ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 1036
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi
Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V ҚРЗ.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 467-баптан қараңыз.
Қолданушылар назарына.
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Мазмұнды алып тасталды – ҚР 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "қоршаған ортаға ірі", "қоршаған ортаға аса ірі", "қоршаған ортаға айтарлықтай", "Қоршаған ортаға ірі" және "Қоршаған ортаға аса ірі" деген сөздер тиісінше "ірі экологиялық", "аса ірі экологиялық", "айтарлықтай экологиялық", "Ірі экологиялық" және "Аса ірі экологиялық" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша: "ақпараттық-коммуникациялық желілерді", "ақпараттық-коммуникациялық желі", "ақпараттық-коммуникациялық желіге", "ақпараттық-коммуникациялық желінің", "ақпараттық-коммуникациялық желімен", "ақпараттық-коммуникациялық желіде", "ақпараттық-коммуникациялық желілер" деген сөздер тиісінше "телекоммуникациялар желілерін", "телекоммуникациялар желісі", "телекоммуникациялар желісіне", "телекоммуникациялар желісінің", "телекоммуникациялар желісімен", "телекоммуникациялар желісінде", "телекоммуникациялар желілері" деген сөздермен ауыстырылды;
"Ұлттық электрондық ақпараттық ресурстарға", "ұлттық электрондық ақпараттық ресурстарға", "ұлттық электрондық ақпараттық ресурстардан" және "ұлттық ақпараттық жүйеге", "ұлттық ақпараттық жүйеден" деген сөздер тиісінше "Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға", "мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға", "мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан" және "мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне", "мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АИТВ/ЖИТС" деген сөздер "АИТВ" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Жалпы бөлік
1-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢ
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы Қазақстан Республикасының осы Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске енгiзілгеннен кейiн ғана қолданылуға жатады.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар және Республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады. Осы Кодекстің конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін нормалары заңдық күшін жояды және қолданылуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республиканың заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2018 № 205-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi
1. Осы Кодекстiң мiндеттерi: адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, меншiктi, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiн сақтау, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
2. Бұл мiндеттердi жүзеге асыру үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негiздерi белгiленеді, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қандай қауiптi іс-әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары белгiленедi.
3-бап. Осы Кодексте қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру
Осы Кодексте қамтылған ұғымдардың, егер заңда ерекше нұсқаулар болмаса, мынадай мағыналары бар:
1) адамды қанау –
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кiнәлi адамның мәжбүрлi еңбекті, яғни адам оны орындау үшiн өз қызметтерiн ерiктi түрде ұсынбаған, осы адамнан күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы талап етiлетiн кез келген жұмысты немесе қызметті пайдалануы;
кiнәлi адамның алынған табыстарды иемденiп алу мақсатында басқа адамның жезөкшелiкпен айналысуын немесе ол көрсететiн өзге де қызметтерді пайдалануы, сол сияқты кiнәлi адамның осы мақсатты көздемей, адамды сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеуі;
адамды қайыршылықпен айналысуға, яғни басқа адамдардан ақша және (немесе) өзге мүлiктi сұрауға байланысты қоғамға жат іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу;
кiнәлi адам және (немесе) басқа адам үшiн жұмыстарды және (немесе) көрсетiлетiн қызметтердi орындаудан өзiне байланысты емес себептер бойынша бас тарта алмайтын адамға қатысты меншiк иесiнің өкiлеттiктерiн кiнәлi адамның жүзеге асыруына байланысты өзге де әрекеттер;
2) айтарлықтай залал және айтарлықтай мөлшер – 198 және 199-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын залал мөлшері немесе зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқықтарының құны не авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілері даналарының немесе өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетiстiктер немесе интегралдық микросхемалар топологиялары қамтылған тауарлардың құны; 202 және 269-1-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын сомадағы залал; 214-бапта – құны екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын тауарлар саны; 217-1-бапта – айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын сомадағы залал; 233-бапта – айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал; 325, 326, 328, 334, 335, 337 және 342-баптарда – экологиялық залалды жою немесе табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық мәні; 340-бапта – экологиялық залалды жою немесе табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың елу айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық мәні; өзге баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын сомадағы залал мөлшері; 366 және 367-баптарда – елуден үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны;
3) аса ірі залал және аса ірі мөлшер – 188, 188-1, 191, 192 және 295-1-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері; 189, 190, 194, 197, 202, 204 және 425-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен төрт мың есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері; 214-бапта – сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кіріс; 216-бапта – азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бес мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен елу мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 217-бапта – сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кіріс; 229, 230-баптарда – айлық есептік көрсеткіштен жиырма мың есе асатын сомадағы залал; 234-бапта – жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын, алып өткізілген тауарлардың құны; 245-бапта – тексерілетін кезеңнің күнтізбелік бір жылы үшін салықтық тексеру нәтижелері бойынша есепке жазылған салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасы салық төлеуші осы күнтізбелік жыл үшін есептеген барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасының он пайызынан асатын жағдайда, тексерілген кезең үшін жетпіс бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын, бюджетке түспеген төлемдер сомасы; 253-бапта – екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 307-бапта – сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кіріс; 324, 325, 326, 328, 329, 330, 332, 333, 334, 337, 339, 342 және 343-баптарда – экологиялық залалды жою немесе табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық мәні; 365-бапта – азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомада келтірілген залал; 366 және 367-баптарда – он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; өзге баптарда – айлық есептік көрсеткіштен төрт мың есе асатын сомадағы залал мөлшері;
4) ауыр зардаптар – осы Кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгісі ретінде көрсетілмеген жағдайлардағы мынадай зардаптар:
адам өлiмi; екі немесе одан да көп адамның өлiмi; жәбірленушінің немесе оның жақынының (жақындарының) өзiн-өзi өлтiруі; денсаулыққа ауыр зиян келтіру; екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру; адамдардың жаппай сырқаттануы, ауру жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халық денсаулығы мен қоршаған орта жай-күйінің нашарлауы; қаламаған жүктіліктің болуы; техногендік немесе экологиялық зілзаланың, төтенше экологиялық ахуалдың туындауы; ірі немесе аса ірі залал келтіру; жоғары қолбасшылық қойған міндеттерді орындамай қалдыру; мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру, апаттар немесе авариялар; әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті деңгейінің ұзақ уақыт төмендеуі; жауынгерлік міндеттерді орындамай қалдыру; жауынгерлік техниканың істен шығуы; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де зардаптар;
5) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
6) әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар – осы Кодекстің 18-тарауында көзделген, әскери қызмет атқарудың белгiленген тәртiбiне қарсы бағытталған, шақыру бойынша не келiсiмшарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ запастағы азаматтар жиындардан өтуi кезiнде жасаған іс-әрекеттер;
7) банда – қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданып немесе қолдану қатерін төндіріп азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
8) басқа механикалық көлік құралдары – тракторлар, мотоциклдер, өздігінен жүретін машиналар (экскаваторлар, автокрандар, грейдерлер, катоктар);
9) билік өкілі – мемлекеттiк қызметте жүрген, қызмет бабымен өзіне тәуелді емес адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен билік ету өкілеттіктері берілген адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның қызметкері, әскери полиция органының әскери қызметшісі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші;
10) болмашы мөлшер – 187-бапта – ұйымға тиесілі мүліктің он айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе жеке тұлғаға тиесілі мүліктің екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын құны;
11) денсаулыққа ауыр зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиян не денсаулыққа: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзадан айырылуға; ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай тұрақты түрде жоғалтумен ұласқан денсаулықтың бұзылуына; кәсіби еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктілікті үзуге; психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылыққа (ауруға) әкеп соққан өзге де зиян;
12) денсаулыққа ауырлығы орташа зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақыт (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін (үштен бір бөлігінен кем) тұрақты түрде айтарлықтай жоғалтуға әкеп соққан зиян;