Файл: азастан Республикасыны ылмысты кодексi.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.01.2024

Просмотров: 1055

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



      3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды.



      4. Қылмысқа дайындалғаны үшiн және қылмысқа оқталғаны үшiн өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.



      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




57-бап. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау


      1. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына жетудегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпалы ескерiледi.



      2. Сыбайлас қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол сыбайлас қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.



58-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау


      1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезiнде сот әрбiр құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу арқылы түпкiлiктi жазаны айқындайды.



      2. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығында тек қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы не жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте айыппұл түріндегі жазаның түпкілікті мөлшерін – төрт жүз айлық есептік көрсеткіштен, ал қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу түріндегі жазаның түпкілікті мерзімін тиісінше төрт жүз сағаттан немесе елу тәуліктен асыруға болмайды.



      Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына тек қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.



      3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына ауыр немесе аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма жылдан асыруға болмайды.



      4. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды.



      Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс, сондай-ақ жасалғаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылық кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.



      Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалады.




      5. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын құқық бұзушылықтар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Ішінара немесе толық қосу кезінде түпкiлiктi қосымша жазаны осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң осы жаза түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.



      6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза осы баптың қағидалары бойынша тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi.



      Ескерту. 58-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




59-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау


      Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.


60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау


      1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкiмі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.



      2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаған жағдайда, осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнің осы жаза түрi үшiн көзделген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.



      3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды. Егер үкiмдердiң жиынтығына адам жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ең болмағанда бір аса ауыр қылмыстың жасалуына кінәлі деп танылған үкiм кірсе, онда бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны отыз жылдан асыруға болмайды. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалады.




      4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуға тиiс.



      5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жүргiзiледі.



      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




61-бап. Жаза мерзiмдерiн қосу кезiнде мерзімдерді айқындау тәртiбi


      1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде:



      1) бас бостандығынан айырудың бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;



      2) бас бостандығын шектеудің бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;



      3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;



      4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;



      5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.



      2. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу, мүлiктi тәркiлеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары оларды айыппұлмен, түзеу жұмыстарымен, қоғамдық жұмыстарға тартумен, бас бостандығын шектеумен, қамаққа алумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.




      Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу


      1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, бас бостандығын шектеудiң, бас бостандығынан айырудың мерзiмдерi – айлармен және жылдармен, қамаққа алу мерзімдері – тәуліктермен, қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімдері сағаттармен есептеледі.



      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жазаны ауыстыру немесе жазаларды қосу, сондай-ақ жазаны есепке алу кезінде мерзімдер тәуліктермен есептелуі мүмкін.



      3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты:



      1) қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше және толық қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір күні;



      2) орташа қауіпсіз, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні;



      3) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.



      3-1. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақыты:



      1) қамаққа алу түріндегі жазаны өтеудің бір күні;



      2) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні;



      3) қоғамдық жұмыстар түрінде жазаны өтеудің төрт сағаты;



      4) тиісінше түзеу жұмыстары, айыппұл түрінде жазаны өтеудің төрт айлық есептік көрсеткіші үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.



      4. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйқамақта ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу түрiндегі жаза мерзіміне – бiр күнге екi күн есебімен, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, айыппұл түрiндегi жаза мерзiмiне тиісінше қоғамдық жұмыстардың екі сағаты немесе екі айлық есептік көрсеткіш үшін үйқамақта ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледі.



      5. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды күзетпен ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеу уақыты, адам осы Кодекстiң 9-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда, бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.