Файл: ш жасында кесі Алтынсары айтыс болып, Ыбырай атасы Баложа биді.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.01.2024
Просмотров: 37
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қазақ халқының тұңғыш ағартушы ұстазы, алғашқы аудармашы, қазақ балалар әдебиетінің атасы – Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келген. Үш жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, Ыбырай атасы Балқожа бидің тәрбиесінде болған. Балқожа Жаңбыршыұлы – қазақ даласына әйгілі билердің бірі болған. Болашақты болжағыш Балқожа немересі Ыбырайды бес жастан бастап Орынборда ашылмақ болған орыс-қазақ мектебіне жаздырып қойған. 1850 жылы аталмыш мектеп ашылғанда түскен отыз қазақ баласының бірі – Ыбырай Алтынсарин еді.
Қазақ балаларын оқытуды, қазақ балаларына арнап мектеп ашуды мақсат еткен Ыбырай 1860 жылы Торғайға барады. Мектеп 1864 жылы ашылғанда Ыбырай балаларды оқыту ісіне «қойға шапқан аш қасқырдай қызу кіріседі». Қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөлген Ыбырай 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырып, ұлы ағартушыға тән еңбек еткен. Қазақ даласында мектептер санының көбеюі мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды күн тәртібіне қояды. 1881 жылы Омск қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылады. Мұғалімдер даярлауға ерекше көңіл бөлген Ы. Алтынсарин: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы», – деп, мұғалімнің рөлін ерекше бағалаған.
Қазақ халқының келешегі таза қазақ тілінде оқытатын қазақ мектептерінде екенін жан-жақты пайымдаған Ы. Алтынсарин қазақ тіліндегі оқулықтардың қажеттігін түсініп, 1879 жылы Орынбордан орыс әліпбиі негізінде «Қазақ хрестоматиясын» шығарған. «Қазақ хрестоматиясы» төмендегідей бөлімдерден тұрған:
1. Балалар өмірінен алынған әңгімелер.
2. Әр түрлі жастағы адамдар өмірінен алынған әңгімелер.
3. Қазақ ақындарының ең таңдаулы өлең-жырларынан алынған үзінділер.
4. Қазақтың мақал-мәтелдері.
Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына» енген шығармаларын тақырыптары жағынан төмендегідей топтауға болады:
Поэзиялық шығармалары:
Оқу-білімге, өнерге шақырған өлеңдері: «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар».
Табиғат туралы өлеңдері: «Өзен», «Жаз».
Адамгершілік тақырыбындағы өлеңдері: «Әй, жігіттер», «Бұл кім?», «Ананың сүюі».
Ел ішіндегі теңсіздік мәселесі: «Залым төреге», «Азған елдің хандары», «Азған елдің билері», «Азған елдің байлары».
Прозалық шығармалары:
Адамгершілік туралы: «Бақша ағаштары», «Тәкаппарлық», «Әдеп», «Таза бұлақ».
Төзімділік, сабырлылық туралы: «Асыл шөп», «Аурудан аяған күштірек».
Мейірімділік туралы: «Мейірімді бала».
Үнемшілдік, ысырапшылдық туралы: «Бір уыс мақта».
Еңбексүйгіштік туралы: «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Дүние қалай етсең табылады?», «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл», «Әке мен бала».
Өнер, білім, талапшылдық туралы: «Талаптың пайдасы», «Зеректік», «Білгеннің пайдасы», «Лұқпан хакім».
Аудармалары:
И.Б. Паульсоннан: «Бір уыс мақта», «Алтын шеттеуік», «Әдеп», «Тәкаппарлық».
Л.Н. Толстойдан: «Силинчи ханым», «Мұңсыз адам», «Данышпан қазы», «Үш ұры», «Жақсылыққа жамандық», «Жаман жолдас».
К.Д. Ушинскийден: «Түлкі мен ешкі», «Сауысқан мен қарға».
И.В. Крыловтан: «Қайырымды түлкі».
Қазақ елінің келешегі үшін ағарту саласында қажымай қайрат көрсеткен ұлы кемеңгер, қазақтың тұңғыш ағартушы-ұстазы, ақын, жазушы, аудармашы Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы небәрі 48 жасында ауыр науқастан қайтыс болған. Ы. Алтынсарин қайтыс болған соң оның пікірлес досы Н.И. Ильминский Қазан қаласынан «Ыбырай Алтынсарин туралы естеліктер» атты арнаулы кітап шығарған. «Оренбургский листок» газеті: «Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы, көшпелі өз халқының ішіне Еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты...»,
– деп жазған. Бұл Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы орнын айқындайды.
Ыбырай Алтынсарин туралы қазақ ақын-жазушыларының көптеген шығармалары бар. Соның бірі – Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмасы.
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.
Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Қыпшақ тайпасының ұзын руынан шыққан. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ел ішіндегі көп билікті қолында ұстаған би, Орынбор әкімшілігінің алдында да беделді, белгілі кісі болған. Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата-анасын асырауы.
Әлгі мектеп ақыры 1850 жылы ашылады да, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі – тоғыз жасар Ыбырай болады. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. 1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы
ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. "Қазақтар мені құшағын жая қарсы алды. Мектепке балаларын беруге ынталы адамдар толып жатыр", – деп жазады ол бір хатында. Ыбырай Н.И.Ильминскийге жазған әлгі хатында тағы да былай дейді: "Қазақ даласын үш жылдай аралаған Сіздің қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық дейтініңізге мен сенемін. Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз". Туған халқы туралы мұндай ой Ыбырайдың демократтық көзқарасына негіз болды және оны сеніммен жұмыс істеуге шабыттандырды. Сонымен бірге Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады. "Қызмет бабында мен қазақтармен жиі-жиі ұстасып қаламын, — деп жазды ол 1864 жылы Ильминскийге, олардың ішінде менің өз туысқандарым да бар. Олардың сырын жақсы білемін, көбін тіпті жек көремін, қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды — қарсылық көрсете алмай, қаскырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды — адамшылықтың шегінен шыға, арсыздықпен тонайды, талайды. Соларды көргенде... өте қатты күйінемін... Осы елдің күшті жемқорларының бірі өздерінің істеп жүрген істерін менің жақтырмайтынымды біліп қалды... Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр". Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Осы жолда Ыбырай көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады. Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.