Файл: азастан Республикасыны ылмысты кодексi.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.01.2024

Просмотров: 1038

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



      39) экстремистік қылмыстар – осы Кодекстің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404 (екінші және үшінші бөліктерінде) және 405-баптарында көзделген іс-әрекеттер;



      40) экстремистік топ – бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;



      41) электрондық жеткізгіш – ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ оны техникалық құралдардың көмегімен жазуға немесе тыңдатып-көрсетуге арналған материалдық жеткізгіш;



      42) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс – осы Кодекстің 120 (зорлау), 121 (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), 122 (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 123 (жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету), 124 (жас балаларды азғындық жолға түсіру), 134 (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 144 (кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту)-баптарында, 312-баптың (кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысу үшін тарту) екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, жас балаларға және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер.



      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ; 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017
№ 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 132-VI (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 249-VI (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 139-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 03.01.2023 № 186-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.03.2023 № 206-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.






4-бап. Қылмыстық жауаптылықтың негiзi


      Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады. Дәл сол бiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн ешкiмді де қылмыстық жауаптылыққа қайталап тартуға болмайды. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.


5-бап. Қылмыстық заңның уақыт бойынша қолданылуы


      Іс-әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауiптi әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.


6-бап. Қылмыстық заңның керi күшi


      1. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылады.



      2. Егер жаңа қылмыстық заң адамның жазасын өтеп жүрген іс-әрекеті үшін жазаланушылықты жеңiлдетсе, онда тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегiнде қысқартылуға жатады.



      3. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.


7-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы


      1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады.



      2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады.




      3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қазақстан Республикасының әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да, өзінің қай жерде болғанына қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.



      4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнiң және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.


8-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы


      1. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған іс-әрекет аумағында сол іс-әрекет жасалған мемлекетте қылмыстық жазаланады деп танылса және егер осы адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Аталған адамдарды соттаған кезде жазаны аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке беруге болмайтын жағдайларда, олар да осы негіздерде жауаптылықта болады.



      Осы Кодекстің ережелері, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, террористік немесе экстремистік қылмыс не бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасалған жағдайларда, не Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстың жасалған жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылады.