Файл: азастан Республикасыны ылмысты кодексi.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.01.2024

Просмотров: 1066

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



      3. Жазаны орындаудың кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген не жүктiлiгi үзiлген жағдайларда, сот сотталған адамның мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңiл жаза түрімен ауыстыруы не сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.



      4. Егер сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.



      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      75-баптың тақырыбы жаңа редакцияда көзделген – ҚР 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




75-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату


      1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оны өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуы пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жатқан адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.



      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      2-бөлік жаңа редакцияда көзделген – ҚР 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.





      2. Өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.



      3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, олар сауыққан жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, қылмыстық жауаптылыққа және жазалануға жатады.



      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      75-бапты 4-бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




76-бап. Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату және жазаны өтеудi кейiнге қалдыру


      1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталған адамды, егер өрт немесе дүлей зілзала, отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан оның отбасы үшiн аса ауыр зардапқа әкеп соққан мән-жайлар туындаса, сот жазадан босатуы мүмкiн.



      2. Террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында жасалған немесе кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген негiздер болған кезде, үш айға дейiнгі мерзiмге кейiнге қалдыра алады.



      Жазаны өтеуді кейінге қалдыруды шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты қылмыс жасалған жағдайда кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.



      Ескерту. 76-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




77-бап. Айыптау үкiмiнің ескіру мерзімінің өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату


      1. Қылмыстық құқық бұзушылық үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде:



      1) қылмыстық теріс қылық үшiн сотталғанда – бір жыл;



      2) онша ауыр емес қылмыс үшiн сотталғанда – екі жыл;



      3) ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталғанда – бес жыл;



      4) ауыр қылмыс үшiн сотталғанда – он жыл;



      5) аса ауыр қылмыс үшiн сотталғанда он бес жыл мерзiмде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады.



      2. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан, тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.




      3. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өтіп кеткен ескіру мерзімі есепке алынуға жатады. Бұл ретте айыптау үкiмi, егер оның шығарылған уақытынан бастап жиырма жыл өткен болса және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмеген болса, орындала алмайды. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда, ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.



      4. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiмдер өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескiру мерзiмiн есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады.



      5. Өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзімін қолдану мүмкiн болады деп таппаса, өмiр бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.



      Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.




78-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату



      1. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарады.



      2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнің негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға тағайындалған жазаның мерзімі қысқартылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.



      Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.



      3. Өзіне қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген белгiлi бiр жеке-дара айқындалған адамға, сол сияқты шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп жатқан не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.



      4. Қылмысы үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адам жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан кешiрiм жасау актiсiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.



      Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




79-бап. Сотталғандық


      1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi. Сотталғандық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы айқындалған кезде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.




      2. Жазадан босатылған, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам сотталғандығы жоқ деп танылады.



      3. Сотталғандық:



      1) шартты түрде сотталған адамдарға қатысты – пробациялық бақылау мерзiмi өткен соң;



      2) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiне сотталған адамдарға қатысты – жазаны іс жүзінде өтеген соң;



      3) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өткен соң;



      4) ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өткен соң;



      5) аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өткен соң жойылады.



      4. Егер сотталған адам Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi жазаның неғұрлым жеңiл түрімен ауыстырылса, онда сотталғандықты жою мерзiмi жазаның іс жүзінде өтелген мерзiмi негiзге алына отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.



      5. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда сотталғандықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі.



      Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған жағдайларда, онда сотталғандықты жою мерзімі жазаның негізгі түрін өтеу кезінен бастап есептеледі.



      6. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде, сотталғандық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жою мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі.



      7. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, онда сот оның өтiнiшхаты бойынша сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан сотталғандықты алып тастай алады.



      Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.