ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.12.2023
Просмотров: 24
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Заула, егемендік тұлпары! / Автор: Ғалым Әріп
Көк байрағым желбіреп асқарымда,
Алтын шуақ төксе Күн аспанымда,
Ауыздығын шайнаған арғымақпен
Айға да біз жетерміз қас-қағымда!
Аман болсын туған ел қайғы-мұңнан,
Абай болсын алыс жұрт айбынынан.
Айналаға тарасын жақұт-сәуле,
Аңсап жеткен азаттық таң нұрынан.
Жайым болмас дәл бүгін іркілерге,
Тұяқ тарпып тұлпарым сілкінер де!
Тәуелсіздік, теңдіктің туын тіктеп,
Жар салады жайсаң ұл бүкіл елге!
Көз қызығар көркіне қазанатым,
Тұғырына қонып нық азаматым,
Заулай ағып барады болашаққа,
Жария етіп ғаламға қазақ атын.
Заман-заңғар,
ілесіп ұлы ағынға,
Арғымақтың ойнармын құлағында.
Қазақстан – бақытым, бұлағым да,
Арқасүйер Отаным – қыраным да!
16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Қалқаман Сарин | Тәуелсіздік)
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
********************
Еркіндікке бастаған егемендік / Автор: Ғабиден Қожахмет
Шайқалып тас бұғаудың тас қамалы,
Еркіндік тоқсан бірден басталады.
Қазақтың таңы атып, тарих күліп,
Шырқалды азаттықтың асқақ әні.
Халқымның шын оянып асқақ ары,
Еркіндік тоқсан бірден басталады.
Қуанып, сүйіншілеп жас та, кәрі,
Тарихтың күлді сол жыл қас-қабағы.
Танытып барша әлемге қазақтығын,
Қалдырып тастады артқа азап мұңын.
Бұл жолда талай боздақ қанын төкті,
Күреспен келді маған азаттығым.
Жас ұрпақ сол күрестің жаттайды әнін,
Сезінбес рухымның татпай дәмін.
Аталдық күллі әлемге Қазақстан,
Желбіреп төбемізде көкбайрағым.
Халқымды шабыттарға бөледі ерлік,
Бұл жолға жігер-күшті төге келдік.
Бостандықтың жол салған биігіне
Жасасын мәңгілікке егемендік!