналысты. Бұған К. С. Станиславскийдің әдеби архив қорында сақтаулы тұрған: «Драма артисінің үстел үсті кітабы» (Настольная книга драматического артиста), «Драма өнерінің грамматикасы» (Грамматика драматического искусства), «Драма өнерінің көпшілікке арналған оқулығының тәжірибелері» (Опыт популярного учебника драматического искусства) секілді әр түрлі тақырып қойылған қыруар қолжазбалары куә. Сондай- ақ актер қиялы (фантазия), жігері (воля), қажыры (темперамент), талант табиғаты (природа таланта) туралы түбірлей зерттеген «Артист табиғаты» (Природа артиста) атты алғашқы оқулығының бірінші бөлімінің қолжазба варианты архивте әлі сақтаулы тұр. Аталмыш кітабында автор: «Творчестволық күш-қуат ұрығы адамдардың бәрінің бойында бар, тек сол қасиетті ұзақ уақыт бойы ерінбей-жалықпай еңбек етіп ұстартып отырса, аталмыш творчестволық қуат көзі — өзінің өнер сипатына ие болады» (Зародыши творческой силы заложены в каждом человеке и при известных условиях и длительном усилии воли эта творческая сила может быть развита и усовершенствована) деп жазады. Сол кезден бастап талант пен творчествоның практикалық даму сатысы тәсілдерінің жүйелі жоспарларын батыл түрде іске асыра бастайды. Әлгі еңбегінде: «Актер кездейсоқ шабыт кұйылысына ғана арқа сүйемей, өз өнерінің ішкі техникасын жете меңгеру процесіне арқа сүйеу керек» деген тұжырым айтып, кейіпкержандылық өнер позициясын алға тартады. Сөйтіп, «шабыт шақыру (игра «по вдохновению») немесе «зауық пен ойнау» (игра нутром) принципін көркем творчество тудыру жолында рольдің саналы ойнау процесін жоққа шығаратын дилетанттық тәсіл деп таныды. Себебі: «Кездейсоқ шабыт — өнер шығармасының гармониялық әрі шымыр сомдалған сипатын толық жеткізе алмайды» дейді.


1908 жылдан бастап, К. С. Станиславский актер творчествосы туралы «жүйе» жасауға мықтап бет бұрады. Алғашқы тарауларын қағаз бетіне түсіре бастайды. Олар «Сенім» (Вера), «Сахналық шынайылық» (Сценическая наивность), «Тебіреніс сезімі» (Аффективные чувства) тәрізді элементтер еді.

1909 жылдың маусым айынан бастап, «Статья программасы: менің жүйем» деген тақырыппен («Жүйе» деген термин тұңғыш рет осы жылдары пайда болса керек) қолжазба жүргізе бастайды.

Статья жоспарында: «Творчестволық дұрыс сезіну» (Верное творческое самочувствие) процесін іске асыру негізінде: «Бұлшық еттің сіресуі және босаңсуы» (ослабление и напряжение мышц), «аффективтік кейіпкержандылық және аффективтік зерде» (аффективные переживания и аффективная память), «творчестволық шоғыр немесе шоғырлану шеңбері» (творческая сосредоточенность или круг сосредоточенности), «қарым-қатынас» (общение), «сөз бен ой» (мысль и слово), «бөлшекке бөліну және ой мен сезімнің талдануы» (кейін бұл элемент өзгеріп, «жүйеге»—«мақсат пен бөлшек» деген атаумен енді), «күрделі ой қисынын анық берудің құрамдық бөлімі» (ясная логическая передача составных частей сложной мысли) бұл элемент те өзгеріп, «жүйеге» - «қисын және сабақтастық» болып кірді, сондай-ақ «болашақ тіл қисыны» сияқты актер творчествосын айқындайтын көптеген тың элементтер өмірге келіп, К. С. Станиславскийдің «Актердің өз бетімен жұмыс істеуі» (Работа актера над собой), «Актердің рольмен

жұмыс істеуі» (Работа актера над ролью) деген атпен әлемге әйгілі болған екі томдық іргелі еңбегінің іргетасын қалады.

Әсілі, «Станиславский жүйесі» деп аталатын зор еңбектің алтын арқауы мен көркемдік критерийі - «адамның рухани тіршілігін» айшықтау болып табылады. Аталмыш творчестволық асыл кредо — ұлы реформатордың эстетикалық әм психологиялық топшылау көзқарасынан тамыр тартқан айнымас ақиқат қайнары.

Сахна әлемінің шексіз-шетсіз көсілген көкжиегінде жауһардай жарқыраған адастырмас Темірқазық жұлдызы!

К. С. Станиславскийдің этикалық әм эстетикалық көркемдік нормасына өзек болған «адамның рухани тіршілігі»— актер творчествосын айқындайтын басты-басты алты процестен бастау алады, олар:

  1. «Жігердің» (ерік) (Воля) алғашқы дайындық процесі — яғни артистің кезекті творчествоға әзірлік кезеңі (В первом подготовительном процессе «воли»— артист готовится к предстоящему творчеству). Артист жазушы немесе драматург шығармасымен танысып, өзінің актерлік мүмкіншілігін іштей алдын ала сарапқа салып, творчестволық тебіреніс қиялын оятып, ішкі сарайына қозғау салады.

  2. «Ізденіс» (процесс «искания») процесі — яғни өз бойынан немесе қоршаған айналасынан, әлемдік әдебиет пен


бейнелеу құралдарынан творчестволық көркем материалдар жинақтау.

  1. «Кейіпкержандылық» процесі (процесс «переживания»)—яғни артистің көзге көрінбей (невидимо) іс істеуі.

Бұл кезеңде актер өзі ойнайтын кейіпкердің ішкі- сыртқы іс-әрекеті мен мінез-құлқын қиялында пісіріп, жетілдіреді (В третьем процессе «переживания»—артист невидимо творит для себя. Он создает в своих мечтах как внутренний, так и внешний образ изображаемого лица).

  1. «Кейіпкермәнділік» (Воплощение) процесі — яғни артистің ел алдында (көрермен) көзге көрініп ойын

көрсетуі (В четвертом процессе «воплощения»—артист наглядно творит для себя).

  1. «Кұйылыс» (слияние) процесі — яғни артистің «кейіпкержандылық» процесі мен «кейіпкермәнділік» процесін

бір арнаға бағыттап, егіз процесті біріктіру (В пятом процессе «слияния»— артист должен соединить до полного слияния как процесс «переживания», так и процесс «воплощения»). К.С. Станиславскийдің тұжырымы бойынша аталмыш екі процесс, екі элемент творчестволық сәтте жеке-дара пайда болмай, бір мезетте туындап қатар дамып, бірін-бірі жебеп-қолдап отыруы тиіс (Эти оба процесса должны производиться одновременно, они должны порождать, поддерживать и развивать друг друга).

Актердің көрерменге әсер ету (воздействие) процесі — яғни актер мен көрерменнің эстетикалық рухани қарым-қатынасы.

Бұдан шығатын көркемдік қорытынды — «Станиславский жүйесі» театр өнерінің теориялық платформасы мен актер шеберлігінің практикалық методология ережесі.

«Станиславский жүйесі»— сахна сазының сарқылмас сарқырамасы.


III
Мы с ним подходим к решению одной и той же проблемы,

как строители туннеля под Альпами:он движется с одной

стороны, а я с другой, но где-то

на середине должны обязательно встретиться.

Вс. Мейерхольд.
Жоғарыдағыдай алты этаптық (кезеңдік) циклден (тізбектен) тұратын творчестволық процесс нәтижесі К. С. Станиславскийге «жүйені» ғылыми әм практикалык биіктен сұрыптау сияқты корректуралық сүрлеуге жол ашты.

Ұлан-ғайыр қолжазба жұмысы сұрыпталып, іріктелген бөлімдер мен тың тараулар, әбден пісіп-жетілген ой мен тынымсыз еңбек жемісі «жүйені» белгілі бір творчестволық топтастыру тәртібіне түсіріп, темірдей бір желіге бағындыру қажеттігін талап етті. Осындай ойға мықтап бекіген К. С. Станиславский 1910 жылғы жазғы демалысын бүтіндей әлгі мақсатқа арнады. Өйткені «жүйенің» алтын арқауы анықталып, өзегі желі тартып қалған болатын. Енді азабы мол ауыр еңбегінің игі нәтижесіне көз жеткізу үшін «көлденең көздің» төрелігі қажет еді. Осы мақсатпен 1911 жылдың ақпан айында К. С. Станиславский Капри аралында емделіп жатқан М. Горькийді тағы да арнайы іздеп барып, оған өзінің қолжазбаларын түгел оқып берді. «Жүйенің» алғашқы нұскаларымен танысып, К.С.Станиславскийге ақ жол тілеп, «ақ батасын» берген де М. Горький болатын. К. С. Станиславскийдің М. Горькийді іздеп бару себебі де сол. Осы кездесуде орыс мәдениетінің қос алыбы ұзақ кеңесіп, творчестволық пікір алмасты. Ұлы жазушыдан құнды-құнды ақыл-кеңес алған сахна суреткері ерекше рухтанып қайтты.

Горький Станиславскийді жаңа жаза бастаған театр жазушысы ретінде қызу қолдап, өнер теориясын тұңғыш жасаушы деп, оның еңбегін жоғары бағалады. Осы әйгілі кездесуден соң Горький, іле-шала Станиславскийге Каприден мынадай хат жолдады: «Сізді көргеніме аса қуаныштымын, Сіз өзіңіздің тыным таппай істеген еңбегіңіз бен әдемі ойларыңызды ортаға салып, маған таныстырғаныңызға дән ризамын. Сіздің абзал бастамаңыздың жемісті болатынына зор сенім білдіре отырып, Сізге бар жан-жүрегіммен денсаулық әрі сергектік тілеймін» (К. С. Станиславский. Статьи, речи, беседы, письма. Москва, «Искусство», 1953, стр. 302).

Екі ойшылдың сырлы сұхбатының қорытынды дәлелі ретінде «Актердің өз бетімен жұмыс істеуі» атты кітабының табалдырығы қаланып, актердің сахна алаңындағы творчестволық ой толғауы мен көңіл күй проблемаларына арналған негізгі желісі кағаз бетіне түсті. Аталмыш еңбектің дайындық әрі жасалу процесі өте ұзақ әрі тыңғылықты түрде жүргізілді.


Осы еңбектің әр тарауының қайта-қайта өңделіп, ондаған нұсқада қайыра жазылған тыңғылықтығына куә бола отырып, 61 жылдан астам мерзім мен өлшеусіз қажыр-қайрат жұмсалған «жүйенің» дүниеге келу процесіне, К. С. Станиславскийдің ересен енбекқорлығына, темірдей тозбас төзіміне қайта-қайта қайран қаласыз.

Біз «Станиславский жүйесінің» магистральдық программасы сахнада «адамның рухани тіршілігін» сомдау дедік. Ең бастысы «жүйенің» творчестволық және педагогикалық қызметінің лаулаған оттай қызу пафосы — актер өнерінің биік шеберлігі мен профессионалдық ішкі, сыртқы техникасын шыңдауға, бұрын сахнада мықтап орын теуіп келген таптаурындылық, кәсіпқойлық, дилетантизммен ымырасыз айқасқа арналған. «Станиславский жүйесі» саласында салиқалы сөз сабақтағанда оның ересен еңбегіне осындай жаңашылдық қырынан реалистік баға берген лазым.

К. С. Станиславскийдің өзі «жүйесінің» қайнар көзі — М. С. Щепкин мен орыс театрының реалистік бағыттағы ірі өкілдері екенін жиі айтады. Ол өзін Федотованың, Ермолованың шәкіртімін деп есептесе, Кіші Театрды (Малый Театр) уннверситетім деп мақтан тұтты.

«Менің өнердегі өмірім» атты мемуарлық кітабында Комиссаржевский, Шаляпин сияқты сахна санаткерлерін зор сүйіспеншілікпен айтады.

Прогрессивтік әм демократтық дәстүрдегі орыс театр мектебінің жалынды жарнамашысы әрі оны әрмен жалғастырып алып барушы К. С. Станиславский тек орыс өнерінің зиялы қайраткерлері төңірегінде ғана шектеліп қалмай, шетел театры мәдениетінің де қолжеткен жетістіктерін талмай зерттеді. Ол — орыс сахна өнерінен өзгеше өрнекте, тосын дәстүрде қанат жайған неміс, француз, ағылшын сахна үлгілеріне де ыстық ыкылас қойып, Сальвини, Росси, Дузе сияқты Италия трагиктерінің реалистік пландағы айшықты ойындарына қайран қалып, оларға сөз жүзінде баға беріп қана қоймай, олардың актерлік биік техникасынан практикалық зор творчестволық тағлым алды.

К. С. Станиславский кейіпкерсындылық өнер үлгісіне де мұқият зер салды. Француз сахна өкілдері Сара Бернар мен Үлкен Кокленнің «Қимыл-іс жаттығу мектебінің» (школа физической тренировки), Жак Далькрозаның «Ритмикалық тәрбие беру тәсілінің» (Метод ритмического воспитания), Ф. Дельсарттың «Әсемдік бейнелеу мектебінің» (школа пластической выразительности) тәсілдерімен түбегейлі танысып, терең талдаудан өткізді. Олардың тәжірибелерінен тәлім-тәрбие алып қана қоймай, творчестволық органикалық тәсілге (Метод органического творчества) байланыстыра тексеріп, «елеп-екшеуден» өткерді. Актерге сахнада образ сомдау үшін «тән тіршілігі» (телесная жизнь) мен «жан тіршілігінің» (духовная жизнь) емшектес егіздігі қажет екеніне көз жеткізді. Роль жасауда «жан тіршілігі»— «тән тіршілігіне» тәуелді екенін практикалық тұрғыда дәлелдеді. Сахнада кейіпкер бейнесін кестелеу үшін кейіпкержандылық ойын өрнегін қалайтын тек қана ішкі тебіреністік процеске мән беріп қоймай, ойын өрнегінің сыртқы пішіні болып есептелетін тән аппаратына да тыңғылықты зер салу керек екенін ашты.